- Advertisement -

19 жасында Жазатадан бата алып, ақ таяғына ие болған

181

- Advertisement -

Кеңестік кезеңде малшылар қауымына көп жағдай жасалып, аса көңіл бөлінгені белгілі. Ол уақытта «Шопанның ақ таяғы» деген рәсім болған. Ұзақ жылдар мал баққан кісілер өзінің қасиетті ақ таяғын ұрпақтарына немесе еңбек озаттарына аманаттап беріп отырған. Ол кезде бір кеңшарға аты шыққан озат шопанның  ықыласы кімге ауатыны да бір қызық. Ал бүкіл Одаққа аты жайылған, аңыз адам Жазылбек Қуанышбаевтың ақ таяғына ие болып, ізін жалғау – ерекше бақыт.

Міне,  малшылардың маршалы Жазатаның ықыласына ие болып, ақ таяғын алуға лайық деп танылған  Бөгенбай Бидасбаев деген кісі бүгінде Айдарлы ауылында  тұрады екен.

Аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанар Несіпбаевамен бірге сол Бөгенбай қарияның шаңырағында болдық.

Бөгенбай қария әңгімеге шебер. Сөйлеп кетсе – шешен. 15 жасынан анасымен бірге мал бағып кетіпті. Оның себебі де жоқ емес. Өмірін шопандыққа арнаған әкесі Бидасбай ақсақалдың сол кезде көзі көрмей қалады. Малдың бейнеті қайдан жеңіл болсын енді. Сөйтіп анасын аға шопан  ретінде жаздырып, бұл бір отар аналық бас  тоқты  алады. Ол тоқтылар Еңбек Ері Ділдаш Итбасова бастаған мақтаулы  аға шопандардың саулық отарларынан іріктеледі.

Сол отар тоқтыны келесі жылы төлдетіп, алғашқы тума тұсақтың әр жүзінен 105 бас қозы алады. Ал бағымындағы төлді екінші жыл төлдеткенде әр жүз қойдан 120, үшінші жылы жүз бас саулықтан 140  қозы алады. Осылай 17 жасар шопанның аты дүрілдеп шығады. Содан озат жас шопан Бөгенбай Бидасбаев 1967 жылы 7 қараша күні  19 жасында Жазылбек Қуанышбаевтың ақ таяғына  ие болады. Ол жиынды облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Бименде Садуақасов ашып, сөз сөйлепті. Ауданның бірінші хатшысы Айтбай Назарбеков те, облыс басшыларының бірі Қаратай Адамбаев та сол жиынның басы-қасында болған. Сол жиын үстінде аудан басшысы Айтбай Назарбеков жас шопан Бидасбаевты коммунистік партия қатарына өткізіп, қолына Жазылбектің ақ таяғын ұстатады. Жас шопанға екі мәрте Социалистік  Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев бата берген. 19 жастағы жігітке бұдан артық қандай құрмет  керек?!

Жақсылардың шапағаты бөлек қой. Содан  Бидасбаевтың бағы жанып, тірлігі өрге домалап жүре  береді. Тіпті республикамыздың аңыз басшыларының бірі, бас идеологы болған Өзбекәлі Жәнібековтің де құрметін көрген. Сөйтіп, Бидасбаев еңбектің биігінен көріне білді. Бас құрады. Алайда  1970 жылы сырқатқа ұшырап, онысы асқынып, атқа міне алмайтын жағдайға жетеді. Сөйтіп, бағымындағы малды өткізетінін айтып, кеңшар директоры Талап Жақсылықовқа кіреді. Сонда директор: «Айналайын, сенің атағың аудан асып, облысқа жетіп жатыр. Мен сені шығара алмаймын. Назарбековтен рұқсат сұра» деп ауданға жұмсайды. Ауданның бірінші хатшысы А.Назарбековтен рұқсат сұрап жүріп, жас малшы отарын әрең өткізеді.

Содан біраз уақыт  емделіп жазылып, сауын  сиыр фермасына зоотехник болып жіберіледі. Осы аралықта ол Құландағы ауыл шаруашылығы техникумын сырттай бітіріп алған болатын. Тәулігіне 250 сиыр сауылған екен сонда. Кейіннен Бидасбаев кеңшарда құрылған екі комсомол жастар бригадасының бірі «Шалқарды» басқарады. Қарамағында 8 ұл-қыз еңбек етіп, үш отар малдың бағымына бәрі жауапты болды. Ал «Сұңқар» бригадасын басқарған Ағысбай Бибеков те кейіннен «Құрмет белгісі» орденін кеудесіне таққан. Кейіннен Бидасбаев үш жыл тағы озат шопан болып, онан соң ұзақ жыл бөлімше басқарып, кеңшарға бас зоотехник болды. Қазір кезінде кеңшар директорлары тұрған еңселі үйде тұрып жатыр. Осыдан төрт-бес жыл бұрын өмірлік жары Сағынкүл апа 72 жасында өмірден озыпты. Екеуі дәл 54 жыл отандасып, 6 ұл-қыздан бірнеше немере,  шөбере сүйген екен.

Бөгенбай ата өзінің мағыналы өткен өміріне разы. Ол өзін емес, өзгенің қамын ойлайды. «Ділдаш Итбасоваға лайықты құрмет көрсетілмей келеді. Атына көше берілді. Бірақ, Ділдаштың қалай еңбек еткенін көзіммен көрдім. Ділдашқа мектептің, ауылдың аты берілсе де артық емес», деді байырғы озат шопан. Бірақ, аты сонша алысқа кеткен Бидасбаевта  да көп атақ жоқ екен. Еш болмаса « Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы» да емес. Осы тұста Кеңес ауылдық округ әкімі Әділет Мұқашев: «Биыл аудандық мәслихатқа ұсынамыз» деп күмілжи берді.

Біз Бидасбаевтың атақсыз да құрметті екеніне көзіміз жетіп, өзіміз де тарихи сәттің куәсі болып отырғанымызды сезіндік.

Есет ДОСАЛЫ,

Мойынқұм ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support