- Advertisement -

Ірі шаруашылықтың өнімі де, табысы да мол болады

40

- Advertisement -

Облыс əкімі Бердібек Сапарбаев кеше жұмыс сапарымен Байзақ жəне Жамбыл аудандарында болып, ондағы құрылыс нысандарының жұмысымен танысып, ауыл тұрғындарымен кездесті. Сондай-ақ  көкөніс алқаптары мен егін орағы науқандық жұмыстардың барысын да назардан тыс қалдырған жоқ. Сонымен бірге ағын суды бөлу, оның диқандарға кедергісіз жеткізілуін қадағалау, тұрғындардың жем-шөппен қамтылуын ұйымдастыруды үйлестіру барысы да  іссапар барысында пысықталды.

Алдымен өңір басшысы Бурыл ауылында салынып жатқан 300 орындық мектептің құрылыс жұмысын көрді. Құрылысты «Өмірзақ» ЖШС жүргізуде. Серіктестік мектепті пайдалануға 10 тамыз күні тапсыруды жоспарлап отыр.

Мұнда дəліздердің төбесіне орнатылған желдеткіш шахталарын көрген облыс əкімі Бердібек Машбекұлы: «Мына конструкцияда қандай эстетика бар. Бұл мектеп қой. Желдеткішті дəліздің төбесіне жасаған дұрыс емес. Жобалағанда осыны қарап, келешекте мұндай қателіктерге  жол бермеу керек» – деді.

Аудан əкімі Бақыт Қазанбасов мектепке əкелетін көше жолының нашарлығын айтып, асфальт жабынын төсеу үшін қаржы бөлуге көмек  сұрады.

Мектеп ғимаратын аралап шыққан соң өңір басшысы мердігерге мектеп ауласын абаттандырып, ағаш, гүл отырғызуды тапсырды.

Көкталдықтар сайлауға қатысып, өз таңдауын жасайтын болды

Бұдан кейін облыс əкімі Бердібек Машбекұлы Көктал ауылдық мəдениет үйінің ауласында ауыл тұрғындарымен кездесті.

– Ауылға келіп, сіздермен жиі кездесуге мүмкіндік болмай кетті. Індет қазір қайта өршіп барады. Ауырғандар саны жүзге жетті. Оның бұдан ары өршіп кетпеуі үшін санитарлық талаптарды сақтауымыз керек. Тойды тоқтата тұрған дұрыс. Екпе салдыру қажет. Ағайындарыңызға өзіңді ғана ойлама, елді ойласаң екпе салдыр деп айту парыз. Шетелде барлығы екпе салдырып жатқанда одан біз де қалыс қалмауға тиіспіз, –  деді облыс əкімі.

Бұл округте ауыл əкімінің сайлауына үш үміткер тіркеліпті. Бердібек Машбекұлы ауыл тұрғындарын сайлауға бір кісідей қатысып, өз таңдауларын жасауға шақырды. Ауыл тұрғыны Досмахан Оразбаев жолға асфальт төсеп, мəдениет үйін жөндеп беруді сұрады.

Ауыл тұрғындарының өтініш-тілегін мұқият тыңдаған өңір басшысы мəдениет үйін биыл күрделі жөндеуге енгізетінін айтып, ауыл тұрғындарын қуантып қойды.

Сонымен бірге құрылысы жаңа басталып, іргетасы құйылып жатқан 600 орындық Көктал орта мектебінің құрылыс жұмысымен  де танысты.

Мердігер жүктелген жауапкершіліктен босатылмайды

Бердібек Машбекұлы келесі кезекте Көктал ауылдық округіндегі «Белқожа» каналының жөндеу жұмысын көрді. Каналдың жалпы ұзындығы 17 километр. Нысан құрылысын «ҚазатакенҚұрылыс»  ЖШС жүргізуде. Бұл канал 2896 гектар алқапты ылғалдандыратын болады. Жалпы биыл ауданда 349 километр канал жөнделмек.

Бұдан соң облыс әкімі  Жалғызтөбе ауылдық округіндегі «Сеңкібай» каналының жұмысын көрді. Оның құрылыс жұмысын «ҚұрылысТЭД» ЖШС мойнына алған. Ұзындығы 21,8 километрді құрайтын канал құрылысы аяқталса, 4 мың гектардан аса алқап суарылатын болады. Мердігер каналдың бас жағында 800, аяқ жағында 300 метр каналды бетондаған да, сонымен құрылыс жұмысы тоқтап қалған. Оның себебін сұраған облыс əкіміне  серіктестік өкілі Данияр Əбдіжалов  құрылыс заттарының қымбаттауы қолбайлау  болғанын айтты.

Облыс əкімі Бердібек Машбекұлы мердігерге жүктелген жауапкершілікке жүрдім-бардым  қарамай, жұмысты аяқтауды тапсырды.

Диқанның төккен тері ақталар шақ жақын

Көктал ауылдық округіне қарасты Аққия ауылындағы «Байназаров» шаруа қожалығының пияз алқабында қызу тіршілік. 40 гектар алқапқа орналастырылған пияз алқабын қожалық бұлақ суымен ылғалдандыруда. Сондай-ақ оның қасындағы бақшаны суару үшін құдық қазып, құдық суымен көкөнісін суаруда. Алқап басына арнайы келген Бердібек Машбекұлына қожалық жетекшісі Хамидулла Байназаров биыл əр гектарынан орташа есеппен 120 центнерден өнім жинаймыз деген жоспарының барын айтты. Қазу жұмысын тамыз айының 15-інде бастап кетпек.

