- Advertisement -

Алтын түгілі күміс бұйырмай тұр

87

- Advertisement -

Жапония астанасы Токио қаласында өтіп жатқан Жазғы Олимпиада ойындарының аяқталар сәті таяп қалды. Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең сәтсіз дода саналған бұл Олимпиада ойындарында алтын түгілі күміс медальға қол жеткізу мұң болып тұр. Басқа спортты қойыңыз, алтын жүлде күткен боксшыларымыздың өзі күміс жүлдеге зар болып қалды. Иә, Токиоға дейін 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында 1 алтын, 1 қола алып, ең нашар нәтиже көрсетті деп жүрген құрамамыз бұл жолы сол көрсеткішті тек түсінде көретін жағдайға жетті. Токиодан былғары қолғап шеберлерімізге бар болғаны екі қола жүлде бұйырды.

+91 килограмм салмақ дәрежесіндегі үкілі үмітіміз Қамшыбек Қоңқабаевтың АҚШ боксшысы алдында дәрменсіздің күйін кешкенін жанкүйерлер көрді. Кейін 52 килограмм салмақ дәрежесінде финалдық жолдама сарапқа салынған шайқаста бокс фанаттары Сәкен Бибосыновтан ерлік күтті. Ұлыбританиялық Галал Яфаймен үш раунд бойы шайқасқан Сәкен төрешілердің шешімімен 2:3 есебімен қарсыласына есе жіберіп, қола жүлдені қанағат тұтты. Амал нешік, бұйырғаны сол екен. Әйтпесе, Сәкен барын салып көрді, аянып қалмады.

Балуандарымыз да алысқа шаба алмады. Тек 57 килограмм салмақ дәрежесінде белдескен еркін күрес шебері Нұрислам Санаев үздік үштіктен көрінді. Қола жүлде үшін өткен белдесуде отандасымыз болгариялық Георгий Вангеловке қарсы бозкілемге шығып, шеберлік байқасты. Нұрислам бұл кездесуде 5:1 есебімен басымдық танытып, өз салмағында жүлдегер атанды. Ал күллі қазақ елі сенім артқан 74 килограмм салмақтағы Данияр Қайсанов үміттің үдесінен шыға алмады. Үшінші орын үшін өткен белдесуде ол өзбекстандық Бекзод Абдурахмоновтан мерзімінен бұрын ойсырай ұтылып, ұятқа қалдырды. Әйелдер күресінде топқа түскен Валентина Исламова да алысқа  ұзамады.

97 килограмм салмақ дәрежесінде белдескен жерлесіміз Әлішер Ерғали де жүлдегерлердің қатарынан көріне алмады. Бірінші қарсыласы алжирлік Мохаммед Фардждың бозкілемге шығудан бас тартуына байланысты жамбылдық балуан жарысты ширек финалдан бастады. Түркиялық Сүлейман Караденизбен кездескен ол қарсыласына 1 ғана ұпай айырмасымен есе жіберді. Егер түрік балуаны финалға шыққанда Әлішер қола жүлде үшін өтетін жұбаныш кездесуіне қатысуға мүмкіндік алатын еді. Алайда түрік жігіті жартылай финалда сүрініп, Әлішердің жүлдеден үмітін үзді. 65 килограмм салмақта белдескен Дәулет Ниязбеков ширек финалда әзірбайжандық Гаджи Әлиевтен жеңілген болатын. Әлиев өз кезегінде финалға шығуына байланысты қазақстандық еркін күрес шебері бүгін қола жүлдеге таласады.

Олимпиада ойындарының бағдарламасына алғаш енген каратэ спортынан ел қоржынына тарихи медаль түсті. 67 килограмм салмақ дәрежесінде топқа түскен Дархан Асаділов жанкүйерлердің сенімін ақтады. Алдымен топтық кезеңде төрт қарсыласпен кездескен ол барлығынан айласын асырып, топтан бірінші орынмен шыққан болатын. Алайда Дархан жартылай финалда жеңіліп қалды. Жартылай финалда француз Стивен Да Коста өзінің шын мықты екенін дәлелдеп, 5:2 есебімен басымдылық танытты. Кейін ол Олимпиада чемпионы атағына қол жеткізді. 33 жасында Олимпиада ойындарына қатысып, қола жүлдені қоржынымызға түсірген Дарханға жанкүйерлердің алғыстан басқа айтары жоқ.

– Осы Олимпиада ойындарына шынын айтқанда алтын жүлде алу мақсатымен келген болатынмын. Алайда сәл ғана сәттілік жетіспеді. Жартылай финалдағы қарсыласым ауыр салмақтан біздің салмаққа түскен еді. Онымен бұрын кездесіп көрмедім. Бірақ, кездесуде барымды салып бақтым. Әлбетте, алтын жүлде алмағаным үшін өкініп тұрған жайым бар. Әйткенмен, каратэ спортынан бірінші болып жүлде алғаным үшін бек қуаныштымын. Дәл осы нәтижеге қол жеткізу үшін мен ұзақ жылдарымды сарп еттім. Бар күшімді жұмсадым, – дейді Дархан өз ойымен бөлісіп.

