Қайырымдылықты жүлде алу үшін жасамаймын  

142

«Балық берме, қармақ бер…»

– Меруерт Қаттабайқызы, сізді көпшілік кәсіпкер ретінде таниды. Сіз соңғы кезде өмірлік қиын жағдайдағы балалармен жұмыс орталығына (бұрынғы Қ.Сармолдаев атындағы балалар үйі) демеушілік жасап, сұлулық салонын ашып беріпсіз. Неге сұлулық салонын аштыңыз? Қайырымдылықтың басқа түрін жасауға да мүмкіндігіңіз бар емес пе?

– Ондай орталықтағы балалардың тағдыры ауыр болғанмен, олар үнемі мемлекеттің қамқорлығында. Жүректері жаралы демесеңіз, тамақтары тоқ, көйлектері көк. Әрине, қайырымдылықтың басқа түрлерін жасауға да болады. Сұлулық салонын ашқаным – сондағы балаларға жұмыс көзі болсын дедім. Бүгінде аталған орталықтағы  ересек 40 баланың 15-20 пайызы сол студияға жұмысқа тұрды. Бұл дегеніңіз олар бір кәсіпке бейімделеді деген сөз. Одан бөлек, аспазшылар студиясын тегін ашып бердім. Қазір ол жерде де оншақты қыз тамақ дайындаудың қыр-сырын үйренуде. Жұмыртқа қуырса да, пицца, самса дайындаса да – жұмыс. Жұмыс істесе, табыс табады. Қыз бала – болашақ бір үйдің келіні. Қолынан барлық нәрсе келетін келін – өте қадірлі. Осы жағынан да қыздарға көмегім тиіп жатса, қуанышымның еселенгені. Бір сөзбен айтқанда  мұндағы мақсат – жасөспірімдерді еңбекке баулу. Ертең үкіметтің қамқорлығынан кеткенде өмірге бейім болуына ықпал ету. Қазақта «Балық бергенше, қармақ бер» деген тәмсіл бар емес пе? Менің бұл әрекетімнің де жауабын сол тәмсілдің төңірегінен табуға болады.

– Жетімдерді жебей жүргеніңіз – асыл қасиет. Сізді де тағдыр аяған жоқ. Үш жасыңызда әкеңізден айырылып қалған екенсіз. Қиыншылыққа толы бала күндерді еске алу жеңіл емес болар?

– Жуалы ауданының Тасбастау деген ауылында 1967 жылы  өмірге келіппін. Әкем Қаттабай ауылдағы орта мектепте мұғалім болған екен. Мен үш жасқа келгенде ауырып, өмірден озып кетіпті. Анам Олжакүл 33 жасында жетілмеген бес баламен жесір қалыпты. Сол кезде үлкен ағам 12 жаста ғана еді. Барлық ауыр тауқыметімізді анам көтерген. Өзінің арнайы дипломы да жоқ. Ұжымшарда (колхоз) қандай қара жұмыс бар, барлығын істей берген. Анамның жүрек талмасы да бар еді. Біздерді жетілдіру үшін жүрекке қараған жоқ, күрекке қарады. Жан аямай еңбек еткен. Есіктің алдына жылқы, сиыр, уақ мал ұстады. Қойдың байлауы бөлек, қоздайтыны бөлек, арық-тұрағы бөлек қорада тұратын. Анам Ташкент қаласына мал апарып сатып, ол жақтан мал сатып алу секілді шаруамен айналысты. Байқап отырсам, анашым да кәсіпкерлікке бейім болған екен. Жыл сайын кемі екі жылқыны қысқа қарай байлап, семіртетін. Біреуін соғым ретінде сойып аламыз, екіншісін сатып  біздің керек-жарағымызды алушы еді. Мұның бәрі анамның бізді қатарымыздан қалдырмай өсіру жолындағы қажырлы еңбегі екені анық. Осылай жүріп бізді де жастай еңбекке баулыды. Ағаларымды  айтпағанда, кішкентай сіңлім екеуміз 6-7 сынып оқитын кезімізде қой кезегін бағып келетінбіз. Сиыр саудық, құрт жайдық, келі түйдік. Ол кезде дүкенде нан сатылмайтын. Анам күзде екі тонна бидай түсіріп алып, содан ұн жасап, қыстай нан жауып шығатынбыз. Қазіргідей дайын электрлі табалар жоқ ол кезде. Нанды қаршадай кезімізден сіңліміз екеуміз пешке жауып үйрендік. Бір сөзбен айтқанда жұмысқа икемді, өмірге бейім болып өстік. Бала күннен үйренгеніміз көп. Сондықтан ауыр жағдайда өтсе де, балалық шақты еске алмау мүмкін емес. Кейде сол қиындыққа толы күндерді сағынатын да секілдімін.

