Құрылыс жүргізуде қамшы басатын тұстар баршылық

17

Облыс әкімі аппаратының басшысы Расул Медетов жұмыс сапарымен Қордай ауданында болып, бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылыс жұмысымен танысты. Алдымен Қалғұты ауылында салынып жатқан 180 орындық мектептің құрылысын көрді. Аудан әкімінің орынбасары Елдос Мендекеев ауданда атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарының барысы туралы айтып берді.

Ал мектеп құрылысын жүргізіп жатқан «ТебердаСтройСервис» ЖШС өкілдері нысанды жақын арада тапсыратынын жеткізді. Осыдан біраз бұрын облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың берген тапсырмаларының орындалу барысымен танысқан Расул Медетов құрылыстың сапалы атқарылуын тапсырды.  Дейтұрғанмен, облыс әкімінің сынына іліккен құрылыс нысанында кемшіліктер де жоқ емес. Әсіресе ғимараттың ішкі, сыртқы әрлеу жұмыстары мен ауласын абаттандыруда қамшы басар тұстары баршылық. Расул Махмұдұлы соны байқап, мектептің құрылысында сапаға аса мән беру керектігін атап өтіп, нысан бекітілген мерзімде өткізілуі қажет екенін тағы да ескертті.

Бұдан кейін аппарат басшысы Әлжан ана ауылындағы спорттық-сауықтыру кешен мен ауылдық музейдің жұмысымен де танысты. Жобалық құны 323 миллион теңгені құрайтын дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын «Агроспецстрой» ЖШС жүргізіп, өткен жылы пайдалануға берген еді. Жаңа ғимаратта үлкен спорт зал, күрес және спортшыларға арналған киім ауыстыру, жуыну бөлмелері бар. Онда балалар күрес, бокс және басқа да спорт түрлерімен шұғылдануда. Ал Әлжан ана музейінде Расул Махмұдұлын Елбасының өміріне қатысты жәдігерлер қатты қызықтырды.

Осыдан кейін облыс әкімі аппаратының басшысы Күнбатыс-2 ауылындағы 150 орындық мектептің құрылысын көрді. Мердігер «ИнжинирингСервисГрупп» ЖШС өкілі құрылыс барысымен таныстырды. Нысанды мердігер жаңа оқу жылы қарсаңында тапсырмақ. Келесі кезекте Расул Махмұдұлы Масаншы ауылындағы 600 орындық мектептің де құрылыс жұмысының қалай жүргізіліп жатқанын көрді. Оның құрылыс жұмысын «ТаразСтрой-2004» ЖШС жүргізуде. Мектептің ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары аяқталуға жақын. Бүгінде ғимараттың ауласы абаттандырылуда.

Сондай-ақ аппарат жетекшісі Қаракемер ауылдық дәрігерлік амбулаториясының жұмысымен де танысқан болатын. Денсаулық сақтау нысанының жұмысымен және ауылдық округтегі эпидемиологиялық ахуал туралы Қордай аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Зәуреш Қадырбекова айтып берді. Расул Махмұдұлы өз кезегінде, саулықтың сақтықта екенін баса айтып, қауіпті індеттің алдын алу үшін тұрғындар арасында екпе салдыру бойынша үгіт-насихат жұмыстарын көбірек жүргізу қажеттігін еске салды.

Сортөбе ауылдық округі әкімі аппаратының жұмысымен танысқаннан соң Қордай ауылында болып, аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының, аудандық полиция бөлімінің, халықты жұмыспен қамту орталығының жұмысымен танысты. Аудан басшылығы ауылдың «Батыс» шағын ауданынан жаңа халыққа қызмет көрсету орталығы ғимаратының салынатынын айтты. Сонымен қатар, Расул Махмұдұлы сервистік әкімдіктің жұмысымен де жақынырақ танысып, аудан әкімдігінің мәжіліс залында актив жиналысын өткізді.

Сапар соңында аппарат басшысы Расул Медетов Гвардейск қалашығындағы Биологиялық қауіпсіздік проблемаларын ғылыми-зерттеу институтында болып, нысанның құрылыс жұмысымен танысып, мекеме қызметкерлеріне арналған көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс барысын көрді.

 

Еркін ҚАТБЕКОВ,

журналист.

Қордай ауданы.

Comments are closed.