«Сәлім-Сәлима»
«Сәлім-Сәлима»
Әлі де болса сахнаға сұранып тұрған пьеса
«Сәлім-Сәлима» атты екі бөлімді пьеса алғаш облыстық қазақ драма театрында сахналанды. Сол кездері көпшіліктің ықыласына бөленген керемет дүниелер бірінен соң бірі қойылып жататын. Бұл драма да өмірдің ащы шындығын шымбайға батырып көрсетті. Әсіресе, өзім сомдаған Сәлиманың бейнесі әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді. Компартияның номенклатуралық саясатынан шыға алмай, әрі ғашығына қосыла алмай қызметтің құлы болған Сәлиманың қасіреті сол кезде, тіпті, күні бүгінге дейін бар дер едім. Бастығының қолтығына кіріп, өзі үй болудан, жар сүйіп, бала тәрбиелеуден қашатындар өмірде жоқ дей алмайсыз. Шен қуып, атақ қуып, бір күнгі рахатымен ғана өмір сүріп жүрген, ұлттық салт-санадан жұрдай болған адамдар да жүр арамызда. Міне, осыны айналдырған төрт кейіпкерінің аузына салып алып шыққан автордың шеберлігіне мен тәнтімін. Өзі журналист, жазушы ағамыздың авторлық шешімі де керемет. Кейіпкерлерінің өкініш сезімдері арқылы адамды ақылға шақырады. Сәлім мен Сәлиманың өмір қасіреттерін шынайы суреттей отырып, соңында өмір бойы ғашық жүректерін сусындатпаған, өздеріне көңілдері толмаса да, уақыт ағысына қарсы тұра алмаған екеудің арманы орындалады. Сәлима жар болу бақытына ие болса, Сәлім қазақ әйелінің болғаны үшін шаттанады. Рас, осы пьеса сахналанғанда кейбіреулер шындықтың бетіне тіке қарағысы келмеді. Бірақ, оны мойындамасқа амал жоқ. Міне, осындай театр сахнасында жарқ етіп, жоқ болып кететін қойылымдар болып тұрады. Олар сәттілігіне қарай халықтың есінде қалып отырады. «Сәлім-Сәлима» да көптің көңілінен шыққан құнды қойылым еді. Бұл тақырып әлі өз маңызын жойған жоқ. Жақында ғана өткізілген облысымыздың 75 жылдығына арналған «Театр kz» фестиваліне «Меркі» халықтық театры дәл осы қойылыммен келіпті. Көрермен өте жақсы қабылдады. Осыған қарап-ақ, тақырыптың өміршеңдігін, әлі де болса бұл пьесаның сахнаға сұранып тұрған дүние екенін аңғаруға болады. Бұдан бөлек Әлдихан ағаның «Шаншар атайдың шертпегі» атты драмалық шығармасы Бүкілодақтық жасөспірімдер мен балалар сахнасына лайықталған пьесалардың байқауында бірінші орынға ие болды. Бұдан өзге де пьесалары еліміздің әр түкпірлеріндегі театрларда сахналанып жататын. Өзі облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы еді. Біздер, әртістер, иманды, адал, пейілі кең, жаны жомарт, үлкенге де, кішіге де сыйлы ағаны қатты қадір тұтатын едік. Облыстық бас газеттің редакторы біздің қандай мәселеміз болса да шешуге қабілетті күшке ие болып көрінетін. Сондықтан болар, өзіміз ағаға жүгіріп баратынбыз. Ол да қолынан келген көмегін аямайтын. Біз білетін Әлдихан аға ойға алғанын айтатын, сөзіне берік, ісіне мығым болатын. Тағы бір артықшылығы, ол театрда қандай премьера болса, ешқашан қалып көрген жоқ. Жанына бүкіл ұжымды ертіп келетін. Одан жан-жағындағылар үлгі алып жүретін еді. Осылайша өнермен біте қайнасып өмір сүріп келе жатқан ағамыздың мерейлі 75 жылдық мерейтойы келіп қалыпты. Қазақ оқырмандарына кеңінен танымал балалар жазушысын ел зиялы азамат ретінде жақсы біледі әрі құрметтейді. Ағамызға денсаулық, әулетіне амандық пен игіліктер тілеймін!
Майра Әлімбетова, ҚР еңбек сіңірген әртісі: