Екінші деңгейлі банктердің есебі түгел ме?

15

Қазір екінші деңгейлі банктерге қарызы жоқ адам некен-саяқ. Алайда былтырғы пандемия кезіндегі көптеген азаматтардың табысынан айырылуы несие алушылардың қатарын біршама азайтты. Төтенше жағдайлар кезіндегі, карантиндік талаптардың ұзақ уақыт жеңілдемеуі бірқатар қызмет көрсету саласының жұмысына кедергі келтірген. Ай сайын жалақы алмаған адамға кім қарыз берсін?! Міне, содан да шығар,  2019 жылы кредит рәсімдеушілердің көрсеткіші  20 пайыз болса, өткен жылы өсім 9 пайызды ғана көрсеткен. Бірінші кредиттік бюро мәліметіне сүйенсек, бөлшек несие портфелі 7,1 триллион теңгені құраған.

Барлық түйткіл қоғамда қалыптасқан көзқарасқа байланысты екені рас. «Жоғарыда көкең болмаса, кәсіп ашамын дегенің далбаса» деген сөз – қазіргі кезде кәсіпкерліктің кең өріс алуына кедергі болып отырғаны да шындық. Жасыратыны жоқ, кезінде шаруа қожалықтар ауылшаруашылығы техникаларын лизингке алу үшін де, өсіріп отырған бау-бағы мен төрт түлігіне субсидия алу үшін де жергілікті әкімдіктерден жаппай тамыр-таныс іздеп жататын. Тіпті, жай ғана тұрмыстық қажеттілік үшін алатын қаржылай несиеге қол жеткізу үшін де банктерде жұмыс істейтін «туысқан» іздеу де «трендке» айналған бір кездері.

Қазір ғой, бірқатар екінші деңгейлі банктер көрсететін қызмет түрлерін мобильдік қосымша арқылы автоматтандырғаны. Соның арқасында ортадағы «делдалдарға» тыйым салынды. «Әп-сәтте, несие алып беремін», деп қарызға батырып, қаржы тұрмақ, қарасын көрсетпей кететін алаяқтардың жолы кесілді. Мобильдік қосымшаның қызметін жетілдіру арқылы, тіпті, биыл несиені де онлайн рәсімдеуге де мүмкіндік алдық. «Әр нәрсенің қайыры бар» десек, пандемияның бір пайдасы осы болды.

Алайда, таяқтың екі ұшы бар. Банктегі рәсімдер жеңілдегенімен, қарызданушылар саны артты. Кейбірі тіпті, бір емес, екеуінен қатар несие алған. Кейбірі бір банктен бірнеше кредит рәсімдеген. Осылайша, ай сайынғы қолына тиетін жалақысын әр алған «қарызына» бөліп беріп отырған жайы бар. Қысқасы, тапшылық пен таршылықты көретін – кредит рәсімдеуші. Ал екінші деңгейлі банктердің есебі түгел. Былтыр Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус инфекциясын пандемия деп жариялағанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде төтенше жағдай режімін енгізіп, екінші деңгейлі банктерге кәсіпкерлерге және азаматтарға берген несиені қайтару мерзімін өсімсіз 3 ай мерзімге кейінге шегеруді тапсырған кезде жұрттың осы жай-күйін ескерген болатын.

Қатаң карантиндік талаптар қызмет көрсету секторларының адымына тұсау салғаны да осы кез. Бірақ, банктен алған қаржысын бір іске, айналымға салып, өндірісі тоқтап қалған ірі бизнесмендер болмаса, қарапайым халық малын сатса да, уақытылы қарызын жауып тұруға тырысты. Себебі, сонау екі мыңыншы жылдардың басында Halyk Bank сияқты азаматтың төлем қабілетіне қатаң қарамай, несиені оп-оңай қолыңа ұстата салған кейбір банктер банкрот болып, соңынан коллекторлардың қоқан-лоққысына көргендер «аузы күйген үрлеп ішедінің» керімен, төлемді тоқтатпауға ұмтылды.

Негізі несие берер кезде кейбір жекелеген қаржылық ұйымдар Halyk Bank секілді азаматтардың төлем қабілетіне қарай бермейді. Несиелендірудегі басқа да тиімді жолдарын жарнамалап, оңай рәсімдеу арқылы тұтынушыны өзіне тартудың есебін тапқандары да бар. Алайда, соңғы жылдарда несие қарызының қайтарымы төмендеген соң, олар да алдымен төлем қабілетіне қарай бастады.

Әсіресе, пандемия кезінде төлем қабілетіне орай банктер несие беруден бас тартқан соң, пайыздық мөлшерлемесі тым жоғары онлайн несиелердің көмегіне жүгініп, ұрынып қалғандар көбейген. Сондықтан Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов онлайн-несие беретін компанияларға тексеріс жүргізу керектігін ескертті. «Төтенше жағдай мен карантин кезінде табыс көзінен айырылған біршама азаматтар несие алуға мәжбүр болды. Мұны микроқаржы ұйымдары, ломбардтар, онлайн-несие беретін компаниялар өз пайдасына шешіп кетті. Мысал келтірейін: «Кредит 24» компаниясының үстемақысы 56 пайызға дейін барады. Егер 100 мың теңге алсаңыз 27 150 теңге үстемақы төлейсіз. Ал төлем уақытынан кешіккен әр күнге 3000 теңге көлемінде айыппұл жүреді. Мені таңғалдыратыны – Қаржы нарығын дамытуды қадағалау агенттігінің шарасыздығы. Бұл мәселе қазір коронавирустан да қауіпті», – дейді Мәжілісмен.

