- Advertisement -

Елдегі эпидахуал тағы да мәз емес

282

- Advertisement -

Қамсыздықтың қапы қалдыратынын қанша айтсақ та, сүйекке сіңді әдетімізден танбаймыз. «Коронавирус» деген  ауру жоқ деп, арқаны кеңге салып, жасырын жиылып, той тойлап жүріп қой, індеттің жаппай таралуына тосқауыл бола алмай, былтыр талай жақындарымыз бен дос-жаран, ағайын-туыстарымыздан айырылып қалғанымыз. Дерт дендегенде дем жетпей қиналған науқастардың деміккен үні құлағымыздан әлі кете қойған жоқ. Індеттің бірінші толқыны өршіген тұста қаншама атпал азаматтар көзге көрінбейтін вирустың салған құрығынан құтыла алмай, баудай түскенін қалай ұмытайық. Әлеуметтік желілердегі көз сүрінетін қазанамалар аза бойымызды қаза қылды емес пе?!

Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 13 шілдеде Жалпыұлттық аза тұту күнін жариялаған кезде Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 51059-ға жетіп, коронавирустық инфекциядан көз жұмғандардың саны  280-ге жеткен-ді. Мемлекеттік ту түсіріліп, телерадио хабарларын тарату желісі өзгертіліп, ойын-сауық іс-шаралары тоқтатылып, жұрт жақындарын еске алып аза тұтып жатқан күні індет құрбандарының қатары 400-ге жуықтап, бір айда пневмониядан қайтыс болғандардың саны 600-ден асқан еді… Ол шақта мұндай статистиканың өзі сананы сансыратып, ертеңіңнен күдеріңді үздірердей сұмдық үрейлі естілетін.

Иә, сол шақтағы сананы жаулаған белгісіздік пен қорқыныш бойымызды да билеп алғаны, рас. Елде COVID-19 індеті тіркелді деген кезде айтылған алғашқы сан түрлі болжамдардың ішінде «Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны 11 мыңға жетеді» деген мамандар пікірінің өзі тым адам сенгісіз статистика секілді көрінген. Алайда шілде айының алғашқы 15 күнінде коронавирусқа шалдыққандар 60 мыңнан асып жығылғанда, көпшілігіміз жанымызды қалай аман сақтап қаламыз деп жанталасып жатқанбыз. Дәрі-дәрмек тапшылығы тіпті тынысымызды тарылтып жібергендей болған. Ал дәрігерлер де ауыра бастағаны – жұрт үшін үмітсіздік апатиясы еді.

– Бұл әлем үшін өте ауыр кезең. Әсіресе денсаулық сақтау саласына аса қиын соқты. COVID-19 вирусына қарсы күреске дамыған мемлекеттердің медицинасы да дайын емес еді. Себебі, вирустың табиғатын, таралу жолын тап басып, ешкім айта алмады. Емі табылмаған дерттің емдеу хаттамасын түзу оңай болған жоқ. Міне осындай белгісіздіктер мен қорқынышқа қарамастан, науқастарға жан ұшырып көмектесемін деп жүріп, көптеген маманның өздері де осы індеттен көз жұмды. Былтыр сондай қиын-қыстау шақта біз 20 медицина қызметкерімізді жоғалттық, — дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.

Міне, содан бері 1 жыл өтсе де, әлі күнге өң мен түстің арасында жүргендейміз. Сақтықтың не екенін, қалай сақтану керек екенін түсіндік. Отандық медицина да дертпен күресудің жолын тапты. Осы кезең туралы Әсет Әскерұлы былай дейді: «Былтыр бізге Қазан қаласынан мамандар көмекке келді. Олардың келгені бізге тәжірибе алмасу тұрғысында өте үлкен көмек болды. Ол кез емдеу хаттамаларының өзі бірнеше рет түзетіліп, науқастар саны шектен тыс артып, дәрі-дәрмек те, дәрігер де, оттегі концентраттары да жетіспей жатқан дүрбелең шақ еді. Шетелден дәрігерлердің шақыртылғаны көпшіліктің әлеуметтік көңіл күйіне де әсер еткенін айтуымыз керек».

