Ауыл халқының табысын арттыру тәжірибесі еліміздің барлық өңірінде қолданылатын болады

154

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Жамбыл облысында ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі пилоттық жобаны кеңінен қолдану мәселесі қаралды, — деп хабарлайды primeminister.kz сайты.

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкенов, вице-министр – ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев баяндама жасады.

Жамбыл облысының әкімі Б. Сапарбаев хабарлағандай, өңір халқы 1 139 мың адамды құрайды, оның ішінде ауылдық жерлерде 685,1 мың адам (60,1%) тұрады

Атаулы әлеуметтік көмек алушылар 51,1 мың адам, оның ішінде ауылдық — 31,1 мың адам (60,8%). 2019 жылы басталған «Жамбыл облысы халқының табысын арттыру жөніндегі» пилоттық жобаның 5 бағыты бойынша жалпы алғанда 9,2 млрд теңге кредиттік қаражат игерілді.

Жобаға облыстың 10 ауданының 11 пилоттық ауылдық округінің 25 елді мекенінен 2478 тұрғын және 11 жаңа ауыл шаруашылығы кооперативі қатысып, несие алды.

Жоба 5 бағыт бойынша іске асырылды.

1 – бағыт. Үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану 95%-ға арттыру.

2 – бағыт. Мал шаруашылығы бағытын дамытуға 6,4 млрд теңге қаржыға 45 032 бас мал сатып алынды.

3 – бағыт. Елді мекеннен тыс 10 113 га пай жер тиімді пайдаланылды.

4 – бағыт. Ауыл шаруашылығы кооперативтерін қажетті техникамен және жабдықтармен қамтамасыз ету үшін 972,4 млн теңгеге 190 дана техника сатып алынды.

5 – бағыт. Жергілікті тұрғындарға шағын бизнес ашу үшін 56,2 млн теңгеге 11 жоба қаржыландырылып, шағын цехтар өз жұмыстарын жүргізуде.

Пилоттық жобаның бірінші кезеңінде қол жеткізілген  нәтижелерді атап өтуге болады:

– жеке кәсіпкерлер саны 2 282 артты;

– жобаны іске асыру нәтижесінде 5 жыл ішінде экономикалық тиімділік 14,9 млрд теңгені құрайды (бір жылда 2,98 млрд теңге);

– жұмыссыздар саны 194 адамға кеміді (528-ден 334-ке дейін);​

– 589 жаңа жұмыс орны ашылды;​

– АӘК алушылар саны 1058 отбасыға немесе 65% кеміді, (1615-тен 557 отбасыға). Атаулы әлеуметтік көмек төлеу есебінен үнемделген қаражат – 1 039 млн теңге;

– қатысушылардың орташа айлық табысы 44 мың теңгеден 73 мың теңгеге, немесе 165% артты.

Вице-министр – ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, 2021 жылы маусым айында Президент Әкімшілігі мен орталық мемлекеттік органдардың, сондай-ақ «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдерінен құралған Ведомствоаралық топ пилоттық жобаны іске асырудың аралық қорытындыларына талдау жүргізді.

ҚР Президентінің 2021 жылғы 10 шілдедегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасын орындау үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі 2021-2025 жылдарға арналған Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жобаға Жамбыл облысындағы ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі пилоттық жобаны одан әрі Қазақстанның барлық өңірлеріне кеңінен қолдануды енгізді. Бүгінгі таңда Ұлттық жоба мемлекеттік органдарда келісу рәсімінен өтуде.

Ауыл шаруашылығы министрлігі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, өңірлерде жобаның ауқымын кеңейту мүмкіндігін зерделеді.

Бұл ретте, ұсылынып отырған жоба үш фазаға бөлінеді: бастапқы фаза нарықты зерделеуді, қаржыны жеке қосалқы шаруашылықтарға жеткізетін инфрақұрылымды дайындауды, мамандар даярлауды және жобаларды қаржыландыру жұмыстарын бастауды болжайды. Кеңейту фазасы жобаға тартылған жеке қосалқы шаруашылықтар санын одан әрі көбейтуге бағытталатын болады. Дамыту фазасында жеке қосалқы шаруашылықтар жобасына қатысушылар саны ең жоғарғы көрсеткішке жететін болады.

Осылайша 2022 жылға есептелген қаржыландыруға деген қажеттілік 163 млрд теңгені құрайды (41 мың жеке қосалқы шаруашылықты қаржыландыруға), оның ішінде Жамбыл облысындағы 12 мың жеке қосалқы шаруашылықты қаржыландыруға кезекті кеңейту фазасы бойынша 46 млрд теңгені  қаржыландыруға бағыттау жоспарланса, жобаның ауқымын басқа да өңірлерге кеңейту үшін 117 млрд теңге  қажет (29 мың жеке қосалқы шаруашылықты қаржыландыруға).

«Жеке қосалқы шаруашылықтар үшін қаржыландыру шарттары жеңілдетіледі: қарыз мөлшерлемелері – жылдығы 2,5%, орташа қарыз сомасы – 4 млн теңгеге дейін, қарыз беру мерзімі – 7 жылға дейін», — деді Е. Қарашөкеев.

Бастапқы фазада жеке қосалқы шаруашылықтар жобасына қатысуға жоспарланғандардың 15% (195 мың) қамтылатын болады, кеңейту фазасында жеке қосалқы шаруашылықтар саны 55%-ға артады, дамыту фазасында жалпы жобаға қатысатын 195 мың жеке қосалқы шаруашылықтар 100% қаржыландырылатын болады.

