- Advertisement -

Біз қандай кезеңдерден өттік? (2000-2003 жылдар)

220

- Advertisement -

Тәуелсіз елдің екінші онжылдығы. Жаңа кезең. Бағытымыз – алға қарай, бағдарымыз  енді-енді айқындала бастаған кез. Әйтсе де, көптің көңілінде белгісіз бір үрей. Үміттен гөрі күдік басым. Алға жетелейтін бір сенім – екінші мыңжылдықтың алғашқы жылдарында еңсемізді тіктей бастағанымыз.

Сол кездің өзінде егемен еліміз дүниежүзінің жүзден аса елімен әртүрлі салада қарым-қатынас орнатып үлгерген. Соның бір көрінісі ретінде Таразда, 2000  жылдың 15 қырқүйегінде өңірдегі химия кәсіпорындарын басқаруға алған  инвесторлардың және Еуропадан, ТМД елдері мен Қытай Халық республикасынан келген мүдделі компаниялардың қатысуымен өткен «Қазфосфат» ЖШС-ның тұсаукесерін айтуға болады. Әлемдік алыс-берістен ірі кәсіпорындардан бөлек, облысымыздағы орта және  кіші мекемелер де тыс қалмады. Осы үрдіс үкіметтік емес ұйымдарды да айналып өткен жоқ. Соның бір парасын  Қазақстан мен  Орталық Азия аумағында шағын гранттар бағдарламасын жүзеге асыруға арналған іс-шаралардан көруге болады. 2002  жылдың 23 сәуірінде Тараз баспасөз клубы облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының қолдауымен республикалық, облыстық, және қалалық бұқаралық ақпарат құралдары, сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен баспасөз конференциясын өткізді. Қатысушылардың сұрақтарына жауап берген Қазақстандағы шағын гранттар бағдарламасының үйлестірушісі Рауф Сабитов бұл жобаның үш мемлекет – Қазақстан, Қырғыз Республикасы және Өзбекстан аумағында іске асырылатынын және оны Бүкіләлемдік банктің атқарушы агенттігі арқылы бүкілдүниежүзілік экологиялық қор қаржыландыратынын хабарлады. Бюджеті 500 мың АҚШ долларын құрайтын жаңа бағдарламаның мақсаты – биологиялық алуандықты сақтауға байланысты қоғамдық ұйымдарға қолдау көрсету еді. Оның аясында жобалар бойынша гранттық конкурс өткізіледі. Олар Ақсу-Жабағылы қорығы аумағында тұратын жергілікті тұрғындарға халықтық кәсіп – бал арасын, балық өсіру, дәрілік шөптер жинау, сондай-ақ, табиғатқа зиян келтірмей кәсіпкерлік қызметпен шұғылдануға ықпал етуі тиіс. Грант мөлшері 100 мыңнан 10 мың АҚШ долларына дейін және екі кезеңге есептелген.

Ал  көрнекті жұмыстарымен еуропалық деңгейде көзге түсіп Парижден оралған «Жамбылжолқұрылысы» ашық акционерлік қоғамының президенті Ілияс Тортаевты және осы қоғамның экономика және бағалы қағаздар жөніндегі бас маманы Антонина Григорьевна Намды 2002  жылдың 8 мамырында облыс әкімі Серік Үмбетов қабылдады. Қабылдауда өңір басшысы бұл ұжымның жұмыс сапасын арттырудағы жеткен жетістіктері үшін «Алтын Жұлдыз» жүлдесімен марапатталуы, олардың Тараз қаласының 2000 жылдық мерейтойына тартқан тартуы деп бағалайтындығын атап көрсетті.

Еліміздегі даму үрдісінің нақты жетістіктерінің көрінісі, мәселен, Сарысу ауданындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайдан да білінді. Атап айтсақ, ауданда 47300 адам тұрады, олардың 15300-і экономикалық тұрғыдан белсенді азаматтар. 12500-і еңбекпен қамтылған. Жұмыссыздық деңгейі – 9 пайыз. Егіске жарамды жері – 23915, егістігі – 13903 гектар. Күздік – 3000, жаздық – 2100 гектар. 2001  жылы 1 миллиард 472 миллион теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндірілген. 2002  жылдың бес айында өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда өнеркәсіп өнімін өндіру 162,5 пайызға көбейіпті. Ауданда 10347 ірі қара, 149560 қой мен ешкі, 3028 жылқы, 862 түйе, 550 шошқа, 60472 құс болған. Көп жылдық шөп – 5300, жүгері – 1750, мақсары – 1000, картоп – 120, көкөніс – 325, бақша – 205, бау-жүзімдік – 203 гектар. 2001  жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда 223 тонна сүт, 30,5 мың тонна жүн, 8 тонна ет, 28 мың тонна жұмыртқа артық өндірілген. Беріліп отырған мәліметтер, облысымыздың ортаң қол санатындағы ауданының өзінде экономикалық көрсеткіштердің оңды болғандығын айғақтап тұрғандай.

