- Advertisement -

Амангелді газының алауы

153

- Advertisement -

Өзге отындарға қарағанда «көгілдір отынның» артықшылығы көп. Экологиялық жағынан таза, тұрмыста да өндірісте де пайдалану – қолайлы әрі тиімді. Тараз қаласының көпқабатты үйлерде тұратын тұрғындары 1970 жылға дейін балондарға құйылған сығымдалған газды қолданды. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының соңында Өзбекстандағы Бұхара газын Алматыға жеткізу үшін екі араға мыңдаған шақырым жерге магистралды газ құбыры тартылды. Магистралды құбыр Жібек жолы бойымен Жуалы, Жамбыл аудандары, Тараз қаласы, Байзақ, Т.Рысқұлов, Меркі және Қордай аудандары аумақтары арқылы жүргізілді. Таразға табиғи газ 1968 жылы жеткізілді. Түтіні мен күлі жоқ отынды Тараздағы жекеменшік тұрғын үйлер де кіргізіп алды. Көп ұзамай жұрттың оны тұтынуға деген жаппай қызығушылығы артты.

Облыста газдан-дыру қарқын алған кезде 1990 жылдардағы дағдарыс килікті. Табиғи газдың бағасы жиі өсумен қатар, оның тапшылығы белең алды. Тұрмысқа қолайлы отты тұтатып, өшіруге дағдыланып қалған тұрғындар тағы әбігерге түсті. Кеңес Одағы күйреп, республикалар тәуелсіздік алғаннан кейін «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» дегендей, өзбек жағы табиғи газ бағасын дүркін-дүркін өсірумен болды. Бірте-бірте оның бағасы шарықтап кетті. Ауданда да, қалада да уақтылы төлем жасай алмағандар газдан ажыратылды. Тараздағы көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындары ас-су әзірлеу үшін жасыл желекке «жаудай» тиді. Бірқатар тұрғындар одан бас тартып, қайтадан көмір жағуға көшті. Табиғи газ тапшылығы және оны тұтынғаны үшін төлем жасау облыс әкімдігіндегі жиналыстарда күн тәртібінен түспейтін болды.Өзбек газына тәуелділіктен қалай құтылуға болады? Бұл мәселе сол кезде облыстағы көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың бас ауруына айналған болатын. «Жыртық үйдің Құдайы бар» дейді халқымыз. Осы кезде кеңестік кезеңде Талас ауданының аумағындағы құмды бөлігінде мұнай іздеген геологтардың газдың, яғни көмірсутегінің мол қорын тапқаны туралы жиі әңгіме бола бастады. Газ кен орны облыс орталығы – Тараздан 200 километр қашықтықта орналасқан. Ел экономикасы еңсесін тіктей алмай жатқан кезде алып құрылысты қолға алу – ақылға сыймайтын іс сияқты болды. Жұрт әрі-сәрі күй кешіп отырған кезде «Егемен Қазақстан» газетінде облысымызда сол кезде меншікті тілші болып қызмет істейтін Мақұлбек Рысдәулеттің Талас ауданының аумағындағы газды игерудің маңызы мен тиімділігі туралы мақаласы жарық көрді. Осыдан кейін сең қозғалғандай болды. Үкіметте Аманкелді газын игерудің жай-жапсары туралы әңгіме қозғала бастады.«Бес саусақ бірдей емес». Елдің аузына қалай қақпақ қоясың? Кен орнын игеру мәселесі көтерілген кезде «Бұл жерде газ қоры аз» деп байбалам салушылар, қара аспанды төндіріп, сары уайымға салынғандар да болды. Еліміздің Оңтүстік өңірі үшін аса маңызды кен орнын игеру – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен бұрынғы облыс басшысы Серік Үмбетовтың тікелей көп күш-жігер жұмсауымен қолға алынды. Кеңестік кезеңде бұрғылау, зерттеу жұмыстарын жүргізген мамандар «Аманкелді газ кен орнында 25 миллиард текше метр газ қоры бар» деген болжам жасаған. Талас ауданымен қатар, Сарысу және Мойынқұм аудандарының аумақтарында өткен ғасырдың сексенінші жылдары көмірсутегінің мол қоры бар екені анықталған. Кен орындарында жүргізілген зерттеу, тексеру жұмыстарымен танысу үшін осы салаға қатысты біраз мамандар Мәскеуге аттанды.

