Жастардың үй алуына мейлінше жеңілдік жасалуы тиіс

101

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңір жастарына арналған «Әулиеата жастары» атты жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасымен танысты. Бұл бағдарлама өткен жылы облыс басшысының бастамасымен қолға алынған болатын. Жергілікті әкімдікке қарасты ведомстволардың жетекшілері қатысқан жиында аталған жоба туралы жастар саясаты басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа айтып берді.

«Былтыр мемлекеттік жастар саясатын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған «Әулиеата жастары» бағдарламасы бекітілгені есімізде. Бұл жобаны әзірлеуде облыстың ерекшеліктерін ескере отырып, еліміздегі бірқатар аймақтар мен қалалардағы оң нәтиже берген бағдарламаларды негізге алдық. Мұндағы мақсат өңірдің тұрақты даму мүддесінде жастардың бәсекелестік артықшылықтарын арттыру болатын. Осыған қол жеткізу үшін бірнеше міндеттерді іске асыруды жоспарлап отырмыз», – деген басқарма басшысы біріншіден, жастарды қолдауға бағытталған бағдарламалар мен жобаларға жастарды көптеп тарту, нақты тетіктер мен жаңа тәсілдерді енгізу қажеттігін айтты. Демек, жастарды қолдаудың жаңа шаралары пайда болады.

Екіншіден, жастарды қоғамдық- саяси өмірге шақыра отырып, азаматтық жауапкершілікті қалыптастырған абзал. Үшіншіден, жастар саясатының инфрақұрылымын біртіндеп дамыту.

Серікбол Қайратұлының сөзінше, жобада барлығы 21 негізгі индикатор қарастырылған. Негізгі индикаторлар арқылы ісшаралар жоспары әзірленіп, бекітіліп қойыпты.

«Бүгінгі жастар арасында өзекті мәселелердің бірі – баспана. Бұл проблеманы шешу үшін салалық мекемелермен бірлесіп, «Әулиеата жастары» тұрғын үй несиесін үлестіру бағдарламасын қолға алдық. Бұл жобаның бастапқы қаржыландыру көлемі 2 млрд. теңге шамасында деп көзделіп отыр. Қарыздың ең жоғарғы сомасы – 13 млн. теңгеге дейін, пайыздық мөлшерлемесі – 5 %. Бастапқы жарна – 0-10-20. Алғашқы кезеңде 200 адам қамтылмақ», – деді С.Берікқожа.

Өтініш пен құжаттарды қабылдау электрондық цифрлық қолтаңба арқылы жүзеге асырылады екен. Қатысушының жасы 35-тен аспауы тиіс. Ал тұрғын үй заемдарын бөлу бөлек санаттар бойынша жүргізіледі. Айталық, денсаулық сақтау, білім, мәдениет, спорт салаларының қызметкерлері, жоғары оқу орындары мен ғылыми зерттеу институттары мамандары, журналистер және әлеуметтік сала қызметкерлері. Өтінім берушілердің балдары тең болған жағдайда, өтініш пен құжаттарды қабылдау уақыты мен күніне басымдық беріледі.

Спикердің сөзін мұқият тыңдаған аймақ басшысы бағдарламалардың кейбір тұстары әлі де толықтыруды қажет ететінін жеткізді. Мәселен, қаржы саласының мамандарымен бірлесіп, пайыздық көрсеткіштерін әлі де төмендету жақтарын қарастыру қажет. Сонымен қатар үй алу жолдары жастарға барынша жеңіл болғаны жөн. Әсіресе банктегі салымы жоғары жастардың баспаналы болуына мүмкіндіктер туғызған абзал. «Мұны пилоттық жоба деп қабылдау керек. Егер дұрыс нәтиже көрсетсе, кейінгі жылдары да жалғастыратын боламыз. Бұл орайда, жергілікті әкімдіктің тарапынан барлық қолдау шаралары жасалады», – деп атап өтті Бердібек Машбекұлы.

Бағдарламаға қатысты ой-пікірін білдірген облыс әкімдігі экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова да жобаның кейбір талаптарын тағы да пысықтау қажеттігін алға тартты. Ал «Отбасы банкі» Жамбыл облыстық филиалы басшысының орынбасары Талғат Жақсылықов өңірдегі 31 мыңға жуық жас банк салымшысы екенін мәлімдеп, олардан 10 миллиард теңгеге тарта қаражат жиналғанын айтты. Ол, сондай-ақ тұрғын үй пайызына қатысты банк саясатын жан-жақты түсіндіріп, жобаның артықшылықтарын әңгімеледі.

Басқосуды қорытындылаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жауапты мамандарға «Отбасы банкінің» депозитінде жатқан жастардың қаражатын айналымға енгізу жолдарын қарастырып, жастарды баспанамен қамтуды жеделдету керектігін тапсырды. «Тиісті мекемелер жобаның кемшін тұстарын әлі де пысықтап, ұсынысты тездетіп әзірлесін. Содан соң мұны облыстық мәслихаттың талқылауына ұсынамыз. Егер қолдау тауып жатса, қаржы көздерін қарастырып, бірден іске кірісетін боламыз. Жастар – мемлекетіміздің ертеңі. Олардың алаңсыз білім алып, еңбек етуі үшін ең алдымен баспана мәселесін шешіп алуымыз керек. Сонда ғана олардан нәтижелі жұмыс күтуге болады», – деді облыс әкімі.

Comments are closed.