Осы кезеңде өңіріміздің халықаралық байланыстары да нығайып, С.Үмбетов 2002 жылдың 18 наурызында АҚШ-тың Индиана штатындағы Манси қаласының мэрі Дэн Кэнэн бастап келген американдық делегацияны қабылдады. Облыс басшысы қонақтарға Жамбыл облысы туралы қысқаша әңгімелеп берген соң, Д.Кэнэн мырза: «Бұл менің Қазақстанға бірінші сапарым. Мені сіздердің қонақжайлықтарыңыз, адамдардың ізгілігі тәнті етті», – деп ағынан жарылды. Мэрдің айтуынша, Манси қаласы да ауыл шаруашылық аймағына жатады. Онда шамамен  80 мың адам тұрады. Олардың бәрі де «Интерлинг Ресорсиз» қайырымдылық компаниясының Тараз қаласындағы қызметіне қолдау білдіріп отыр. Кездесу ресми құжатқа қол қоюмен аяқталды. Манси мэрі Д.Кэнэн мен Тараз мэрі Б.Сауранбаев осы екі қаланың 18 наурыздан бастап Тараз бен Манси арасындағы мәдени және қайырымдылық саласындағы өзара ынтымақтастықтың негізін қалады.

Осы тұрғыдағы қарым-қатынастар өз жалғасын тауып, 2002  жылдың 26  қарашасында облыс әкімі Серік Үмбетов Таразға Италияның Тревизо қаласынан арнайы келген делегация мүшелерін қабылдады. Қабылдауда алдымен сөз алған өңір басшысы италияндық қонақтарды Тараз жеріне келуімен құттықтап, оларға облысымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жөнінде қысқаша әңгімелеп берді. Дәлірек айтқанда, ол өңірде 1 миллионға жуық халық тұратындығын, жер көлемінің  144 мың шаршы километрді құрайтындығын тілге тиек етті. Облыс орталығы Тараз қаласының тұрғындарының саны 335 мыңнан асатынын жуырда бұл қала еліміздегі ең көне қала ретінде өзінің 2000 жылдық торқалы тойын ЮНЕСКО-ның көлеміне сәйкес атап өткендігіне тоқталды. Сондай-ақ, осы аймақтың негізгі саласы – ауыл шаруашылығы екенін, онда 10 селолық аудан орналасқандығын, кейінгі жылдары ауыл шаруашылығы саласында ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткендігін сөз етті. Тұрғындардың 66 пайызға жуығы ауылды мекен еткенін, қалғаны Тараз және Жаңатас, Қаратау, Шу қалаларында орналасқандығын атап көрсетті. Облыста кейінгі жылдары өнеркәсіп саласы өркендей бастағандығын, химия саласының өнімдері бүгінде әлемдік сауда биржасына жолдама алып отырғандығын қадап айтты.

Өйткені, әлемдік биржаға қатысуға кеңестік кезеңде қол жетпеген еді. Бұл жағынан келгенде біздің тауарларымыздың әлемдік рынокка шығуы, әрине, қуанарлық та құптарлық жағдай. Ал Жамбыл жеріндегі қазба байлықтары ішінде шикізаттың барит, гранит, алтын, фосфор және басқа да түрлері еліміздегі жерасты кендерінің едәуір бөлігін құрайтын. Тағы бір айта кететіні, сол шақта облыс аумағында табиғи газ өндіру мәселесі қолға алынған-ды. Бұл – алдағы жылдардағы үлкен мүмкіндікке жол ашатын жоба еді. Себебі, алдын ала жүргізілген болжалды зерттеулер бұл кен орны тек жамбылдықтарды ғана емес, оңтүстік өңірдегі Алматы қаласы мен Алматы және сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облыстары тұрғындары мен өнеркәсіп орындарын табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіндігін, ең бастысы – бізді табиғи газ жөнінде көршілес Өзбекстанға тәуелділіктен құтқаратыны туралы әңгіме батыл түрде айтыла бастаған.

