- Advertisement -

Биыл да былтырғы кемшіліктер қайталануда

56

- Advertisement -

 Облысымызда құрылысы кестеден қалып келе жатқан әлеуметтік нысандар аз емес. Жобалауда да кеткен кемшіліктер баршылық. Ал мердігерлер болса нысанды тапсыруға асығатын емес. Осы мәселе облыс əкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте қаралып, мердігерлердің жайбасарлығы сынға алынды.

– Бұған дейін аудандарда салынып жатқан құрылыс нысандарының барысымен таныстым. Кеше Тараз қаласындағы əлеуметтік нысандардың құрылысын аралап, көріп шықтым. Сапасы бірінші кезекте тұруы тиіс. Екінші мәселе – тиісті мерзімде нысанды кестеден кешіктірмей тапсыру керек. Аралап шыққанда көргенім – биыл да өткен жылғыдай жағдайлар қайталануда. Əлеуметтік нысандарды салу кестеге мүлде сəйкес келмейді. Негізінен əлеуметтік нысандар тамыз айында беріліп, бірінші қыркүйекте балалар ол мектепте оқуы тиіс болатын. Құрылыс жұмыстарының кестеден 1,5 айға кешігуі оның уақтылы берілуіне кедергі болмақ. Бұдан бөлек, берілген қаржының игерілуі төмен. Мектептердің жобалық-сметалық құжаттары дұрыс жасалмаған. Оқу жылының басталуына аз қалды, ал мердігерлер уақыт созып, əлеуметтік нысандарды уақытында беруге асығатын емес, – деп облыс əкімі Бердібек Машбекұлы құрылыс басқармасы мен мердігерлердің жауапкершілігінің жеңілдемейтінін аңғартты.

Алдымен облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы  Ерлан Орынбаев облыстағы құрылыс жобаларының іске асырылу барысы туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, биыл құрылыс басқармасы арқылы жобалық құны 146,7 миллиард теңге құрайтын 207 жобаға бюджеттен 67,6 миллиард теңге бөлініп, жүзеге асырылуда екен.  Жоспар бойынша биыл 150 нысан тапсырылуы тиіс. Аталған жобалардың 131-і «Нұрлы жер», 23-і «Жұмыспен қамту», 17-сі «Ауыл – ел бесігі», 35-і өзге даму бағдарламалары бойынша, 1-еуі Үкіметтің резерв есебінен соғылуда.

Білім бөлімдері облыстық деңгейге ауысқанына байланысты аудандардан өтпелі мектеп құрылыстары және әзірленген ЖСҚ-ы басқармамен қабылданып, жалғастыруда. Биыл жобалық құны 22 миллиард теңгені құрайтын 26 білім нысаны салынып жатыр. Оның 14-і осы жылы пайдалануға берілуі тиіс.

Баяндамашы басқа салалар бойынша  атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, құрылыс компанияларының жұмысына тоқталып өтті.

– Неге басқарма айтылған жобалардың жасалуын қарамайды? Айталық, Тараз қаласында екі бірдей мектеп салынуда. Оның бірінің жобалық құны 1,4 миллиард теңге болса, екіншісі 2 миллиард теңгені құрайды. Екі мектептің жобасы бірдей бола тұра оның құнында неге алшақтық бар?, – деді Бердібек Машбекұлы.

Бұдан бөлек, облыс әкімі жеке азаматтардың тұрғын үй салуы неге аз екенін де сұрады. Өйткені Т.Рысқұлов, Қордай тағы басқа аудандарда инфрақұрылымы тартылып, жарығы, газы, суы, жолы салынған тұрғын алқаптарда әлі күнге жеке азаматтар үй салмай отырғаны сөз болды.

Бұл сұрақтарға басқарма басшысы нақты жауап бере алмады.

Облыс әкімі Тараз қаласындағы №2 орта мектептің құрылысын жүргізіп жатқан «Талас Құрылыс» ЖШС директоры Асан Айтқұловтан   құрылыстың кестеден неге қалып қойғанын сұрады. Мердігер мектеп құрылысын 10 тамызға дейін аяқтап өткізетінін айтып, уәдесін берді.

Сондай-ақ №22 орта мектепті салып жатқан «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС директоры Нұрғазы Бекбердиев мектеп құрылысын жоба бойынша қазан айында тапсыру керек, бірақ оны мерзімінен бұрын аяқтауды жоспарлап отырғанын жеткізді.

Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Талғат Жамалов мектеп құрылысы аяқталмай қалған жағдайда оқушыларды маңайдағы мектептерге бөліп екінші және үшінші ауысымда оқыта тұратынын айтты.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев: «Ана мектепке апарамыз, мына мектепке апарамыз екінші, үшінші ауысымда оқытамыз» деген болмайды. Тағы да қайталап айтамын, бұған дейін ескі мектепте оқып келген балалар 1 қыркүйек күні жаңа мектепте оқуы тиіс», – деп мердігерлердің алдына қатаң талап қойды. Ал білім басқармасына жаңа салынып жатқан мектептермен қатар күрделі жөндеуден өткізіліп жатқан білім ошақтарының да дайындығын қарауды тапсырды.

Жиында құрылыс сапасы да сөз болмай қалмады. Облыс әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Айтқазы Қарабалаев біраз мердігерлердің жұмысына зерделеу жүргізгенін тілге тиек етті. Зерделеу барысында құрылыс нысанында жіберген кемшілігі үшін 73 құрылыс компаниясында әлеуметтік құқық бұзушылықтар анықталып, оның 53-іне айыппұл салынғанын жеткізді. Тіпті бір-екі мердігерді лицензиясынан айыру да қаралыпты.

– Құрылыс нысандарында бақылау қатаң болуға тиіс. Бір-екі рет айыппұл салғаннан кейін кемшілікті түземейтін болса, ол мердігерді лицензиясынан айыру керек. Сөзімнің қорытындысында тағы да қайталап айтамын. Сапаға басымдық бере отырып, білім нысандары 1 қыркүйекке дейін пайдалануға берілуі тиіс, – деді Бердібек Машбекұлы. Сөйтіп жиын барысында түскен сұрақтарға жауап беріп, кеңес отырысын қорытындылады.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support