- Advertisement -

Балықтың жемін басқа облыстан алып келеді

85

- Advertisement -

Жуалы ауданында «Ислам» шаруа қожалығы облыста алғашқылардың бірі болып форель балығын өсірумен айналысуда. Бұл кәсіпті қолға алған кәсіпкер Қанат Жұманов Диқан ауылының сыртындағы тоғаннан бассейн жасап, оған форель балығының екі және бір айлық шабақтарын жіберген. Бүгінде бұлақ суынан жиналған тоғанда 35 мың шабақ өсірілуде.

– Балық шаруашылығын қолға алғаныма үш айдың жүзі болды. Отбасылық қожалығымызды 1990 жылы құрғанбыз. Қазіргі таңда  қожалықты ағам Ілияс басқаруда. Бұған дейін егін және мал шаруашылығымен айналысып келдік. Енді міне, отбасыммен ақылдаса келіп, балық шаруашылығымен айналысуға бел будық. Балық өсіруге қолайлы бассейніміз, тоғанымыз бар. Бұлақ суы да келіп тұр, – дейді кәсіпкер.

Қанаттың бастамасына жергілікті билік те қолдау білдіріпті. Ақсай ауылдық округінің әкімдігі Диқан ауылының сыртынан жер телімін бөліп берген. Кәсіпкер бассейнге шабақты Алматы облысынан әкеліп жіберіпті.

«Балықтың жемін Алматыдан алдырамын. Ал Алматыға ол шет мемлекеттерден әкелінеді. Өзімізде арнайы жем дайындау қоры болмағандықтан осылай жұмыс істеуге мәжбүрміз. Форель балығы ерекше күтімді қажет етеді. Сондықтан оған берілетін азықтық жемнің түріне қарай бағасы да әр алуан. Килограммы 950 теңгеден басталып, 2 мың теңгеге дейін барады. Бір барғанда, балықтың екі-үш апталық қорегін бірақ алып келемін. Форель балығы негізінде таза суды жақсы көреді. Бассейннің суын 18 градустан төмен түсірмейміз. Судың тазалығы басты орында. Яғни, бассейнге келіп жатқан су бір жағынан құйылып жатса, екінші жағынан арна қуалап ағып кетеді. Осылайша су тоқтаусыз  тазаланып тұрады. Шабақтар қысқа мерзімде өсіп жетілсе, күзде сатылымға шығаруға жарап қалады», – дейді Қанат Жұманов.

Кәсіпкердің айтуынша, бұл шаруамен айналысу үшін ол қаржы ұйымдарынан 7 миллион теңге несие алыпты. Кәсібін кеңейтуді жоспарлап отырған Қанат тағы бір бассейннің құрылыс жұмысын бастап кеткен. Қазір онда бес адам жұмыс істеуде. Бұл бассейннің құрылысын аяқтаған соң оған 100 мың форель, 2000 бекіре шабағын әкеліп жіберуді жоспарлауда.

Қанат мұндай өніммен өз облысымызды ғана қамтып қоймай, Алматы қаласы мен Алматы облысының тұрғындарына да жеткізу жоспарында бар. «Ислам» шаруа қожалығы алдағы жылы бассейнде өсіріліп жатқан шабақтан 30 тоннадай балық алуды межелеп отыр.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support