- Advertisement -

Нұр-Сұлтан – күллі қазақтың мәртебесі!

92

- Advertisement -

Тарихтың сарғыш тартқан парақтары санамызға талай рет құйған. Әлі де айта береді. Қазақ астанасыз болған емес. Замананың адуынды, азулы дауылдарымен алысып, жұлысып, күресіп жүрсек те, бағыт сілтер бас шаһарымыз қай дәуірде де бой көтеріп отырды. Бас шаһардағы хан шатырынан күллі қазақтың қамына қарарлар шығып, қаулы, ұрандар естілген. Керек болса, сәніміз бен салтанатымыз жарасып, абыройымыз асқақтаған, аспан тіреген. Қымбат құндылықтарымызды, бай мәдениетімізді жоғалтып тынуға асыққан талай дұшпанмен де дүр майдандастық.

Әңгіме астана жайлы еді…

Иек астындағы ғасырға көз тастап көрелік. Орынбор, Семей, Қызылорда, сосын бәрімізге мәлім – Алматы. Әрқайсысының тағдыры бар, салмағы бар, өткені бар. Ал бүгінгі астанамыз – Нұр-Сұлтан! Бар-жоғы жиырма жылдан астам уақытта оның да тағдыры, салмағы, өткені түзілді…

Бастау

Егемендік алдық! Даралық пен дербестікке қол жеткіздік! «Ақ түйенің қарны жарылып», айымыз оңынан туды! Сан ғасыр аңсатып, зарықтырған азаттық Құдіреттің қалауымен маңдайымызға бұйырған екен де. Иә, халықтың бағына туған Нұрсұлтан ұлымызды ақ киізге орап, хан сайладық. Елбасы қылдық! Кемеңгер ұл ұлт сенімінің үде сінен шықты, үкілі үмітті ақтады. Баянды бастамаларды қолға алып, келешекке кемел жол салды. Бағдарлы бағыттарды бетке алды ел. Әлбетте, Елбасының сарабдал саясатының арқасында! Өрлеу мен өркендеуге құлаш сермеген екпінімізді тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы уақытша тоқыраудың тегеуріні де тоқтата алмады. Ұ л т болашағы үшін Ұлы істер жасалып жатты. Солардың бірі – астанамыздың сайын Сарыарқаның төсіне көшуі. Байырғы Ақмола енді қаны қасиетті елдің астанасына айналды… Елімізге кірер бас қақпа болды…

Елбасының бұл игі бастамасы әбден пісіп, жетіліп, Күлтөбенің басындағы ел ағаларының байыпты, пәтуалы кеңесінде сан мәрте талқыланған. Пішіліп, кесіліп, болжанған. Сондықтан да қолдауын тапты, сенім білдірдік. Өйткені қабырғалы қазақ еркін жайлаған Арқаның төсін астана ету – ұлт мүддесі үшін маңызды еді. Бабалар білектің күшімен, найзаның ұшымен қанын шашып, жанын қиып қорғаған байтақ дала мен жерді ұрпаққа сол қалпында қалдыру аздық болар-ау, гүлдендіріп, көркейтіп жеткізу – басты мақсат, мұрат болатын.

Тәубе! Бәрі сәтті басталды. Оңтүстік астанамыздан Ақмолаға дейінгі Ұлы көш ұлт санасында үлкен сілкініс тудырды. Жарқын болашаққа асықтырды. Ел жігерін арттырды. Десе де…

Өлара

Жұрт әрі-сәрі күйде-тін. Көкейде күмән, көңілде сенімсіздіктің болғаны анық. Себеп те жоқ емес. Тәуелсіздікпен қатар келген нарық заманы азат елді алқымынан алып, тізесін дірілдеткен. Сондай сәтте астананың Ақмолаға ауысуы бірлі- жарымымызға асығыстық қылғандай әсер еткен. Өйткені Арқаның төсіндегі Ақмоланың бұл кездегі жағдайы аса мәз емес еді. Бүгінде еркелей ағатын Есілдің жағасы тым жұпыны болатын. Қабырғалары сөгілуге жақын қалған шаһардың үйлері мен ғимараттары «Астана» тәжін иемденуге лайық еместей көрінді. Көше бойларындағы батпақ пен лай болашақ астананың келбетін қанша әспеттесе де сын көтертпейтіндей еді. Шығыстан соққан дауылы мен ақ түтек бораны, тәулік бойы жауғанда балтырдан асып, белге жететін қалың қары, қысқасы, алты ай бойы арылмайтын аязы мен суығы астанаға біртүрлі жараспайтындай болған. Ақмоланың байырғы тұрғындары ше?.. Қатарын толықтырғандарға тосырқай қарады. Басталған іс қолдан келмейтіндей, егемендігін кеше алған мемлекетке қиын соғардай еді. Бірақ «шешінген судан тайынбас». Бастама бағытынан таймады.

