Бас жүлде – Қанат Мырзаханда

107

Мойынқұм ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының қолдауымен «Құтқа толы Хан тауының қойнауы, Мойынқұмым – Жаз-атамның жайлауы» атты облыстық ақындар айтысы өтті. Ел Тәуелсіздігінің – 30, Жамбыл Жабаевтың – 175, Жазылбек Қуанышбаевтың 125 жылдықтарына арналған жыр додасын көпшілік аудандық мәдениет үйінің төрінен тамашалады.

Іс-шара айтыскерлердің Жазылбек Қуанышбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюынан басталды. Ескерткіш басында Мойынқұм ауданы әкімінің орынбасары Амангелді Нәметқұлов пен ақын Қайырбек Асанов Жаз-атаның еңбек жолына тоқталып, тебіреніп сөз сөйледі. Бас имам Рысбай Еспенбетов екі мәрте Еңбек Ерінің рухына арнап құран оқыды.

Онан соң мәдениет үйінде Мойынқұм ауданының әкімі Мәден Мұсаев айтысты салтанатты жағдайда ашып, ақындарға ақжарма тілегін арнады. Ол Жаз-атаның барша қазаққа ортақ болмысына тоқталып, бұл жыр додасының маңызы мен салмағын әңгімеледі. Айтысқа ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асанов, облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт, Халықаралық айтыс ақындары мен термешілері одағының облыстық филиалы төрағасы, айтыскер Ахметжан Өзбеков, ақындар Біржан Сөктай, Үміт Битенова, республикалық «Жас алаш» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Нұрболат Әлдибек қазылық жасады.

Айтыстың шымылдығы жуалылық Қанат Мырзахан мен байзақтық Рай Дөңбайдың айтысымен ашылды. Қос айтыскер тақырыпты жақсы ашып, айтыскерлер одағының мәселелерін орынды қозғады. Онан соң таластық Есет Досалы мен құландық Асхат Қылышбек әзілге толы айтыс жасады. Асхаттың: «Жазылбектей кім бар білер малдың жөнін, Қырсыздар қырып бітті малдың көбін. Бұл түрімен бір күні малсыз қалып, Ганстың жеп жүрмейік гамбургерін» десе, Есет: «Шөптің қымбаттағаны нарық заңы, Зардабын шаруалар біліседі. Менің қайсар қазағым аман болса, Әлі алтын аяқтан су ішеді» деп отаншылдықпен жыр төкті.

Жыр додасында жуалылық Дидар Апбасов пен мойынқұмдық Ғабит Есдәулетов сөз сайысты. «Қалаулымға» інім-ау барасың ба? Ол жаққа барсаң да сөкпеймін мен. Өзің қандай жігітсің осы жаста, Бір қызға айтар сөзі өтпей жүрген» десе, Дидар: «Қалаулымға» бармай-ақ Мойынқұмнан, Өзімнің тауып тұрмын қалаулымды» деп әдемі әзілмен жыр төкті. Сарысулық Алик Бекмұсаев пен мойынқұмдық Динара Әбілқайырова әдемі айтысты. Алик: «Келініне орамал тақпашы деп, Айтатын жас енелер салтты бұзған» деп орамды ой тастады.

Байзақтық Дидар Басықараев пен тараздық Төлеби Тәңірбергеннің де жыр қақтығысы тартымдылығымен есте қалды. Жамбыл ауданынан Айтмұханбет Исақов пен қордайлық Күміскүл Сәрсенбаеваның айтысын жұрт сүйсіне тыңдады. Алғашқысы «Мойынқұмға арнап ән шығарған, Әнұранның авторы Шәмші ағамыз» немесе «Замандасы Жаз-атам заңғарлардың, қазақтың Қылышбай мен Кенендері» деп тереңнен сөз бастаса, Күміскүл: «Екеуміз де замандас адамдармыз, Сахнаның төрінде сөзің қалсын» деп толғай білді. Сондай-ақ «Тау тұлғалы толағай атамызға, Үкімет екі рет Еңбек Ерін берген. Еңбектің майталманы Жаз-атаға, Қонаев өзі келіп қолын берген» деп бір қайырды. Жамбыл ауданының ақыны Нұрлыбек Құрманов пен байзақтық Дархан Әбдіманат, тараздық Медеу Мырзатай мен шулық Әділет Медетқұлдардың айтыстары да көңілге қонымды әрі жарасымды өтті.

Айтысты аудан әкімі Мәден Мұсаев қорытындылап, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді арнайы сыйлықтармен марапаттады. Бас жүлдені Қанат Мырзахан иеленсе, бірінші орынды Ғабит Есдәулетов еншіледі. Екінші орынды Асхат Қылышбек пен Дархан Әбдіманап алса, үшінші тұғырды Дидар Апбасов, Медеу Мырзатай, Нұрлыбек Құрманов, Төлеби Тәңірбергендер өзара бөлісті. Ал төрт арнайы жүлденің Жамбыл Жабаев атындағысы Айтмұханбет Исақовқа бұйырса, Жазылбек Қуанышбаев атындағы жүлдені Күміскүл Сәрсенбаева қанжығалады. Аудан әкімінің арнайы жүлдесін Есет Досалы иеленсе, Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына арналған жүлдені Әділет Медетқұл алды.

Ерғали Қартайған

Comments are closed.