«Жиырма жасымда жиырма  адамға бастық болдым»

– Сіздің жоғары біліміңіз бар ма?

– Мұныңыз мен үшін ауыр әрі қызық сұрақ. 1982 жылы 8 сыныпты (орталау мектеп) бітірген соң, Жамбыл қаласындағы (қазіргі Тараз) сауда колледжіне түсіп, үш жылда бітірдім. 18 жасымда сол кездегі Жамбыл қаласындағы шағын аудандағы гастрономға сатушы болып жұмысқа қабылдандым. Бір жыл өткен соң, аға сатушы, ал 20 жасымда 20 адам еңбек ететін үлкен дүкеннің меңгерушісі болдым. Ол кезде талай дүкен меңгерушілері істі болып, темір торға да тоғытылып жататын. «Ойбай, ол жұмысқа әзір дайын емеспін» деп бас тартқаныма көнбей, қаланың сауда саласына жауапты басшылары маған үлкен дүкенді сеніп тапсырды. Ол кезде сабын, қант, май, ұн секілді ең қажетті заттар карточкамен берілетін. Дүкенге ие болу оңай емес еді. Ешкімге қарыз болмай, істі болмай, сол жауапты жұмысты да абыройлы атқарып шықтым. Анамды, бауырларымды ұятқа қалдырған жоқпын. «Досқа күлкі, дұшпанға таба» болмадық. Адам талпынса, мақсатына жетеді екен. Қазақ «Талпынған жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа» деп бекер айтпайды. Өзім де өмірге бейімделіп, ширай түстім. Сауда саласында көзім ашыла бастады. Менде жоғары білім жоқ. Колледж дипломымен-ақ талай белеске жеттім. Бұл – оқымаңдар  деген сөз емес. Бүгінде уақыт басқа, талап басқа. Қазіргі жастар оқуы керек. Бірнеше тіл, бірнеше мамандықты меңгерулері қажет. Сонда ғана әлемді аузына қаратқан еңселі ел боламыз.

– Кәсіпкерлікке қалай бейімделдіңіз? Қазіргі таңда бірқатар мейрамхананың қожайыны болып отырсыз. Осы абыройдың барлығы аспаннан түсе қалған жоқ шығар?

