- Advertisement -

Ауырып төсекке таңылғандар — той тойлап, сабылғандар

217

- Advertisement -

Күн сайын құбылған көрсеткіш. Біресе «сарғайып» сарыуайымға салған, артынша «қызарып» құтымызды қашырған аймақтардың түстері. Адамдардың санасын көрінбейтін «жаудың» үрейі билеп алғандай. Сіз бәлкім оны сезбеуіңіз де мүмкін алайда, байқайсыз ба, күлкінің өзі күңіреніп шығатын секілді. Бір мазасыздық бар. Әйтеуір, ала-құла күйбең тіршілік. Бір отбасы ет жақынынан айырылып қара жамылса, керісінше келесі бір шаңырақ шаттықтан шадыман күй кешіп, әлі де алаңсыз қалпы тойға шақыру таратып шапқылап жүр… «Тапқанымыз тойға шашылсын», «Шақырған жерден қалма» дейтін қазақы бейқамдығымыз бен «бармасаң, ұят болады» дейтін жалған көңіл вирустың таралуын күшейткенін мойындағымыз келмейді. Қаншама адам ажал құшып, қаншасы аурухана төсегінде  дәрменсіз күйде жатса да, бізді тоқтата алатын түрі жоқ. Неге?! «Қой» деп шектеу қойған сайын қасарыса түсетініміз қалай?! «Барма» деген сайын сабылып, шабылуымызды қоймадық. Мейрамханалардың сыртын бүркеп, ішін «өртеп» жатырмыз. Бүгінде аурудан емес, тойға бармай қалудан «қорқатын» болдық. Қайбір күні желіде Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданының әкімі мейрамхана алдында тойға келгендерді күтіп алып, үйге қайтуын сұрап, қазіргі жағдайдың қаншалықты қиын болып жатқанын айтып түсіндірген видео тарады. Әкім емес, мұны әркім ойлауы тиіс емес пе?!    Біздің бұл «белсенділігіміз» кімге керек? Өз басымызды қатерге тігіп,  мейрамхана иелерінің қалтасын қалыңдатқанымызға мәзбіз бе?! Апай-топай үш сағатта тойыңды «дүркіретіп» өткізіп, соңында өзіңді дүрліктіріп шығарып салады олар. Сөйтіп өзінің қалтасына сенің қарызданып, қауғаланып  жүріп жасаған тойыңнан түскен миллиондарыңды басып қала береді. Бір өзі «батыл» іс қылып, бір мезетте екі жүз адамның құшақ ашып амандасып, қолұстасып билеп, арқа-жарқа жүруіне «жағдай»  жасап береді.

Соңғы кезде  вирус жұқтырып аурухана төсегіне таңылғандардың қатары көбейіп кетті. Бүгін тойда ойнап-күліп, секіріп би билеп жүрген жанның ертең кеудесін керіп, кең тыныстауға зар болып мүшкіл күйге түсіп жатқанын естіп-көріп жүрміз. Күн өткен сайын тура былтырғыдай, өкпені жасанды желдететін аппаратқа таңылғандар саны артып, ауруханада орын қалмай барады. Міне, содан кейін, айналасына қарап, ақылға келмеген топтың санасын ояту үшін соңғы аптада мониторингтік топ өкілдері табандарынан таусылып, тойларға «шақырылмаған» қонақ болып бара бастады. Қанша жерден әлеуметтік салдары қиын болса да, жұртты үйіне таратып, тойды осылай тоқтатпаса, басқа амал болмай тұр! Өйткені, адамның өмірі бәрінен маңызды!

Тараз қаласы бойынша мониторингтік топ өкілдері  жүргізген рейдтік шаралар барысында жыл басынан бері заң талаптарын бұзған мекемелерге 328 хаттама толтырылса, 21 жеке кәсіпкерлік нысанын жабу туралы сот шешімі шығарылған. Мәселен, 31 шілде күні Тараз қаласында облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек пен  қала әкімінің орынбасарлары Дәулет Әбілқайыров пен Алмас Садубаев бастаған  4 мониторингтік топ шаһардағы бірқатар мейрамханалар мен дәмханаларға  рейдтік шаралар жүргізді. Нәтижесінде, 25 мейрамханада той тоқтатылды. Оның дені екі жүзге жуық адам жиналған үлкен тойлар.  Карантин талаптарын сақтамаған мейрамханалар мен дәмханаларға арнайы акт толтырылды. Осы тексерудің қорытындысы жайлы мәліметтер, видеороликтер әлеуметтік желіде жарияланып, бүгінде жұртышылық тарапынан  қызу талқылануда. Онда халық тойда жайбарақат отырғанымен қоймай, мониторингтік топ өкілдерінің сын-ескертпесіне құлақ аспастан, өздерімен сағласып  «Адамдар өліп жатса мен кінәлімін бе?», «Вирустың бар екеніне сенесің бе?», «Неменеге сен қатайып тұрсың?», «Не болды бауырым, мен той беріп жатырмын», «Кім өліп жатыр?» деген сынды қисынсыз сөздер айтып, айқайға басқанын дүйім ел көрді.

— «Құдай сақтасын», деп қойып, сақтанбай жүретін салғырттығымыздың салдары бәрі. Әлемді әбігерге салған аурудан да қорықпай, халықтың  алаңсыз той тойлауын тоқтатпай жатқаны да, содан. Сондықтан біз бақылауды күшейтіп отырмыз. Мониторингтік топтармен бірге тойханалардың маңына жергілікті полиция қызметкерлері мен ұлттық ұлан сарбаздары жұмылдырылды. Тексеру барысында талай «ұрлықтың» үстінен түстік. Емен-жарқын дастарханға жайғасқан халық. «Шақырылмаған» қонақтарды көргенде шамданып, айқай шығарғандары да болды. Менің байқағаным –  әлі де вирустың бар екендігіне күмән келтіретіндер көп. Әркім өзіне және жақынына жанашыр болуды жауапкершілікпен сезінуі керек,-дейді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Алмас Садубаев.

