Бір бау шөп 750 теңге

44

Аса ауылындағы «Мирас» шаруа қожалығының егінге орақ салғанына бір аптаның жүзі болды. Ауыл іргесіндегі 70 гектар алқаптың егінін жинап жатқан қожалық жетекшісі Бикен Шманованың айтуынша, олар бүгін бұл алқаптың егінін аяқтап болған соң, көршілеріне көмектеспек ниетте екен.

Қожа лық арпаның әр гектарынан орта есеппен 7,7 центнер өнім жинапты. Дәнін қамбаға құйса, алқапта қалған сабанды баулап, мал қыстауларына тасуда. Ал Аса ауылдық округінің әкімі Бауыржан Қалшымбетов биыл округте арпа – 880 көкөніс – 340, жоңышқа – 227, картоп – 38, мақсары – 36, жүгері – 31 гектар алқапқа орналастырылғанын жеткізді. Бұл дақылдардың арпа- бидайдан өзгесі тамшылатып және жаңбырлатып ылғалдандырылуда.

Аудан бойынша алатын болсақ, биыл 18537 гектар алқапқа масақты дәнді дақылдар себілген. Оның 4562 гектарына бидай, 13975 гектарына арпа орналастырылған. Бүгінде егін орағына 38 комбайн, 33 жүк көлігі араласуда. Қазіргі таңда егіс алқаптарының 6850 гектары орылып, қамбаға 5281 тоннадан астам дән құйылған. Жалпы әр гектардан алынған өнім ауа райының құрғақ болуына байланысты орта есеппен 8,7 центнерден айналуда.

Бірлесу-Еңбек ауылындағы «Дәулет» шаруа қожалығы биыл 300 гектар алқапқа арпа, 100 гектарға жоңышқа сепкен екен. Қожалық егінін жинау үстінде. Сонымен қатар шөп жинау науқаны да қатар жүргізілуде. Шаруашылық сай-саладағы 50 гектар шабындыққа орақ түсіріп, оны тайлап, оның әр бауын ауыл тұрғындарына 750 теңгеден өткеруде.

Биыл 159 мың тонна мал азығын дайындау жоспарланған. Шөп ору науқанына 48 шөп орғыш комбайн, 60 шөп тайлағыш, 130 жүк көлігі араласуда. Бүгінгі таңда 31776 гектар алқаптан 91 тонна шөп, 11 мың тонна пішендеме, 3560 тонна сабан жиналса, егіс алқаптарынан 1479 тонна арпа-бидай мал азығы ретінде қоймаға құйылған.

– Биыл жамбылдық шаруалар шөптен тапшылық көрмейтін болады. Орақ науқанының барысын көзбен көру барысында оған тағы көзім жетті. Негізінде ауданда 8385 гектар шабындықтан бөлек, мал азығын дайындауға сай-сала мен тоғандар жағалауындағы 439 гектар жер бөліп берілген. Алда шөп жинау маусымын сәтті аяқтасақ, төрт түліктің қыстан күйлі шығатынына ешқандай күмән жоқ, – деді аудан әкімі Сәкен Арубаев.

Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ,

журналист.

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.