- Advertisement -

Әуежайдың айналасы егістік пен құрылысқа толып барады

188

- Advertisement -

Бір нәрсеге қайран қалам. Оқыс оқиға орын алса, ұлардай шулаймыз да көп уақыт өтпестен ұмытып кетеміз. Қарағандыдағы «Бесоба» тұрғынүй кешені опырылып түскенде де өре түрегелдік. Артынша ұмыттық. Арыстағы жарылыстың да айғай-шуы  басылды.  2019 жылы 27 желтоқсанда Алматы қаласының маңында «Бек Эйр» авиакомпаниясына тиесілі ұшақ апатқа ұшырап, 12 жолаушы ажал құшқанда жанымыз жай таппады. Уақыт өте келе уайым сейілді.

Апат айтып келмейді. Дегенмен, неге біз алдын алуға ұмтылмаймыз? Бүгінгі көтеріп отырған мәселеміз де дәл осы әуе кеңістігі мен әлеуметтің қауіпсіздігіне байланысты болмақ.

Баршаға белгілі, кейінгі жылдары Тараз қаласының аумағы кеңейіп, жаңа тұрғынүй алқаптары пайда болды. Облыс орталығына іргелес аудандарда да инфрақұрылым тарту  дұрыс жолға қойылып келеді. Соның нәтижесінде құрылыс қарқын алуда. Мысалы,  Жамбыл ауданындағы Қаратөбе ауылдық округіне қарасты Бектөбе, Қызылшарық, Бәйтерек ауылдарында бір-бірімен жарыса бой көтеріп жатқан үйлердің сәулеті кім-кімді де сүйсінтпей қоймайды. Тараз қаласының Құмшағал аймағында да қызу тіршілік. Жұрттың жағалай қоныстанып, жаппай баспана тұрғызып жатқаны  жақсы. Бірақ, халықаралық «Әулиеата» әуежайының қақ ортада қалып жатқаны ешкімді толғандырмайтын секілді.

Расында да бұл өте өзекті мәселе. Өйткені, әуе кемелері төңіректегі тұрғын үйлердің тура төбесінен ұшатын болған.  Мысалы, Тараз қаласындағы «Лето» тұрғын алқабы ұшып-қону жолағымен біте қайнасып жатыр.  Осы алқаптың  тұрғыны Сәуле Әбенованың айтуынша,  жолаушы тасымалдайтын алып ұшақтар дәл үйдің тұсынан өтеді екен. Мұндай кезде аулада ойнап жүрген  кішкентай балалар қорыққаннан құлақтарын жауып, қаша жөнелетін көрінеді. Тіпті, тұрғындар аулада өсіп тұрған тал-теректердің, жеміс ағаштарының жоғары жақтағы бұталары мезгілсіз жаппай қурап кететін болды дейді. Себебін әуе кемелерінің тым жақын ұшқанынан іздейді. Жамбыл ауданындағы Бектөбе ауылының тұрғындары да үлкен ұшақтардың үрейді ұшырып біткенін айтып отыр. Ол аздай әуежай басшылығы ауылдағы шаруа қожалықтарының егістікпен айналысуына  шектеу қойып жатыр екен.

Бұл жайтты Қаратөбе ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Сағынбек Жанысбаев та жоққа шығармайды. Оның айтуынша, «Әулиеата» әуежайы басшылығының Жамбыл ауданының әкіміне жолдаған хатына сәйкес, шаруа қожалықтарына ескертпе-хабарламалар берілген.

«Менің бұл қызметке келгеніме үш айдың жүзі болды. Дегенмен, осы ауылдың тумасы ретінде бұл мәселемен жақсы таныспын. Аталған хатта әуежайдың маңында орналасқан шаруа қожалықтардың егіс алқаптарын көктем, жаз айларында жиі суарудың салдарынан  ұшу-қону алаңын су басу қаупі туындайтындығы жазылған.  Бұл өз кезегінде ұшақтардың ұшып-қонуына үлкен қауіп төндіреді. Осыған байланысты әуежайдың маңында орналасқан егістік жерлерге суды көп қажет ететін дақылдарды,  яғни күнбағыс, көкөніс (пияз), қант қызылшасы, жоңышқа егуге шектеу қойылатындығы ескертілді. Бұл маңда тек  ағын суды көп қажет етпейтін арпа, бидай, майлы дақылдар егуге ғана рұқсат етіледі.

Біз де өз тарапымыздан тұрғындарға кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қайткенде де «өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын» жолды табуымыз керек» дейді Сағынбек Жанысбаев. Ал бұл шектеулер егін егіп, мал өсіруді кәсіп қылған қауымның көңілінен шығып отырған жоқ.

Бұл тұрғыда «Әулиеата» әуежайы басшылығының да айтар өз уәжі бар. Біз басқарма төрағасы Байжан Секербековпен жолығып, көптің көкейіндегі сауалдардың жауабын білуге тырыстық.

– Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 12 мамырдағы «Әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін қызметті жүзеге асыруға рұқсаттар беру қағидасын бекіту» туралы №504 қаулысы бар. Біз сол құжатқа сүйеніп, жұмыс істейміз. Ал жергілікті атқарушы органдар өзге  заңнамаларды ғана негізге алады.

