- Advertisement -

Рұқсатсыз төгілген 165 қоқыс орны анықталды

106

- Advertisement -

Орман қорын молықтыру мақсатында жылда 5 мың гектар алқапқа орман ағаштары көшеттен және тұқымынан егіледі. Жалпы Мемлекет басшысының  тапсырмасына сәйкес облыстың орман қорына бес жылда 140 миллион түп ағаш отырғызу көзделген. Бұл жоспарды орындау мақсатында биыл 3100 гектар аумаққа 6,1 миллион түп ағаш көшеті отырғызылды.

Өзіміздегі орман қорларын көшеттермен қамтамасыз ету мақсатында қарағаш, сексеуіл және қылқан жапырақты ағаш көшеттерін өсіретін тұқымбақтардың көлемі 49 гектардан 187,5 гектар алқапқа арттырылды.  Ол алқаптардан жылына 36,1 миллион түп көшет дайындау жоспарланған.

Орман қорына қауіп көбінде өрттен келеді. Өткен алты айда Байзақ ауданында бір орман өрті тіркеліп, 255,1 гектар алқап отқа оранды. Оның алдын алу мақсатында биыл 6 найзағай отын бұру, 6 өрт бақылау мұнарасын орнату жоспарланған. Бұдан бөлек, климаттық зоналарда және мемлекеттік орман қоры жерлерінде сынақтан өткізілген «Орман.кз» жаңа геоинформациялық мобильді қосымшасы барлық мекемелерге орнатылды.

Бүгінде орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасы жаңартылуда. Атап айтсақ, биыл 6 трактор, 8 автокөлік, 8 мотоцикл, 9 соқа алынды. Қосымша тағы көшет отырғызу, тұқым сепкіш, топырақ қопсытқыш, стационарлық рация, трактор тіркемесі секілді құралдар мен техникаларды тамыз-қыркүйек айларында алу жоспарлануда.

Орман қоры жерлеріндегі өрттің алдын алу мақсатында ондағы табиғи жайылымдар мал жайылымына берілуде. Мәселен, 1556 пайдаланушыға орман қорына мал жаю рұқсат билеті беріліп, жергілікті бюджетке 48,5 миллион теңге түскен.

Алты айда мемлекеттік орман қоры мен аңшылық алқаптарда 347 рейд жүргізіліп, аң, балық аулау және балық қорларын сақтау, орман заңдылықтарын бұзу фактілері бойынша 294 хаттама  толтырылып, 3384,1 мың теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар мамандандырылған «Сапсан» жедел қызметімен 86 рейдтік іс-шара жүргізіліп, нәтижесінде 77 әкімшілік хаттама толтырылып, заң бұзушыларға  6,3 миллион теңге айыппұл салынған болатын.

Облыс аумағында 142 жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындары және Балқаш көлінде 18 учаске бар.  Өткен жылдың 1 шілдесінен осы жылдың 1 шілдесіне дейін облыс аумағындағы балық шаруашылығы су айдындарына балық аулау лимиті 1150,7 тоннаны құрады. Қазіргі таңда 1127,9 тонна балық ауланып, табиғат пайдаланушылардан жергілікті бюджетке 21,3 миллион  теңге түскен.

Бүгінде 48 аңшылық алқаптың 44-і табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген. Алдағы уақытта бос 4 аңшылық шаруашылық конкурс арқылы бекітіліп берілмек.

Облыс аумағында 10 ерекше қорғалатын табиғи аумақ жұмыс істейді. Оның алтауы республикалық, төртеуі облыстық маңызға ие. Бүгінгі таңда Меркі ауданы аумағында орналасқан «Меркі» мемлекеттік өңірлік паркін 115000 гектар аумақта құру ұсынылды. «Меркі» мемлекеттік өңірлік паркі құрылған жағдайда таудағы Гранитогорское мен Аралтөбе парктері жұмысын тоқтатады.  Сондай-ақ Т.Рысқұлов және Жамбыл аудандарының таулы аумақтарында аумағы шамамен 128846 гектар алқапты алып жатқан «Сұлутөр-Ботамойнақ» қаумалын құру жұмыстары жүруде. Қаумал құрылған кезде таудағы 6 аңшылық шаруашылықтар жұмысын тоқтатып, ол жерде аң аулауға тыйым салынады.

