- Advertisement -

СОТ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ЖАҢАШЫЛДЫҚТАР

59

- Advertisement -

Тәуелсіздігінің 30 жылдығын тойлағалы отырған Қазақстан сот жүйесін реформалау ісінде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізгені белгілі. Соңғы жылдары отандық сот жүйесін дамытуға бағытталған бірқатар бағдарламалық құжаттар қабылданған болатын. Бұл құжаттардың арасында шоқтығы биігі — Ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Жүз нақты қадам» — Қазақстан Республикасының  дамыған мемлекеттердің отыздығына кіру жөніндегі Ұлт жоспары болатын.

«Жүз нақты қадам» — Ұлт жоспарында сот жүйесіне ерекше көңіл бөлінген. Ондағы барлық тапсырмалар бүгінде орындалып, сот жүйесін жаңа даму сатысына көтерді. Олардың қатарында сот жүйесін үш сатылы жүйесін енгізу, судьяларға қойылатын біліктілік талаптарын күшейту, Сот төрелігі Академиясын Жоғарғы сот бағыныстылығына көшіру, жаңа судьялар әдебі Кодексін жасау, барлық сот процесстерін жүз пайыз бейне-аудио таспаға жазу, инвестициялық даулар бойынша жеке сот өндірісін қарастыру, сот рәсімдерін оңайлату және сот процестерін жеделдету үшін азаматтық-құқықтық даулар жөніндегі соттарға прокурордың қатысуын қысқарту бар.

Бұған қоса алқа билер соты қолданылатын салаларды, тергеу судьяларының өкілеттіктерін кеңейту, Дубай тәжірибесі бойынша Астана қаласында AIFC халықаралық арбитраждық орталық құру, шетелдік және халықаралық соттардың үздік стандарттарын енгізу үшін Жоғарғы Сот жанынан халықаралық кеңес құру жүзеге асты.

Сонымен қатар соңғы жылдар көлемінде әкімшілік юстиция жүйесін енгізу мәселесі айтылып жүрген болатын. 2013 жылдың 20 қарашасында өткізілген судьялардың 6-шы съезінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев әкімшілік юстицияны кезең-кезеңімен енгізу қажеттігін баса айтты. Мемлекеттік билік өкілдері тарапынан өз өкілеттіктерін асыра пайдалану азаматтардың құқықтары мен мүдделерін жүйелі түрде бұзады. Бұл әрекетсіздіктен (мысалы, арызды қараудан бас тарту) не теріс әрекеттен (құқыққа қайшы әкімшілік актіні қабылдау) көрінуі мүмкін. Демек, мемлекеттік басқару органдарының қызметіне соттық бақылауды енгізу керек. Ал Әкімшілік юстицияның негізгі міндетті элементі сот органы болып табылады. Бүгінде Әкімшілік рәсімдік-процесстік кодекс қабылданып, қолданысқа енді, жаңа юрисдикция соттары құрылып, жұмысын бастап та кетті.

Қазақстан Республикасы Судьяларының кезектен тыс VII сьезінен соң 2019-жылы елімізде әлемнің 90 елінен 300-ден астам делегат қатысқан Судьялар халықаралық қауымдастығының 62-конференциясы, оның аясында сот төрелігі жөніндегі халықаралық форум өтті. Бұл ауқымды іс-шаралар отандық сот жүйесінің жетістіктерін әлем сот корпусы өкілдері алдында паш етіп, мерейімізді өсірген жиын болды.  Қазақстан Республикасы Судьялар Одағы судьялардың Халықаралық қауымдастығына 2004-жылдан бері мүше. Тура мүше болғанымызға 15 жыл болған тұста, бұл беделді ұйымның кезекті отырысы еліміздің жүрегі — Нұр-Сұлтан қаласында өтуі үлкен мәртебе. Жиын барысында әлемнің түпкір-түпкірінен келген судьялар өздерінің тәжірибелерімен бөлісіп, әлеуметтік желілер және сот билігі, сот жүйесін қаржыландыру проблемалары, тағы басқа да өзекті мәселелер бойынша өз ойларын ортаға салды. Іс-шарада әсіресе Сот төрелігінің тиімділігі бойынша Европа комиссиясының Президенті Рамин Гурбановтың, судьялардың Халықаралық қауымдастығының Президенті Тони Пагоне, Халықаралық сот әкімшілігі бойынша  Ассоциация Президенті Марк Бирдің, Хорватия мемлекетінің Жоғарғы Сотының төрағасы Дуро Сессаның баяндамалары әсерлі болды. Бұл Халықаралық форум Қазақстанның сот жүйесінің дамуы дұрыс жолда екенін көрсетті.

Еліміздің Президенті Қ.К.Тоқаев жария еткен «Жаңа жағдайдағы қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына жолдауының «Әділетті мемлекет азаматтардың мүддесін қорғау жолында» тарауында сот корпусына бірқатар міндеттер қойылды.

