Ыстықта сая, суықта пана болған арысымызды неге ұмытамыз?

238

Қалам ұстаған соң  ауданға қатысты тарихтың үдере көшкен мазасыз  көш – керуеніне жиі үңілетініміз  бар. Терең бойлаған  сайын, көңіл түкпірінде сан қилы сауалдар көлденең көлбеңдеп  қалатыны  тағы рас.

Осыдан  үш жыл  кейін  қарт журналист әрі шежіреші  Төкен Мақашевтің «Өткен өмір елестері» атты  тарихи дерекнамасын құрастырып, жарыққа шығуға үлес қосқан едік. Иманды болғыр ақсақал ХХ ғасырдың басынан  90 жылдарға дейінгі  ауданда болған тарихи оқиғаларды нақты деректермен, құжаттармен тұздықтап тізіп, түгендей беріпті. Соның ішінде ашаршылық  алапаты мен қуғын – сүргін  зұлматына қатысты дәйектер өте құнды. Әсіресе, Арқадан бетпақты тіліп өтіп, қынадай қырылып есеңгіреген  елдің алдынан  азық – түлік, киім – кешек керуендерімен күтіп алып, өлім – жітім санын төмендеткен Ораз Жандосов пен оның қасындағы көмекші серіктері туралы кеңінен айтылады. Әрине, жергілікті  жерді бес саусақтай білетін ел белсенділері  болмаса бір Жандосовтың жанайқайымен  көп шаруаның тетігі шешілмес те еді. Өлкелік  өкіл әу бастан  жанына  сауатты  да ілкімді, істің  түйінін тарқата алатын ауыл азаматтарын  іріктеп алады. Солардың ішінде  аудандық тұтынушылар одағының  төрағасы Ахмедия Сармолдаев  та бар болатын. Әулиеатадан  жеткен  жәрдемді халыққа қылдай қылып тарату үшін арнайы комиссия құрылады да оның жетекшілігіне  Ахмедияны  сайлайды. Бұл жерде орда бұзар отыздағы жігіттің ешкімге бұра тартпайтын  әділдігі  көпті көрген Ораздың назарында болғаны анық. Осы жауапты  мәселені  тиянақты аяқтап, ашыққан халықтың есін жиғызып, 1933 жылы сәуір айында  аудан орталығы  бүгінгі көне Саудакенттің жұртына  орнығады.

Ал, атқарылған  іс- шаралар сол жылдың 1 маусымындағы «Оңтүстік Қазақстан» газетінде  түгелдей баяндалады. 1933 жылы қыркүйек айында аудандық активтің  кеңейтілген  жиыны өтіп, сол басқосуда  Әулиеатадан, Шымкенттен жететін  азық – түлік керуендерінің тасымалы қиындағанына байланысты өзен – көлдерден, тау шатқалдардан  балық, аң – құс атып, қыстық азық – түлік қорын молайту  туралы арнайы шешім қабылданады.  Бұл жауапты жұмысты да Жандосов Ахмедияға  сеніп тапсырады. Шұғыл түрде облыстан мылтық, оқ – дәрі, ау, қармақ  сияқты тағы басқа қажетті  құралдар  жеткізіледі. Міне, осындай жанкешті іс- қимыл  тірліктің  нәтижесінде аштықтан  аш-құрсақ  болып үздіксіз келіп жатқан қамкөңіл жандар қыстан  қиналмай  шығады.  Арнайы балықшылар, мергендер бригадалары  ұйымдастырылады. Олардың орталық штабы  қазіргі Жайылма маңындағы №9 ауылда орналасады.  Толарсақтан  саз кешіп, сол шаш етектен  келетін өте маңызды шаруаны Ахмедия Сармолдаев  шебер ұйымдастырады. Іскер жігіттің  сауаттылығы мен ерекше  қабілет – қарымын бағалаған  Ораз Жандосов 1934 жылы Алматы облыстық  атқару комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалғанда Ахмедияны өзінің  қасына  шақырады, жер бөлімі бастығы  қызметін береді. Бұл – ауылдан келген  жігіт үшін өте жауапты тапсырма еді.  Алматыда екеуі үй арасында үй жоқ көрші тұрыпты.  Репрессияның  дауылы үдеген 1938 жылы қазан айында екі боздақ  бір кеште тұтқындалады да, көп ұзамай үштіктің үкімімен ату жазасына кесіледі. Үйді тіміскілегенде Сәкен Сейфуллиннің  «Тар жол тайғақ кешу» кітабын тауып, сондағы жазылған «Қадірлі досым Ахмедияға» деген қолтаңбаны басты факті қылады.