Өкінішке қарай қазір кездейсоқ қоқыс алаңдары көбейіп кетті. Олардың көзін жою, тұрмыстық қалдықтарды кәдеге асыру бойынша жұмыстар бар. Атап айтсақ, тұрмыстық қатты қалдықтарды кәдеге жарату бойынша бірінші жартыжылдықтың жоспары 7,8 пайызды құрады. Бүгінде 38670 тонна тұрмыстық қалдық жинақталып, оның 3019 тоннасы сұрыпталды. Тұрмыстық қатты қалдықтарды орналастыру объектілерінің қоршаған ортаға эмиссия үшін экологиялық рұқсаттарды рәсімдеу бойынша облыста коммуналдық меншіктегі 158 полигон экологиялық талаптарға сай болса, оның 63-і әлі қоршалмаған. Олар  Жуалы, Мойынқұм, Сарысу,  Т.Рысқұлов және Шу аудандарында орналасқан. Соның ішінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі ұсынған ақпарат бойынша Мойынқұм ауданында – 10, Т.Рысқұлов ауданында 7 полигонды қалпына келтіру қажет, рекультивация жасалып олар жабылатын болады. Ал  алда 46 полигонға, таратып айтсақ, Жуалыда – 4, Сарысуда – 12, Мойынқұмда – 13, Шуда 17 қоқыс алаңының қоршауларын орнату қажет. Бүгінгі таңда тек Жуалы мен Мойынқұм ауданында қоршауларды орнатуға мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде.

Кездейсоқ қоқыс орындары бойынша соңғы түсірілген космомониторинг нәтижесінде облысымызда 165 рұқсатсыз кездейсоқ қоқыс орны анықталды (Тараз – 30, Байзақ – 40, Жамбыл – 46, Жуалы – 23, Т.Рысқұлов – 4, Талас – 22). Осыған орай, жергілікті жерлердегі кездейсоқ үйінділерді жою жөніндегі іс-шаралар жоспары, жою кестесі бекітіліп, жұмыс тобы құрылды. Бүгінгі таңға 117 кездейсоқ қоқыс орнының көзі жойылды. Бұл жұмыстарды 15 тамызға дейін аяқтау жоспарланған.

«Жамбыл су қоймалары» КММ теңгеріміндегі 8 су нысанына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып, бүгінгі таңда «Дарбаза» және «Кеңес» су қоймаларынан басқа барлық нысандарда жұмыстар атқарылған. «Дарбаза» және «Кеңес» су қоймалары бойынша су пайдаланушылардың өтініштеріне байланысты жөндеу жұмыстары вегетациядан кейін жүргізілетін болды. Бұдан бөлек, Меркі ауданындағы Аспара өзеніндегі су деңгейі түскен кезде Батыс Үлкен Шу каналын (ЗБЧК) 1,5 текше метр секундқа дейін сумен қамтамасыз ету, сондай-ақ 1325 гектар алқапты суаруға «Андас-1», «Андас-2», «Андас-3» жаңа су қоймаларын салуға жобалық сметалық құжаттаманы әзірлеуге 36,8 миллион теңге бөлінді.  Бүгінде мердігерлер анықталып, топографиялық жұмыстар жүргізілуде.

Облыс бойынша 4032 табиғат пайдаланушы бар. Оның 302-сі І санаттағы нысандар болса, ІІ, ІІІ және ІV санаттағы 3730 нысан бар. Бірінші жартыжылдықта басқарма тарапынан қоршаған ортаны қорғау саласы  бойынша 313 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Ал облыста 321 жер қойнауын пайдалану объектісі тіркелген. Оның барлау және өндіруге арналған келісімшарттар саны 193 (қатты пайдалы қазбаларға жасалғаны – 47, жерасты сулары – 3, газға – 1, жерасты газ сақтау кеңістігіне – 1, кең таралған пайдалы қазбаларға арналғаны  – 141), лицензиялар саны 115 (қатты пайдалы қазбаларға – 59, кең  таралған пайдалы қазбаларға – 56), жол құрылысын салуға арналған жеңілдетілген рұқсат саны – 11. Кең таралған пайдалы қазбалар бойынша берілген 56 лицензияның 38 лицензиясы және 11 жеңілдетілген рұқсат республикалық маңызы бар «Меркі-Шу-Бұрылбайтал» көлік жолын қайта жаңғыртуға қатысты жол салушы мердігерлерге берілді.

Бұдан бөлек, кен іздеушілікке арналған 2 лицензия беріліп отыр. Кең таралған пайдалы қазбалар бөлігінде қорытынды ЛКШ есебіне сәйкес міндеттемелерін ішінара орындамаған 32 жер қойнауын пайдаланушыларға бұзушылықтарды жою туралы хабарламалар жолданды. Лицензиялар бойынша 11 бұзушылықтарды жою туралы хабарламалар берілді.

Қоршаған ортаны қорғау – әрбір азаматтың парызы.

 

Айбар ӘДІЛБАҚОВ,

облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support