- Advertisement -

Картаға кірмей қалған көшелер «көгілдір отын» мен ауыз судан қағылып келеді

155

- Advertisement -

Шынын айту керек, кейде қарапайым ғана істі тиянақтауға келгенде қырсыздық танытып, күрмеулі мәселені одан әрі күрделендіріп жіберетініміз бар. Бұлай деуімізге 40 жылдан бері түтін түтетіп отырған тұтас бір көшенің ауыл картасына кірмей қалуы себеп болып отыр. Дәлірек айтар болсақ, шалғайдағы Шу ауданына қарасты Жаңақоғам ауылдық округінде орналасқан 10-ға жуық көшенің бірқатар тұрғындары әлі күнге дейін өркениет игіліктерінен қалыс қалуда. Аудан орталығының іргесінде орналасқаны ғана  болмаса, ауыз су мен жарыққа жарымай, табиғи газды тұтынуда түрлі кедергілерге тап болып отырған ауылдардың әлі де бар екенін ешкім жоққа шығара алмас. Сөзіміз дәйекті болуы үшін ауылдықтарды алаңдатқан мәселені басынан бастасақ…

 Бұрнағы жылдары «Қордай» автоматтандырылған газ тарату стансасынан Шу қаласына дейін ұзындығы 106 шақырым болатын қашықтыққа жер асты болат газ құбыры жүргізілген болатын. Содан бері ауданды «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету жұмыстары қарқын алып, бүгінде бірқатар қауырт шаруа тындырылған. Нәтижесінде біраз елді мекен табиғи газдың қызығын көруде. Жасыратыны жоқ, «көгілдір отын» аудан орталығы мен оның маңындағы ауыл тұрғындарының тіршілігіне ерекше серпін беріп, қатты отынға деген тәуелділіктен құтқарды. Сонымен қатар, ауданды газдандыру жұмыстары әлі де жүріп жатқанын ескерер болсақ, табиғи газдың келуі бұл өлкеге өзгеше өң кіргізетіндігі анық. Бір әттеген-айы, «көгілдір отынның» құбырларын орнату кезінде бірқатар кемшіліктер орын алған. Соның салдарынан кейбір ауыл тұрғындары үйінің түбіне келген табиғи газды тұтына алмай қиналып отыр. Аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, аудандағы 12 ауыл магистральды және ішкі газ құбыры арқылы толығымен газдандырылыпты. Аталған ауылдардың ішінде Жаңақоғам ауылдық округіне қарасты Көктөбе ауылы да бар. Ал көктөбелік тұрғындардың айтуынша, газ құбырлары әр көшеге ала-құла орнатылған. Ең сорақысы, ауылдағы бірқатар көшелердің бір бетіне ғана газ құбырлары жүргізілсе, кейбір көшелер толығымен газдандырылмай қалған. Бір көшенің бойындағы 20 шаңыраққа ең қиыны қыста үй жылыту болып тұр. Күн суытысымен-ақ қатты отынның бағасы шарықтап шыға келеді. Одан бөлек, отын жарып, күл шығарудың азабы тағы бар.

 – Бірлік көшесінде 20-ға жуық түтін тұрады. Ауылға газ келген жылы қатты отынның машақатынан құтылатын болдық деп қатты қуандық. Өкінішке орай қуанышымыз ұзаққа созылмады. Сол кездегі ауыл әкімі Найман Сұлтанбаевтың айтуынша, ғарыш жүйесінің спутниктік навигациясы арқылы түсіргенде біздің көше тал-дарақтардың кесірінен картаға кірмей қалыпты. Бірақ мына көшенің бойынан тал көріп тұрсыз ба? Осыдан бір жыл бұрын бүтіндей бір көшенің тұрғындарының өтінішін арқалап ауыл әкіміне бардым. Жуырда ғана зейнетке кеткен ауыл әкімі Найла Қондыбаевадан Бірлік көшесіне қашан газ тартылатынын сұрағанымда ол әр үй 100 мыңнан жинап берсе, газдың құбырын жүргізіп беретін адамдарды табатынын айтты. Артынша көшенің тұрғындарын жинап, қажетті қаржыны жинадық. Өкінішке орай, бұл жұмыстардың да соңы сол күйі сиырқұйымшақтанып кетті. Оған қоса, ауыз суды да тасып ішіп отырмыз. Жиырма бірінші ғасырда ауыз суды темір жол арқылы тасып ішу деген сұмдық емес пе?! Елдің бұл көшеге қоныстанғанына 35 жылдан асып барады. Ауыз су мен газды былай қойғанда жолдың өзіне жарымай отырмыз. Жолымыз мынау – жазда топырақ, қыста батпақ, – дейді Бірлік көшесінің тұрғыны Сәбит Айжарықов.

