- Advertisement -

«Көксай» каналы «көкпарға» түскен кезді есіме алғым келмейді

139

- Advertisement -

Еліміздегі көзі қарақты азаматтар Тянь-Шань тауының табиғаты таңғажайып, арынды өзенінің суы жаяуға ғана емес, аттылыға өткел бермейтін шатқалдың бірі – «Көксай» туралы жазушы Шерхан Мұртазаның «Ақсай-Көксай» әңгімесінен жақсы хабардар. Бүгінде туристік орталық құру үшін елеулі игілікті шаралар атқарылып жатқан табиғаттың тамаша мүйісі – Жуалы ауданы ғана емес, бүкіл облыс тұрғындарының мақтанышы. Бірқатар азаматтар сыйлы қонақтарды осында демалдырады. Осында келушілер шатқалдың қос беткейінде сыңсып өскен арша мен шырша, боз арша және аққайыңдарды, кәусар ауасы мен мөлдір суын, алуан гүлдерге көмкерілген көк шалғынын еш уақытта ұмытпайды.

Жуалы ауданындағы ауылшаруашылығы дақылдарын ағын сумен қамтамасыз ету мақсатында 1964 жылы «Көксай» өзенінің арнасында 24,5 шақырым темірбетон канал салынған болатын. Оның 12,5 шақырымы Қырғыз Республикасының аумағы арқылы өтті. «Көксайдың» суы аудандағы Ақтөбе және Қызыларық ауылдық округтерінің аумақтарындағы 1,5 мың гектардан астам алқапты ылғалдандыратын, бір бөлігін қырғыз ағайындар пайдаланатын. 2008- 2013 жылдар аралығында жазғы шілдеде, күн күйіп тұрған кезде көрші елдің тұрғындары өз аумағындағы арнаны бөгеп, аудан диқандарына су жібермеуді әдетке айналдырды. Мұның өзі егіншілердің егістіктен күтілгендегідей өнім алуына кері әсерін тигізді.

Мәселені шешуге барған мамандарды қырғыз шекарашылары жерлеріне өткізбей әуре-сарсаңға салды. Сондықтан да бұған аудан, облыс және Үкімет басшыларының араласуына тура келді. Қырғыз Үкіметі мен облыс басшыларының келіссөздерінен кейін іс дұрыс жолға қойылғандай болады. Алайда осындай келеңсіздік жыл сайын қайталанады. Көршілеріміз 2012 жылы каналға жүк көліктерімен кұм төгіп, шілде айында 15 күнге жуық су бермей қойды.

Жыл сайын осылай қайталанатын машақаттан мезі болған аудан және облыс басшылары Жуалы ауданы аумағына жаңа арна салу туралы Үкіметтің алдына мәселе қойды. Сол кездегі мемлекет басшысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен мәселе оң шешімін тапты. Жаңа құрылысқа 5,4 миллиард теңгеге жобалық-сметалық құжат жасалды. Жоба сараптамадан өткеннен кейін нысан құрылысына 5,2 миллиард теңге бөлінді. Әлбетте, осындай ірі қаржыны әлеуетті әрі ірі мердігерлер ғана игере алады. Сондықтан да мемлекеттік сатып алу конкурстарында құрылыс жүргізуді «Сенім» корпорациясының еншілес кәсіпорны «Сұңқар» ЖШС және облыстағы «Жігер-2004» ЖШС ұтып алды.

Құрылыс 2013 жылдың күзінде басталды. Олар «Көксайдағы» су қабылдайтын қақпаны қайта жарақтандырып, канал бойында сыйымдылығы 1100 текше метр су реттейтін бөген салды. Бұл мақсатқа 1 миллиард 188 миллион теңге бөлінді. «Жігер-2004» ЖШС металл құбыр тартты.

