- Advertisement -

2025 жылға дейін 107 жоба жүзеге асады

106

- Advertisement -

Жарты жылдың қорытындысымен облыстағы экономикалық өсім 5,4 пайызды құрады. Оған мемлекеттік деңгейде қабылданған бағдарламалардың орындалуы барысында қол жеткізіп отыр. Атап айтсақ, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік, сауда, байланыс, салықтық түсім, жалақы, бюджет кірістерінде едәуір өсім бар. Мәселен, биыл 288,1 мың шаршыметр тұрғын үй пайдалануға беріліп, ол тиісті кезеңмен салыстырғанда 14,9 пайызға жоғарылаған. Бұдан бөлек, 160,8 миллиард теңгенің инвестициясы тартылып, ол 12,2 пайызға көтерілген. Ал инфляция – 104,6,  жұмыссыздық – 4,9 пайыз болып тұр.

Экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекованың айтуынша, өнеркәсіп саласында 2025 жылға дейін 2,9 триллион теңгені құрайтын 107 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған.  Ал биыл жалпы құны 519 миллиард теңгені құрайтын 40 жобаны  (АӨК-16, өңдеу өнеркәсібі – 9, балық шаруашылығы – 14, ЖЭК – 2, туризм – 1) жүзеге асыру межеленген. Жалпы алты айда – 78,2 миллиард теңгені құрайтын 12 жоба жүзеге асырылған.

Бүгінде аймақта баламалы электр қуатын өндіретін 17 жоба (қуаты 327,6 МВт) жұмыс істеуде.  Биыл қуаты 9,2 мегаватты құрайтын «Тасөткел-2» күн электр стансасы  пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін Жаңатас жел электр стансасының құрылысын аяқтау жоспарлануда. Оның қуат көзі – 100 мегават. Бұл станса іске қосылған жағдайда аймақтағы қуат көзі 387,6 мегаватты құрайтын болады.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде 172 жоба мақұлданып, оның 168-і несиелендірілген. Сондай-ақ отандық фармацевтика өнеркәсібін (ҚР Президентінің 27.05.2020 ж.) дамытудағы есепті кезеңге саладағы өнім 2,4 есеге өскен.  COVID-19 коронавирустық инфекциясына қарсы вакцина әзірлейтін биофармацевтикалық зауыт ағымдағы жылы пайдалануға берілетін болады. Бүгінгі таңда институт базасында өндірілген «QazVac» вакцинасының 50 мың дозасы еліміздің барлық өңірлеріне жеткізілген.

– Облыстың экономикасын көтеретін саланың бірі шағын және орта кәсіпкерлік. Кәсіпкерлерге қайтарымсыз грант бөлу арқылы олардың өзін-өзі жұмыспен қамтуына жағдай жасалуда. Атап айтсақ, үстіміздегі жылдың алғашқы жарты жылдығында 3,5 мың адамға «Еңбек» бағдарламасы аясында қайтарымсыз грант берілген. Берілген қаржы 2 миллиард теңгені құрайды.  Сондай-ақ осы бағдарлама шеңберінде 591 жаңа бизнесін бастаған кәсіпкерге 2,5 миллиард теңгеге шағын несие беріліпті. Жалпы биыл 1238 кәсіпкерге 6,1 миллиард теңге беру жоспарланған. Бұдан бөлек, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында кәсіпкерлік бастамаларды іске асыруға – 1,9 миллиард теңге қаралған. Ал «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында 982 кәсіпкердің несиесін ішінара кепілдендіруге – 1,8 миллиард теңге, 1079 кәсіпкердің несиесінің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға – 4,7 миллиард теңге берілген. «Өндірістік инфрақұрылымды дамыту» тетігі бойынша 14 кәсіпкерге инфрақұрылым жүргізуге 2,6 миллиард теңге бөлінді. Нәтижесінде шағын және орта кәсіпкерлер саны 70,5 мыңға жетті, онда 127 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ бизнес секторына бөлінген көңіл мен берілген қаржы да қомақты. Кәсіпкерлерге жалпы 8 миллиард теңге шағын несие қаралып, оның 3,1 миллиард теңгесі мақсаты жұмсалды, – дейді Гүлдана Жауынбекова.