Бір қызығы, «көгілдір отыннан» бір ғана Бірлік көшесі қағылып отырған жоқ. Ауылда барлығы 22 көше болса, соның ішіндегі Д.Сүгірбаев, С.Төлешов, Абай, Кербұлақ, Т.Саңырақбаев, Бірлік және А.Галиакпаров сынды көшелердің кейбір тұрғындары да табиғи газға қол жеткізе алмай отыр. Ауылдықтардың сөзіне сенсек, «көгілдір отыннан» шет қалған шаңырақтағы әйелдер мен келіндердің әр күні азаппен өтіп жатыр екен. Өйткені олар азаннан қара кешке дейін жер ошақтың басында. Отбасының қамы үшін тезекпен нан пісіреді, ағашпен шәй қайнатады. Осылайша, қазанның басында ертеден кешке дейін ысталып жүргені жүрген. Мәселенің мән-жайын білу мақсатында жоғарыда аталған көше тұрғындарымен де тілдесіп көрген болатынбыз. Мәселен, Жамбыл көшесінің тұрғыны Ербол Әділханұлы 20 жылдан аса уақыт осы көшеде тұрып келсе де, үйінің газдандыру жобасына қалай кірмей қалғанын түсінбей дал болуда.

– Әуелгіде газ құбырларын тартатын мекеменің мамандары «көгілдір отынды» көше тұрғындары толығымен тұтынады деп сендірген. Алайда, біздің көшенің соңындағы үш үйге құбыр тартылмады. Картаға кірмей қалғанының салдарынан газ да келмей қалды, жолымыз да салынбай қалды, жарық бағаналары да орнатылмады. Ол аз десеңіз, аталған үш үйге жарық та мардымды берілмейді. Есептетіп көрсек, газ жетпей қалған үйлерге құбыр тартып, жұмыстарды толығымен аяқтау үшін әр үйден 2 миллионға жуық қаржы шығып кетейін деп тұр. Газдың құбырларын орнатып алып, бірнеше күннен кейін құбырларды қайтадан алып кеткен кездер де болды. Осыған қарап-ақ біздің ауылды газдандыруға арналған жобаның дұрыс жасалмағанын аңғаруға болады. Сондай- ақ газ орнатқанда әр көшеден 3-4 үй қалып кетті. Тапсырыс беруші осы жағын ескерместен жобаны қалай қабылдап алғанын түсінбеймін, – дейді ол.

Осылайша, картаға кірмей қалған көшенің тұрғындары ұзақ жылдар бойы әуре-сарсаңға түсіп келеді. Бәлкім ауыл әкімі тұрғындардың жанайқайына дер кезінде құлақ түріп, күрмеулі мәселенің оң шешілуіне атсалысқанда ауылдықтар қазіргідей қиналмас па еді, кім білсін. Енді міне, спутниктік жүйе мен ауыл әкімдігіндегілердің шалағайлығынан қаншама отбасы өркениет игілігінен құр қалып отыр. Кейбір тұрғындар мәселенің шешімін күтпей-ақ, газ құбырын өз қаражаттары есебінен тартып алған. Мәселен, Несіпкүл Маханбайқызының сөзіне сенсек, құбыр тартып, газдың құрылғыларын толықтай орнатып, үйге кіргізгені үшін бір миллионнан аса қаржы жұмсапты. «Қ.Қазиев көшесінің соңындағы үш үйге де газ жетпей қалған. Бұл түйткіл шешімін тауып қалар деген үмітпен 5 жыл күттік. Нәтиже болмаған соң өткен жылы күз айында үш үй бірігіп, 420 мың теңгеден шығарып, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ келістік. Бұл мекеме үш үйден жиналған 1 миллион 260 мың теңгеге газ құбырын жүргізіп берді. Ал газдың құрылғысын сатып алып, үйімізге толық кіргізу үшін әр үйден бір миллионнан аса қаржы жұмсалды» – дейді ол.

Ауыл тұрғындарының талап-тілегін толық тыңдап, оларды алаңдатқан мәселенің анық-қанығын білгеннен кейін осы ауылға газ құбырын жүргізген «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ы мамандарының да пікірін білген едік. Аталған мекеменің Шу аудандық газ шаруашылығының технигі Айдар Садықовтың айтуынша, дәл осындай мәселе Бірлік ауылында да бар көрінеді.

