- Advertisement -

Ысыраптың «көкесі» құрбан шалуда жатыр ма?

105

- Advertisement -

«Өлмеген құлға құдай-ау, болыпты та қалды енді жаз…» деп эпостық толғауларда айтылғандай, жыл айналып Құрбан айт мерекесі де келіп қалды. Бес күннен соң – Құрбан айт! Құрбан шалу – шариғаттың бұйрығы, Алланың үкімі. Оған ешқандай талдау мен талқылау жүрмейді. Дегенмен, ысырапшылыққа жол бермеу, көпшілік орынның тазалығы секілді мәселесіне келсек, ойланатын тұстар көп тәрізді.

Мұны неге тәптіштеп айтып отырмыз? Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде Құрбан айттан кейін құрбанға шалынған малдың басы мен ішек-қарны қоқысқа таудай болып үйіліп, сасып-бықсып қалатыны жайлы жиі айтылуда. Мұны желіден көргендер «Бұл – барып тұрған ысырапшылдық» деп бағалады. Ал кейбірі: «Қазіргі жұрт бас-сирақ үйітіп, ішек-қарын аршуға ерінеді» десе, келесісі «Адам өз кінәсі үшін қойды қынадай қыратын не жөні бар?» деп асыл дінімізге тіл тигізе бастады. «Құрбанға малды соймай-ақ, мұқтаж отбасына ақшалай берсек болмай ма?» деушілер де табылды. Әлеуметтік желі шулап тұрған соң, кім сөзін аяп қалсын? «Онлайн құрбандық деген – оттаған әңгіме, Құранда құрбан шалыңдар деген, бірақ онлайн құрбандық деген сөз жоқ» деп кері қарай шапқандар да болды. Желідегі желдей ескен ой-пікірлердің қайсысы дұрыс, қай жері бұрыс деген ой былайғы көпшіліктің арасына түсінбеушілік туғызып келе жатқаны анық. Біз осынау елдің назарындағы «күйіп» тұрған мәселені біраз тарқатқымыз келді.

Әуелі дін өкілдерінің пікірін білдік. Бұл орайда облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің найб имамы Ержан Аманбаев: «Шариғат талабы талқыланбайды. Құрбанға мал шалынуы тиіс, малдың қаны шығуы қажет. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің өсиетті хадистерінің бірінде: «Адам баласы Құрбан айт күні (құрбан шалып) қан ағызудан да басқа іспен Алла Тағалаға жақындаған емес» дейді. Басқа жерді қайдам біздің өңір мешіттерінде құрбанға шалынған малдың басы қоқысқа тасталғанын көзіміз көрген жоқ. Басты үйіткізіп, ішек-қарынды тазалап мұқтаж отбасыларға таратып жатырмыз. Былтыр шамамен мешіттерімізде 30 ірі қара, 300-400 қой құрбанға шалынды. Оның барлығында ысырапқа жол берілген жоқ.

Ал биыл Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының шешімімен еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты құрбандық шалуға тапсырыс беру мен мұқтаж жандардан өтініш алу онлайн режимде жүзеге асады.

Оның да тиімділігі дәлелденіп отыр», – деді. Ал Талас ауданының бас имамы Нұрсұлтан Әлиев: «Алла Тағала қасиетті Құранның «Кәусар» сүресінде: «Раббыңның разылығы үшін намаз оқы және құрбан шал» деп бұйырған. Алланың бұйырған амалын өзгертуге, оны бұрмалауға әсте болмайды. Былтыр біздің ауданның мешіттерінде 12 бұқа,  60 қойға дейін құрбан шалынып, шариғатқа сай таратылды. Қойдың басынан, ішек-қарынынан ысырап болған жоқ», деді.

Бүгінде халық тарапынан «құрбандық шалудың орнына садақа берген дұрыс» деген де пікірлер айтылып жатыр. Бұған қатысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі: «Құрбандық шалуға міндетті болған адам белгілі малды бауыздап, қан шығаруы тиіс. Біздің мәзһабта құрбан айт күндері құрбандықты бауыздамай, ақшасын садақа ете салу дұрыс емес. Өйткені, шариғат бойынша құрбандық малын бауыздап, қан ағызу – міндет. Алайда сатып алған құрбандығын айт күндері шала алмаса, оны тірідей садақа етеді. Ал егер құрбандықты сойып қойған болса, оның барлық етін мұқтаждарға таратады, өзі одан ештеңе жемейді. Өйткені, уақыты өтумен құрбандық міндеті садақа міндетіне ауысады. Егер құрбандықты әлі сатып алмаған болса, құрбандық құнының мөлшерінде садақа етеді», – деп жауап жазды.

Жыл сайын Құрбан шалуды өзіне парыз санайтын меркілік кәсіпкер Ерғали Иманбай: «Мен шариғат үкімі бойынша құрбан да шаламын, мұқтаж жандарға ақшалай қайырымдылық та жасаймын. Негізі, қайырымдылықтың шеті мен шегі жоқ. Оны құрбан айттың төңірегіне байлап қоюға болмайды. Кез келген уақытта садақа бере беруге болады емес пе?», – деді. Тараздық кәсіпкер Меруерт Лештаеваның да пікірі осы сарындасболды. «Біз үйімізде жыл сайын бір малды құрбан шаламыз. Басын үйітіп, ішек-қарынын да аршимыз. Қойдың басы ең қастерлі ас, құданың алдына қойылатын сыйлы мүше емес пе? Оны қоқысқа лақтырмаймыз. Өз басым құрбанға шалған малдың етін үшке бөлемін. Бір бөлігін астырып, ағайын-туыс, жақындармен бірге жейміз. Екінші бөлігін көршілерге садақаға таратамыз. Үшінші бөлігін үйге келе сі келетін қонақтарға сақтаймыз», – дейді Жуалы ауданының Құрметті азаматы Аманжол Дүрәлі.