Ал осы жылдардағы дамыған Италиядағы әлеуметтік-экономикалық жағдай қандай еді? Жамбыл жеріне келген Тревизо әкімшілігі Муниципалды Кеңесінің президенті Фулвио Петтена мырзаның айтуынша, сол кездің өзінде бір ғана Тревизо провинциясында 770 мыңнан астам халық тұратын. Венециядан 30 шақырымда орналасқан қалада 100 мыңға жуық шағын және орта кәсіпорын жұмыс істейтін. Бұл – провинцияда тұратын әрбір жетінші адамның өз кәсіпорны бар деген сөз. Мұның сыртында 30 мыңға жуық – әртүрлі агроқұрылымдар ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысады екен. Себебі провинцияның тарихында, дәлірек айтқанда, 1950 жылдардың аяғы мен 1960 жылдардың басында экономика саласында орасан өзгерістер орын алған болатын. Дәлірек айтқанда, ауыл шаруашылығымен айналысатын адамдардың басым көпшілігі өнеркәсіп саласына бетбұрыс жасаған. Тиісінше, бүгінгі таңда провинциядағы тұтас аудандар өнеркәсіп өнімінің белгілі бір түрін ғана шығаруға мамандандырылған. Бұл өз кезегінде шығарылған өнім сапасының әлемдік стандартқа жетуіне, сөйтіп халықаралық рыноктағы бәсекелестікке төтеп беруіне игі ықпалын тигізген. Тревизо қаласында шығарылатын өнеркәсіп өнімдері тек Италияда ғана емес, әлемнің көптеген елдерінде үлкен сұраныс туғызып отыр. Сондықтан да сол жылдарда «Тревизо қаласында шығарылған» деген таңба басылған өнімдерді дүниежүзінің көптеген елдерінен кездестіре алатынсыз. Шағын кәсіпкерлік дамыған соң, әрине, өз кезегінде халықтың әлеуметтік жағдайы кейінгі он жылда айтарлықтай жақсаруы да заңдылық. Мысалы, мұнда еңбек ететін әрбір адамның орташа жылдық табысы 20 мың долларды құрайтын. Алайда, жергілікті халықтың 2,5 пайызы жұмыссыз болып есептелген. Бірақ бұл салыстырмалы түрде алынған көрсеткіш. Өйткені, жұмыссыз деп саналатын адамдардың бәрі белгілі бір іспен айналысады. Бірақ олар өздері оқып алған мамандығы бойынша жұмыс істеуге мүмкіндіктері жоқ болғандықтан ғана жұмыссыздар қатарына шартты түрде теңестірілген.

Сол кезеңде Тревизо қаласындағы өнеркәсіп  орындары тек Италияда ғана емес, өз  филиалдарын одан тысқары елдерде де көптеп аша бастаған еді. Италияндықтар ол елдерде көбіне-көп жергілікті жұмыс күшін пайдаланатын. Шығыс Еуропа елдеріне, атап айтқанда Румыния, Словакия, Болгарияға да өз инвестицияларын салып, кәсіпорындар ашқан. Олар шет елдердегі өнеркәсіп орындарына өз технологиясын енгізуге машықтанып алғаны сондай бүгінде италияндықтардың технологиясын Бразилия, Аргентина, Қытай сияқты мемлекеттердің кәсіпорындары өз өндірісіне көптеп енгізген.

Сол кездесуден кейін Тараз қаласының әкімі Болат Сауранбаев пен Тревизо қаласы әкімшілігі Муниципалды Кеңесінің президенті Фулвио Петтена екі қала арасында бауырластық жөніндегі құжаттарға қол қойды.