– 1989 жылы дүкен меңгерушісі болып жүрген жерімнен тұрмысқа шықтым. Содан кішкентайлы болып, бірнеше  жыл бала күтімімен үйде отырдым. Екінші ұлым аурушаң болғандықтан 2002 жылы бір кәсіппен шұғылдануыма тура келді. Сол жылдары Таразда мейрамхана бизнесі жаңадан қолға алына бастаған. Жұрт мейрамханаға той жасауға бейімделіп келе жатты. Мен осы қаладағы «Шырын» мейрамханасына аспазшы болып қабылданып, бір жыл үш айдан кейін мейрамхана әкімшісі қызметіне ауыстым. Мейрамхана әкімшісі деген қызметті Таразда алғашқы болып атқарғанның бірі менмін. Кейіннен жаңадан ашылған «Думан шырын» мейрамханасына әкімші болып бардым. Айлығым 300 теңге болатын. Таң азанмен жұмысқа барып, түнгі 3-те қайтамын. Үйге келіп «Менің өз мейрамханам болады» деп, түнімен мейрамхананың сызбасын сызып шығатынмын. Мейрамхана салғанға қанша кірпіш, қанша терезе, цемент, ағаш кетеді деп есептеумен жүретінмін. Сол кезде 300 теңге табыспен жүріп, үлкен мейрамханам болса деп армандайтынмын, сол мақсатыма жететініме сенімді едім. Кейіннен Аллаға шүкір арманымның бәрі орындалды. Адам баласының жас кезде арманшыл, мақсатшыл, талапшыл болғаны жақсы екен. Кейін мейрамханаларды жалға алып, жұмыс істедім. 2006-2008 жылдары Түркістан облысы, Түлкібас ауданында қайынағаларыммен бірге мейрамхана ашып, соңында сол екі мейрамхананы соларға қалдырып, Таразға сандалып қайттық. Ақша жүрген жердің сондай дау-дамайлы жерлері де бар. Өмірдің бәрі тақтайдай тегіс емес қой.

2008 жылы «Балташ» мейрамханасын жалға алып, той өткізе бастадық. Бізге тапсырыс берушілер өте көп болды. Жазды күндері бос күн болмайтын. Кейбір кісілер біздің мейрамхана үшін екі ай бойы кезекте тұратын. Сосын тағы «Түркісіб» деген мейрамхананы да жалға алып, жұмыс ауқымын ұлғайттық. Кейіннен өзім 2013 жылы «Тет-А-тет» деген шағын кафені қасындағы үлкен бассейнімен сатып алып, сол бассейннің орнына қазіргі «Гауһартас» мейрамханасын өзім басқарып жүріп салдырттым. Бассейннің орнын толтыру үшін 80 «Камаз» топырақ төктіргенім есімнен кетпейді. Шүкір, тірлігіміз оңға басты. Тоғыз айда салып біттік. Мұның барлығы заманның тыныштығының, Тәуелсіз еліміздегі тұрақтылықтың арқасында мүмкін болды.

«Елдің еңсесін той бизнесі көтерді»

– «Гауһартастағы» алғашқы той тегін өтті ме? Кейде мейрамхана басшылары сондай қадамдарға барады емес пе?

– Бірнеше мүгедек балаларды асырап алып, сауапты істің басында жүрген Зүлфия деген апай бар болатын. Біз мейрамхана салған жылы сол Зүлфия апай қамқорлығындағы 4 баланы сүндетке отырғызған. «Гауһартастағы» бірінші той сол балалардың сүндет тойы болды. 300 адамға жасадық. Той үстінде мейрамхана атынан Зүлфия апайға «Хундай акцент» автокөлігін сыйладық. «Қамқор ана» қорының төрайымы Әсия Омарқызына 500 мың теңге қолдау көрсеттік. Жалпы, сол тойда 2 миллион теңгеге қайырымдылық жасадым. «Кең болсаң, кем болмайсың» деген қағиданы ұстандым. Мен мейрамханаларды жалға алып жұмыс істей бастағаннан: «Менің қасымда 5 жыл жүрген кісіге алтын алқа, 10 жыл жүрген кісіге Тараздан пәтер алып беремін» деп уәде еткенмін. Менің қолымнан алғашқы пәтерді әкімші Лаура Әндірекбаева, аспазшы Бақыт Қырықбаева деген қыздар алды. Қазіргі таңда 10 адамға пәтер  (бір немесе екі бөлмелі), 32 адамға алтын алқа сатып алып беріппін. Қасымда ұзақ жыл еңбек еткен кісілерге ризашылығымды осылай көрсеттім.