Орталық «Һибатулла Тарази» мешітінде былтырғы Құрбан айтта қасапшы болған Фахриддин Бегемет: «Күніне 100 қой, 3 бұқа сойылды. Көпшілік басы түгіл сирағына дейін талап әкетті», – деді.

Тараздық қасапшы Нұрсұлтан Есіркепбай: «Қазір басқа жұмыста жүрмін. Осыдан 10 жылдай бұрын құрбандыққа шалынған малды ақыға соятынмын. Барған үйлердің барлығында қойдың басын үйітіп, кәдеге жарататын. Жалпы, қойдың қоңыр басына байланысты мәселені құрбанға тіреп қою жөн емес шығар. Кезінде тойдың көп уақытында талай кафе, мейрамханалардың артына төгіліп жатқан қоқыстарды, оның ішінде қаншама тамақ қалдықтарының шашылып қалатынын да көріп қынжылатын едік. Сондықтан Құрбан шалуда ысырапқа жол беріледі дегенге келіспеймін», – деді.

Құрбан айтта малды жөн- жосықсыз соймай, бар малды сақтап қалу мәселесінде ақпарат құралдары да, әлеуметтік желі де өте белсенді. Қойды құрбанға сойғанша, өсімге қалдырып, малды көбейтуге сеп болайық деген ой айтады олар. Шариғаттың шарты болған құрбаннан үнемделген малмен береке табамыз ба? Құрбанды да мал мен бастың амандығы үшін, Алладан береке мен денге саулық сұрап шалмаушы ма еді? Әсіресе ақша жинап, қуаңшылық болып жатқан Маңғыстау мен Қызылорда облыстарына көмек ретінде беру туралы пікір айтылуда. Бұл жағдай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлын да бейжай қалдырмапты. Ол өзінің еліміздегі барша мұсылман жамағаты мен кәсіпкерлерге жолдаған Үндеуінде: «Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «…Кімде-кім мұсылман бауырының қажетіне жараса, Алла Тағала да оның қажетін өтейді…» деген сүйінші хабар жеткізген дей келе: «Қадірлі кәсіпкерлер! Құрбан айт кезінде мал бағасын шектен тыс көтермеңіздер. Жеңілдік жасаңыздар», – дейді. Одан әрі: «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қуаңшылықтан зардап шеккен өңірлердегі шаруаларға қолдау көрсету мақсатында «Қиындықта ел бірге» атты қайырымдылық акциясын бастады. Акция аясында Қызылорда, Маңғыстау облыстарына жем-шөп жөнелтілетін болады. Осы игі іске үлес қосып, сынақты сәттерді бастан кешіп отырған отандастарымызға қол ұшын созуға шақырамын» деп жазды.

Біз ысырапқа себеп ретінде йтылып жатқан бас-сирақ, ішек- қарын мәселесін өзге елдермен салыстырып, экономикалық тұрғыдан да саралап көрдік. Бұл орайда бірталай мәліметтерге кезіктік. Мәселен, біздің елде бас-сирақ, ішек-қарынның көк тиындық қадірі болмағанымен, Иран елінде қойдың етінен гөрі бас-сирағы, ішек-қарны қымбат екен. Себебі олар қойдың құйқасы, миы, тілі және ішек-қарнынан «Калепаша» деген тағам жасайды. Парсылардың сүйікті асына айналған бұл тағамды қазір Иран елінде қалтасы көтеретін байлар ғана жейді-мыс. Соның өзінде ішкі нарықты қамдай алмаған парсылар шетелден қымбат бағамен бас-сирақ, ішек қарын енгізеді. Өкінерлігі, Иранға осы «тауарды» экспорттайтын елдердің қатарында Қазақстан жоқ болып шықты.

Сол парсыларға қой етін және бас-сирақ, ішек-қарын экспорттаумен айналысатын кәсіпкер азаматтар қойдың басы мен ішек-қарнынан көп пайда келтіруге болатынын айтыпты. «Бір қойдың бас-сирағы әдетте 3 келі болады. Оның әр келісін парсылар 3,8 еуродан алады» дейді ет экспорттап жүрген кәсіпкерлер. Енді есептей беріңіз, бір қойдың басы мен ішек-қарны біздің ақшаға шаққанда 5000 теңгеден асып жығылады. Үлкен сауданың көзі. Ал Қазақстанда мұны ешкім елеп, ескермейді. Ескермек түгіл, құрбандықтың басының өзін қоқысқа тастаймыз. Егер біздің елде де бас-сирақ экспорттаумен айналысатын бір серіктестік болғанда, қазекем мыш-мыш ақша таппаса да құрбандықтың басы аяққа тапталып, тау-төбе болып үйіліп қоқыста жатпас еді.

Бұл жерде басқа да мәселе бар. Қымбатшылық жайлаған қазіргі уақытта құрбанға шалынатын малдың бағасы «ұшып» кетпесе дейміз. Нағыз имансыздық осы болар онда!

Тобықтай түйін: Ысырапқа жол бермеу – жақсы іс. Бірақ, құрбан шалу, сойылған малдың қанын шығару – өзгермейтін шариғаттың талабы. Сондықтан қай кезде де жасай берсек болатын қайырымдылықты, мұқтаж жандарға беріліп жатқан жәрдемді бір құрбан шалу сәтіне жапсырып қоюға болмайтын секілді. Себебі, қайырымдылық жасаймын деген кісіге жылына келетін айттан бөлек күндер де аз емес…

Есет Досалы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support