- Advertisement -

Медицина өтірікті кешірмейді

78

- Advertisement -

Қазір медицинада барлық күшті пандемияға қарсы күреске жұмылдырып, басқа мәселелер ұмыт қалғандай көрінетіні бар. Бұл – сырт көзге ғана, шын мәнісінде «Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасында нақтыланған міндеттер мен индикаторлардың орындалу барысы бір сәтке де назардан тыс қалған емес. Мәселен, өткен 6 айда өңірімізде ана мен бала өлімі өскен. Ал бұл – бағдарламадағы аймақтағы салалық дамудың деңгейін анықтайтын ең негізгі көрсеткіштің бірі. Облыстық әкімдікте өткен кеңес отырысында облыс әкімі  Бердібек Сапарбаев әр нәресте мен ананың өмірі қашан да толғандырар түйткіл екенін айтып, бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізу керектігін нықтап тапсырды.

Көрсеткіштің өзі көп нәрсені аңғартады

– Біз қазір басшылыққа алып отырған негізгі құжат – бұл денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. Онда халықтың денсаулық жағдайын және медициналық көмек көрсету деңгейін сипаттайтын орындалуы міндетті индикаторлар белгіленген. Бағдарламаның басты нәтижесі – күтілетін өмір сүру ұзақтығын 2025 жылға қарай 74,5 жасқа дейін ұлғайту.

Былтыр біз мемлекеттік бағдарламаның 3 көрсеткішін орындай алмадық. Оның біреуі – осы ана мен бала өлімі деңгейін төмендету. Есепті кезеңде 3 ана өлімінің жағдайы тіркеліп, көрсеткіш 21,5-ті құрап отыр. Былтырғы 1 келеңсіз жағдай орын алған еді.

Ал нәресте өлімінің деңгейі 8,4-ті құрады. Өткен жылғы статистика – 6,1 болған. Тіркелген жағдайларды емдеу мекемелеріне бөліп көрсетсек, ең көбі – Сарысу аудандық орталық ауруханаға тиесілі. Одан кейінгілері – «AlmazMedicalGroup» серіктестігі мен қалалық №7, №8 емханалары.

Ал 3 ана өлімі Байзақ, Меркі, Талас аудандарында тіркелген. Сондай-ақ неонаталдық өлім-жітім коэффициенті 4,9 пайызды құрады. Былтырғы көрсеткіш – 3,6. Облыстық межеден де асып түскендер Қордай, Меркі, Талас, Мойынқұм, Сарысу аудандары мен қалалық №1, №2, №5, №7, №8 емханалары, «AlmazMedicalGroup» ЖШС болып отыр, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.

Ана мен баланың амандығы – негізгі фактор. Десек те, көрсеткіштің өзі көп нәрсені аңғартады. Егер, салдарын емес себебін нақты анықтай алса, әрине. Жиында басқарма басшысы атап көрсеткен аудандардың әкімдері нашар статистиканың да мән-жайын алдын ала зерделеп қойған екен. Нәресте өліміне көп жағдайда денсаулығындағы туабітті ақаулары әсер еткен. Ананың ажалына араша тұра алмаудың себебі – созылмалы ауруларының болғандығы екен.

Қалай десек те, пандемия жағдайы денсаулық сақтау ісін ілгері бастыруға кері әсерін тигізіп отырғаны шындық. Вирус жұқтырғандар індеттің салдарының қандай болатынын жақсы біледі. Әсіресе, созылмалы аурулары бар адамдарға қиын. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, осы алты айдың өзінде  әлеуметтік мәні бар аурулардың өлім-жітім көрсеткіштері артыпты. Қан айналым жүйесі ауруларынан болатын өлім көрсеткіші  52,5-тен 72,6-ға дейін өсуінің өзі ойландырады.

Мемлекеттік бағдарламадағы нақты индикаторлардың бірі ретінде   әлеуметтік мәні бар аурулардан болатын өлім-жітімді азайтуды көрсеткені бекер емес. Себебі, бұл «көңілсіз» көрсеткіш әлеуметтік көңіл-күйге ғана әсер етпейді. Экономикалық тұрғыда белсенді азаматтардың өмірін сақтап, денсаулығын нығайту – мемлекетке әлдеқайда пайдалы.

Медицинада көрсеткіштердің өзара бір-біріне тәуелді болатыны түсінікті. Мәселен, жоғарыда атап өткен ана мен баланың амандығы, әлеуметтік мәні бар аурулардың алдын алу мәселесі – саланы білікті кадрмен қамту және дұрыс материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету ісіне тікелей байланысты. Басқарма басшысы осы бағытта атқарылған жұмыстарды, қол жеткізген нәтижелер мен кемшіліктерді айтып өтті. Алдағы жоспарларға да тоқталды.

Маман тапшылығын шындап сезінгеніміз – былтыр індет өршіген шілде айы еді. Биыл да сол шілдеде коронавирустың кезекті толқыны тағы қысты. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев осыны алға тартып, Алматыдағы С.Асфендияров медициналық университетінің өңірлік филиалын ашқандағы мақсат   кадрға деген зәрулікті шешу екенін баса айтты. Сондықтан жасалған келіссөздер нәтиже беруі керектігін, оқу орнының түлектерін емдеу мекемелерінде еңбек етуге барынша тарту қажеттігін ескертті. Сондай-ақ аудан орталықтарын компьютерлік томография аппараттарымен қамтамасыз ету жолдарын кеңінен қарастыруды, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жүйесін тиімді пайдалануды тапсырды.