Жобаның ауқымын ойдағыдай кеңейту үшін облыс әкімдіктері:

Біріншіден, Жамбыл облысының тәжірибесіне сүйене отырып, өңірдің әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының атынан сенім білдірілген агент арқылы микрокредит беру ерекшелігін зерделеу қажет. Жергілікті атқарушы органдар кредиттердің қайтарылуы әкімдіктің жауапкершілігінде екенін түсінулері тиіс.

Екіншіден, ауылдық округтердің тұрғындарымен жобаны іске асыру шарттары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет.

Үшіншіден, өңірлерде мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығын дамытудың  қолда бар әлеуетіне, ауыл шаруашылығы техникасымен қамтамасыз етілу деңгейіне, өндірілген өнімді өткізу мүмкіндігіне талдау жасаулары қажет.

Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдар «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жобаның әр Фазасындағы әлеуетті қарыз алушылардың алдын ала пулын пысықтау қажет.

Облыстардың әкімдіктері жоба іске асырылатын ауылдық округтердің нақты тізбесін айқындаулары тиіс.

ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов соңғы 10 жылда халықтың жан басына шаққандағы орташа номиналды табысы 39 мың теңгеден 115 мың теңгеге дейін – 3 есе өскенін айтты. Дегенмен, 2020 жылдың қорытындысы бойынша ауылдардағы үй шаруашылықтырының табысы 52,4 мың теңгені құрады. Бұл орташа ресупубликалық көрсеткіштен 15%-ға (61,4 мың теңге), қалалардағы табыс деңгейінен 23%-ға кем (67,6 мың теңге).

«Ауылдық жерлерде күнкөріс деңгейінен аз табыс алатындардың үлесі қалалармен салыстырғанда 2 есе көп. Бұл біріншіден, ауылдарда жұмыс орындарының тапшылығына байланысты. 1,2 млн адам немесе ауылда жұмыс істейтіндердің 30%-дан астамы өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық санатына жатады (қалаларда өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың үлесі 16%). Екіншіден, өткізу нарығы көлемінің салыстырмалы түрде төмен болуына байланысты ауылдарда қалалармен салыстырғанда кәсіпкерлікпен айналысу үшін мүмкіндіктердің шектеулігі», — деп түсіндірді Серік Шәпкенов.

Министрдің айтуынша, Жамбыл облысында ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі пилоттық жоба шеңберінде өндірушілер мен сатып алушыларды байланыстыру және ауыл тұрғындарынан өнімді кепілді сатып алу қамтамасыз етілді.

«Бұл үшін «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына пилоттық жоба үшін ерекше шарттарды көздейтін өзгерістер енгізілді. Атап айтатын болсақ пилоттық жоба шеңберінде: микрокредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрады; алғаш рет бағдарлама бойынша микрокредиттер сенім білдірілген агент арқылы берілді; қайтарылған қаражат есебінен қосымша микрокредиттер беру механизмдері қарастырылды. Пилот 10 ауданның 11 ауылдық округтерінде іске асырылды. Нәтижесінде: 2,5 мың отбасы, бұл шамамен 14 мың адам тұрақты табыспен қамтамасыз етілді;  кәсіпкерлер саны 966-дан 3248-ге дейін өсті, яғни әрбір үшінші үй шаруашылығы кәсіпкерлер болып табылады; жұмыссыздар мен АӘК алушылар саны тиісінше 2 және 3 есе қысқарды», — деді Серік Шәпкенов.

Еңбек министрі сонымен қатар кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын әзірлеуде пилоттық жобаның механизмдері ескерілгенін айтты.

Ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыту үшін өнім өндірушілер мен сатып алушыларды байланыстыру бойынша шаралар қабылданатын болады. Ол үшін үй шаруашылықтарын сауалнама жүргізу арқылы зерттеу, алынған мәліметтер негізінде тауарлар мен қызметтерге нақты сұраныс пен ұсынысты анықтау, аудандардың мастер-пландарын әзірлеу бойынша шаралар іске асырылады.

Екіншіден, кешенді мемлекеттік қолдау шаралары ұсыну. Яғни:

– өндірістің нақты кейстары, технологиялық карталар бойынша модульдік оқыту;

– бизнес-жопар әзірлеуге көмектесу;

– микрокредиттер және гранттар беру;

– өнімдер мен қызметтерді сатуды ұйымдастыру. Ол үшін ірі сауда желілерімен, базарлармен, дүкендермен байланыс орнатуға көмек көрсетіледі.

«Келесі жылы кредиттеу және гранттық қолдау үшін бизнес-жобаларды іріктеу мастер-жоспарларды ескере отырып жүргізіледі. Өтінімдерді беру және қарау процестерін барынша автоматтандыру үшін еңбек биржасы базасында кәсіпкерлік бастамаларды қолдаудың «бірыңғай терезесі» іске қосылады», — деді министр.

Сөз соңында Серік Шәпкенов Жамбыл облысында іске асырылған жобаның нәтижелерін ескере отырып, жобаны Ұлттық жобалар шеңберінде жалғастыруды ұсынды.

«Жобаны республика бойынша іске асыру табысы күнкөріс деңгейінен төмен ауыл тұрғындарының үлесін 12%-ға, жұмыспен нәтижесіз қамтылғандар үлесін 9,7%-ға дейін төмендетуге және нақты ақшалай кірістердің 27,1%-ға, жеке кәсіпкерлер санының 195 мың адамға өсуіне ықпал ететін болады», — деп түйіндеді ол.

Comments are closed.