Дәрігерлеріміздің дертпен күресудің жолын тапқандығынан шығар, биыл сәуір-мамыр айларында коронавирустың кезекті толқыны келгенде өңір медицинасы бұған дайын болды. Аурушаңдық көрсеткіші тура былтырғы шілдедегідей деңгейге жетсе де, сол кездегідей сезілген жоқ. Дәрі-дәрмекпен толық қамтылған, дәрігерлер қандай да бір күрделі жағдайда шешім қабылдауға дайын тұрды.

Алайда… Тағы да сол қамсыздық. Тағы сол қапысыздық. Әр адам мына тіршіліктің тұрлаулы болуы үшін жауапты дегенді бұған дейін біреу айтса, іштей мырс етіп, данышпан болып кеткен бе дер едік. Ал енді қазір бүкіл әлем адамның күні адаммен екенін іштей мойындап отыр. Бірақ, біз әлі де былтырғы барша қазаққа қайғы жамылдырған қаралы шілденің қасіретін толық сезінбегендейміз. Одан бері де қатарымыз азайып жатыр. Ем қонбай, дертіне дауа таппай көз жұмғандар қаншама… 4-5 айдың өзінде қаншама ұлттың ұстыны болған азаматтардан айырылдық. Бірақ, әлеуметтік жауапкершілікті ұмытып, әлі той тойлап жүрміз.

Тағы шілде. Әлемде эпидемиологиялық ахуал аса мәз емес. Елде де солай. Қазір елде үш мегаполисте – Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында індет өршіп тұр. Оған себеп – коронавирустың мутацияға ұшыраған «Дельта» штаммы. Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау және Павлодар облыстары вирус жұғу қаупі көп «қызыл» аймаққа енді. Алматы, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан өңірлері  «сары» аймақта. Әзірге, коронавирустың бағалау матрицасы бойынша қауіпсіз аймақта  Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстары ғана қалды.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті берген мәліметке сүйенсек, жыл басынан бері біздің өңірде КВИ-дің 5322 жағдайы тіркелген. «Қазір эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес Жамбыл «сары» аймаққа еніп отыр. Өңір тұрғындары арасында ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін  КВИ-ға қарсы вакцинациялау жұмыстары тұрақты  жүргізілуде. Бүгінге дейін 235 829 адам қамтылды, вакцинациялауға жататын тұлғалардың 40,5 пайызы екпемен қамтылды», — дейді департамент басшысының орынбасары Нейлә Муликова.

Тағы сол шілде. Елдегі эпидемиологиялық жағдай құбылып тұр. Өткен сенбідегі коронавируспен аурушаңдықтың тәуліктік көрсеткіші 3130-ға жетті. Бұл –  Қазақстанда коронавирус пандемиясы басталғалы бері вирус жұқтырғандар саны бойынша тағы бір рекордтық деңгей болып тұр. Көршілес Ресейде жағдай ушығып кеткен. Бір тәулікте  Ресей Федерациясында вирус жұқтырғандар қатары 25 мыңнан асқан. Ал қайтыс болғандары 800-ге жуық. Індет құрбандарының саны күн санап өсіп келеді.

АҚШ-тағы Джонс Хопкинс университеті жүргізген дерекке сүйенсек, қазірге дейін әлемде 186 миллионға жуық адамға коронавирус жұғып, төрт миллионнан астам науқас көз жұмған екен. Ал пандемия басталғалы Қазақстанда 4609 адам коронавирустан, 3486 адам пневмониядан қайтыс болған. Бірақ бұл статистикаға коронавирус жұқтырғаны анықталып, бірақ басқа созылмалы аурулары асқынып кеткен мыңнан аса марқұм енбей қалған.

Тобықтай түйін: Коронавирус індеті жалпы адамзат үшін қатері аз болмай тұр. Әлемді әлекке салды. Экономиканы тоқыратып, сананы сансыратып тастады. Адымымызды аштыратын түрі жоқ. Аурудың таралуына түбегейлі тосқауыл қояр жол да табылар емес. Мамандар дерттен құтылудың бірден-бір жолы – вакцинациялау дейді.

Ардақ Үсейінова

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support