Бұл жолдауында ел Президенті: «Заң үстемдігі орнықпаса және аза­мат­тардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, әлеуметтік-экономикалық дамудың бір­де-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – бұл, шын мәнісінде, «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасы. Азаматтардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз. Ең бастысы – дұрыс және әділ шешім шығару қажет. Азаматтар мүддесіне қызмет ететін мемлекеттің жаңа стандарттарын әзірлеу үшін көп жұмыс атқаруымыз керек. Осы тұрғыда құқық қорғау және сот жүйелеріне негізгі рөл жүктеледі. Бұл салаға реформа аса қажет» екендігін атап өтті.

Президент қылмыстық және қылмыстық-процессуалдық заңнаманың тұрақтылығын қамтамасыз ету маңызды болып отырғанын айтқан еді, бұл бағытта да сот корпусы қалыс қалмай, үн қосып келеді.

Дау-дамайды шешудің баламалық тәсілдерін дамыту мәселесі күн тәртібінен түспек емес. Осы тұста, сотта және сотқа дейінгі татуластыру пилоттық жобасы бойынша бірқатар жұмыстарды Жамбыл облысының соттары атқарғанын айтуға болады. Таратып айтар болсақ, бүгінде Жамбыл облысында соттан тыс 40 медиация кабинеті ашылып, жұмыс істеуде. 80 медиатордан тұратын бірыңғай реестр қалыптастырылды. Медиаторлардың біліктілігін арттыру курсын өткізуге Жамбыл облысының соттары белсенді қатысуда. Татуластыру рәсімдерін насихаттау бойынша бірлескен жұмыс жетістіктері жоқ емес.

Карантин кезінде Жамбыл облыстық соты Жамбыл облысы Қазақстан халықтар Ассамблеясымен бірлесіп медиатор-волонтерлардың онлайн жұмысы ұйымдастырылды. Жамбыл облысында билер Кеңесі жұмыс істеп, дау дамайларды шешу ісіне белсенді араласуда. Жамбыл облыстық соты билер кеңесінде қызмет етуші ақсақалдардыңда медиативтік біліктілігін арттыру мақсатында тиісті оқулар ұйымдастырды.

Партисипативтік келісімдер негізінде дауларды аяқтау көрсеткіштері де  жылдан-жылға жақсарып келеді.

Жамбыл облысында әлеуметтік шиеленістілікті азайту және құқықтық мәдениетті көтеру мақсатында құқықтық мәселелер бойынша вебинарларды көрсететін интернет-ресурс іске қосылды. Бұл интернет-ресурс та қоғамдағы дау-дамайларды сотқа дейін шешу ісінде септігін тигізеді деген ойдамыз. Бұл интернет-ресурс арқылы білікті заңгерлер, судьялар, медиаторлар, адвокаттар және психологтар дәріс өткізіп, кеңес беру ұйымдастырылады.

ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев соңғы Жолдауында: «Құқықтық мемлекеттің маңызды шарты – туралықтан танбайтын әділ сот төрелігінің болуы. Сот жарыспалы қағидат бойынша жүруге және судья айыптаушы жаққа тәуелді болмауға тиіс. Сол үшін адвокат пен прокурордың теңдігін қамтамасыз ету қажет. Қоғамның соттарға деген сенімін орнықтыру басымдығы бар мақсатқа айналуы керек. Бұған мемлекет пен судьялар корпусының өз күштерін жұмылдыруы арқасында ғана қол жеткізуге болады» деп қадап айтты. Бүгінгі сот жүйесі осы үдеден шығуы тиіс.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы Ж.Қ.Асановтың бастамасымен сот жүктемесін азайту туралы бұрын-соңды болмаған шаралар қабылдағаны мәлім. Бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастырылуда,  қызмет етуші заңнамаға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар талқылану үстінде.

Әлемдік қауымдастықтың беделді мүшесіне айналған еліміз тәуелсіздік алған тұстан бері өзінің сот жүйесіне ерекше көңіл бөліп келеді. Ол түсінікті де. Өйткені тек азамат пен адамның құқықтары қамтамасыз етілген, соттық қорғану кепілдіктері іс жүзінде жүзеге асқан елдің ғана қарыштап дамуы мүмкін.

Бүгінде елімізге шетелдік инвесторлардың қызығушылығы артып, қомақты инвестициялардың келуі де Қазақстандағы шын мәнінде тәуелсіз сот билігінің орныққанының белгісі болса керек. Бүгінде біз посткеңестік елдердің қатарында сот жүйесінің реформалары сәтті жүзеге асқан елдер қатарынан көрініп отырғанымызды мақтан етеміз. Тіпті информациялық технологияларды батыл сот жүйесіне енгізіп отырған бірден бір елміз. Көп елдер біздің сот жүйесіндегі жаңашылдықтарды өздерінде енгізуге, тәжірибе алмасуға ынтық болып отыр.

Халықаралық талдау ұйымдарының сараптаулары, әлеуметтік сұраулар бүгінгі күнгі Қазақстандық сот жүйесінің тиісті деңгейде екенін, тұрғындар арасында сотқа сенімнің артқанын, заннамамыздың сапасы бірқатар шетелдік мемлекеттерден көш ілгері  екенін көрсетіп отыр. Дей тұрғанмен, сот жүйесін жетілдіру күн тәртібінен түспек емес.

Мәуленов Д.Б.,

Тараз қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар

жөніндегі мамандандырылған соты судьясы,

заң ғылымдарының кандидаты

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support