Құрбандықты онлайн да шалуға болады

18

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облысымыздағы бас имамы, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев пен осы мешіттің найб — имамы Ержан Аманбаев «Карантин жағдайындағы құрбан айт» тақырыбында БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізді.

Жиын барысында облыстың бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев Құрбан айттың қасиетті мереке екеніне, мал дүниесі белгілі мөлшерге жеткен кісіге құрбан шалу уәжіп  саналатынына тоқталды. Дегенмен, ол былтырдан бері карантин жағдайына байланысты құрбан шалу тәртібінде бірқатар өзгерістер барына журналистердің назарын аударды. «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының түсіндірмесіне сәйкес биылғы құрбан шалу екі жолмен жүзеге асады. Біріншісі, мемлекеттік санитарлық – эпидемиологиялық қадағалау органдары тарапынан рұхсат берілген жергілікті қасапханаларда санитарлық ережелерді қатаң сақтай отырып құрбан шалу рәсімін дәстүрлі  жолмен (офлайн) ұйымдастыру. Екіншісі, құрбан шалу рәсімін шариғаттағы «өкілдік» қағидасына сәйкес www.qurban2021. Kz cайты арқылы онлайн түрде жүзеге асыру. Бұл ретте құрбан шалуға ниеттенген кісі  аталған сайт қызметін пайдалана алады. Көмекке зәру мұқтаж жандар да осында тіркеліп, құрбан етінен көмек алуға өтініш берулеріне болады. Нәтижесінде құрбандыққа шалынған малдар талапқа сай сойылып, мыңдаған мұқтаж жандарға еріктілердің көмегімен таратылады. «Қазіргі таңда құрбан шалмай — ақ, қойдың басын аман өсірейік. Құрбандық орнына ақшалай қайырым жасаған дұрыс» деген сынды  халық арасындағы пікірлерді естіп жатырмыз. Құрбан шалу – уәжіп амал. Ол шариғатқа сай жүруі тиіс. Яғни, малдың қаны ағуы тиіс. Алланың әр пендесі құрбанды мал мен басының амандығы, тірлігінің берекелді болуын сұрап шалады. Сондықтан, қойды құрбанға шалғанша, мал басын өсімге қояйық» деген – теріс түсінік»,- деді бас имам.

Найб –имам Ержан Аманбаев онлайн құрбан шалудың тәртібіне тоқталды. «Бұл жерде менің ақшамды біреу пайдаланып кетеді деп алаңдауға негіз жоқ. Сіздің ұялы телефоныңызға  құрбандығыңыздың шалынғаны туралы нақты мәлімет келеді. Онан соң онлайнда құрбан малының бағасы тұрақты. Үлкен қойлар -60 мың теңге, жылқы -350 мың теңгеге бағаланып сойылады. Бір қой бір кісінің атынан, ірі қара жеті кісінің атынан шалынады. Мұхаммед Пайғамбарымыз да сахабаларының біріне менің атымнан құрбандық шал деп өкілдік берген» деп мәселені мейілінше анық түсіндірді.

Спиркерлерге БАҚ өкілдері тарапынан түрлі сауал қойылды.  Сұрақтың дені  құрбан айт намазының биыл қалай оқылатыны жайлы болды.  «Муфтияттың шешімімен биыл құрбан айт намазы әр мешіттің  сыртында оқылады деп шешілді. Өз жайнамаздарыңызды ала келгендеріңіз дұрыс. Айт намазы 20 шілде күні таңғы 6:30-да   оқылады. Жамағатты  алдын ала жинауға рұхсат жоқ. Айт намазы алдында уағыз да айтылмайды. Тез намаз оқылып, жамағат бірден тарап кеткендері дұрыс. Осы жағы ерекше назарға алынуда», — деді облыстың бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев.

Есет Досалы

Comments are closed.