- Advertisement -

Ақпараттық саясатты әлі де күшейту керек

170

- Advertisement -

Облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібектің төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы бұқаралық ақпарат құралдары (ақпараттық саясат) жөніндегі кеңес отырысы өтті. Оған бірқатар басқарма басшылары мен Тараз қаласы және аудан әкімдіктерінің басшылық өкілдері, ақпарат құралдарының бас редакторлары қатысты.

Жиынды ашқан Дәулет Кәрібек бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы орны жайлы айтты.

– Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Халықпен тиімді кері байланыс орнату» туралы тапсырмасына сәйкес, облыс әкімдігінің басқармалары мен әкімдіктер жергілікті жерде туындаған мәселелерді қарап, оң шешілуіне ықпал етуі тиіс.Ал аталған тапсырманы орындау тек билік пен халық арасындағы алтын көпірге айналған бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүзеге асырылатыны белгілі, – деді Д.Кәрібек.

Кеңесте облыстық дене шынықтыру және спорт, ветеринария басқармалары және Жамбыл, Т.Рысқұлов аудандары әкімдіктерінің бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара байланыс мәселелері қаралды.

Алдымен облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Б.Жамангозовтың баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, бүгінгі күні облыста ресми тіркелген 85 бұқаралық ақпарат құралдары жұмыс атқарады.

Сондай-ақ басқарма мемлекеттік тапсырысты жүзеге асыру мақсатында республикалық, облыстық және жеке БАҚ арқылы ақпараттық саясатты жүзеге асыруға келісімшарттар жасалған.

Басқарма басшысы облыс әкімінің 2021 жылғы 5 ақпандағы №38 қаулысына сәйкес, Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының жол картасы бойынша аудандық редакцияларды жекеменшікке сату жұмыстары жүргізіліп жатқанына да тоқталды. Айталық бүгінгі күнге Меркі аудандық «Меркі тынысы», Мойынқұм аудандық «Мойынқұм таңы», Байзақ аудандық «Ауыл жаңалығы», Шу аудандық «Шу өңірі» және Тараз қалалық «JAMBYL-TARAZ» газеттерінің акциялары сатылып кеткен. Ал қалған аудандық газеттер белгіленген жоспарға сай жыл соңына дейін сатылмақ.

Одан бөлек, баяндамашы ақпараттық саясаттың басым бағыттарын да атап өтті. Солардың бірі Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен вакцинациялауды ақпараттық сүйемелдеуге де көңіл бөлініп отыр. Бүгінгі күнге, мерзімді баспа басылымдарда «Тәуелсіздік жылдары», «Тәуелсіздік бәрінен қымбат», «Независимости Казахстана – 30 лет» «Президент», «Еңбек адамы», «Ауыл тынысы», «Тәуелсіздік – тұғырымыз» атты тұрақты айдарлармен 428 мақала жарық көріп, электрондық БАҚ-та 82 сюжет көрсетілген. Ал ақпараттық сайттарда 200-ге жуық материал жарияланыпты.

Баяндамада атқарылған жұмыстармен қатар кейбір аудандардағы ақпараттық саясаттағы орын алған кемшіліктер де айтылды.

– Осы жылдың 6 айдағы қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында жергілікті атқарушы органдардың қызметіне қатысты 223 сыни бағыттағы материал жарияланған. Сыни материалдардың басым көпшілігі Тараз қаласы мен Жамбыл, Т.Рысқұлов, Талас аудандарында болып отыр. Сыни материалдардың 32-сіне дер кезінде жауап берілмеді.

Сондай-ақ облыс әкімдігінің басқармаларының парақшаларында 7900 пост жарияланды.

Оның ішінде, денсаулық сақтау басқармасы 1800-ге, білім басқармасы 1200-ге жуық материал жарияласа, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жыл басынан парақшаларында мүлде жұмыс жүргізбеген.

Әлеуметтік желілерде есепті аралықта облыстағы жергілікті атқарушы органдарға қатысты 1 330 сыни бағыттағы сауал түскен. Сауалдардың 141-і облыс әкімдігінің басқармаларына, 951-і Тараз қаласына және 238-і аудан әкімдіктеріне қатысты. Жалпы, басқармалар 19 сауалға жауап бермеген. Алдағы уақытта алгоритмге сәйкес, аталған жұмыстарды дер кезінде ұйымдастыруды сұраймын, – деген Бейқұт Тілебалдыұлы аудандық газеттердегі ақпараттық материалдардың ала-құлалығы мен кемшін тұстарын жеке-жеке атап өтті.

Баяндама жасаған басшылар мен сауалға жауап бергендерді мұқият тыңдаған облыс әкімінің орынбасары Д.Кәрібек жиын соңында әлі де болса бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы атқарушы органдар мен тұрғындар арасындағы кері байланысты күшейту қажеттігін атап көрсетіп, тиісті сала мамандарына нақты тапсырмалар берді.

«Aq jol» – Аqparat».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support