Жалпы қаржы жүйесінің теориялық сипаттамасы былай: Мемлекет пен кәсіпорындардың орталықтандырылған және орталықтандырылмаған ақша қорларын құру және пайдалану процесіндегі қаржы қатынастарының оқшауланған, бірақ өзара байланысқан түрлі салаларын біріктіретін қаржы органдарының жиынтығы. Олар, яғни қаржы мекемелері елдегі макро және микроэкономиканың қаржы жүйесін реттеп отырады, ұлттық шаруашылықты қаржыландыру мен несиелеуге байланысты бөлуді жүзеге асырады. Жалпақ тілмен айтқанда, ақша айналымы. Қаражат түрлі салық төлемдері арқылы жинақталып, жалақы, жәрдемақы, зейнетақы түрінде халыққа қайта беріледі.

Жалпы, елдің экономикалық саясаты неге негізделуі керек? Экономист, республикалық «Байтақ болашақ» экоальянсының төрағасы, жамбылдық Азаматхан Әміртай осы сауалдың жауабын әріден іздейді.

– Экономиканы қозғаушы күштің бірі – бизнес. Бізде бизнеске еркіндік жетіспей жатыр. Саясат, экономика, әлеуметтік жағдай дұрысталмайынша, мемлекет дамымайды. Алдымен саяси жүйе жаңғыруы тиіс. Таза, адал, әділ заң баршаға бірдей болғанда, экономика алға басады. Кәсіпкерлікті өркендету үшін азаматтарға жағдай жасалуы қажет. Мысалы Түркияда қарапайым тұрғын кәсіп ашамын десе, жергілікті билік өкілдері келіп, «сізге не қажет, біз қандай қолдау көрсете аламыз» деп сұрайды. Біз де осылай істеуіміз керек.

Қолдауды материалдық, моральдық деп екіге бөлсек, ауыл тұрғындарына алдымен керегі – екіншісі. Қысқасы, елге жеңілдетілген несие, әлеуметтік қолдау пакетінен бұрын, идеологиялық тұрғыда үлкен көмек қажет. Өмірге деген құлшынысын арттыратын, мотивация керек! Адам қай кезде ешнәрсе істегісі келмейді. Тауы шағылғанда, әділетсіздікке тап болғанда. Мәселен бір отбасы баласын балабақшаға беру үшін таныс іздеуге мәжбүр болса, келінін мектепке жұмысқа орналастыруға пара берсе, оның ертеңге деген сенімі азаяды. Қазір ауылдағы ағайынды қайта серпілтіп, тұрмысты жақсартуға деген ынтасын оятып, сосын қолдау көрсетсек, көп нәрседен ұтарымыз анық, — дейді экономист.

Q4 Business school кәсіпкерлік мектебінің директоры Салтанат Минайханның пікірі де осыған саяды. Ол осы мәселе тұрғысындағы өз ойын: «Тоқыраудың үш түрі қаржылай дағдарысқа (кризиске) алып келеді екен: жан-дүние, білім, рухани тоқырау. Егер сіздің бүгін қалтаңыз тесік болса, үшеуінің біреуіне ұшырадым дей беріңіз», — деп түйіндейді.

Жалпы еліміздің қор нарығында жұмыс істеп жатқан 60-қа жуық екінші деңгейлі банк бар. Қазақстанда Ұлттық банктен басқа, елде қызмет ететін барлық банктер екінші деңгейлі қаржылық ұйым болып саналады. Ал олардың жұмысының заңдық негізі – 1995 жылдың 31 тамызында  қабылданған №2443 «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк әрекеттері туралы» Заңы болып отыр.

Осы заңда көрсетілгендей, Қазақстандағы екінші деңгейлік банк – жеке меншіктен тәуелсіз коммерциялық әрекетті жүзеге асырушы заңды тұлға. Оның қызметі пайда табуға негізделген. Сондықтан олар ел аумағында, сол сияқты оның шекарасынан тыс жерлерде өздерінің дочерний банктерін, филиалдары мен өкілдіктерін ашуға құқылы.

Түйін:  Осы 30 жылдың ішінде еліміздің қаржы жүйесі қалыптасқанын жоққа шығармаймыз. Бірақ тұрғындардың қаржылық сауаты артып кете қойған жоқ. Бастапқыда көпшілігі нарықтың талаптарын түсіне алмады. Себебі посткеңестік елдерде «жеке меншік» ұғымының өзі санаға жат саналатын. Құлаққа түрпідей тиетін. 80 жылдай «ортақ мүлік», «ортақ қазына» деген солақай идеология халықтың бойындағы кәсіпке бейім қабілетті жойды. Қазіргі тілмен айтқанда, төскейге төрт түлігін өрбітіп, айналасындағыларды да жұмыспен қамтып отырғандарды «малшы», «жалшы» ұстады деп айыптаған соң, бара-бара «Ақша ең маңызды мәселе емес» деген қағида қалыптасты. Әйтпесе, «Сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық» дейтін қазақ жалдамалы еңбекті қызмет көрсетудің бір саласы деп қарағаны анық.

Камила Борашова

Comments are closed.