– Індет жағдайына байланысты мейрамханалардағы  тойдың тоқтауы бизнеске қаншалықты әсер етті? Карантиндік шектеуге дейін қазақ қарызданса да той жасады ғой…

– Карантин шектеулерін баршамыз дұрыс қабылдадық. Тұрғындардың амандығы, денінің саулығы – бәрінен қымбат. Сондықтан, мейрамханада күн құрғатпай өтіп жатқан тойлар сап тиылды. Әрине, ешкімге оңай соққан жоқ. Мейрамхана иелеріне де өте қиын болды. Қиналған жоқпыз деп өтірік айта алмаймын. Бірақ, бұл жерде бір мәселе бар. Негізі елдің еңсесін той бизнесі көтеріп тұрған еді. Экономикаға да оң әсері мол болды. Шектеу уақытында тек мейрамхана қожайындары ғана зардап шекті деп келте ойлауға болмайды. Бұл жағдай той қозғалысына қатысы бар барлық салаға кері әсер етті. Мысалы, менің мейрамханамда 48 адам тұрақты еңбек етеді. Оған балық, ет, жеміс-жидек, қымыз-шұбат тасушыларды қосыңыз. Мәселен, біздің мейрамханаға күн сайын тонналап балық, тонналап ет, алма, жеміс-жидек алып келетін іскер адамдар бар болатын. Олардың кейбірі біздің тойхана үшін еңбек ететін. Біз тоқтаған соң, олардың жұмысының бәрі тоқтады. Базарларға килолап алма өткізеді, тонналап өткізгендей қайдан болсын. Мұның бәрін сіз және оқырмандар түсінсін деп айтып отырмын. Өзіңіз байқадыңыз ба, тойдың тоқтауы қаншама жағдайға әсер еткенін. Экономиканы әжептеуір күйзелтіп тұр ғой. Мәселен, әр тойхананың алдында тұрған такси жүргізушілері той күні кемі 15 мың теңге табады екен. Қазір қаланы шыр айналғанда 2-3 мың теңгені әрең табамыз деп «жылап» жүр. Осында жазда студент қыздар даяршы болып еңбек етеді. Мен соларды көріп қуанамын. Олар да отбасына, ата-анасына көмек беріп, табыс табатын еді. Оның өзі – жастарды еңбекке баулу болып табылады. Тойда суретке түсіріп жүретін қыздар да аз табыс таппайтын. Той басқарушы асаба, әнші, видео түсірушілердің табысы тағы бар.

– Сіздің мейрамханада  қазір той өтіп жатыр ма?

– Карантиннің қатаң шектеулері кезінде тоқтадық. Қазір індеттің талаптарын сақтай отырып, 70-80  адамға рұқсат берді емес пе? Адам санын шектеп, өткізе бастадық. Дегенмен, бұрынғыдай ағыл-тегіл адам жоқ. Той өткізуге біз емес, тұрғындардың өздері ықпал етіп отыр. Себебі, тойсыз қазақтың күні бар ма? Жиған-тергенім тойға шашылсын дейтін халықпыз ғой. Дегенмен, бұрынғыдай не болса соны тойлау азайды. Қазір ең маңызды үйлену той, қыз ұзату сосын құдалық өтіп жатыр. Бұл енді қазақтың жасамаса болмайтын, міндетті тойлары ғой!

Той деген – жақсылық пен қуаныш! Той – ақ тілектер тоғысатын күн. Тойда аузы дуалы ақсақалдар бата береді. «Батаменен ел көгереді, жауынмен жер көгереді» дейді қазақ. Той – ұлттық тәрбиенің қайнары. Қазаққа той керек. Бұл қиын күндер де өтер. Тұрғындар да еркін күнге жетер.

«Ковидпен ауырғандарға 43 күн бойы ыстық тамақ тасыдық»

– Танымал кәсіпкерлер арасында  «Жомарт жүрек» деген байқау бар. Қатысып тұратын шығарсыз?

