- Advertisement -

Дамыған мемлекеттер медицинаға қаржыны көп жұмсайды

68

- Advertisement -

Өткен жыл бүкіл әлем медицинасы үшін аса қиын жыл болды. Пандемияның салдары адамзатқа ауыр соқты. Қаншама адамның өмірін қиды, қаншама отбасына қайғы әкелді. Бірақ, тағы бір бұлтартпас бір шындықты дәлелдеп берді. Ол – ғылым мен білімнің, руханияттың әлдеқашан тоқырауға ұшырағаны, соның әсерінен дүниежүзі елдерінің даму бағытынан жаңылғандығы. Бұл шын мәнісінде, экономикалық дағдарыстан да күрделі мәселе.

Пандемия – жаһандық, жергілікті де деңгейлердегі жаңа сын-қатерлердің жиынтығы іспетті. Оған әрбір азамат пен тұтастай мемлекет тез әрі дұрыс жауап қайтаруы керек болды. Алайда, әлемнің бірде-бір елі эпидемияға немесе пандемияға толық дайын емес екенін көрдік.

Коронавирус отандық денсаулық сақтау саласының да бар кем-кетігін түгелдей ашып көрсетті. Ең бастысы – әр азаматтың өз денсаулығына деген жауапкершілігі артқаны. Сондай-ақ пандемия кезеңінде қоғам ұлттың денсаулығын сақтау және жақсарту үшін барлық қажетті әлеуетпен қамтамасыз етілген мықты жүйенің болуы қаншалықты маңызды екенін бағалады.

2019 жылғы Денсаулық сақтау саласындағы жаһандық қауіпсіздік индексіндегі «індетке жедел ден қою» санатында Қазақстан ЕАЭО бойынша әріптестеріне – Армения (26 – орын), Ресей (43-орын), Беларусь (57-орын), Орталық Азия елдері – Қырғыз елі (44- орын), Тәжікстан (74-орын) және Өзбекстаннан (138-орын) кейін қалып, 195-тен 143-орынға ие болды. Статистикаға сүйенсек, тіпті осы өлшем бойынша біздің мемлекетті 90-орынға ие болған Моңғолия сияқты кішкентай ел де басып озып кетті.

Медицина ісін ілгерілететін маңызды тағы бір көрсеткіш – «Науқастарды емдеу және медицина қызметкерлерін қорғау үшін тиімді және сенімді Денсаулық сақтау жүйесі» санатында біздің республика 77-орында тұр. Салыстыру үшін айтсақ, Түркия – 30-шы, Беларусь – 40-шы, Грузия – 45-ші, Ресей – 50-ші, Моңғолия – 69-шы, Қырғыз елі – 70-ші, Армения – 81-ші сатыда жайғасқан. Бұл нені көрсетеді? Біз сала ісін ілгері басқызатын кадрларымыздың өзі тиісті деңгейде қорғап, олардың еңбегін лайықты ынталандыра алмай отырмыз. Оған мына деректің өзі дәлел. 2019 жылға дейін біздің мемлекетіміздің денсаулық сақтауға арналған шығындары жыл сайын ЖІӨ-нің шамамен 3,5 пайызын құрады. Былтыр елдегі денсаулық сақтау жүйесіне 248,7 миллиард теңге немесе 4,1 пайызы бағытталды. Ал Қазақстанға ұқсас экономикалық даму деңгейі бар мемлекеттер бұл салаға қаржыны екі есе көп жұмсайды. ЭЫДҰ елдеріндегі шығын үш есеге жуық. Ал алпауыт ел АҚШ-та медицинаға ЖІӨ-нің 18 пайызы жұмсалады. Бұл көрсеткіш осы салаға жұмсалатын шығындар бойынша әлемде бірінші орынға ие.

Сонымен қатар, дамыған елдерде дәрігерлер – ең көп жалақы алатын мамандар. Мысалы, АҚШ-та дәрігердің жалақысы елдегі орташа жан басына шаққандағы еңбекақыдан 7 еседен астам. Ал Қазақстанда осы сала қызметкерлерінің еңбекақысы соңғы 10 жылда орташа еңбекақы деңгейінің 60-70 пайызын құрайтын деңгейге әзер жетті.