Жаңа мыңжылдықтың басында әлеуметтік-экономикалық даму үрдістері де қалыптаса бастаған еді. Мәселен, 1996  жылы облыста 6499 шаруа қожалығы болса, 2003 жылы олардың саны 10117-ге жеткен. Өңір  экономикасының өркендей бастағанына тағы бір мысал, 1999 жылы біздің облыстық бюджет бар болғаны 7,5 миллиард теңгені құраса, 2003 жылы ол 20 миллиард теңгеге жетті. Мал шаруашылығына келсек, онда да жағдай едәуір жақсарғанын байқайсыз. Мүйізді ірі қара 1999  жылы 143 мың болса, 2003 жылы  248 мың басқа жеткен. Қой саны  850 мыңнан 1 миллион 870 мыңның үстіне шыққан. Жылқы мен түйе түліктері де өскен. Бұл –  мал тұқымын асылдандыру үшін мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаулардың жемісі еді. Айтар болсақ, сол жылдары облыс аумағында 28 асыл тұқымды шаруашылығы болған. Оның 6-ауы асыл тұқымды мал зауыты, 22-сі асыл тұқымды қалыптастырғыш шаруашылықтар ретінде тіркелген. Осы шаруашылықтарда 2003  жылдың 1 шілдесінде 6626 мүйізді ірі қара, 131938 қой, 1236 жылқы, 141 түйе өсірілді.

Мал тұқымын асылдандыру жұмыстарын қолдау мақсатында 2000 жылдан бері жылма-жыл мемлекет тарапынан арнайы көмек қаржы бөлініп отырды. Алғашында – 4, 2001 жылы – 19, 2002 жылы – 62  миллион 475 мың теңге бөлінсе, ал 2003 жылы  64041,0 мың теңге бөлінген. Мемлекет қолдауы – шаруаларды экстенсивтіден интенсивті шаруашылыққа көшуге ынталандырғаны анық. Себебі, осы жылы облыс шаруа қожалықтарынан асыл тұқымды шаруашылыққа өтуге тілек білдірушілерден 37 өтініш түсіп, оның он екісінің құжаттары Ауыл шаруашылық министрлігіне ұсынылды.

Өңіріміздегі нарықтық қатынасқа көшу барысындағы жаңалықтардың бірі қалаларда өткізіле бастаған жәрмеңкелер деп айтар едік. Осы орайда қала тұрғындары үшін қысқа қажетті азық-түлік қамдауына байланысты өтініштерін ескере отырып, облыс әкімдігінің ауыл шаруашылық басқармасы 15 қарашадан бастап ауыл шаруашылық өнімдері сатылатын жәрмеңкелерді күн сайын өткізу жөнінде шешім қабылдаған болатын. Ол бұрынғы орны – екінші мөлтек аудандағы «Ақ бұлақ» базарында өтіп тұратын болды. 21 қараша күні өткізілген жәрмеңкеге төрт ауданның (Шу, Талас, Байзақ, Жамбыл) ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілері өз өнімдерін әкелді. Баға әдеттегідей базар бағасынан төмен болды. Бұл жолы да негізінен сұраныс жоғары азық-түлік түрлері, соның ішінде қой еті, ұн, көкөніс түрлері, мақсары майы, бидай, арпа, жарма әкелінді. Айталық, Талас ауданы асқабақ, қауынғақ әкеліп, қой етінің килограмын 300 теңгеден сатты. Ал  Байзақ ауданы бұл күні негізінен көкөністердің түр-түрін арзан бағаға ұсынды. Сенбі күнгі жәрмеңкеге қатысқан төрт аудан 148630 теңгенің саудасын жасады. Мұның 64000 теңгесі – Шу, 47800 теңгесі Жамбыл ауданының үлесіне тиді. Жексенбі күні де «Ақ бұлаққа» келген қалалықтарға азық-түліктердің түр-түрлері жеткізілді. Байзақтықтар тұздалған көкөністерді, Жамбыл ауданындағылар алманы, Т.Рысқұлов ауданы ұнды (әр килограмын 30 теңгеден)  келушілерге ұсынды. Жәрмеңкеге Меркі ауданынан бұл күні 3500 килограм құмшекер әкелінсе, әр килограмы 61 теңгеден лезде өтіп кетті. Меркі сары ірімшік зауытының өткерген өнімдерінің жалпы сомасы 60000 теңгеге жетті. Ал, Т.Рысқұлов ауданынан әкелінген бірінші сортты ұн 120000 теңгеге сатылды. Сонымен, жексенбі күні жәрмеңкеге қатысқан төрт аудан бойынша 482000 теңгенің саудасы жасалды.