Алаш  арыстарының  басына түскен таудай тауқымет Ахмедия жанұясын айналып кетпейді. Арқа сүйер  азаматынан, баспанасынан айырылған  шерменде  Балбырауын төрт баласымен  Сарысуға жансауғалап  әрең жетеді. Алайда, «Халық  жауының отбасы» деген қаһарлы  қара таңбаның  қиямет – қасіреті  мұнда да  күтіп тұр еді. Емшектегі жас сәбиіне  қарамастан Ахмедияның жұбайын  Мойынты – Шу, Жамбыл  — Шолақтау теміржолы құрылысының бел қайыстырар ауыр жұмыстарына күштеп салады. Буыны бекімеген төрт бірдей ұл – қыз ұлардай шулап, қорғансыздың күйін кешеді. Бауырларына баскөз  15 жасар Өтебайды  мектепке де  жолатпай, басына әңгір таяқ орнатып, қуғындай берген соң ол Қарағандыдағы нағашы жұртына бас сауғалап кетеді. «Мен ол кезде екі жасар шақалақпын. Ауыр еңбекке жегілген анамның  етегіне  жармасып жүргенім еміс – еміс есімде. Ағамды ауылдан аластатып, күн көрсетпей қаңғытып жіберіпті. Он үш және он бір жастағы әпкелерім әрбір туыстың үйлерін  жағалапты. «Халық жауының тұқымы» деген пәлекеттің зардабынан арылу  өте қиынға соқты. Соғыстың  алдында  ағам Өтебай қайта елге оралып, үйленді. Әйтеуір  жеке түтін болдық. 1941 жылы ағам соғыстың сұрапылына  аттанды. Шықпа жаным, шықпамен жетілдік. Менің бүгінге дейін ұмытпайтыным, құрдастарым сияқты  комсомол  қатарына қабылдамады. Осы оқиға жас жүрегімде  мәңгі із қалдырды.  «Халық жауының тұқымына сенуге болмайды» деп кесіп айтты.  Тек, 1957 жылы маусым айында Сейфуллин, Жандосовтармен қатар әкеміз Ахмедия да саяси ақталды.  Ақтау қағазын алып тұрып, ағам Өтебай екеуіміз  тұншыға көз жасымызға ерік бердік, өткен қиын күндер еске түсті. Содан былай бізге деген көзқарас өзгере берді, сірескен тоң жібіді.  Жиырма жыл бойы өкіметтен « тәйт әріні» күнде естіген біздің отбасыға оңай болған жоқ. Бірақ, налымадық, жүнжіп кетпедік, алға ұмтылдық. Әкеміздің  қорымын көп іздедік. НКВД – ның  құжаттарымен  терең таныса жүріп, әкеміз  қараша айында атылып, алаш арыстарымен  бірге Алматының  маңындағы Жаңалық зиратында  мәңгі дамылдағанын  анықтадық», — деп қамыға еске алатын марқұм Өтелбай Ахмедияұлы. Атадан балаға  қанмен ауысып отыратын тектілік деген бар қазақта. Репрессия отына жазықсыз күйіп кеткен  арда азаматтың екі ұлы да жоғары білім алды, әкелері іргетасын қалап кеткен  ауданның өсуіне, көркеюіне айтулы үлес қосты. Өтебай, аудандағы кәсіптік- техникалық училищесінің ұйымдастырушысы, әрі директоры болды. Аудандық  партия комитетінің  бақылау комиссиясын басқарды.  Өтелбай, қызметтің  барлық саласынан өтіп, совхоз директоры қызметінде ұзақ жылдар істеді.  «Сарысу ауданының Құрметті азаматы» мәртебесіне  қол жеткізді. «Алмас қылыш қын түбінде жатпайды» деген осы.

Өкініштісі сол,  аудан тарихында өшпестей із қалдырып, жазықсыз  жаны оққа байланған атпал арыстың артында бір белгі жоқ. Бұл енді  биліктің  бишігіне  еге болып жүрген оқыған, білімді азаматтарға сын. Ұлттық сананы бүтіндеудің жолын қашанда көрсетуден  жалықпайтын  Елбасымыз өзінің «Рухани жаңғыру» мақаласында «Өткен тарихымызды таразылап, қазбалап, қиын – қыстауда туған жеріне, еліне  ыстықта сая, суықта пана болған ата – бабалар  ерлігін ұлықтауды ұмытпауымыз  қажет. Бұл қадам, бүгінгі ұрпақтың  патриоттық  сезімін  оятады, отан сүйгіштікке  тәрбиелейді», — деп  бағдар береді.

Қазіргі  таңда Саудакент ауылдық мәдениет үйі күрделі  жөндеуден  өтіп жатыр.  Ғимарат алдындағы  кең алаң келешекте  тұрғындар серуендейтін  демалыс  саябағына  айналмақ. Бүгінгі   тұрған  Ораз Жандосовтың бюсті бір шетке ығысып, бір жақ қапталына  Жанайдар Садуақасовтың  да ескерткіші қойылмақ екен. Егер солардың қатарында тіршілігінде  тізе қосып жұмыс істеген, осы ауданның төлтума арысы Ахмедия Сармолдаевтың да жарқын бейнесі бой түзесе  қандай жарасымды болар еді.  Халқы үшін  жанпида  болған  арысымыздың алдында  бүгінгі ұрпақтың  мойнындағы парызы мен қарызы өтеліп, осыған дейін аты аталмай келген киелі  аруақтың сауабын алар едік.

Мәселенің  осы жағын  ауыл, аудан басшылары  жете зерттеп, ойланса екен дейміз.  Тәуелсіздігіміздің  отыз жылдығының да түпкі мақсат – мұраты да осы емес пе?

Б.Садуақасов,

Сарысу ауданы

Comments are closed.