Ұлы көш мәреге жетісімен су жаңа ғимараттардың іргесі қаланып, алғашқы әсем үйлер бой көтере бастады. «Көз қорқақ, қол батыр» екен. Ілгерідегі қорқыныш пен күмән сейіліп, ерекше серпін пайда болған. Жаңа Астанамен бірге, жас шаһармен қатар, бас қаланың өрге ұмтылысымен күллі Қазақ елі де жаңарып, жасарып, бой түзеп, даму мен өрлеуге қадам басты…

Кемелдену

Иә, даму мен өрлеу! Жасару мен жаңару! Жаңа Нұр-Сұлтанмен бірге! Жас шаһармен қатар! Өліарадағы күмән мен күдік өшуге айналды. Санада туған сілкініс еңбекке деген ерекше құлшыныс тудырды. Қадамын тәй-тәй басқан елорданың өркен жаюына ондағы азаматтар білек сыбана іске кіріскен.

Астананың әсемденуіне, кемелденуіне, қанатын кеңге сермеуіне еліміздің түкпір-түкпірінен келіп үлесін қосушылардың қатары күн санап көбейе түсті. Тіпті тәуелсіздігімізге, еркіндігімізге, бағытымызға ниеттес, дос, бейбіт мемлекеттердің қолынан іс келетін өкілдері де аянбай тер төге білді. Олар Нұр-Сұлтан шаһарының әр кірпішін адал көңілмен, ақ тілекпен қаласты. Ерке Есілдің қос қапталы көркем ғимараттармен толықты. Ұлттығымызға, елдігімізге сай жаңа үйлер бой көтерді. Әдемілігімен көзді арбайтын нысандар пайда болды. Қаланың күре тамырлары іспеттес кең де, тегіс көшелер сәнімізге сән қосып, ажарландыра берді. Соны құрылғылармен салынған көпірлеріміз шаһарға шырай берді. Көне атаулар мен ұлттық нышандар Астананың әр тармағынан орын тауып, жаңғырып жатты. Осылайша, астанамыз ғажайып, алып, көз қарықтырар қалаға айналды.

Рас. Бүгінгі Нұр-Сұлтанның келбеті көпті таңдай қақтырады. Шетелдерден елордамызды көруге арнайы келгендер әсем қаланың айшықтарына тамсанып қайтады. Көпшілік астанамыздың қонағы болуға асық. Тұрғыны болуды арман етеді. Әрбір қадамымызға, құлашымызға әлем көз тігіп, қимылымызды сүйсініп бақылап отыр. Зәулім сарайларымызда бүгінге дейін де халықаралық, әлемдік дәрежедегі талай жиындар мен басқосулар ұйымдастырылды. Оның бәрін жіпке тізбей-ақ, қайбір жылғы Астана Саммиті мен Ақ Азиаданы айтайық. «ЭКСПО-2017» ше?! Одан кейін де талай әлемдік басқосулардың алаңы болғанбыз. Олардың барлығы дерлік мәртебемізді биікке көтеріп, абыройымызды асқақтатты. Астана алдағы уақытта да маңызды, салмақты шаралардың ұйытқысы, куәсі бола беретініне сенім кәміл. Жаратушы соған жеткізсін деген тілек бар елде.

Астана – қай елдің болмасын, қақпасы іспетті. Біздің астанамыз өзімізді көптеген мемлекетке үлгі етті. Шүкір, жер бетіндегі ілгерілеп, дамыған алпауыт елдермен тереземіз тең, үзеңгі қағыстыруға қарым- қабілетіміз бен дәрменіміз жетеді. Халықаралық аренада беделіміз бар, орнымыз нық. Бейбітшілікті, татулықты, бірлікті сүйген халықпыз.

Бәрін айт та, бірін айт! Елорда – Елбасының төл перзенті! Елордада Елбасының айқын қолтаңбасы бар! Жұрт осылай дейді. Халық қалып айтқан емес. Өйткені Ұлы көшке себепкер болған Елбасы. Ұлт мүддесі жолында астананы ауыстыру идеясын ұсынған Елбасы. Бас шаһардың шырағын жарық жағып, аяғынан нық тұруға ерен еңбек сіңірген, аянбай тер төккен адам – ең алдымен Елбасы.

Нұр-Сұлтанның дамуы, кемелденуі, өркен жаюы бүгінмен тоқтап қалмақ емес. Серпінді қадамдар әлі жалғасын табуда. Құрылыс нысандарындағы қызу жұмыс елорданың керегесін кеңейтіп, шаңырағын биіктете түседі.

P.S. Айтатын, мақтанатын тұстарымыз көп. Әсіресе астанамызбен! Нұр-Сұлтан – күллі қазақтың сүйіктісі! Нұр-Сұлтан – күллі қазақтың арман қаласы! Нұр-Сұлтан – күллі қазақтың мәртебесі!

Асхат Райқұл

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support