Жазушы жазушы жайлы
Жазушы жазушы жайлы
Бердібек Соқпақбаев:
«Балалар дүниесін әдемі меңгерген, балауса ұрпаққа ғажап әңгіме, ертегі, хикаяттар берген Әлдихан біздің әдебиетімізге қайталанбас жарқын беттер қосты». Машқар Ғұмар: «Мектеп жасына дейінгі балалар мен төменгі класс оқушыларына арнап өндірте әңгіме жазып жүрген қаламгер саусақпен санағандай аз. Сол аздың бірі де, бірегейі де Әлдихан десем, асыра айтқандық бола қоймас деп ойлаймын». Шерхан Мұртаза: «Әлдихан Қалдыбаев – қазақ балалар әдебиетінің классигі». Рымғали Нұрғали: «Табиғат берген, ананың сүтімен келген жазушылық дарынына опасыздық жасаған жоқ. Соның жақсы бір айғағы – соңғы жылдары жазған «Мен – апамның баласымын» деген романы. Қазір жартылай публицистика, жартылай мемуар, жартылай деректі, жартылай қиялдан туған, жанрлық талаптар сақталмайтын, формалық шекаралары шайылып кеткен, ешкі басты, қой аяқты дегендей дүмбілез шығармалар қаптаған заманда шын, таза проза үлгісімен сағынып көріскендей боласың». Мекемтас Мырзахметұлы: «Жаңа буын-жас ұрпақтың рухани жағынан іштей түлеп, толысып өсуіндегі әжелердің орны қазақ әдебиетінде жазушы М. Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясындағы әжесі Зере, немесе Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасындағы немереге деген жан дүниесі елжіреп тұратын Ақәжесі арқылы толық көрініс береді емес пе. Ашығын айтсақ, асыл әже бейнесін жасауда Әлдихан осы екі ұлы қаламгерден бір де кем соқпайды».