- Advertisement -

Жерді мемлекетке қайтаруда ауыл әкімдері не істеп жатыр?

121

- Advertisement -

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте жайылым және егістік жерлерді тиімді пайдалану жайы қаралды. Аймақ басшысы «Жер бос жатпауы тиіс, жер халыққа қызмет етуі керек» дей келіп, пайдаланусыз жатқан егістік және жайылымдық жерлерді қайтару бойынша құрылған жұмыс тобының есебін тыңдады.

Жұмыс тобының жүргізген зерделеу жұмысының қорытындысымен облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Бақтияр Көпбосынов таныстырды. Оның айтуынша, жұмысшы топ құрамына аудан әкімінің орынбасарлары, ауыл шаруашылығы, ветеринария, жер қатынастары, жер инспекциясы басқармаларының қызметкерлері мен прокуратура өкілдері енгізіліпті. Жүргізілген зерделеу барысында облыс аумағында 252 277 гектар жайылым жер пайдаланылмай жатқаны анықталған. Соның ішінде Мойынқұмда – 56 мың, Сарысуда – 42 мың, Қордайда – 37 мыңнан астам жайылым жерлер игерусіз жатыр екен.

Жұмыс топтарымен жүргізілген түсіндіру жұмыстарының қорытындысында 269 891 гектар жайылымға мал басы тіркелді. Сондай-ақ көлемі 6 124 гектарды алып жатқан 120 жер учаскесі иесіз мүлік ретінде есепке алынып, 11 630 гектар жайылым жерді егелері өз еріктерімен мемлекет меншігіне қайтарған.

Бұдан бөлек, биыл облыс көлемінде 82 мың гектар пайдаланбаған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша аудан бөлінісінде жоспар бекітіліп, жұмыстар жүргізілуде. Бірінші жартыжылдық қорытындысымен 55 826 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, жоспар 68 пайызға орындалған. Оның егістігі – 3 822, жайылымы – 52 мың гектарды құрайды.

– Қазіргі таңда Мойынқұм ауданында – 13915 гектар жер қайтарылып, жоспар – 127, Т.Рысқұлов ауданында – 15877 гектар қайтарылып, жоспар – 144 пайызға орындалған. Ал жоспарды бүгінгі күнге Байзақ – 11, Жуалы – 19, Шу ауданы – 28 пайызға ғана орындап отыр. Егістік жер мәселесіне келсек, жұмысшы топтар тарапынан барлығы 19 346 гектар егістік пайдаланбай жатқаны анықталды. Бұл жерде ең жоғары көрсеткіш Таласта – 5 168, Шуда – 5 039, Меркіде – 4 076, Қордайда – 2 240 гектар алқап осы аудандардың үлесіне тиесілі, – дейді Бақтияр Бейсембайұлы.

«Біз әрбір ауылдық округтің айналасында қанша гектар егістік, қанша гектар жайылымдық жердің пайдаланылмай жатқанын анық білуіміз керек. Сөйтіп барып, алдағы жылы егіске қанша, жайылымға қанша гектар жер берілетінін айтатын болуға тиіспіз. Ол пайдаланылмай жатқан жерлер ел игілігіне қызмет етуі керек. Сондай-ақ орман қоры жеріндегі жайылымдарды да пайдалану жолдарын қарастырған дұрыс болады», – деді Бердібек Машбекұлы.

Баяндамашы орман қорындағы жайылымдық жерлер шаруа қожалықтарына тегін жайылым ретінде берілсе деген ұсыныс айтты.

– Орман қорындағы жерлерді шабындыққа пайдалану керек. Одан кейін мал жайылымына берген дұрыс. Қазіргідей қуаңшылықта бұл шаруаларға үлкен көмек болар еді. Бұл үнемі айтылып келеді. Ондағы шабындықты ертерек орып алмасақ, бекерге күйіп кетеді. От тисе өртке оранып, орман қорына үлкен зияны тиеді. Сондықтан орман қоры жерлерін де тиімді пайдалану жолдарын бірлесе қарастыру керек, – деді облыс әкімі. Сөйтіп тиісті басқарма басшыларына оны реттеуді тапсырды.

Сондай-ақ баяндамашы атқарылған жұмыстар нәтижесінде жер қатынастары басқармасымен бірлесіп жайылым жер мәселелерін шешу, босалқы жер қорындағы жерлерді айналымға енгізу, игерілмей жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша аудандар бөлінісіндегі индикаторлар тізбесімен де таныстырды.

Бұдан бөлек, кеңесте облыс әкімдігі жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Әбілхайыр Тамабек пен табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айбар Әділбақов мал жайылымдары мен егістік жерлердің барысы туралы сөз етті.

Бұдан кейін облыс әкімі онлайн режімінде пайдаланылмай жатқан жерлер бойынша төмен пайыз көрсеткен Шу, Қордай, Сарысу, Жуалы мен Байзақ аудандарының әкімдері мен орынбасарларын тыңдап, бұл бойынша жұмысты жандандыруды міндеттеді.

Жиын қорытындысында облыс әкімі Бердібек Машбекұлы жұмыс тобының жаман жұмыс істемегенін тілге тиек етіп, бұл жұмысқа ауылдық округтердің әкімдерін тарту керектігін айтты. «Біз көбінде басқармалар мен аудан әкімдерінің есебін тыңдаймыз да қоямыз. Бұл жұмысқа ауылдық округтердің әкімдерін тартып, апта сайын әрбір ауданнан бір-бір ауыл әкімінің пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекетке қайтару бойынша не істеп жатқанын жұмыс тобының кеңесінде тыңдауды үрдіске айналдыру керек. Жер басқармасы мен ауыл әкімдері ауыл маңайындағы жайылым жерлерді реттестіру бойынша меморандум жасасуда. Мұны біз облыста алғашқылардың бірі болып қолға алдық. Ауыл тұрғындарымен меморандумға қол қою арқылы біз олардың мал басын көбейтуіне алда бар жағдайды қарастырып, жайылым жермен қамтитын боламыз», – деді. Сөйтіп аймақ басшысы бұл жұмысты 1 қазанға дейін толық аяқтауды жұмыс тобына тапсырды.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support