«Дельта» дегбірімізді қашыра бастады

19

Мутацияға ұшыраған COVID-19 індетінің үнді штаммы тіркелгелі елдегі эпидахуал күрт нашарлай бастады. Қазақстан ауру өршіп тұрған қауіпті аймақтар қатарына енгелі де айға жуықтады. Коронавирустың таралуын бағалау матрицасы бойынша қазір жағдайы тұрақты екі-ақ өңір қалды. Ал облысымыз – екі аптадан бері «сары» аймақта! Аурушаңдық деңгейі күннен-күнге өсіп, тәуліктік көрсеткіш 100-ге жуықтап келеді

Мамандар соңғы аптада жедел жәрдем шақыртушылар саны артқанын, ауруханаға түсіп жатқан науқастар да көбейгенін айтып, алаңдаушылық білдіруде. Эпидемиологиялық ахуалдың бұлайша тез өзгеруіне әсер еткен дүниежүзін дүрліктірген «Дельта» штамы екенін алға тартып отыр сала басшылары. Әлемнің 111 еліне таралып үлгерген COVID-19 індетінің үнді штаммының біздің облыста 11 жағдайы – Шу, Мойынқұм, Талас, Қордай аудандары мен Тараз қаласында тіркеліпті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев өңірде өткен тәулікте КВИ-дың 77 жағдайы анықталып, тәуліктік өсім алдыңғы күнмен салыстырғанда 6 жағдайға немесе 8 пайызға өскенін де осы жағдаймен байланыстырып отыр.

– Кеше пневмонияның 58 жағдайы тіркеліп, алдыңғы тәулікпен салыстырғанда 16 жағдайға төмендегенімен, аурушаңдық деңгейі өсіп келеді. Жедел жәрдем шақыртуларының артуы – соған дәлел. 16 шілдеге сағат 07.00-дегі түскен ақпарат бойынша жалпы 2075 төсектік инфекциялық стационарларда ем алып жатқан науқастар саны 1164-ке жеткен. Төсек орындардың толуы 56 пайызды құрап отыр. Бір күнде 130  науқас сырқаттанып, ауруханаға түскен. Ал реанимацияда 62 науқас жатыр, — деді Әсет Әскерұлы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Басқарма басшысы вакцинациялау науқанында  қолданылып жатқан барлық екпе түрлерінің «Дельта» штамын тежеуге мүмкіндігі бар екенін айтты. «Қазір вирустың қаупі арта түсті. Оның адам денсаулығына тигізер зарары күшейді. Үнді штамы басқаларына қарағанда 50 пайызға тез жұққыш және жұқтырған науқастарда аурудың өте ауыр өтетіні байқалып отыр. Сондықтан, мамандардың ескертулеріне құлақ асу керек. Той-думанға бармай, көпшілікті жиып ас беруді тоқтата тұру қажет. Әр азамат өзі үшін, айналасындағылардың денсаулығы үшін жауапты. Сақтықты ұмытпау керек. Вирустың таралуын тежеудің тағы бір жолы – вакцинациялау. Рас, вакцина салғызған адам, коронавируспен ауырмайды деп кесіп айтпаймыз. Екпе аурудың алдын алып, індетке шалдыққан жағдайда ауруды жеңіл өткеруге жәрдемдеседі», — деді Әсет Қалиев.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нейлә Муликова коронавирусқа қарсы екпе туралы әлеуметтік желіде таралып жатқан ақпараттар негізсіз екенін айтты. Ал вакцинаның қысқа уақытта дайындалуына қатысты: «Қазір ХХІ ғасыр – ақпараттық технологиялар дәуірі. Барлық процесс автоматтандырылған жүйеге көшкен кезең. Ақпараттың өзі өте жылдам таралатын шақта, вирустың табиғатын зерттеу мен екпе жасауға кеткен уақыт жеткілікті мерзім», — деген дәйекті жауапты алға тартты Нейлә Орынбасарқызы.

Өңіріміздегі 43 егу пункті  23 алғашқы медициналық көмек көрсету ұйымында орналасқан. Оның 15-і –  қалада, 28-і аудандарда. Облыс бойынша 18 жастан жоғары 582 мың адам коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациялауға жатады деп жоспарланған болса, қазіргі таңда, 255 151 тұлға екпе алып, қамтылу көрсеткіші 43,8 пайызды құрады.

Ардақ Үсейінова

Comments are closed.