- Advertisement -

Халқымның ықыласына мың алғыс

166

- Advertisement -

Токио төрінде өтіп жатқан жазғы Олимпиада ойындарында қазақстандықтар барын салып бағуда. Олардың арасында жамбылдық жерлестеріміз де бар. Халық артқан үмітті ақтап, дзюдошы жерлесіміз Елдос Сметовтың еліміздің қоржынына алғашқы қола медаль салғанынан барша оқырман хабардар. Кеше Жамбыл жұртшылығы елдің даңқын асырған ерді құрметпен қарсы алып, Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз–Арена» спорт кешенінде салтанатты жиын өтті. Алқалы басқосуда облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек жерлестерінің атынан Елдосты айтулы жеңісімен құттықтады.

«Төрткүл әлем назар тіккен бәсі жоғары бәсекеден жүлде алу, ұзақ жыл бойы өзінің бабын сақтай білу – үлкен еңбек және жауапкершілік. Елдос бауырымыз Рио Олимпиадасында күміс, осы жолы қола медаль иеленіп, қазақ спортына үлкен олжа салды. Елдостың жеңісі – елдің жеңісі. Бұл жолғы жеңіс біз үшін алтыннан да қымбат. Біз Елдостай ерен ұл өсірген ата-анасына, бабын келтірген бапкерлеріне мың алғыс білдіреміз, – деді Дәулет Жамаубайұлы.

Айтыскер ақын Медеу Мырзатай жүлдегер ағасын құттықтап, жырдан шашу шашты. Оның жыр жолдарындағы «Қазақтың батырлығын әлем білді. Қаймықпас қайсар мінез бір баладан» деген орамдары көпшіліктің қолдауына ие болды. Елдостың алғашқы бапкері Ахмет Жұмағұл, даңқты балуан, «Қазақстан Барысы» турнирінің үш дүркін жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев Елдосқа ақжарма тілектерін арнады.

Өз кезегінде Елдос та жерлестерінің шын ықылас пейіліне алғыс айтты. «Байрақты бәсеке барысында барлықтарыңыздың тілеулес көңілдеріңізді шын сезіндім. Сол үміт пен сенімді ақтау жолында барымды салдым. Қолдаған қазақ еліне, ата-анама, жерлестеріме мың рақмет. Медалім қола болса да, елдің құрметі алтынмен тең. Бүгінде жанкүйерлерім мені 2024 жылы өтетін Олимпиадаға барып, тағы да жеңіске жетсе, алтыннан алқа тақса деп тілеулес болуда. Әрине, халқымның ықыласына мың алғыс. Бірақ, мұның жауабын әзірге нақты кесіп айта алмаймын. Барлығын уақыт көрсетеді, – деді батыр ұл.

Есет Досалы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support