- Advertisement -

Тамызда 15 күнге ыстық су тоқтатылады

88

- Advertisement -

Алдағы жылыту маусымына  дайындық жұмыстары қазірден басталып кетті. Оның барысы туралы облыс əкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте қаралды.

«Қысқа дайындықты қазірден пысықтамасақ, уақыт деген зымырап өтіп бара жатыр. Әне-міне дегенше, екі айдан кейін жылыту маусымы да келіп қалады. Сондықтан да қазірден өткен жылы жіберілген қателіктер мен кемшіліктерді талқылап, олқылықтарды ескеріп, оның алдын алуға тиіспіз»,  деді облыс әкімі кіріспе сөзінде.

Жылыту маусымына және әлеуметтік нысандардағы жылыту қазандықтарының дайындығы туралы облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Руслан Мұздыбеков баяндама жасады.  Оның айтуынша, алдағы жылыту маусымына әлеуметтік нысандардың дайындығын қамтамасыз ету мақсатында іс-шара жоспары мен облыстық штаб жұмысының кестесі әзірленген. Жоспарға сәйкес, барлық дайындық іс-шараларын ағымдағы жылдың 15 қазанына дейін аяқтау көзделген.

Бүгінде облыста 444 автономды қазандық, 340 километрлік жылу желілері, 103 километрге созылған су және 9369 километрді алып жатқан электр желілері, 2053 километрді құрайтын газ магистралы бар. Сонымен қатар 782 білім, 387 денсаулық сақтау, 466 мәдениет нысандары мен 1622 көпқабатты тұрғын үйдің жылыту маусымына дайындығы қамтамасыз етілген. Жалпы бүгінгі таңда нысандардың дайындығы 58 пайызды құрайды. Таратып айтар болсақ, автономдық қазандықтар – 56,8, білім нысандары – 60,2, денсаулық сақтау нысандары – 60,1, мәдениет қазандықтары – 61 пайызға дайын. 1051 көпқабатты тұрғын үйдің – 64,7 пайызы, оның ішінде Тараз қаласындағы 1309 тұрғын үйдің 792 үйі қысқа дайын.

– Қазіргі таңда отын-энергетика кешендерімен бекітілген іс-шаралар кестесіне сәйкес жылу қазандықтары мен желілерде дайындық жұмыстары атқарылуда. Сондай-ақ облыстағы төрт қаланы отынмен, мазутпен қамту жайы да сөз болды. Сонымен қатар облыс тұрғындары үшін күзгі-қысқы кезеңде 188 мың тонна көмір жеткізу жоспарлануда. Былтырғы жылмен салыстырғанда, қатты отынға деген қажеттілік 58,7 мың тоннаға кеміген. Бұл көрсеткіш өткен жылы газдандырылған 45 елді мекеннің нәтижесінде орын алып отыр екен. Облыс бойынша көмірді сатумен 25 нарық субъектісі айналысуда, орта есеппен Шұбаркөл, Қаражыра көмірлерінің бағасы 14-17 мың теңгеден өткерілуде.

Бүгінгі таңда барлық әлеуметтік нысандар бойынша көмір сатып алуға мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп, жеткізушілермен келісімшарт жасалған. Денсаулық сақтау және мәдениет нысандарына көмір 1 қыркүйекке дейін білім нысандарына 1 қазанға дейін толық жеткізілмек.

– Өзіңіз тапсырғандай, Тараз қаласының тұрғындарына биыл ыстық су кедергісіз беріліп келді. Ендігі кезекте жылыту маусымына дайындық жұмыстарын жүргізу қажеттілігіне байланысты уақытша ыстық суды тоқтатпақ ниеттеміз. Осы уақытта жөндеу жұмыстарын жүргізіп алмақпыз. Тараз қаласында ыстық суды 15 күнге уақытша тоқтату жоспарланып отыр. Бұл кәсіпорындардың жылу желілерінде қысыммен сынақтар жүргізу кезінде анықталған кемшіліктерді қалпына келтіруге бағытталған жұмыстар болып табылады. Ол ақауларды жөндеу арқылы біз жылыту маусымы кезеңінде тұтынушыларды үздіксіз жылумен қамтамасыз ететін боламыз. Аталған жұмыстарды жүргізу үшін 1 тамыздан бастап ыстық суды 15 күнге уақытша өшірмекпіз, – дейді баяндамашы.

Жиында дебиторлық қарыздар да сөз болмай қалмады. Жалпы жылу және ыстық су қызметтері бойынша қалыптасқан дебиторлық қарыз сомасы 968 миллион теңгені құрайды екен.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың «Көгілдір отын барған елді мекендерді табиғи газға қосу қалай жүргізілуде? Ол қазіргі таңда қанша пайызға орындалды? Сондай-ақ әлеуметтік нысандарды газға қосу барысы қалай жүргізілуде?», – деген сұрағына баяндамашы жауап бере алмады.

– Халықпен жұмыс істеу керек. Өткен жылы Қордай, Меркі мен Т.Рысқұлов аудандарына табиғи газды жеткізіп бердік. Елді мекен тұрғындарын «көгілдір отынға» қосу жұмыстары баяу жүргізілуде. «Көгілдір отын» кірген ауылдардағы әлеуметтік нысандарды газға қосу үшін енді қанша жыл керек? – деді Бердібек Машбекұлы. Сөйтіп «ыстық суды не үшін он бес күнге тоқтатылғалы отырғандығын халыққа түсіндіріп, дұрыстап жеткізіңдер» деп тапсырды.

Бұдан кейін облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев, білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Талғат Жамалов, мәдениет, архивтер және құжаттама мен дене шынықтыру және спорт басқармаларының өкілдері Ілесбек Амалов пен Бекболат Мұқановтар өз салалары бойынша жылыту барысына дайындық барысымен таныстырып өтті. Бердібек Машбекұлы бұл басқарма басшыларына да табиғи газ кірген елді мекендердегі нысандарды «көгілдір отынға» қосуды, ал шалғайдағы нысандарға кешіктірмей қатты отынды мерзімінде жеткізуді тапсырды. Келесі кезекте Шу, Сарысу аудандары әкімдерін тыңдап, өзге де аудан басшыларына жылыту маусымына дайындық барысын, қазандықтардың қысқа әзірлігі мен қатты отынмен қамтылуын бақылап отыруды ескертті. Әсіресе Сарысу ауданында өткен жылғыдай жағдайдың қайталануына жол бермес үшін мазут қорын қадағалау қатаң тапсырылды.

Жиын қорытындысында Бердібек Машбекұлы білім нысандары 1 қыркүйекке 100 пайыз қысқа дайын болуы тиіс екенін қайтара ескертіп, тұрғындарды көгілдір және қатты отынмен қамтуды да назарда ұстауды міндеттеді.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support