- Advertisement -

Отан – қуат, отбасы – шуақ

719

- Advertisement -

Елбасының бастамасымен жүзеге асып,  7 жылдан бері дәстүрлі өтіп келе жатқан  «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының әр шаңыраққа берер тағылымы мол.    Осы жылдар аралығында  байқауға біздің өңірден 1200 отбасы қатысып, бақтарын сынаған. Мерейі мен шуағы тасыған отбасыларға қарап, тағы мыңдаған жас шаңырақта береке мен бірліктің, бақыт пен татулықтың шамы жанғаны анық.         

Кеше Тараздағы Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақта «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы облыстық кезеңінің биылғы жеңімпаздарын    марапттау рәсімі өтті.  Тағылымға толы  шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты.

    Қазақта «Отан отбасынан басталады» деген қанатты сөз бар. Өте дұрыс айтылған. Себебі, әр ұлттың, әр мемлекеттің болашақ дамуы отбасындағы  тәрбиеден басталады.     Осыдан 7 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауын өткізуді ұсынып, еліміздің барша шаңырағына  өнеге болсын деген ақ ниетін көрсеткен болатын. Шынында да аталған байқау талай ұлағатты отбасылардың танылуына ұйытқы болып, мыңдаған жас отбасылардың бой түзеуіне үлгі көрсетті.  Биылғы бәсекеге  202 отбасы қатысты. Өңірімізде 36 мың көпбалалы отбасылар бар. Мемлекет тарапынан ол шаңырақтарға  көптеген әлеуметтік көмектер көрсетіліп келеді. Еліміздің тыныштығы, бірлігі, татулығы әр шаңырақтың беріктігімен қалыптасады. Осы байқаудың облыстық кезеңіне қатысқан барлық отбасына алғысымды білдіремін,-дей келе Бердібек Машбекұлы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы облыстық кезеңіннің жеңімпазы, тараздық  Умаровтар отбасын марапаттап, оларға 500 теңгенің сертификатын табыс етті.

Умаровтар үш буынды дәрігерлер отбасы. Олардың  жалпы дәрігерлік еңбек өтілдері – 147 жыл. Отағасы, марқұм Мұхтар Умарұлы өмірінің 44 жылын денсаулық саласына арнаған екен. Ал, шаңырақтың киесі бола білген Марифат Азизова   өмірінің 40 жылын ұстаздықпен өткізіпті.  Отағасының дәрігерлік жолын Гулам, Гавхар, Гафур атты ұл-қыздары жалғап, жемісті еңбек етуде. Гулам Мұхтарұлының облыстық мәслихаттың депутаты,облыстық «Қан» орталығының басшысы ретінде қоғамға белсенді үлес қосып жүргінен облыс жұртшылығы жақсы біледі.  Осы әулеттің Шахноза, Айшахон атты немерелері де  болашақ дәрігерлер, бүгінде студент.

Байқаудың жүлделі бірінші орынына  Т.Рысқұлов ауданынан  Исаевтар отбасы ие болды. Отағасы Бауыржан Исаев – 42062 әскери бөлімінің 2-мотоатқыштар бөлімшесінің жүргізушісі болса, отанасы Ботакөз Бакиева Т.Рысқұлов аудандық оқу бөлімінің әдіскері. Бұл отбасы  2019 жылы «Отбасы үлгісіндегі балалар үйін» ашып, өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығынан 6 ұл-қызды патронаттық тәрбиеге алған. Бұл күнде отбасыларында 10 ұл-қыз өсіп келеді. Екінші орынға  Жамбыл ауданынан Тазабековтер отбасы лайық деп танылыпты. Отағасы Тұрғанбек Тазабеков 66 жаста. Ұзақ жылдар атбегілік кәсіппкен айналысады. Жұбайы  Күлшакира Елеубекқызы «Алтын алқа» иегері. Олардың шаңырақ көтергендеріне 42 жыл. Обасында 9 ұл-қыздан 22 немере өсіп өнуде. Бәсі биік байқаудың үшінші жүлдесі меркілік  Жұматаевтар отбасына бұйырды. Отағасы Али Жұматаев «Сұрат» шаруа қожалығын, зайыбы Әлия Әубәкірова «Наурызбай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін басқарады. Бұл отбасы 2006 жылдан бері 100 мүгедек балаларға көмектескен. 25 жасты жұмыспен қамтып, 15 адамға тегін дәрі — дәрмек таратқан. Елорадада екі, Бішек пен Тараз қалаларында 5 студент осы отбасының демеушілігімен алаңсыз тегін білім алуда. Ал жуалылық Мұратаевтар отбасы «Өнерлі отбасы» аталымымен марапатталды.

Байқау жүлдегерлеріне де ақшалай сыйлық беріліп, оларды облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Әмзебек Жолшыбеков, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, облыстық мәслихат депутаты Жұмахан Тәнкебаев, облыстық «Іскер әйелдер» қауымдастығының төрайымы Меруерт Лештаева марапаттады. Жиланғандар алдында Мәдениет саласының үздігі Айгүл Мақашева және Нүргүл Мүсәлі бастаған К.Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының әншілері ән шырқады.

Енді  аталған байқаудың облыстық кезеңінің жеңімпазы Умаровтар отбасы   «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында облысымыздың намысын қорғап,  бақ сынайтын болады.

Есет Досалы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support