Іштарлық пен қараулықта да шек жоқ. Тиісті мекемелердегі жауапты мамандар зерттеу қағаздарын бермек түгілі есіктерінен сығалатпай қойды. Амал жоқ, барлық жұмысты қайтадан басынан бастауға тура келді. Кен орнының Аманкелді аталуының өзіндік себебі бар. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары осы аумақта зерттеу жүргізіп жүрген бір топ геологты Талас ауданының шопаны Аманкелді деген азамат ұлтымыздың қонақжайлылық дәстүрімен үйіне шақырып, қой сойып күтеді. Аманкелді ағамыздың кең пейіліне риза болған олар зерттеу жүргізген кен орнына оның атын беріп кетеді. Кен көзін игерудің әлеуметтік және экономикалық маңызын ескерген Үкімет жобаны жүзеге асыруға 50 миллион АҚШ долларын бөлуге шешім шығарған соң іс жанданып сала берді. Аманкелді газ кен орнын игеру «КазТрансГаз» ЖАҚ-на жүктелді.

Жасалған жоба бойынша алғашқы кезекте кен орнында бұрғыланатын 17 ұңғыдан жылына 350 миллион текше метр көмірсутегін өндіру көзделген. Аманкелді газ кен тобына жататын Жарқұм, Анабай, Айрақты және Қосқұдық, Сұлтанқұдық кен көздері толық игерілген кезде олардан жылына 700 миллион текшеметрден астам «көгілдір отын» өндіру жоспарланған болатын. Кен орнында бұрғылау жұмысы 2001 жылдың 29 тамызында басталды. Қайсыбір істі бастау қиын. Басталған іс түбі бір бітері анық. Аманкелді газ кенін игеру – республикадағы алып құрылыстың біріне айналды. Мемлекетіміз оны іске қосу үшін қаражатты аямады. Бұрғылау – аса жауапты да қиын жұмыстардың бірі. Бірқатар ұңғылардың тереңдігі 2500-3005 метрге дейін жетті. Кен орнында жұмыс басталып кеткенмен «Газ табылмаса, қайтеміз?» деген күдік те талайларға маза бермей жүрген болатын. Күдік көп ұзамай сейілді. Алғашқы ұңғыда алау 2001 жылдың желтоқсан айында жағылды.

Шыңырауда жатқан көмірсутегін құбырмен Таразға жеткізу, ел игілігіне айналдыру үшін екі жылға жуық уақыт өтті. Аманкелді газ кені мен Тараздағы нөмірі бесінші газ компрессорына дейін 193 километр жерге диаметрі 550 миллиметрлік құбыр тартылды. 2003 жылдың 23 қазаны – Аманкелді газы іске қосылған, облыс тарихындағы есте қаларлық ерекше күн. Оның ашылу салтанатына Елбасы Н.Назарбаев қатысып, сөз сөйледі. Мұның өзі елімізде энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы елеулі де игілікті шаралардың бірі болды. Өңіріміздегі көмірсутегінің қолданысқа берілуіне байланысты облыс тұрғындары және жылу өндіретін компаниялар басқа өңірлермен салыстырғанда тұрақты арзан әрі сапалы «көгілдір отынмен» қамтамасыз етілді. Осында өндірілетін отынның калориялық қуаты өзбектікімен салыстырғанда 5-10 пайыз жоғары.

Кен орнында өндірілген газ конденсатын өңдеу үшін еліміздің Үдемелі индустриялық- инновациялық бағдарламасы аясында Жамбыл ауданындағы Аса ауылының маңында Аманкелді газ өңдеу зауыты салынып, іске қосылды. Онда газ конденсатын өңдеу арқылы бензин мен дизель отыны алынады. Табиғи газ қыста көп қолданылады. Сондықтан да кен орнында ұңғыларды жөндеу және зерттеу көктем мен жаз айларында жүргізіледі. Өндірістен қоршаған ортаға зиянды заттарды шығармау үшін алау газын өңдейтін қондырғылар орнатылған. Өндірілген өнім халықаралық стандарттарға және техникалық талаптарға сай келеді. Алғаш кен көзін игеру қолға алынғанда онда негізінен шеттен келген мамандар жұмыс жасайтын. Бүгінде олардың орнын жергілікті мамандар басқан.

– Облыс аумағындағы газ кен көздерінің қолданысқа берілуі – елді мекендерді газдандыруға тың серпін берді. 1990 жылдары облыс тұрғындары мен өндіріс орындары бір жылда 500-600 миллион текше метр газ тұтынатын. Қазір оның мөлшері 1400 миллион текше метрге жетті. Бүгінде өңірдегі 371 елді мекеннің 221-і, яғни 60 пайызы «көгілдір отынмен» қамтылды. Ол тек Мойынқұм ауданына ғана жеткізілген жоқ. Облыста газдандыру ісі келешекте де жүйелі жалғасын табады, – дейді «КазТрансГазАймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалының директоры Сәкен Исмайлов.

Ақылжан Мамыт

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support