- Advertisement -

Соңғы сөз: «Өзгеге шамшырақ болып, өзім өшем!»

110

- Advertisement -

Тараз қаласында жақында ғана ашылған «Денсаулық» саябағында архитектуралық шешімі өзгеше ерекше ескерткіш бар. Онда қауырт жұмыстан шаршап, науқас өмірін қалай сақтап қаламын деген ойдан қалжыраған дәрігердің еңсесі түсіп, есеңгіреген сәті бейнеленген. Бұл бейнені алыстан қарап, көзін жерден алмаған жанның дәрменсіз күйі десеңіз қателесесіз. Ақ халатты абзал жандардың індет жұқтырып алсам қайтеді деген қауіпті елемей, қайтсем аман алып қаламын деген уайымы айқын сезіледі. Ал осы ескерткіш белгінің қабырғасындағы «Өзгеге шамшырақ болып, өзім өшем» деген сөз –  осы композицияның түпкі идеясын ашып тұр.

Былтыр коронавирустық инфекцияға қарсы күресте жамбылдықтар 20 медицина қызметкерінен айырылды. Саябақтағы стелла олардың жанқиярлық еңбегі мен мәңгі есте сақтау үшін қойылған. Ескерткіш авторы – Нұр-Сұлтан қаласында тұратын мүсінші Бектур Майрин. «Денсаулық» саябағының ашылу салтанатында осы ерекше ескерткішті жасап шыққан автормен сұхбаттасудың сәті түсіп, бірқатар сұрақтарымызға жауап алған едік.

– Бектур мырза, Тараздағы «Денсаулық» саябағындағы КОВИД-тан қаза тапқандарға арналған ескерткіштің авторы екенсіз. Мұндай ерекше шешімге қалай келдіңіз. Жалпы жұмысты қанша уақытта аяқтадыңыз?

– Иә, бұл ескерткішті арнайы шақыртумен келіп жасадым. Алғаш ескерткішті жасау туралы ұсыныс айтылған кезден-ақ оның қалай болатынын елестетіп үлгергенмін. Себебі, дәрігерлердің коронавирусқа қарсы күресте, тіпті басқа кезде де жақының жасай алмайтын жақсылығын ешкім ұмытпауы керек. Рас, уақыт тығыз болды. Сондықтан, жұмысты тез аяқтадық. Сөйтіп небәрі сегіз күннің ішінде жасап шықтым.

– Негізгі идея қалай келді?

– Науқас адамға шақырту түскенде бірінші болып жететін осы медицина қызметкерлері ғой. Идея мен өзім куә болған жағдайдан туындады десем де болады. Бірде Астанада орта буын екі медицина қызметкері науқасқа келіп, үйдің алдында біраз уақыт ішке енуге батпай тұрғандай болып көрінді. Бір-біріне «сен кір, сен кір» дейді. Көздерінде үрей. Жүрексініп тұрды. Бұл елде коронавирус індеті алғаш тіркелген кезең еді. Оларды тосылтқан жай – сол кездегі бәріміздің бойымызды билеген үрей мен белгісіздік шығар, бәлкім. Себебі олар  да  адам баласы ғой. Қазір ғой, етіміз өліп, небір сұмдық статистиканы ести-ести құлағымыз үйреніп кеткен кезде бәрін сыдыртып айта саламыз. Ал бастапқыда коронавируспен ауырып жатқан адамға бара жатқаныңды біле тұра өртке қойып кеткендей, инфекция ошағына кіру – бұл өте ауыр болғанын түсінесіз бе?! Енді ше, өйткені алдыңызда нендей жағдай күтіп тұрғанын білмейсіз. Дәрігерлердің бойындағы бәлкім осындай қорқыныш күрескерлік қабілеттерін оятатын шығар деп ойлаймын. Осы көріністі өзім көргеннен кейін осындай ой туындады. Мүсіннің образы да сол –  медицина қызметкерінің әбден шаршап, мұңайып, ойланып отырған сәтін бейнелеп тұр.

– Осы індет келгелі медицина қызметкерлеріне деген қоғамның көзқарасы өзгерген сияқты, қалай ойлайсыз?

– Иә, көзқарас өзгерді, оны күнделікті көріп те жүрміз. Жалпы, қай кезде де басымыз ауырып, балтырымыз сыздай қалса, адам жанына араша болатындар дәрігерлер ғой. Елдің амандығы үшін еңбек ете жүріп, қауіп-қатерге қарамастан өз өмірлерін қатерге тіккендері қаншама. Олардың біразы індет құрбаны болды. Саябақтағы ескерткіштің  коронавирустан қаза тапқан медицина қызметкерлеріне арналып жасалуының өзі – оларға деген құрметіміз. Олардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Мамандар күн демей, түн демей, шаршамай, ерінбей жұмыс жасап жүргендерінің арқасында қаншама адамды аман алып қалды.

–  Ал енді, өзіңіз қай жақтың тумасысыз? Бұл өнер сізге кімнен дарыды? Осыған тоқталып өтсеңіз.

– Мен осы Жамбыл облысы, Меркі ауданында туып-өскенмін. Бірақ кішкентай кезімде отбасымыз Елордаға қоныс аударған екен. Содан бері сонда тұрып жатырмыз. Ал мүсіншілік өнерге келетін болсам, мен ешқандай арнайы оқу орнын бітірген жоқпын. Бала кезден мүсін жасауға құмармын. Балауыздан небір ертегі кейіпкерлерін мүсіндемек болып, күні бойы тапжылмай отыратынмын. Сол қызығушылығым мені осы деңгейге жеткізді. Тынбай ізденіп, талмай еңбек еттім.

Менің жасаған мүсіндерім ЭКСПО көрмесіне де қойылды. Басқа да ұсыныстар жиі түсіп жатады. Міне, енді туған жерге келіп, осындай туындымды елге көрсетуге мүмкіндік туып отыр. Жаңа айтып өткенімдей, осы еңбегім арқылы медицина қызметкерлерінің жанқиярлық еңбегіне деген ризашылығымды жеткізе алғаныма қуанамын. Дәрігерлердің табандылығына, қайсарлығына деген риясыз алғыс әр жамбылдықтың жүрегінде бар екеніне сенемін. Біз пандемия құрбандары болған әрбір азаматты, дәрігерлер мен медицина қызметкерлерін ұмытпаймыз!

P.S: «Денсаулық» саябағына барып, осының қасынан өткен адамның бей-жай қалмасы анық. Бұл –  пандемиямен кезеңінде қайтыс болған медицина қызметкерлеріне деген құрметтің белгісі. Ескерткіштегі «Өзгеге шамшырақ болып, өзім өшемін» деген сөз – дәрігердің түпкі шешімі. Осы сөздің өзі науқастарға көмек көрсете жүріп, вирустан қайтыс болған біздің мамандардың соңғы сөзіндей әсер етеді.

Сұхбаттасқан: Камила БОРАШОВА.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support