Бір туыс ағамыз өткен шілде айында үш апта қатарынан тойға шақырту алғанын айтты. «Қазақпыз ғой, құдалардың тойы болғандықтан аурудың өршіп тұрғандығына  қарамай бардық. Үшеуі де Тараз қаласындағы зәулім мейрамханаларда болды. Біріншісіне тығылып кіріп, тойлап қайттық. Тойға шақырылған  адам саны екі жүзден кем емес екен.  Мейрамхана ішінде мамыражай жүрген қарақұрым халықты көріп, үрейленіп отырдық. Бұрын бес-алты сағаттап өтетін тойды топтастырып сөз беріп, тез аяқтады. Қазіргі пандемия жағдайында біздің той тойлау талабына  ойлап тапқан жеңілдігіміз осы екен. Амалсыз тойға келген жұрт өзара сыбырласып, «сонда вирус тост сөйленіп біткенше тарамай тұра ма» деп күбірлесіп қояды. Біздің де көкейде сол ой тұрған болатын. Бірақ келесі жолы: «Пәленшеге барып еді, маған келмеді демесін», деп келесі шақырған тойға тағы да бардық.  Кейін   соңғысына барудан бас тарттық. Өйткені, жауапкершілікті әркім өзінен бастау керек деген ұйғарымға» келдік кеш болса да», — деді.

Ал, жеңгемнің әңгімесі мені тіпті қатты  ойға қалдырды. Ол жуырда әріптесінің қуанышына ортақтасуға зәулім мейрамханалардың біріне  барыпты. Бір қарағанда тым-тырыс тойхананың «сырты бүтін» болғанымен, «іші түтін» екен. Енді той бастала бергенде, мониторингтік топ өкілдері кіріп келіп, екі жүз мың халық далаға тым-тырақай қашыпты. Сөйтсе, той иесі: «Ең болмаса, тойханаларыңызды қалдырып кетіңіздерші. Мына дастарханның құны ақталсын» деп жанұышырып, шырылдап, жекжат-жұратына жалынып-жалбарынып  қала беріпті. Ұяты барлар ақшасын қалдырса, кейбірі «ешқандай дәмнен ауыз тимедік, неге береміз?» деп кетіп қалса керек.

Жарайды, жұртты коронавирус та «қорқыта» алмады делік! Көпшілік карантин талаптарына  пысқырып та қарамайды екен. Қанша жерден шектеу қойса да, амалын тауып, айлаға басып жатқандар көп. Бірақ, осындай қиын-қыстау кезеңде қарызданып-қауғаланып, соншама елді шақырып, той жасау қаржылық жағынан қаншалықты тиімді?! Азық-түлік те удай қымбат, жалға алатын ресторандардың ақысы да «ұшып» тұр. Той жасағанмен «Елге бергеніңізді» қайтарып ала аласыз ба?! Қазір мейрамханалардағы   халыққа қолжетімді деген орташа бағадағы мәзірдің  құны адам басына шаққанда  8000 теңгеден кем емес. Орта есеппен екі жүз адамға осынша дастархан жайған әлгі той иесінің халі расында аянышты-ақ. Оған асаба мен әнші, бишілердің қызмет құнын қосасыз.  Бірақ, ол осындай қиын жағдайда той жасап, мұндай мүшкіл күйге  өзі түсіп отыр емес пе?! Ерікті түрде жасаған қадамы. Қазіргі жағдайда тойға келуші де жетісіп келмейтіні анық. Бір үйден екі адам келіп, он мың теңге тойхана қалдыратындар да жетіп артылады. Қарапайым арифметика тұрғысынан алсақ, тойға келушілер өзінің орынын да өтемейтін болып тұр ғой сонда. Осының орнына ет жақын ағайыныңды ғана шақырып қуанышыңды бөліссең, өзіңе де, әрі қазіргі карантин талаптарына да сай келмей ме? Уақыт емші ғой, бәріне. Бәрі басылады әлі-ақ.  Қауіптің беті қайтсыншы! Қазақ барда оның тойы бітпейді!  Оған сөз беремін!

Түйін: Ысырап! Осы сөзді біздің халқымыз ешқашан түсінбейтін шығар. Өйткені, бүкіладамзатқа қауіп төндірген дерт біздің халықтың ысырапшылдығы мен даңғазалығын тоқтата алатын емес…

Елімізге белгілі қаламгер Жүсіпбек Қорғасбектің «Жынды қайың» прозалық жинағын парақтай отырып: «Берлинде сыртқы істер министрінің өкілі түскі асқа шақырды. Аудармашы қыз екеуміз бардық. Көп-көрім мейрамхана екен. Бірақ, әлгі пістиген неме: «Сіздің отыз бес еуроға дейін ғана тапсырыс беруіңізге болады», — деп қалды. Асы қанша дәмді болса да тамағымнан өтпей, әбден берекем қашты. Кейін біреудің: «Меймандос қазақпыз», — деп көпіргенін көріп:«Жоқ, ысырапшыл қазақпыз», — деп ренжітіп тастадым…» деген жолдары жадымда жатталып қалды. Бүгінгі сөздің түйіні де осы секілді.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support