Каратэден 75 килограмм салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Нұрқанат Әжіханов жүлдеге қол созым жерде тоқтады. Ол шешуші кездесуде әзірбайжандық спортшы Рафаэль Агаевтан айласын асыра алмады. Осылайша өз тобында үздік екі спортшының қатарына іліге алмаған ол жартылай финалдан тыс қалды. Қыздар арасындағы сында жүлдеден үмітті болған Мөлдір Жаңбырбай да жартылай финалға жетпей сүрінді. 55 килограмм салмақ дәрежесінде бақ сынаған ол бірінші кездесуінде мысырлық спортшыдан басым түссе, екінші шайқаста австриялық каратэшіге есе жіберіп алған болатын. Үшінші кездесуінде украиналық спортшымен тең түскен ол шешуші сәтте тиісті нәтижеге қол жеткізе алмай, жапониялық каратэші қыздан ұтылды.

Көркем гимнастика сынында бағын сынап көрген Алина Әділханованың көрсеткіші көңіл көншіткен жоқ. 83.800 ұпай жинаған ол бар болғаны жиырма бірінші орыннан көрініп, финалдық кезеңнен тыс қалды.

Айтпақшы Токио Олимпиадасында Куба бокс мектебі өздерінің шын мәнінде мықты екенін дәлелдеді. 2016 жылы Рио Олимпиадасында AIBA-ның ойына келгенін істеуіне байланысты Өзбекстан құрамасы жалпыкомандылық есепте топ жарған болатын. Биыл Куба құрамасы өздеріне тиесілі орынды қайтарып алды. Куба құрамасының бір емес, үш бірдей боксшысы Олимпиада ойындарында екі салмақта чемпион атағына қол жеткізді. Иә, кезінде 64 килограмм салмақта Олимп шыңын бағындырған Рониеэль Иглесиас Сотолонго енді 69 килограмм салмақта чемпион болса, Риода 75 килограмм салмақта теңдессіз саналған Арлен Кардон Лопес Токиода 81 килограмм салмақта топ жарғанын бұған дейін де жазған едік. Енді олардың қатарына Хулио Ла Крус қосылды. Рио Олимпиадасында 81 килограмм салмақ дәрежесінде үздік шыққан кубалық боксшы бұл жолы 91 килограмм салмақтың алтынын еліне алып кетті.

Жоғарыда біз бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының өте нашар нәтиже көрсеткенін атап өткен болатынбыз. Осыған байланысты түсініктеме берген Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев өзінің бас бапкерлік қызметтен кетер-кетпесі жайлы да пікірін білдірді.

– Енді әрине, ондай ой болады. Бірақ басшылық шешім қабылдап, өз ойларын айтады. Сондықтан бұл мәселе басшылық тарапынан шешіледі. Мен бұл сұраққа дәл қазір нақты жауап бере алмаймын, – деп түсініксіз тіл қатты бас жаттықтырушы.

Олимпиада ойындары аяқталғаннан кейін 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында 69 килограмм салмақ дәрежесінде топ жарған Бақыт Сәрсекбаев бұл додадан алтын күткенін жасырмай айтты. Ол төрешілерді кінәләудің түкке қажеті жоқ екенін тілге тиек етті. Олимпиада чемпионы қазақ боксшыларына Токио Олимпиадасында шеберліктің жетіспегенін жеткізді. Сәрсекбаев өз сөзінде 69 килограмм салмақ дәрежесінде және 75 килограмм салмақта үздіктер ел ішінде әбден іріктелмегенін де сөз етті.

Расында да бұл Олимпиада ойындары жанкүйерлердің жүйкесіне ши жүгірткені даусыз. Олимпиада ойындарынан кезекті мәрте грек-рим күресінің шеберлері бірде-бір жүлде алмады. Одан бөлек бірнеше балуан қызымыз қатысқан әйелдер күресінде де жүлденің маңына жақындай алмадық. Осыдан бес жыл бұрын айды аспанға шығарған жүзу спортының шебері Дмитрий Баландиннің де нәтижесі көңіл көншітпегені жасырын емес. Еркін күрес шеберлерінің де тым құрығанда бір күміс жүлде ала алмағаны жүйкеге салмақ салады. Әрине, еркін күрес шеберлері арасындағы аламанда мамандар Нұрислам Санаевтан күміс медаль күткен болатын. Өйткені оған жеребе де жақсы түскен еді. Алайда Санаев әупірімдеп жүріп қола жүлдеге қол жеткізді.

Қазіргі дейінгі жалпыкомандалық есепте Қытай құрамасы көш тізгінін қолдан сусытқан жоқ. Екінші орынға орналасқан АҚШ құрамасын да ешкім қуып жете алмайтын секілді. Әзірге 23 алтын жүлдені қоржындарына түсірген Жапония құрамасы үздік үштікті түйіндеп тұр.

Жеті қола медаль еншілеген Қазақстан ұлттық құрамасы әзірге турнир кестесінде 78 орынға жайғасқан. Олимпиада ойындарында көбінесе бізден кейінгі орындарда жүретін Өзбекстан құрамасы әзірге отыз үшінші орынға орнықса, екі күміс медалі бар Қырғыз республикасы 68 орында келеді. Ал әзірге 1 күміс жүлдесімен мақтанып тұрған Түркіменстан құрамасы 77 орында тұр. Егер Қазақстан құрамасының спортшылары соңғы тәуліктерде 1 күміс жүлде еншілеп, Түркіменстан құрамасы алтын не күміс жүлде иеленбесе, олардан озуымыз мүмкін. Ал екі күміс жүлдесі бар қырғыздарды қуып жету арман сияқты. Тіпті, спортшыларымыздың қарқынына қарап, Түркіменстаннан да қалып қоямыз-ау деген күдік басым. Олимпиада ойындары аяқталғаннан кейін ел спортында көптеген өзгерістер болатын сияқты.

Табиғат Абаилдаев

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support