- Advertisement -

«Дельта плюстің» дегені болмасын десек…

114

- Advertisement -

Қазір бүкіл әлем елдері демін ішке тартып тұрған шақ. Оған себеп – Үндістанда тіркелген коронавирустың өте жылдам таралатын «Дельта плюс» штамы. Мамандар COVID-19 вирусының бұл түрі басқаларына қарағанда қауіптілеу деген тұжырым жасап отыр.

Әзірге, «Дельта плюстің» адам денсаулығына қаншалықты қатер төндіретіндігін қайдам, жұғу көрсеткіші шынында да жоғары болып тұр. Қарт құрлық Еуропа үнді штамы тез жайылып бара жатқанын хабарлап, дабыл қағуда. Ұлыбританияда бұған дейін британдық мутация кеңінен тарағаны белгілі. Ал қазіргі анықталып жатқан вирустық инфекциямен аурушаңдықтың 98 пайызы «Дельтамен» байланысты екен. Осыдан он күн бұрын ғана бұл көрсеткіш 91 пайызды құраған.

Сондай-ақ Германия, Франция мен Испанияда да үнді штамының ошақтары бар. Карантиндік шектеулерді жеңілдеткен Италияда әр бесінші науқас осы «Дельтаны» жұқтырған. «Португалияда да қазіргі тіркелген деректердің 96 пайызында үнді штамы анықталып жатыр», – дейді осы елдің Министрлер кабинетінің баспасөз хатшысы Мариана Виейра Да Силва. Сондықтан карантиндік ережелер күшейтіліпті.

Мамандар Ресейде коронавирустың үшінші толқыны басталғанын айтады. Ал бірер күн бұрын ғана Нұр-Сұлтан қаласында тіркелген үнді штамы кеше еліміздегі екінші мегаполис Алматыға жеткенін естідік. COVID-19 ауруының күрт өсуін және үнді штамының ықтималдығын ескере отырып, Нұр-Сұлтанда қосымша тексеруге 54 науқастың сынамасы алынды. Соның 56 пайызында «Дельта плюс» анықталып отыр.

Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенованың айтуынша, науқастардың көпшілігі дәрігерге көрінген. Басым бөлігі сырттан тасымалдаушылар екен. Нақтырақ айтсақ, Ресей, Ауғанстан, Түркістан, Ақмола және Шығыс Қазақстан облысынан келгендер бар.

Мутацияның жаңа түрі жұқпалы және тез таралатындықтан, елордада қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қосымша карантиндік шектеулер енгізілмекші.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев көршілес мемлекеттерде қазіргі кезде эпидахуал ушығып тұрғандықтан, жамбылдықтарды барынша сақтық шараларын сақтауға шақырады. Еліміздегі екі мегаполисте үнді штамының анықталғаны – етек-жеңімізді жинау керектігін ескерткендей. «Дельта плюстің» дегені болмасын десек, мамандардың ескертуіне құлақ түрген жөн- ақ. Коронавирустың алғашқы толқыны былтыр шілдеде болған. Биыл тағы да осы кезде Еуропада, Ресейде эпидемиологиялық жағдай ушыға бастады. Ал батыстағы, көрші елдердегі кезекті толқынның көп ұзамай бізге де келетіні анық. Ендеше, өткеннің қатаң сабағын естен шығармасақ екен.

Ардақ Үсейінова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support