Мемлекеттік қызметші мемлекеттік тілде сөйлеуі тиіс

Медициналық терминдерді қазақшалағаннан гөрі, ресми тілде түсіндірген оңай деген түсінік қалыптасқан қоғамда. Осындай тұжырымға иек артып, ресми тілде баяндама жасаған облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Байділдә Шыналиевке өңір басшысы ескерту айтты. «Мемлекеттік қызметші мемлекеттік тілде сөйлеуі тиіс» деген Бердібек Сапарбаев бұл сынның баршаға қатысты екенін аңғартып өтті.

Жалпы былтыр елде коронавирус инфекциясы тіркеліп, жұқпалы вирус кең тарап кеткен кезде қуақы тілді қулар «COVID-19» келгелі жай тұмауды да, басқа инфекциялық ауруларды да таппай қалдық қой» дескен. Байділдә Сейділдаұлының баяндамасы да осыған ұқсас шықты. 6 айда мониторинг жүргізілетін инфекциялық аурулардың 99 нозологиялық түрінің 27 инфекциясы бойынша көрсеткіш төмендеген. Оның ішінде бактериалды дизентерия ауруы бойынша 2,9 есеге, созылмалы вирусты гепатиттері – 20,9, жіті респираторлы вирусты инфекциялары – 15, сарып 31,6 пайызға, сальмонеллез 4, жіті вирусты гепатиттері 6 жағдайға азайыпты. Есесіне, коронавирустың мутацияға ұшыраған штамдарының негізгі белгілерін көрсететін инфекциялар өскен. Туберкулез дерті де асқынған.

Департамент басшысы жұқпалы дерттерді туғызатын санитарлық жағдайларды да атап өтіп, елді мекендердегі орталықтандырылған ашық су көздері мен емдеу мекемелерінің жай-күйіне тоқталып өтті.

«Қорға ақы төлейміз, бірақ медициналық қызметті ақылы аламыз»

Жалпы медицинаға қатысты түйткіл де, сала ісіне тікелей ықпал ететін тарам-тарам жанама департаменттер мен орталықтар да көп. Бірі – елдегі эпидемиологиялық жағдайды, санитарлық талаптардың орындалуын бақыласа,  екіншісі – қызмет сапасы мен дәрі-дәрмек бағасын зерделейді. Тіпті денсаулық сақтау саласындағы электронды жүйеге көшкен біраз жұмыстың өзін басқа орталық басқарады. Басқаруын республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының облыс бойынша филиалы басқарғанмен, басшысы Шолпан Кемелбекова нақты цифрларды білмейтін болып шықты. Филиал басшысы облыс әкімінің «Тұрғындар электрондық кезекке тіркелуін тіркелгенмен, мерзімі келгенде қайта кезек алып, неге мекеме жағалап жүр?» деген сауалына жауап бере алмады.

Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев электрондық жүйеге қатысты тұрғындар тарапынан шағым көп екенін айтып, жұртпен кері байланыс орнатып, көтерілген мәселеге дер кезінде жауап беріп отыруды тапсырды. Азаматтар арасында осындай түсініспеушілік туындап жататын мәселенің бірі – міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты.

Соңғы кезде жұмысы бар азаматтардың өзі «Қорға ақы төлейміз, бірақ медициналық қызметті де ақылы аламыз» деп жүр. Шын мәнісінде, қорға жиған қаржысының есебінен қандай қызметті тегін алатынын білмегендіктен, ақылы қызметті пайдаланатындар көп. Жиында жүйеге қатысты шағым да, сұрақ та көп екенін айтқан Бердібек Машбекұлы «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ облыс бойынша филиалының директоры Мавлюда Боқаеваға қазіргідей қиын-қыстау кезеңде көрсетілген медициналық қызмет бойынша емдеу мекемелеріне тиісті қаржысын уақтылы аударып отыру керектігін ескертті.

Жиын соңында облыс әкімі індеттің өршіп бара жатқанын айтып, өңір медицинасы қай сценарийге де дайын болуы керектігін ескертті. Ауруханалардағы төсек-орын саны, дәрігерлердің дайындығы, дәрі-дәрмек қоры қанша екені де пысықталды. Тиісті департамент басшысының айтуынша, қазір дәріханаларда антибиотиктер мен антикогулянттардың 35-40 күндік қана қоры қалыпты. Ал емдеу мекемелеріндегі шынайы картина қандай?

– Медицина өтірікті кешірмейді. «Ауруын жасырған өледі» деген сөз бар. Сол үшін барды – бар, жоқты – жоқ деп айту керек. Болжаммен сөйлеудің қажеті жоқ. Барлық емдеу мекемелерінің қоймаларында қанша қор қалды, дәріханаларда қандай дәрі-дәрмек жетіспейді? Соны аралап көріп, зерделеп шығыңыздар, – деді Бердібек Машбекұлы.

Өңір басшысы мониторингтік топтардың жұмысын күшейтуді тапсырды. Талапқа бағынбаған кәсіпкерлік нысандарды жауып, тіпті лицензиясын қайтарып алуға дейінгі қатаң шара қолдану керектігін ескертті.

 

Ардақ ҮСЕЙІНОВА.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support