- Advertisement -

Тұрғындар тілегі ескерусіз қалмайды

87

- Advertisement -

Жергілікті билік пен тұрғындар арасындағы байланысты нығайтып, ауылдықтардың арасындағы түйткілді мәселелердің оң шешімін табу мақсатында көшпелі қоғамдық қабылдаулар ұйымдастырылып келеді. Игі дәстүрді үзбей, әр апта сайын ауылдық округтерге атбасын бұрып жүрген Шу ауданы әкімі Нұржан Календеров  тұрғындардың тілегіне құлақ түруде.

Әрине, қоғам болған соң халық арасында әлеуметтік мәселелердің кездесіп жататындығы заңды құбылыс. Кейде олардың барлығы әртүрлі себептермен шешімін таппай қалып жатады. Ауданның мемлекеттік мекемелері орталықта орналасқандықтан оларға жетем дегенше кемі жарты күн өтуі мүмкін. Көбінде ұзын-сонар кезек те болады. Осындай себептермен көптеген азаматтардың, әсіресе, мүмкіндігі шектеулі қариялардың мәселелері шешімін күтіп қалуда. Осыған байланысты азаматтарды кеңседе емес, ауылдарға барып, тіптен, көшелерге шығып көшпелі қабылдаулар өткізу Шу өңірінде қалыпқа айналып келеді. Дәл осындай көшпелі қабылдаулар жуырда Өндіріс, Қорағаты ауылдық округтерінде өтті. Көшпелі қабылдауға аудан басшысы Нұржан Календеров пен орынбасары Әлихан Балқыбеков бастаған бірқатар бөлім басшылары қатысты.  Кездесу барысында ауылдық округ тұрғындары көтерген әртүрлі өзекті мәселелер бойынша аудан әкімі тарапынан тиісті жауап берілді. Сонымен қатар, көтерілген мәселелерді толық әрі сапалы шешу бойынша аудан басшысы тиісті бөлімдерге нақты тапсырмалар жүктеді.

Ал өткен аптада аудан әкімі Жаңақоғам ауылдық округінде қоғамдық қабылдау өткізді. Қоғамдық қабылдаудың күрмеулі мәселелерді шешудің төте жолы екенін түсінген бірқатар ауылдықтар елді мекен төңірегіндегі өздерін толғандырған түйткілдерді аудан әкімінің назарына ұсынды. Жергілікті тұрғындар негізінен ауыз су мен жерге, «көгілдір отын» мен спорт нысандарына қатысты мәселелерді көтерді. Дәлірек айтар болсақ, ауыл тұрғыны Данияр Жұмабеков егістік жерге өткізілген конкурстан жеңіп алған суармалы жерінің 7 гектары жарамсыз екенін алға тартты. Оның айтуынша, аталған 7 гектарға су шығару үлкен мәселеге айналып отырған көрінеді. Өз кезегінде аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің мамандары дәл осы мәселе бойынша кеңестерін берді.

Сонымен қатар, тұтас ауыл тұрғындарын толғандырған өзекті мәселенің бірі – «көгілдір отынға» қатысты түйткіл. Ауылдықтардың айтуынша, бұрнағы жылдары ауылға газ тарту жұмыстары жүргізіліп, ауылдың бас жоспары бекітілген. Алайда, ауылдағы Саңырақбаев пен Бірлік 2 көшелері жобаға енбей қалыпты. Осылайша, қазіргі кезде бірқатар ауыл тұрғындары «көгілдір отыннан» қағылып отыр. Аталмыш мәселеге жауап берген аудан әкімі Н.Сәбитұлы Жаңақоғам ауылдық округі аудан бойынша «көгілдір отынды» тұтынған алғашқы ауылдардың қатарында екенін жеткізді.

– Бұл ауылға 2015 жылы газ тарту жұмыстары басталып, 2016 жылы толығымен аяқталған. Аталған жұмыстардың барлығы «ҚазТрансГазАймақ» АҚ тарапынан жүргізілді. Ең бастысы, ауылға газ келіп тұр. Ал жобаға енбей қалған көшелерге жаңадан мердігер тартып, газ құбырларын орнату керек, – деді аудан басшысы.

Дәл осы «көгілдір отын» төңірегіндегі түйіткіл бойынша «ҚазТрансГазАймақ» АҚ аудандық өндірістік филиалының инженері Айдар Итекеев газға қатысты түйткіл туындай қалған жағдайда әрбір тұрғын жауапты мекемеге өтініш жазуы керек екенін ескертті. Бұдан кейін Раушан Ынтықбаева есімді тұрғын ауыз су мәселесі де ауылдықтар үшін өзекті болып отырғанын айтты. Аудан әкімі көтерілген мәселелердің барлығы да басшылыққа алынып, ол бойынша алдағы күндері нақты жұмыстар жүргізілетіндігін жеткізді. Айта кету керек, көшпелі қоғамдық қабылдаулар бұған дейін ауыл әкімдерінің сайлауы өтетін ауылдарда болса, алдағы уақытта өзге де елді мекендерді қамтымақ.

Ерғали ҚАРТАЙҒАН,

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support