Ауыл шаруашылығы саласын дамытуға сол жылдарда Еуропадан, ТМД елдерінен және Қытай Халық республикасынан келген мүдделі компаниялардың салған инвестициясы үлкен көмек болғанын айта кеткен жөн. Себебі, осы жылдары ауылда қолма-қол ақшаның жоқтығын білген коммерсанттар бір қап ұнын бір тоқтыға айырбастап отырған еді. Сол тоқтыны кооператив мүшелері айлығы үшін 2000  теңгеге  алатын. Ал қаладағы ұннын бағасы 900-1100 теңге арасында болатын. Сондай-ақ қат тауардың бірі қант болғаны белгілі. Сондықтан 2003  жылдың 26  ақпаны күнгі Меркі қант зауытының тұсаукесер рәсімін жұрт облыста қант өндіру саласының қайта өркендетудің нақты бір қадамы ретінде қабылдаған еді.

Үлкен ұқсату кәсіпорнының жұмыс істеуі қай жағынан алғанда да облыс өміріне оңды ықпалын тигізетіндігі белгілі. Айталық, Меркі қант зауытында 657 адам жұмыс істеді. Бұл – жұмыссыздар саны осыншама адамға кеміп, едәуір отбасы күнелту көзін тапты деген сөз. Жаңа зауыттың іске қосылуымен бірге 2003  жылдың өзінде облыста қант қызылшасы егіс алқабының көлемін 6,5 мың гектарға жеткізу жоспарланды. Ал маусымдық жұмыстар  ауыл адамдары үшін осының өзі табыс көзі саналатын. Кезінде облыста қант қызылшасының көлемі 43 мың гектарға дейін жеткені белгілі. Осылайша өзімізде өндірілген шикізатпен жұмыс істейтін қант өнеркәсібі саласының  одан әрі өркендеуіне мүмкіндіктер жасалған еді.

Тараз қаласында да өнеркәсіп  саласында өсім байқалып, 2003  жылдың 8 айының қорытындысында индиактивтік жоспар бойынша 17906,0 миллион теңгенің өнімдері өндірілуі тиіс болса, қала кәсіпорындары 19196,4 миллион теңгенің өнімдерін өндірді. Яғни индиактивтік жоспар 107,2 пайызға асыра орындалды. Физикалық көлем индексі 104 пайызға жетті. Кен өндіретін және өңдейтін өнеркәсіп орындары да айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. «Қазфосфат» ЖШС кәсіпорындары өнім өндіру көлемін тұрақты арттырып жатты. Серіктестік қарастырылып отырған жылдары бұрынғы байланыстарды қалпына келтіруде едәуір іс атқарды. Олар Иран, Түркия, Қытай, Ауғанстан және Еуропаға өз өнімдерін жөнелтуді жолға қоя алды.

2003 жылы Құлан өңірінде зілзала әсерінен үйлердің қирап, бүлініп, жарамсыздануына байланысты баспанасыз қалған тұрғындардың дені жаңа үйлерге қоныстандырылды. Бүлініп-қираған – 2737, ішінара жарамсызданған 4850 үйдің  ел-жұрт болып жұмылып, ынтымақ пен бірлік танытуының нәтижесінде толық дерлік қалпына келтіріліп, 7000-ға жуық тұрғын қоныс тойларын өткізді. Облысымызда орын алған осы қиын жағдайды ескере отырып, сонымен қатар, өңірімізде кірпішке деген сұраныстың күрт өсуіне байланысты, республикамызда Тұрғын үй мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру қолға алынған болатын. Бағдарлама аясында Байзақ ауданындағы Үшбұлақ темір жол бекетінде жаңа технологиямен, жылына 30 миллион сапасы жоғары кірпіш шығаратын аса қуатты зауыт салынды. Оның құрылысын «КСМ құрылыс» ЖШС-і жүргізді. Жобаны жүзеге асыру үшін «Нұр» банк инвестициялық қолдау көрсетіп, 3 миллион АҚШ долларын несиеге берді. Зауытты Украина мен Белорусьтен, Чехиядан келген және жергілікті мердігер компаниялар бірлесіп салды. Кірпіштің бес түрін шығаратын кәсіпорын өнімдерінің халық игілігіне жарағаны анық.

Бағамдап қарасақ, облысымыздағы  әлеуметтік – экономикалық даму үрдістерінің  қалыптасуы  жылдары жеткен жетістіктеріміз аз болмаған.

 

Сейдахан Бақторазов,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің  профессоры, 

Ж.Баласағұн атындағы Түркістан өлкесін зерттеу орталығының жетекшісі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support