Бүгінде облыста ауыл шаруашылығының дамуында оң динамика қалыптасқан. Әлемдік экономикалық дағдарыс пен пандемияны ескере отырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және азық-түлік өнімдерінің импортын алмастыру мақсатында агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға ерекше назар аударылды. Бұл саланы дамытуға 19,1 миллиард теңге субсидия қаралып, 13,8 миллиард теңгесі игерілген. Осының нәтижесінде өнім көлемі 77,2 миллиард теңгені құрап, 4,3 пайызға артқан. Алдағы жоспар – өнім көлемін 414 миллиард теңгеге жеткізу. Сондай-ақ ауыл шаруашылығына 34 миллиард теңгеге инвестиция тарту көзделген.

Алдағы бес жылда 50 инвестициялық жоба іске асыру арқылы 3,6 мың жұмыс орнын ашу көзделген.  Ал биыл 16 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланса, бірінші жарты жылдықта сегіз жоба іске асырылған.

Бүгінгі таңда егістік алқаптары 768,5 мың гектарға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 47 мың гектар алқапқа ұлғайған. Соңғы үш жылда 59,1 мың гектар суармалы жер қалпына келтіріліп, бүгінде оның көлемі 179,8 мың гектарды құрады. Су үнемдеу технологиясы 40 мың гектарға  жеткізілді.

Ал мал азығын дайындау жұмыстары да қызу жүрізілуде. Биыл 1,7 миллион тонна пішен дайындау жоспарланып, оның бүгінге 995,3 мың тоннасы дайындалды. Қазір егіс алқаптарын ағын сумен қамту мақсатында «Тасөткел» су қоймасы қалпына келтірілуде. Қосымша «Ақмола», «Ырғайты», «Қалғұты» салу қоймаларын қалпына келтіру жоспарлануда.

Мал басының артуымен үш мың тонна ет экспортталды. Оның 2,7 мың тоннасы сиыр, 152,3 тоннасы қой етін құраса, 161 тоннасы құсқа тиесілі. Әзірге шығарылған жылқы еті – 0,1 тонна ғана.

Ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыру мақсатында техниканың 10 пайызы жаңартылған. Есепті кезеңде 186 тонна балық өсірілсе, оның 56 тоннасы форель балығы. Оны жыл соңына дейін бір мың тоннаға жеткізу жоспарлануда. Сонымен қатар 261 тонна бал өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 13 пайызға артқан. Жалпы жыл соңына дейін бал өндірісін 500 тоннаға жеткізу межеленген.

«Алқаптан сөреге дейін» жобасы да өз тиімділігін беріп келеді. Бұл бағытқа бір миллиард теңге бағытталған. Азық-түлік тауарларын сатып алуды тұрақтандыру және қамтамасыз ету мақсатында «Фиркан», «Дәмді себет», «Байлық-2014» пен «Империя» дүкендер желілері делдалдарсыз ферма, құс фабрикалары, жеке қосалқы шаруашылықтар мен жеке кәсіпкерлерімен жұмыс істеуде. Бүгінге, сауда желілері арқылы 5,8 мың тонна азық-түлік тауары мен 4 миллион дана жұмыртқа сатылған. Нәтижесінде қайта өңдеуші кәсіпорындардың өндіріс жүктемесі 20-25 пайызға артып, азық-түлік тауарларының бағасы орташа есеппен 10-20 пайызға төмендеген. Облыста 29 әлеуметтік павильон ашылып, қосымша  12 дүкен ашу жоспарлануда.

Құрылыс саласында да серпін бар. Тұрғын үй құрылысы жақсы қарқынмен жүріп жатыр. Жарты жылда 288,1 мың шаршыметр тұрғын үй пайдалануға берілсе, жылдық жоспар – 651 мың шаршыметрді құрайды. Ағымдағы жылы 4482 пәтерлі 76 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына 2902 пәтерлі 50 көпқабатты тұрғын үйі тапсырылады деп күтілуде. Бүгінге дейін Тараз қаласында 700 пәтерлі 13 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді.

Биыл автожол саласын дамытуға 10,7 миллиард теңге бөлініпті. Бағдарламалар аясында 424,8 километр жол жөнделген. Бүгінде қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті автожолдардың үлесі 90-нан 93,3 пайызға, елді мекен көшелерінің үлесі 77,2-ден 79,2 пайызға жақсарған. Сондай-ақ биыл 20 елді мекендегі 16 мың адам табиғи газбен қамтылып, оның үлесі 83,8 пайызға жетпек. Қорытындысында 257 елді мекендегі  953 мың адам «көгілдір отынды» тұтынатын болады. Сонымен қатар облыс тұрғындарын таза ауыз сумен қамту мақсатында 12 елді мекенге ауыз су құбыры жүргізіліп, қамтылу деңгейі 82,2-ден 88,7 пайызға артпақ. Яғни 44 мың адам таза ауыз суға қосылады деген сөз.