– «Жомарт жүрек» байқауына қатысамын. Сыйлығын да алдық.  Мен бірақ, қайырымдылықты жүлде алу үшін жасамаймын. Адамдық борышым үшін, мұқтаж жандарға Алланың разылығы үшін көмектессем деп жасаймын. Облыстағы өмірлік қиын жағдайдағы балаларға арналған орталығында (бұрынғы Қ.Сармолдаев атындағы балалар үйі) тәрбиеленген 3 баланы демеушілігіммен жоғары оқу орындарына түсуге ықпал еттім. Бірқатар студент қыздарға шәкіртақы төлеп отырмын. Бұрынғы еркіндеу кезде «Қамқор ана» қайырымдылық қорының 150  мұмкіндігі шектеулі балаларын шақырып алып, солармен бірге Наурыз мерекесін өткізіп жүрдік. Былтыр той тоқтап қалған кезде де, қайырымдылығымыз тоқтаған жоқ. Ауруханаларда вирус жұқтырып ауырып жатқан науқастарға 43 күн бойы ыстық тамақ тасып тұрдық. Блогер Мөлдір Анарбаева әлеуметтік желіде  бастама көтерді. Сол бастаманы біз қолдап кеттік. Жалғыз мен емес, мен білетін бірнеше кәсіпкерлер солай жасады. Сол кезде мен қатты толқыдым. Қиын шақта адамдар бір-біріне ерекше көмектесті. Сонда мен: «Жүрегіміз қатайып, қатыгез болып бара жатырмыз ба деп ойлаушы едім. Біздің халықта әлі мейірім, жылы жүрек, адамшылық бар екен. Сақталған екен» деп толқып, талай күн көзіме жас алып жүрдім.   Мұндай қайырымдылықтар Құдай бұйыртса, алдағы уақыттарда да жалғасын таба береді деп ойлаймын.

– Қоғамға қосып жүрген осындай қайырымдылық үлестеріңіз бар. Сіздің  марапат, медальдарыңыз көп пе?

– Ешқандай жердің Құрметті азаматы емеспін. Ондайға ұмтылған да сәтім жоқ. Бірақ, бұйырған марапаттарым бар. Батыр атамыз Б.Момышұлы атындағы  «Батыр шапағаты», Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған мерекелік медальдардың иесімін. Былтыр індет кезіндегі жұртпен бірге атқарған жұмыстарымыз да еленбей қалған жоқ. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Халық алғысы» медалін иелендім. Өз басым марапат іздемеймін де. Одан да қолымнан келсе, халыққа қызмет ете бергім келеді.

«Талаптыда тоғыз бала туған әйел болмайтын»

– Сұхбаттың басында Жуалының Тасбастауындағы үйлеріңізді анаңыз сатып, Таразға қоныс аударғанын айттыңыз. Ауылға барып тұрасыз ба? Сол қара шаңырақ сақталған ба?

– Қазақта қара шаңырақ ұғымы – өте биік ұғым. Оны біреу түсінеді, біреу түсінбейді. Әрине, әкеміздің ізі қалған үй – бізге қара шаңырақ. Оны енді анамыз сол кездегі жағдайға байланысты сатып, үлкен қалаға көшкенін де дұрыс түсінемін. Бас иесі болмаған соң, ол кісі бізді жәутеңдетпей жеткізудің қамында жүрді. Бағымызға орай ол үйді бізден сатып алған кісілер әлі бұзбай, сонда отыр. Кейде екі жылда, кейде бір жылда барып құран оқытып тұрамыз. Анам Тараздан да жер үй алды ғой. Кішілеу болса да. Анамның ол қара шаңырағы да сақталған. Шүкір дейміз!

– Анаңызды әңгіме барысында көп айттыңыз. Нағашыларыңызбен сыйластығыңыз жақсы ма?

