Шөп шүйгін болса, мал күйлі болады

135

Қойнауы қазынаға толы Мойынқұм ауданы атам заманнан бері берекенің ордасы болған. Бұйрат-бұйрат құмы талай қазаққа пана болған бұл өңір тіршілігін төрт түлікпен байланыстырған тұрғындар үшін қолайлы мекен. Мұнда қазір тірлік қызу жүріп жатыр. «Қыстың қамын жаз ойла» демекші, шаруашылық құрылымдарында тыным жоқ. Уақытты тиімді пайдалануды мақсат еткен шаруаларды іздеген адам шабындық басынан табады. Аудан әкімінің орынбасары Ержан Әмірханов шөп шабу науқаны басталғанына екі апта болғанын айтты.

– Аудан бойынша 24 мың гектар шабындық жер бар. Осы алқаптардан 132 мың тонна пішендеме дайындау қажет болса, бүгінде оның 57 мың тоннасы дайындалды. Одан бөлек 2700 гектар жоңышқа алқабының бірінші орымынан 10 мың 800 түсім түсті. Екінші және үшінші орымның әрбірінен 12-15 мың тонна жоңышқа орамыз деген үміттеміз, – дейді Ержан Әлімханұлы.

Оның айтуынша, жылда өзге облыспен өңіріміздің бірқатар ауданы осы өңірден шөп орып әкететін көрінеді. Аудан орталығынан 40 шақырым қашықтықтағы шабындықты аралау барысында Алматы облысы және өзіміздің Байзақ ауданынан келген шөпшілерді кезіктірдік. Мәселен, Байзақ ауданы, Айманбет ауылынан келгендер Қарабөгет ауылдық округінің «Сейфулла» шаруа қожалығының 500 гектар жерінен шөп орып алуды мақсат етіпті. Егер бос жатқан шабындық жер болса, екі аудан аралығындағы келісім бойынша оның шөбі тегін беріледі екен. Ал ол жер қожалық иелерінікі болса, өзге ауданның шөп шабушылары орып, тайлаған шөбінің белгілі бір пайызын жердің иесіне тастап кететін көрінеді.

Мойынқұм ауданына жасаған баспасөз туры барысында біз Мойынқұм, Қылышбай, Қарабөгет сынды бірқатар ауылдық округтің шаруақожалық иелігіндегі шабындықтарды араладық. Аққөл жайлауынан шөп дайындап жатқан «Үркер» шаруа қожалығының жалпы 5 мың 578 гектар шабындығы бар екен. Бұл шаруашылық биыл осы шабындық арқылы 15 мың тонна қысқы мал азығын дайындауға бекініпті.

– 2 мың уақ малым, 300 мүйізді ірі қарам, 100-ден астам жылқым бар. Табиғи және жоңышқаны қосқанда барлығы 7 мың тонна шөп дайындауым керек. Бұл өз малымның қысқы азығы болса, одан бөлек Жамбыл ауылдық округі тұрғындары тарапынан 1500 орама шөпке тапсырыс түсті. Қордай ауданынан түскен тапсырыс көлемі 5 мың дана орама шөпті (рулон) құраса, оның ішінде 3 мыңы аталған аудандағы «Медет» шаруа қожалығына тиесілі. Қазіргі таңда Ақкөл жайлауындағы шабындықтан 4 мың орама шөп дайындадық. Бұдан бөлек екінші бригада Басқарабас жайлауындағы шабындықты ору арқылы 2 мың орама шөп жинады. Сонда барлығы әзірге 6 мың дана орама шөп дайындадық. Шөп ору науқанында екі бригаданы қосқанда 25 адам еңбек етіп жатыр. Оның дені механизаторлар. Бұл жерде іске 6-7 «Беларус-80» тракторы жұмылдырылса оның екеуі шөп орумен, екеуі тырмалаумен, біреуі шөп тайлап, тағы бірі артумен айналысуда. Қалғаны шөпті маяға тасып жинайды. Межені артығымен орындаймыз деген ниеттемін, – дейді «Үркер» шаруа қожалығының төрағасы Шаймерден Исабеков.

Оның айтуынша, бір орама шөптің бағасы алқап басында 3 мың теңгеден саудаланса, тапсырыс берушілер қолайлы санағандықтан, олар жеткізіп, жинап беру қызметін қоса атқару арқылы бір орама шөпті 3 мың 500 теңгеден өткеріп жатыр екен.

– Тараз қаласында бір дана тайланған пішендеме 700-800 теңге деп естідік. Ал біздің бір орама шөптің салмағы 300 келі тартады. Оны тайланған шөпке (пресс) шақсақ, 15 дана шығады. 15 дана тайланған шөпті 3 жарым мың теңгеге бөлсек, сонда біздің бір дана пішендеме шөптің құны 233 теңгеден айналып отыр. Бұл меніңше қымбат баға емес, – деді Шаймерден Әміреқұлұлы.