Бүгінге дейін атқарылған бағдарламалар мен жеке бастамалар аясында өңірімізде  21 мың жаңа жұмыс орны ашылып, 10,5 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылса, халықты жұмыспен қамтудың белсенді шаралары аясында 30 мыңнан аса адам түрлі жұмысқа тартылған. Жыл басынан атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар 3,1 мыңға (19 мың адамға), өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 3 мың адамға, нәтижесіз өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 847 адамға кеміген. Жастар жұмыссыздығы 2,9-дан 2,6 пайызға төмендеген.

Ал «Ауыл ел – бесігі» жобасы аясында 67 елді мекенде 119 жоба іске асырылып жатыр. Оған 1523 адам жұмысқа тартылған.  Білім  саласында да көп жұмыстар атқарылуда. Жыл басынан бері 23 жоба іске асырылып, бір апатты, 3 үш ауысымды, 2 орын тапшылығы бар, тозығы жеткен 2 мектептің мәселесі шешілуде. Облыс орталығында тұңғыш рет «Оқушылар сарайының» құрылысы басталып, 15 мектеп күрделі жөнделуден өткізілуде. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 442 мектеп бейне бақылау камераларымен қамтылған. Жаңа оқу жылына дейін 60 мектепке дабыл түймесі, 14 мектепке турникет орнатылмақ. Ал Тараз қаласындағы 60 мектеп жедел басқару орталығына қосылмақ.

Бұдан бөлек, өңірімізде С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің филиалы ашылды. «Primary Health Care» Ұлттық қауымдастығымен жасалған ынтымақтастық туралы меморандум аясында 4 үздік тәжірибе орталығы (2-еуі облыс орталығында және Жамбыл мен Меркі аудандарында) құрылды. Мейірбике ісінде медициналық көмектің сапасын арттыру бойынша инновациялық медициналық-әлеуметтік технологиялар енгізілді. Тұңғыш Президенттің «Қамқорлық қоры» бастамасымен өңірімізде Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасы жанынан 120 орындық «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылды. Жергілікті бюджеттен медициналық мекемелердің материалдық базасын нығайтуға 2,6 миллиард  теңге бөлініп, 2 эндобейнехирургиялық кешен, 3 УДЗ аппараты, 2 қарқынды терапияға арналған көліктік инкубатор,  10 жаңа туған нәрестелерге арналған ашық реанимациялық жүйе алу жоспарлануда. Денсаулық сақтау нысандарын материалдық техникамен жабдықтау деңгейі 85,1 пайызды құрап отыр. Жыл соңына дейін облыстық онкологиялық орталықтың құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі.  Есепті кезеңде қатерлі ісіктерден болатын аурушаңдық 15, өлім-жітім 9,7,  туберкулез ауруларының деңгейлері 4,6, нашақорлық  35,6 пайызға төмендеген.

– Облыста көп жұмыс атқарылды. Мәселен, өңірдің туристік әлеуетін арттыру мақсатында «Тектұрмас» этно-тарихи кешені қайта қалпына келтірілді. Жеке инвестиция есебінен «Қаралма» тау-шаңғы кешенінің құрылысы жүргізілуде. «Көксай» этно-тарихи кешенінің құрылысы жоспарлануда. Жамбыл облысында мемлекеттік бағдарламалардан бөлек, аймақтық деңгейдегі жобалардың да орындалу қарқыны ерекше. Соның бірі – «Асар» жобасы. Жоба аясында өткен жылы 99 мұқтаж отбасы ауылдастарының көмегімен баспаналы болды. Биыл 137 үйдің құрылысы басталып, бүгінде оның 18-і пайдалануға берілді. «Таразға тарту» жобасы аясында 42 нысанда абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, Елорда күні қарсаңында оның 16-сы пайдалануға берілген болатын. «Жомарт түлек» жобасы шеңберінде табысты түлектердің демеушілігімен 3 STEAM зертханасы ашылып, 3 спорт кешені салынған. Тағы осындай 4 кешеннің, 6 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жоспарлануда, – дейді басқарма басшысы Г.Жауынбекова.

Марат Құлибаев

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support