– Көктөбе ауылына газ тарту жұмыстары 2015 жылы басталып, 2016 жылы толығымен аяқталды. Аталған жұмыстардың барлығы «ҚазТрансГазАймақ» АҚ тарапынан жүргізілген. Сіз айтып отырған мәселе расымен де бар. Кейбір көшелердің соңғы жағына газ құбыры тартылмай қалды. Оған себеп – бірқатар үйлер ғарыштық бақылау кезінде көрінбей қалған. Ол үйлерге кейінірек газ тартылу керек болған. Ал қазіргі кезде тұрғындар басқа мердігерлерді шақырып, бағасына келіссе газ құбырын орнатуына болады. Өткен жылы Көктөбе ауылындағы Қ.Қазиев көшесінің бірнеше тұрғыны біздің мекемеге келіп, өтініш жазды. Осыған байланысты, тұрғындардың қаражатына 200 метрге жуық жерге газ құбырын орнатып бердік. Ал газ кірмей қалған тұтас көшелерге біз газ жүргізе алмаймыз. Сонымен қатар, Бірлік ауылына газ құбырларын орнатқанда да кейбір көшелердің бір бетіне құбыр жүргізілмеген. Мәселені шешудің жалғыз жолы – жоба жасап, мердігер арқылы газ жүргізу, – дейді Айдар Орынтайұлы.

Ал Абай көшесінің тұрғыны Данияр Жұмабеков газдан бөлек, ағын судың да мәселесі ауылдықтарды әбден титықтатып біткенін айтады. «Саңырақбаев көшесінің бір жақ бетіне мүлдем құбыр тартылмаған. Кейбір көшелер соңына дейін аяқталмаған. Бұл мәселенің айтылып келе жатқанына 4-5 жылдың жүзі болды. Әлі күнге шешімін таппай отыр. Ауыл әкімдігі тұрғындардың өзі қаражат жинап жасатуы керек дейді. Газ құбыры тартылған кезде жобалық-сметалық құжаттары әзірленгені белгілі. Сол кезде неліктен толық жасамады? Одан бөлек, газ құбырларын жүргізгенде әр үйдің есік алдына жүк көлігіне арналған арканы орнату үшін әр үйден 15 мың теңгеден жинады. Қалтасында қаржысы болмай қалған кейбір тұрғындардың есік алдына арка орнатылмай кетті. Елдер шөпті есік алдына жинамайтыны белгілі. Қора-жайда жиналған шөптен абайсызда өрт шыға қалса, өрт сөндірушілердің көлігі үйге қалай кірмек?

Тағы бір айта кетерлігі, ауыз судан бөлек, ағын судың өзі үлкен мәселе болып отыр. Ауылдықтар ағын суды қыркүйектің ортасына дейін берсе дейді. Әйтпесе, суды тамыздың ортасында тоқтатып тастайды. Қаншама жыл жүгіріп жүріп биыл ғана конкурстан 11 гектар суармалы жер ұтып алдым. Бірақ оның 7,7 гектарына ғана су шықса, қалған жерін суғару мүмкін емес. Жерді ұтып алған адамдардың басым көпшілігінде техникасы жоқ. Олардың барлығы техникасы бар шаруалармен келісімшартқа отырып алып отыр. Ал қалған шаруалар не істемек?» – деп ашынады ауыл тұрғыны.

Жоғарыда аталған мәселелер ауыл халқының көріп отырған қиындықтарының бір ғана бөлігі. Мұндағы тұрғындар үшін ауыз су мәселесі де мазасыз мүйіске айналған. Шеткері орналасқан кейбір көшенің тұрғындары тіршілік нәрін алу үшін 2-3 көшеден кейін орналасқан құдыққа баруға мәжбүр. Тұрғындардың сөзінше, бұрнағы жылдары ауылдықтардың жанайқайынан соң ауыл әкімдігі әрекетке көшкендей болған. Бірақ мәселе «баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалып отыр. Әбден қызылкеңірдек болған көктөбелік тұрғындардың талап-тілегін жергілікті билік жақсы білетін сыңайлы. Өйткені,  тұрғындар өзі тұратын көшенің кемшілігі көптігін бұған дейін де әкімдікке жолдаған. Жолдағаннан бөлек, «көгілдір отын» мен ауыз су мәселесімен бармаған жері, қақпаған есіктері қалмаған. Біз тұрғындардың базынасын арқалап ауыл әкімі Медет Рахымбаевқа да бардық. Жуырда ғана сайланған әкім тұрғындарды титықтатқан түйткілдің барлығынан хабардар екенін жеткізді. Жұмысына енді ғана кіріскен ауыл әкімі аталған мәселелерді шешудің жолдарын қарастырып жатқанын да айтты. Әрине, шындық айту – шырық бұзу емес. Десе де, біздің көксегеніміз – қамкөңіл қарашаның базынасын жауаптыларға жеткізу. Сондықтан да жоғарыда айтылған жайттарды жауапты мекемелер өз назарына алып, түйткілдің түйінін тарқатуға атсалысады деген сенімдеміз.

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Шу ауданы.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support