- Advertisement -

Қайдасыңдар, жақсы ағалар?

104

- Advertisement -

Елдің Ерғалиын іздегенде

Өткен жылдың бір өкініші белгілі қаламгер, сөз зергері, аяулы Ерғали Сағаттан көз жазып қалғанымыз. Әрине, ажал арсыздың бар екенін білсек те, дәл осылай барлығы кенеттен бола қалады деп өз басым ойламаған едім. Әйтпесе, 72 жас дегеніңіз де біраз ғұмыр екенін түсінем. Бірақ қоғамға, журналистикаға берері көп адамды қимайды екенсің! Оның жарқын істері, саған деген жылы мейірімі еске түскенде ет жүрегің елжіреп кетеді екен.

Ерғали Сағат екеуміз бір ауылдан едік. Ата-анасы Сағат көкем мен Күлзада апам текті, сабырлы, шыншыл, көмекке зәру адамға қамқорлығы мол жақсы жандар болатын. Осы кісілердің үлкен баласы Алматыда үлкен журналист, жоғары қызметте деп естиміз. Бұл біздің бала күніміз. Бала болсақ та, жақсы мен жаманды айырып қалған кезіміз. Ерекеңе қатты қызығамыз. Ол кезде Алматы – еліміздің астанасы. Ол қалаға барған да арманда, бармаған да арманда. Ел бір баруға зар болып жүрген Алматыда тұру, үлкен қызмет істеу қандай бақыт деп ойлаймын. Сол кезде Е.Сағат республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газеті бас редакторының бірінші орынбасары. Аталған газет ауылға келеді. Әр нөмірін әліміз жеткенше оқимыз. Әрине, қалың дүниелерге, ұзақ материалдарға деңгейіміз жете бермейді. Бірақ Ерекең осы газеттің бастығы деп, сол кісі шығарған газетке қызығушылығымыз басым. Кейде газеттің ең артында «Бас редактордың бірінші орынбасары Ерғали Сағатов» деп тұрады. Шамасы, ол уақытта бас редактордың міндетін атқарып жүретін болуы керек. Әйтеуір, жерлесіміздің әр ісі, әр мақаласы бізге мақтаныш еді.

Ерекеңнің ауылға келгені – бір мереке. Бүкіл ауыл бір дүрлігіп, алақанына салып құрметтеуші еді. Оған әрине, ол кісі лайық. Көп ұзамай республикаға тарайтын «Алматы ақшамы» газетінде бас редактор болды. Ол кезде де біз мектеп оқушысы едік. Осы қызметте табаны күректей 13 жылдан астам отырды. Ауылға аппақ «Волгамен» келгенде қызығып, біздің ағамыз деп мақтанып тұрушы едік. Кейіннен республикалық «Парасат» журналына бас редактор болған кезінде мені өзі іздеп тауып: «Жамбыл облысынан қаламақыға жазып тұршы, айналайын!» – деді. Жазып тұрдым. Менің мақала, көлемді жазба, сұхбаттарым «Парасат» журналына молынан, емін-еркін басылып жүрді. Ерекең де қаламақыны уақтылы төлеп, ағалық қамқорлық танытты. Ол кісінің «Айналайын!» деген бір ауыз сөзі жан-дүниемді балқытып, тебірентіп жіберуші еді. Кейіннен ауылға келгенде де қасында бірге жүруші едім. Ауылдан шығып, артынан ерген әріптес інім деп те жақсы көрген шығар. Марқұм Сағат көкем мен Күлзада анам жайлы «Өмір өсиет» деген кітап жазды. «Нұрқаш жайлы кітап жазам» деп жүруші еді. Нұрқаш – туған інісі, ауылдың озат ұстазы еді. Үлгермей қалды білем!

Жалпы адамзаттың үлгермей қалатын сәттері көп екен! Бүгін де аяулы Ерғали ағамды сағынып отырмын. Басылмайтын сағыныш!

Құрмет бөлек сіз дегенде

Өткен жылы бақиға озған, аяулы азамат Болат Бекжанов жайлы айтарым өте көп. Түйіндеп, жинақтап айтуға мәжбүрмін. Болат Үмбетәліұлы – ақын, журналист, драматург, композитор, онымен қоса ақпарат және мәдениет салаларында білікті басшы болды. Өзінен кейінгіге жанашыр болып, мейірімін төгіп, адамгершілік танытып тұратыны – ең асыл қасиеті еді.

Болат Үмбетәліұлы 2005 жылы жаңадан ашылған облыстық «Арай» жастар газетін алғашқы күннен бастап 6 жыл басқарды. Газетті қалыптастырды, көтерді, бір жолға қойды десек артық айтпаспыз. Сол жылдардың ішінде біраз жас журналистерді қанаттандырып, тәрбиелеп шығара білді. Атап айтар болсақ, Хамит Есаман, Азамат Есалы, Өркен Кенжебек, Гүлнұр Ембердиева, Ерман Әбдиев, Дәулет Төленді, Шолпан Бөгенбаева, Табиғат Абаилдаев, Нұрболат Әлдибеков, Саятхан Сатылғанов, Арайлым Шәбденова, Жұлдыз Бейсек тәжірибелі Болат ұстаздың тәлімін алған журналистиканың болат қанжарлары.