– Жаңа канал салуға 6 миллиардқа жуық теңге қажет» деген кезде мұндай қаржыны кім береді? деп сары уайымға салынғандар да көп болды. «Көз – қорқақ, қол – батыр» демекші, қаржы бөлініп, құрылыс басталғанда жуалылықтар қатты қуанды. Алып нысанның құрылысы ырғақты жүргізілуін бақылау үшін арнайы штаб құрылды. Оның құрамына облыс басшылары және сол кезде аудан әкімі болған мен де енгізілдім. Мердігер компаниялар күннің атысынан батысына дейін тынымсыз жұмыс істеді. Жазда жұмыс екі ауысыммен ұйымдастырылды. Соның нәтижесінде нысан белгіленген мерзімде пайдалануға берілді, – дейді Батырбек Құлекеев.

Бұрынғы беті ашық, ағысы қатты арнада адамдар мен мал суға ағып кеткен жағдайлар орын алды. Жобалаушылар осыны ескеріп, оны болат құбырлармен ағызуға ұйғарым жасады. Ресейден әкелінген диаметрі 120 сантиметр металл құбыр секундына – 3,5 текше метр су өткізе алады. Құбырдың пайдаланылу мерзімі – 50 жыл. Олардың сырты тот баспайтын материалдармен қапталған. Су қақпасынан арна арқылы реттейтін бөгенге құйылған судың құмы осында шөгеді. Онда тазаланған су алқаптарға жіберіледі.

– «Көксай» каналы «көкпарға» түсіп, әбден жүйке жұқартқан кезді есіме алғым келмейді. Соның салдарынан екі округ аумағындағы бірқатар егіншілер көкөніс және жеміс ағаштарын өсіруден бас тартуға жақын қалған болатын. Бақша дақылдарын өсіріп, олары су тапшылығынан солып қалғандар да болды. Бізге қиын кезде көмек берген ел басшыларына айтар алғысымыз шексіз, – дейді «Зылиха» шаруа қожалығының жетекшісі Керімқұл Бегалиев.

Ағысы қатты әрі суы мол канал бойында бірнеше су электр стансасын салуға болады. Біраз уақыттан бері «Көксай» каналының бойында қуаттылығы сағатына 18 мегаватты құрайтын кіші су электр стансасының құрылысы жүргізілуде. Жобаның құны – 5,2 миллиард теңге. Нысан 2022 жылы пайдалануға беріледі. Қазір онда негізгі жұмыстар аяқталған. Стансада өндірістік инфрақұрылым жүргізу қалды. Бүгінде Жуалы ауданы жалпы сағатына 7 мегаватқа жуық электр қуатын тұтынады.

Ауданда 4,5 мың гектар суармалы жер бар. Оның 1684 гектар егістігі «Көксай» каналы арқылы ылғалдандырылады. Қазір екі округ аумағына одан күнделікті секундына 3 текше метр су жеткізілуде. Егіншілер ағын судан тарығып жатқан жоқ. Жуалы ауданының әкімі Олжас Қаржауов суармалы алқаптың аумағын ұлғайту үшін барлық мүмкіндіктерді қарастырып жатқанын айтады.

– Біз ауданда суармалы егіс көлемін жыл сайын 500 гектарға арттыру міндетін қойып отырмыз. Ол үшін бұлақ көздері тұрақты аршылып, көптеген бөгендер салынады. Ирригациялық жүйені дұрыс жолға қоямыз. Ескі бетон каналдар жаңартылады. Батпақ және қамыс басқан арналар тазартылады. Биыл осындай 30 километр канал тазарту көзделсе, қазір оның 20 километрінде жұмыс жүргізілді. Қалған жұмыс жыл аяғына дейін аяқталады. Соның нәтижесінде биыл суармалы егістік көлемін 135 гектарға ұлғайтуға қол жеткізілді. Бұл жұмысты өз күшімізбен, «Жуалы су» кәсіпорны атқаруда, – дейді Олжас Қаржауов.

Ауданда су үнемдеу және оны тиімді пайдалану мақсатында жаңбырлатып және тамшылатып суару қолға алынуда. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін 20 тоспа жасалған. Жиналған су жаңбырлатып және тамшылатып суару қажеттіліктерін толық өтейді.

Ақылжан Мамыт,

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support