- Advertisement -

Мерейтойға арналған жұмыстарды жеделдету керек

145

- Advertisement -

Үстіміздегі жыл бірнеше мерейлі датаға толы екені белгілі.  Биыл тәу етер Тәуелсіздігіміздің отыз жылдығымен бірге жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық, малшылардың маршалы атанған Жазылбек Қуанышбаевтың 125 жылдық мерейтойы қатар келіп отыр.

Ақын атындағы жалғыз облыста жыр Жамбылдың мерейтойы аясында қандай жұмыстар атқарылды, алда нендей тірліктер тындырылуы керек, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жаз-атаның 125 жылдық торқалы тойы қай деңгейде аталып өтілуі керек? Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен өткен жиында осы мәселе кеңінен сөз болды.

Басқосуда алғаш сөз алған облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Елан Жүнісбай ХХ ғасырдың Гомері атанған Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орай атқарылған жұмыстар жайлы хабарлама жасап, алдағы уақытта іске асырылатын іс-шаралар легі туралы баяндады.

-Жыр Жамбылдың мерейтойын өткізу жөніндегі республикалық және облыстық жоспар бойынша мәдениет саласына қатысты 27 іс-шара өткізу міндеттелген болатын. Қазіргі таңда оның он сегізі орындалып, тоғыз іс-шара зерделенуде.

Жалпы іс-шаралардың бірқатары 22-26 ақпан аралығында ақынның туған күніне орай ұйымдастырылған апталықта өткізілді. Атап айтар болсақ, «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты республикалық ақындар айтысы және «Жамбыл – дүлдүл, Кенен – бұлбұл» атты арнайы мерекелік концерт ұйымдастырылды,-деген ол өзге де бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылғанын, ақынның ұрпағы Тараз төріне келіп, жергілікті жұртшылықпен жүздескенін, аудандарда Жамбыл Жабаев атындағы облыстық айтыстар ұйымдастырылғанын да тілге тиек етті. Одан бөлек өзге ұлт өкілдері арасында ұйымдастырылған байқаулар, мерейтой аясында облыстық театрда атқарылған жұмыстар мен қойылған қойылымдар, кітапханаларда тындырылған тірліктер жайлы да толыққанды әңгімелеп берді. Сондай-ақ ол өз сөзінде Жамбыл облысының Алматы облысындағы және Алматы облысының біздің өңірдегі мәдениет күндерін жоғары деңгейде өткізу мақсатында бірқатар жұмыстар қолға алынып жатқанына да тоқталды. Сонымен қатар баяндамашы өз сөзінде ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған «Ұлы даланың алып жыршысы» деректі фильмі әзірленетінін, Иран Ғайыптың драмалық шығармасы сахналанатынын, «Жамбылдың салған даңғылы» атты жинақ шығатынын, оған тың дүниелер енетінін айтып өтті.

-Облыстық деңгейдегі іс-шаралар уақтылы орындалуы тиіс. Жаңа оқу жылында оқушыларды патриоттық рухта тәрбиелеу мәселесін ел егемендігінің отыз жылдығымен сабақтастырып, сондай-ақ Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығын назарға алып мектептерде жұмыстар жүргізу керек. Бұл мәселені облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен білім басқармасы қаперде ұстағаны жөн,-деді Бердібек Машбекұлы өз сөзінде. Сондай-ақ өңір басшысы Алматы облысында өтетін өңір күндерін жоғары деңгейде ұйымдастыру қажеттігіне де тоқталды.

Бұдан соң Жазылбек Қуанышбаевтың 175 жылдығына арналған іс-шаралар жоспарының орындалу барысы туралы облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Бейқұт Жамангөзов баяндама жасады. Ол өз сөзінде барлық жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқанын толыққанды айтып берді. Сондай-ақ облыстық БАҚ-та арнайы айдарлар ашылып, мақалалар беріліп, сюжеттер тұрақты түрде көрсетіліп келе жатқанын тілге тиек етті. Жаз-атаның мерейтойы аясында туған жері Мойынқұм жерінде де көптеген іс-шаралар, спорттық жарыстар өткізілетінін сөз етті.

-Аудан әкімдері де Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығын атап өтуге атсалысулары керек. Елімізде Жамбыл атындағы аудан біздің өңірде бар ғой. Одан бөлек бізде бірнеше ауылдық округ, 83 көше бар екен. Сондықтан бұл мерейтойдан ақын атындағы өңірлер де сырт қалмасын. Одан бөлек белгілі әдебиет зерттеушісі, филология ғылымдарының докторы Құлбек Ергөбекпен сөйлестім. Ол кісіде Жамбыл Жабаев туралы осы кезге дейін жарияланбаған мәліметтер жеткілікті. Ерлан, сол кісімен байланысты болыңыз,-деді Бердібек Сапарбаев басқарма басшысына қаратып.

Басқосу барысында облыс басшысы Тараз қаласынан Жазылбек Қуанышбаевтың есімі берілетін көше мәселесін де сұрады. Өз кезегінде облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова тиісті жұмыстар жүргізілгенін, республикалық ономастикалық комиссияның отырысын күтіп отырғанын жеткізді.

-Комиссия отырысы қашан өтеді. Соны біліңіздер. Бізге бәрін жедел іске асыру керек. Ұятқа қалуға болмайды. Қажет болса тиісті министрлікпен сөйлесіп, өтінішімізді айтайық,-деді Бердібек Сапарбаев бұл мәселе туралы өз ойын жеткізіп. Сондай-ақ облыс әкімі Тараз қаласы әкімінің орынбасары Алмас Садубаевтан Жазылбек Қуанышбаевтың есімі берілетін көше тұрғындарымен келісім қалай жүзгізілгені жайлы сұрады. Өз кезегінде қала әкімінің орынбасары бұл жұмыстың өз деңгейінде атқарылғанын жеткізді.

-Көшені қалыпқа келтіру керек. Қоқыс жәшігін реттеп, басқа да мәселені дер кезінде шешіңіздер,-деп тапсырма берді.

Жиын барысында облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Әмзебек Жолшыбеков өз ұсыныстарын жеткізді. Одан бөлек аудан әкімдері де бұл мерейтойлық іс-шаралардың лайықты түрде өтуіне атсалысатындықтарын жеткізді.

Басқосуды қорытындылаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев белгілі композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Илья Жақановтың 85, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Күләш Ахметованың 75 жылдық мерейтойларын облыстық, республикалық деңгейде атап өту жұмыстарына да айрықша назар аудару керектігін еске салды.

-Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойы аясында өтетін іс-шараларға қажет болса Қырғыз елінен, Ресейден, Қытай ма, Моңғолия ма, тағы қай ел бар? Солардан белгілі адамдарды шақырып, жұмыстың аясын кеңейту керек,-деді облыс әкімі жиынды қорытындылап.

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support