Осы орайда біз іс басында жүрген механизаторлармен де тілдестік. Олар далалық қосында жата-жастанып тірлік еткендіктен, уақытпен санаспай, таңның атысы, күннің батысы қызу еңбекке білек сыбана кіріскен.

– Қылышбай ауылының тұрғынымын. Механизатор болғаныма 10 жылдан асты. Мұндағы менің басты міндетім – орылған шөпті тайлау. Науқандық жұмыс болғаннан кейін айына шамамен 200 мың теңгеге дейін табыс табамын. Жалпы айына 150 мың теңгедей жалақы аламыз. 4 балам бар. Отбасымның ырзығын механизаторлықты кәсіп ету арқылы айырып жүрмін, – дейді шаруашылықтағы озат механизаторлардың бірі Н.Сапашов.

Бұдан кейін біз Қылышбай ауылдық округіне қарасты «Сұңқар» шаруа қожалығының шабындығына бардық. Ол жерде де қайнаған еңбек қызып жатыр. Бұл шаруашылықтың бас-аяғы 2 мың гектар шабындық жері бар болса, оның 800 гектарына шалғы түскеніне бар-жоғы екі күн болыпты. Бүгінде 500-ге жуық орама шөп дайындалса, түсім әр гектарға шаққанда 100-150 данадан айналып отыр екен.

Сонымен қатар Қарабөгет ауылдық округіне қарасты «Сейфулла» шаруа қожалығының да қысқы мал азығын дайындау жұмысына куә болдық. Осы кезде тілшілер қауымының далалық қосында жүргенін естіп, алқап басына Мойынқұм аудандық ветеринария стансасының директоры Ернұр Надиргужин де келіп жетті. Бізбен әңгімесінде ол журналистерді бір өтініш бойынша іздеп келгенін айтып, уәжін алға тартты.

– Биыл еліміздің кейбір өңірін қуаңшылық жайлағанын жақсы білесіздер. Ал Жаз-Атаның елі атанған Мойынқұм ауданында өздеріңіз көргендей шөптің шығымы жаман емес. Бір айта кетер жайт, осыдан бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде «Мойынқұм ауданында қуаңшылықтың салдарынан мал қырылып жатыр» деген қауесет тарады. Бұл ешқандай шындыққа жанаспайды. Жалған ақпарат таратушы мұнда келмей, бізбен әңгімелеспей арсыздыққа барып отыр. Ауданда 58 мың мүйізді ірі қара мен 180 мыңға жуық уақ мал, 10 мыңға жуық жылқы мен 1100 түйе бар. Аталған төрт түліктен шашау шыққан жоқ. Тек жыл басынан бері бруцеллез ауруынан және малдың өкпеге ұшырауы, жасы келуі және басқада жағдайға байланысты 31 сиыр мен 98 уақ мал өлді. Оның барлығы да санитарлық талапқа сай сойылды. Жалпы айтқанда, ауданда экзотикалық жағдай тұрақты әрі табиғи шөптің қоры да жеткілікті. Тіпті өзге ауданды да пішендемемен қамтуға әлеуетіміз жетеді. Қазір Шу өзенінің сағасы құраққа тұнып тұр. Соны шаруалар орып, жинау үстінде. Сіздерге ауданның ветеринария саласындағы маманы ретінде осы уәжді айтқалы келдім, – деді Ернұр Амандықұлы.

Тараз қаласынан кеш бата жолға шығып, Мойынқұм ауданына таңғы төрттер шамасында жол соқты боп жеткен біз, екі сағат тынығып, аталған алқаптарды аралау барысында аудан орталығынан 100-120 шақырым қашықтыққа дейін ұзап шығып кеткенімізді кейіннен білдік. Құт қонған Мойынқұмның аталған ауылдық округтеріндегі шүйгінді шөбін, ондағы түсімді өз көзімізбен көргеннен кейін, бесін ауа бір кездері асыл тұқымды қаракөл қой өсірумен аты шыққан Ұланбел ауылын бетке алдық. Аталған ауылдан 20 шақырым қашықтықта орналасқан «Мақсат» шаруа қожалығының 1500 гектар шабындығын барып көрдік. Онда техника атаулыдан шөп шабу науқанына Германия елінде шығарылған бір комбайн, «Беларус-80» тракторы мен екі «КамАЗ» жүк көлігі жұмылдырылыпты. 10 адам далалық қоста түнеп жұмыс істеуде. Аталған шаруашылық ұланбелдік тұрғындарды қысқы мал азығымен қамтамасыз етіп, өзге де шаруашылықтардың қыстауына шөп жеткізіп беруде. Бұдан басқа 4 шаруашылық шөп ору ісімен айналысып жатыр екен. Аталған ауылдық округ әкімдігінің бас маманы Талғат Үсембаевтан Ұланбел ауылы тұрғындарының тыныс-тіршілігі мен тұрмыстық жағдайын сұрап білгеннен кейін, Сарысу ауданының Ұланбелге жақын маңдағы шөпшілерінің атқарып жатқан жұмысымен таныстық.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ,

журналист.

Comments are closed.