– Нағашыларым Жуалының Талапты ауылында тұрады. Ол – аңыз жазушы, қайраткер Шерхан Мұртазаның ауылы. Ол жаққа бала күнімізде көп бардық. Әлі де барып тұрамыз. Қорғанбай атты нағашы атамның 12 ұл-қызы болды. Солардың ішінде Ақылжан Мамыт белгілі журналист. Жалпы, сол жылдары байқағаным, Талапты ауылында 9 бала туған әйел болмайтын. Әр үйде ең кемі 10 баладан. Әйтпесе, 11-12 ұл-қызы бар үйлер аз болмаушы еді. Нағашы ауылдағы әрбір ана мейірімді, шуақты болатын. Осындай жақсы, жайсаң жұртпен неге сыйласпайын. Нағашы жұртыма барып тұрамын. Шерхан Мұртаза көкемізді бала күнімізде көп көрмесек те, кейіннен біраз көрдік. Зейнетке шығып Таразда жүрген жылдарында біраз тойларда да кездестік. Жоғарыда мен атап өткен Талаптыдағы әр үйдің ұл-қыздары өмірден жақсы орындарын тапты. Көпбалалы үйдің балалары мейірімді, қайырымды, бір-біріне жанашыр болып өседі екен.

«Гүлдара Нұрымованың орнына төрайым болдым»

– Қазір облыстық  «Іскер әйелдер» қауымдастығын басқарасыз. Мұнда келгеніңізге көп бола қойған жоқ. Жұмысты неден бастап жатырсыз?

– Дұрыс айтасыз, «Іскер әйелдер» қауымдастығына төрайым болғаныма бірнеше ай ғана өтті. Гүлдара Нұрымова ҚР Парламенті Мәжілісіне депутат болып сайланған соң, қызметі маған жүктелді. Осы кезге дейін аталған қауымдастықтың белсенді мүшесі едім. Бұл өзі – үлкен ұйым. Облыста 85 белсенді мүшесі бар. Ал аудандарды қосқанда 350 әйел осы қауымдастықтың мүшесі. Түйіндеп айтқанда, өңірдегі әйелдердің басын қосып, жұмысын үйлестіріп отыратын, ізгі бағыттарға жетелейтін – ұйым. Қауымдастық аясында «Бақытты отбасы» орталығы  және «Отбасын қолдау мектептері» жұмыс істейді. Мақсат – көпбалалы аналарды кәсіпкерлікке баулу, өмірге бейімділігін ояту. Көпбалалы аналар да: «Мен бала тудым, болды» демей, бір кәсіпке бейімделіп, перзенттерін де еңбекке баулығаны жөн. Осы бағытта  қызмет жасаудан жалықпаймыз.

– «Іскер әйелдердің» індет кезіндегі белсенділігі қандай?

– Жақсы. Жауапкершілікті түсінеді барлығы. Қазіргі таңда   қауымдастық мүшелерінің қолдауымен Тараз қаласы және Меркі, Байзақ, Жамбыл аудандарының ауруханаларына 12 жасанды өкпе аппаратын (конденсатор) алып бердік. Бірқатар  «Жедел жәрдем» көлігінің мейірбике қызметкерлерін  арнайы киіммен қамтыдық. Жақсылық жасау жолында аянып қалып жатқан жоқпыз.

– Сұхбат соңында бауырларыңыз және отбасыңыз жайлы айта кетсеңіз…

– Үш ағам да – кәсіпкер, өздерінің фирмалары бар. Өзіммен жағаласып есейген тете сіңлім Айгүл қазір «Гауһартас» кондитерлік орталығының директоры. Анам 63 жасында өмірден озды. Мен сол кезде 33 жаста едім.

Жолдасым Нышанәлі менің бір жағымда болысып жүр, осы мейрамхана ісін дамыту жолында еңбек етеді. Үлкен ұлымыз Самат Алматы энергетика университетін бітірген. Өзіміздің мейрамханалардың да жарықтануы, электрге байланысты жағына Самат жауапты. Екінші ұлымыз Әсет М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «Дәмхана бизнесі» мамандығы бойынша бітірген. Қазір «Інжу-Маржан» атты екінші мейрамханамызды басқарып жүр. Сымбат қызым 10 сынып оқиды. Болашағынан үлкен үміт күтіп отырмыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан Есет ДОСАЛЫ.

Comments are closed.