Жалпы кез келген салада еңбекті лайықты ынталандыру сыртқы ортаның тез өзгеретін жағдайларында кадрларға төтеннен жол табуына ықпал етеді. Жұмысы дұрыс бағаланған, соған сай материалдық тұрғыдан қолдау тапқан мамандардың еңбегі де өнімді. Ал олай болмаған жағдайда мықты кадр өзіне ыңғайлы орта іздейді. Медицинада да солай. Қызметкерлердің еңбегін ынталандырудың тиісті дамыған жүйесінің болмағаны олардың жұмысының сапасы мен тиімділігінің төмендеуіне және кадрлардың саладан да, елден де кетуіне әкеліп соғып жатыр. Ал мұның салдары халықтың медициналық ұйымдардың жұмысына деген сенімін төмендетуге ықпал ететін болады.

Жыл басындағы ресми дерекке сүйенсек, денсаулық сақтау жүйесінде медицина қызметкерлерінің саны 253 883 адамды құраған. Оның  74 046-сы – дәрігерлер, 179 837-сі  – орта медициналық персонал. Дәрігерлердің  тапшылығы әлі бар. Жоғары білімді 5 мың маман керек, орта медициналық персоналдың жетіспеушілігі – 8 мың. Дәл қазір отандық медицина  800-ге жуық жалпы практика дәрігеріне, 299 анестезиолог-реаниматологқа, 240-тан астам педиатрға, 222 терапевтке, 220-дан артық жедел жәрдем мамандарына, 160-тай инфекционистер және тағы басқа мамандарға аса мұқтаж.

Өңірлер бойынша да кадрлардың өткір тапшылығы қатты сезілуде. Қарағанды мен Алматы облыстарына 457 маман керек. Батыс Қазақстан облысына – 386, Ақмолаға – 364, Қостанайға – 363, Шығыс Қазақстанға 338 дәрігер қажет. Сондай-ақ Жамбыл, Атырау, Түркістан облыстарында білікті кадрға деген зәрулік бар.

Ал кадр тапшылығының туындауының негізгі себебі не? Ол – еңбекақы төлеу жүйесінің жетілмегендігі, еңбек жүктемесінің, яғни жұмыс көлемінің шектен тыс көптігі, уәждеменің төмендігі, құқықтарының қорғалмағаны. Тағы бір түйткіл – медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдаудың жеткіліксіздігі. Осы проблемаларды шешудің бірден-бір жолы – маман мәртебесін көтеру. Ал оның маңызды факторы – қаржылық ынталандыру. Дәл қазір денсаулық сақтау саласының жұмыс сапасына оң әсер ететін кадрларды қолдау әрі қорғау жүйесін қалыптастыратын кез келді. Өйткені, әлеуметтік қолдау көрсетілмеген, құқықтық тұрғыдан қорғалмаған жерде мамандар тұрақтамайды. Басқа елдердегі қолданылған тәжірибелер материалдық ынталандырудың әкімшілік шараларға қарағанда неғұрлым тиімді екенін көрсетіп отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттарының бірі – денсаулық сақтау жүйесін дамыту болғаны да, сондықтан. Мемлекет басшысы елдің денсаулық сақтауға арналған шығыстарын 2025 жылға қарай ЖІӨ-нің 5 пайызына дейін ұлғайтуды тапсырды.  Бұл медицинаны одан әрі дамыту үшін маңызды қадам.

Биыл бұл көрсеткіш 4,2 пайызды құрап отыр. Таяу жылдары мемлекеттің шығыстар көлемі дамыған елдерде қабылданған деңгейге дейін ұлғаяды деп үміттенеміз. Жалпы 2023 жылға қарай дәрігерлердің жалақысы экономикадағы орташа жалақыдан екі есе жоғары болады деп күтілуде. Биыл дәрігерлердің орташа жалақысы 30 пайызға, орта медициналық қызметкерлердің жалақысы 20 пайызға өсуі – Жолдау жүктеген міндеттердің іс жүзіндегі көрінісі деп білемін.

 

Гүлдара Нұрымова,

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты,

медицина ғылымдарының кандидаты.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support