Облыстық жастар газетінде талай жас журналистерді басқара жүріп, адамгершілік, ізгілік, жауапкершілік секілді асыл қасиеттерді бойымызға әбден сіңірді. Мықты бас редактор болды. Болат ағайды соңғы сапарға шығарып салу жиынында Қазақстанның Құрметті журналисі Жаңабай Миллионовтың: «Газет басқарып жүрген азаматтардың көңіліне келмесін. Болат Бекжановтың жазушы, драматургиясынан да жоғары нәрсе – оның бас редакторлығы. Ол бас редактор ретінде әйгілі алыптар Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұл, Ерғали Сағат, Арғынбай Бекбосындардың деңгейінде тұрды», – деуі бекер емес.

2009 жылы Күлбала анам қайтыс болғанда Тараздан 135 шақырым шалғайдағы ауылыма өзінің көлігін босатып, жанымды түсініп, ерекше қамқорлық танытқаны есімнен кетер ме? Болат ұстаз айтпақшы, Шолпанның, Салтанаттың асқар тау әкелері өмірден озған кезде де дәл осындай жанашырлық көрсетіп еді. Аяулы ағаны сағына, сағына жүрерміз. Жақсылығын айта берсе еш таусылмайды. Бөкең бақилық болғанда А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының ұжымы қалай қайғырды десеңізші! Тараз аспаны күңіреніп кеткендей еді!

Барынша жинақтап айтам деген уәдеммен ғана доғардым. Орны толмас биік, адамгершілік қасиеттерге бай қамқор аға, аяулы ұстазымыз еді Болат ағай!

… Күз келген бе?

Ауыл мектебінде үйірме жетекшісі болған ғана тәжірибеммен облыстық «Арай» жастар газетіне 2005 жылы қызметке алындым. Оған аудандық «Талас тынысы» газетінің штаттан тыс тілшісі болуым ықпал етті деп ойлаймын. Сондықтан «Талас тынысының» кейінгі бас редакторлары Сәулембай Әбсадықұлы мен Дүйсен Молдақұловқа риза болып жүремін. Аудан аумағында жүргенде маған қамқор болған тағы бір аяулы адам бар. Ол – «Талас тынысы» газетінде қырық жылға жуық қызмет атқарған Әскербек Құйқабайұлы.

Ол кезде ауылдамын. Жұмыссызбын. Жап-жас басыммен не оқи алмай, не ыңғайлы жұмыс таба алмай қиналдым. Қиын жылдар өтті емес пе? Сол кезде де қаламым көмекке келген. Жазу қолымнан келетінін байқаймын. Ол кезде аудандық газетке біздің ауылдан Пантай Рахманбердиев деген кісінің мақаласы үнемі шығып тұрады. Бір күні жазғандарымды алып сол Пантай ағайға бардым. 22 жастамын сонда. Ол кісі кет деп, кеудемнен қаққан жоқ. Қызғанған да жоқ. Қағазға айбақ-сайбақ жазғандарымды алып қалды. Арада бір апта өткенде аудандық «Талас тынысының» бір нөміріне үш мақалам «жарқ» ете қалды ғой. Содан Пантай ағайға баруды жиілеттім. Ол кезде аудан орталығы Қаратауға көшіп кеткен. Аудандық редакция Қаратауда, бірақ Ақкөлдегі баспадан басылатын. Бір күні Ақкөлге барғанда баспаханаға соқпаймын ба? Алдымнан аңқылдап Әскербек аға шыға келгені. Былай танимын. Бұрынырақта менің Нұрлан ағамның үйлену тойын басқарған. Сол Нұрлан Досалиев ағам өлең жазып, жырлары аудандық газетке жиі шығатын. Оның да жанашыры – Әскербек Құйқабайұлы еді. Сол Әсекең аңқылдап алдымнан шықты. Жарқылдап амандасып жатырмыз. Бөлек кабинеті бар екен. Сонда бардық. «Есет сенің мақалаң да, өлеңдерің де өте жақсы. Әдеби кітап, өлең кітаптарды көп оқы. Сенің айтысың да өте жақсы. Пантай ағаң екі араны жалғап жатыр. Мына жақтан жанашыр болып газетке дайындап жүрген менмін», – деді. Әсекең ағайға ішім жылып қалды. Содан ұзақ жыл облыстық «Арайға» ауысқанша «Талас тынысына» жазғандарым шығып тұрды. Әскербек Құйқабайұлымен аға-інідей араласып кеттік.

Содан ауылға қарай өтсем, Әскербек ағайдың үйіне соғып тұрдым. Сол аңқылдаған Әскербек ағам да өткен жылдың тамызында бақилық болып кетті. Әр кездескенде шынайы адалдығын, аппақ жүрегін көріп бір жасап қалушы едім. Қош, аяулы ұстаз!

Сіз талай оқырманның, менің де жүрегімде сақталасыз, Әскербек аға!

Есет Досалы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support