Тәртіп бойынша әуежай аумағынан  4 шақырымға дейінгі аймақта өздігінен ешқандай  нысан салынбауы керек. Егер  қандай да бір құрылыс жүргізілетін болса, бізге ескертілуі қажет. Осы орайда арнайы комиссия өтінішті жан-жақты зерделеп, қорытынды ұсынады.  Ал рұқсатты Азаматтық авиация комитеті береді. Бұл талап көп жағдайда ескерусіз қалып жатыр.

Тағы бір айта кететін мәселе,  әуежай аумағынан 5 шақырымға дейін қоқыс төгетін орындар, 15 шақырымға дейін мал шаруашылығы нысандары болмауы керек. Алайда, әуежайға өте жақын жерде жылыжайлар,  мал бордақылау алаңдары, қоқыс төгетін орындар орналасқан. Мұндай жерлерге құстар көп келеді. Ал ұшу-қону жолында мүлде құс болмауы тиіс. Егер құс ұшақтың двигателіне кіріп кетсе апатты жағдай орын алуы мүмкін. Сондықтан да біз әрбір рейстің алдында бес минут бұрын жолды тегіс бақылап отырамыз. Ұшу-қону жолында құс пайда болса, арнайы техникамен  қууға мәжбүрміз. Әсіресе, таңғы және кешкі мезгілде қарғалар топ болып ұшады.  Соның барлығы да қалдық теруге барады. Ал кәсіпкерлік нысандарының басшылары біздің талабымызды қаперіне ілгісі келмейді, – дейді Б.Секербеков.

Басқарма төрағасының айтуынша, әуежайдан күн сайын 5-6 рейс қатынайды екен. Әуе кемелерінің көкке көтерілуі мен  қонуы осы маңдағы тұрғындарды да,  әуежай қызметкерлерін де сары уайымға салып тұрғандығы сөзсіз.

– Қателіктің барлығы бас жоспардың азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органмен келісілмеуінде болып тұр.  Мына жағымыз Құмшағал, мына жағымыз Бектөбе. Екі ортада елеңдеп біз отырмыз. Үйлердің бәрі салынып қойған. Бұзып таста деп тағы айта алмаймыз. Оны енді құзырлы органдар шешеді деген сенімдеміз.

Өздеріңіз білесіздер, әуежай –өте күрделі нысан. Мұның шығыны да көп. 2013 жылы ғана ұшу-қону жолағы күрделі жөндеуден өтті. Оған 5 миллиард теңгеге жуық қаражат кетті. 2016 жылы аэробекет толықтай қалпына келтірілді. Қазіргі таңда «Әулиеата» әуежайы еліміз бойынша техникалық жағдайы жақсы нысандардың бірі саналады, – дейді Байжан Серкебаев.

Әуежай басшылығының әңгімесі осылай өрбіді. Байқағанымыз, күрделі нысанды көшіру күрмеуі қиын мәселе іспетті көрінді. Бірақ, елді мекендер мен әуежайдың бір-біріне кедергі келтіріп тұрғандығы айдан анық. Тарихқа зер салсақ, 1950 жылы бұрынғы «Бектөбе», «Бірлігу», «Қызылшарық», «Октябрь» колхоздары бірігіп, Амангелді атындағы колхоздың негізі қаланған. Бұл қазіргі Қаратөбе ауылдық округі. Ал әуежай 1974 жылы құрылған. Уақыт өте келе ұшу-қону жолағына қатысты түйткілдер туындап отыр. Мұның бәрі де жоспарлаудың жүйелі жүргізілмеуінің салдары. Осы орайда біз Тараз қаласы әкімдігі сәулет және қала құрылысы бөліміне де ат басын бұрып, бас жоспар туралы білдік.   Бөлім басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Нұрсұлтан Исабектің айтуынша, бас жоспарда әуежайды басқа аумаққа орналастыру мәселесі қарастырылмаған.

– Қазіргі таңда бас жоспар негізінде  қаланы ұлғайту мәселесі  қаралуда. Соның ішінде Бектөбе ауылы да облыс орталығының аумағына кіретін болады. Алматы маңындағы ұшақ апатынан кейін зерделеу жүргізіліп, прокуратура органдарымен бірлесе  ұсыныс берілген болатын. Алайда, әзірге ешқандай мәлімет те, қозғалыс та жоқ. Нақты айтқанда әуежай аумағы өз қалпында қалады, – дейді Н.Исабек.

Әуежайдың әлеуетін арттыру үшін аз ақшаның жұмсалмағанын аңғардық. Жауапты маман бас жоспарда стратегиялық нысанға қатысты өзгерістің болмайтынын айтты. Сонда айналадағы ағайынның  ахуалы  ешкімді де алаңдатпайтын  болғаны ма? Ата заңымыздың алғашқы бабында айшықталғандай, ең қымбат қазына – адам және адамның өмірі  емес пе еді? Әлде біз бір істі бастауымыз үшін міндетті түрде апатты жағдай орын алуы керек пе?

Тұрсынбек Сұлтанбеков

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support