«Көктемде субсидияны уақтылы берсе біз тыңайтқышты дер кезінде алар едік. Осы мəселенің шешімін табуына, субсидияның кешіктірмей берілуіне ықпал етуіңізді сұраймын» – деді қожалық жетекшісі.

Облыс əкімі Бердібек Машбекұлы бұл мəселемен айналысып жатқанын, оны министрлік аясында шешімін табуға ықпал ететінін жеткізді.

Өңір басшысы Жаңатұрмыс ауылдық округіне қарасты Ақшолақ ауылындағы «Аспан Агро» шаруа қожалықтың қызылша алқабының да  жұмысын көрді. Сонымен бірге осындағы «Манат» шаруа қожалығының жүгері, бидай алқабымен танысты.

Қожалық жетекшісі Саха Манатовтың айтуынша, қожалық 220 гектарға қант қызылшасын, 300 гектарға дəнді жүгері орналастырыпты. Жүгерінің əр гектарынан орта есеппен 14-15 тонна дəн жиналады дейді қожалық басшысы. Ал шаруашылық бидайды 160 гектарға орналастырып, оған бүгін комбайн түсіріпті. Оның əр гектарынан орта есеппен 15 центнерден өнім жиналады деп күтілуде. Қызылша алқабында болған сəтте қожалық жетекшісі өзінің жоспарымен бөлісті. Ол ауылдағы 7-8 шаруа қожалықтың басын қосып, «Аспан Агро» холдингін құрып жатқанын мақтанышпен жеткізді. «Біз бір холдингке бірігудің арқасында мүмкіндігімізді арттырдық. Несие рəсімдеп техника алуға, жер игеруде бірігіп жұмыс істеуде көп көмегі тиіп жатыр», – дейді кəсіпкер.

– Мен ұсақ шаруа қожалықтар бірігіп агрохолдинг құрмай шаруаның алға баспайтыны туралы үнемі айтып келемін. Біз жаңа құрылып жатқан агрохолдингтерге субсидия, жанар-жағармай болсын көбірек бөліп, олардың тез көтерілуіне көмектесуіміз керек. Ұсақ шаруаларға холдинг жұмысын насихаттай отырып, оларды іріленуге үгіттеуге тиіспіз. Сол кезде өнім де, табыс та болады, – деді Бердібек Машбекұлы шаруаның идеясын қолдап.

Бұдан кейін облыс әкімі Бəйтерек ауылдық округіндегі «Агали» шаруа қожалығының құлпынай алқабының жұмысын да көрді. Қожалық жетекшісі Нəби Агалиев таңқурай мен құлпынайды 15 гектар алқапқа отырғызып, одан жылына екі рет өнім жинауды жоспарлап отырғанын айтты. Құлпынайдың көшетін Түркиядан əкеліп отырғызыпты. Тамызда шаруа алғашқы өнімін жинамақ. Оның əрбір гектарынан жылына 10-15 тоннадан өнім алмақ.

Облыс əкімі шаруа қожалықтың бұл бастамасына қолдау білдіріп,  Байзақ ауданына жасаған сапарын қорытындылады.

Канал бетондалар болса…

Облыс əкімі Бердібек Сапарбаевтың іссапары түстен кейін Жамбыл ауданында жалғасты. Мұнда да өңір басшысы құрылысы жүріп жатқан каналдардың жұмысымен жəне егіс алқаптарының жайымен танысты. Алдымен Аса ауылындағы «Қуат» каналын көрді. Ұзындығы 12,9 километрді құрайтын каналды  «Толағай-2050»  ЖШС тазалап шыққан. Канал бетондалар болса, оның суы 1232 гектар алқапты  ылғалдандыруға жетеді екен.

Аудан əкімі Сəкен Арубаевтың айтуынша, қазір осы канал 575 гектар алқапты ылғалдандырып отырған көрінеді. Аудан басшысы суармалы егіс көлемін екі есеге арттыру үшін осы каналды бетондау туралы ұсыныс білдірді. Айша бибі ауылдық округіндегі «Бошақай» каналының жұмысымен де танысты.

Келесі  кезекте Бердібек Машбекұлы Айша бибі ауылдық округіндегі «Айден Агро» шаруа қожалығының пияз жəне бидай егістік алқаптарын көрді. Жалпы округте пияз – 600 гектар алқапқа егілген. Округте 3908 гектар Исмайл жəне Райс каналдары арқылы ылғалдандырылуда. Қожалық жетекшісі Зайнуддин Мусаев биыл 32 гектарға пияз, 32 гектарға бидай егіпті.

Ауданда барлығы 108 канал бар. Бүгінде оның 96-сына  тазалау жұмыстары жүргізілген. Аудан басшылығы кейбір каналдардың дұрыс жасалмағанын айтып,  суару науқаны аяқталғанда оның кейбір тұстарын қайта жөндеуді сұрады.

Облыс əкімі Бердібек Машбекұлы  Жамбыл ауданындағы каналдардың жұмысын зерделей келіп, түйткілді мәселелердің оң шешімін табуға ықпал ететіндігін айтты. «Су кестеге сəйкес берілуде. Бұл менің де назарымда. Үкімет отырыстарында үнемі көтеріп жүрмін бұл мəселені. Бұдан былай да біздің бақылауда болады», – деп сөзін қорытындылады.

Марат Құлибаев. 

Байзақ және Жамбыл аудандары

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support