- Advertisement -

Жолаушылар жол азабынан қашан құтылады?

235

- Advertisement -

Ойылып тас-талқаны шығып жатқан республикалық, облыстық және аудандық мәндегі жолдардың «жырын» «Aq jol» газеті жазудай-ақ жазып келеді. Мәселен, бұрынғыны айтпағанның өзінде былтыр бірнеше жылдан бері жөнделіп жатса да бітпей қойған, бір жағынан қазан шұңқыр болып ойылып жатқан облыстық мәндегі «Бірлік-Мойынқұм-Ұланбел» жолын жаздық. Биыл Тараз-Жаңатас бағытындағы жолдың Талас ауданы аумағы бөлігіндегі бүлінген жерін жазып, тағы да тиісті басқарма басшылығының назарын аудардық. Обалы нешік, облыс әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков іле-шала екі сынға да басылым бетінде жауап берді. Сынға жауап беру жағынан басқа әріптестеріне үлгі көрсетіп жүрген Б.Жәнібековтің Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын орындаудағы белсенділігіне риза боласың.

Басқарма басшысының газет көтерген сыннан кейін іле-шала беріліп жататын жауабы дұрыс- ақ. Алайда сол жолмен қайта жүрсең, жамап-бітеп қойған жер қайтадан ойылып жатқаны. Жалпы жол мәселесі жақында облыстық әкімдікте өткен аппараттық кеңестің күн тәртібіне шығарылып, өткір қойылды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев: «Тұрғындар тарапынан көп наразылық жол сапасына қатысты айтылады. Ол орынды да. Себебі, біз былтыр салған жолды биыл қайта жөндеп жатамыз. Бұл құзырлы мекемелер тарапынан бақылаудың жоқтығын көрсетіп тұр», – деп Бақытжан Жәнібековті сын тезіне алды. Осы аппараттық кеңес туралы газетіміздің өткен санында әріптесіміз Қарлығаш Есбергенова жеке-жеке тақырып қойып, саралап, талдап жазды.

Жаңадан күрделі немесе орта жөндеуден өткен жолдың тез арада қайта бүлінуіне ауыр жүк көліктерінің бақылаусыз ары-бері ағылуы да әсер етіп жатады. Облыс әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметіне қарағанда, 2020 жылы орта жөндеуден өткен жоғарыда сөз болған «Бірлік-Мойынқұм- Ұланбел» автожолының 270-300-ші километр аралығында тұрақты тұз тасу салдарынан жол жамылғысының бұзылу деректері анықталыпты. Дегенмен мердігер мекеме кепілдік мерзімі аясында ақауды жойған. Алайда жолды пайдалану тәртібінің бұзылуы қайта орын алса, келісімшарт талаптары негізінде мердігердің кепілдемеден бас тартуға құқы бар көрінеді. Сонда мемлекеттің миллиардтаған теңге қаржысына жөнделген жол қайта апандай болып ойылып, тас-талқаны шығып жатса оны кім жөндейді? Тұзды сылқия толтырып алған пәлен тонналық жүк көліктеріне басқармамен қоса, облыс бойынша көліктік бақылау инспекциясы бар, оған полиция, аумақтарынан жол өтетін ауылдық округ әкімдері қосылып, заң талаптарын басшылыққа ала отырып, шұғыл тосқауыл қоймаса, жолдың тас-талқаны шыққаны шыққан. Мойынқұм ауданынан облыс орталығына қатынайтын жолаушылардың дені осы жолмен жүретіндіктен қаншама адам жол азабын тартуда. Оның үстіне ана жылы айтылған Тараз қаласы мен Мойынқұм ауылы арасында ұшақ қатынасы ашылады деген де сөз күйінде қалды.

Ауыр жүк көліктері Мойынқұмның жолын ғана талқандап жатқан жоқ, барлық жолды бүлдіруде. «Батыс Еуропа- Батыс Қытай» халықаралық жолы пайдалануға берілгеніне бірнеше жыл болса да жүк көліктері «Күйік» асуындағы ескі жолмен жүреді. Өйткені пәлен тонна жүк артқан техниканың биікке беттеуі мен ылдиға түсуі қауіп төндіруі мүмкін. Ал енді қырық тонна жүк артқан көлікке есептелмеген асфальт жабындысы қалай шыдас берсін, апандай болып ойылып қалады. Халықаралық жолдан шығып, «Күйік» асуына қарай бар- жоғы бір шақырымдай ғана жол жүрген жолаушының да Қаратау немесе Жаңатас қаласы бағытына баратын жолға түскенше ішек- қарны араласып кетеді. Бұл жолды да кезінде жазғанбыз. Көп ұзамай ой-шұңқыры бітелді. Бірақ анадай алып техника қойсын ба, қайтадан тас-талқаны шыға келеді.

Облыс бойынша көліктік бақылау инспекциясында жылжымалы бекеттер жетіспеуі де айтыла-айтыла жауыр болған мәселе. Осының салдарынан барып жергілікті жолдар тиісті деңгейде бақылаумен қамтамасыз етілмейді. Жол ережесі бұзылғаны жөнінде ақпарат жолданғаннан кейін жергілікті жерлерде бір күндік рейд қана жүргізумен шектелетін көрінеді. Бақылау жұмыстары тұрақты жүргізілмегендіктен жүруге рұқсат етілмеген жолмен ауыр жүк көліктерінің қозғалысы тыйылар емес. Бұл жерде облыс әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы қол қусырып қарап отыр деуге болмас. Тиісті министрлікке басқарма тарапынан ауыр жүк көліктерінің жүруіне шектеу қою туралы ұсынысы қолдау таппай келеді. Бірінші, көліктік бақылау инспекциясына қосымша екі арнайы жылжымалы бекет алу қажет. Екінші, көрші облыстар бірлесіп, кезегімен сырғытпа кестеге сәйкес, қосымша бекеттер тарту арқылы бірлескен шаралар өткізуі тиіс. Үшінші, аталған жүк көліктерінің жалпы пайдаланымдағы автожолдарда жүруін заң жүзінде тыйым салу талаптарын қабылдау керек.

Дегенмен облыс бойынша көліктік бақылау инспекциясы тарапынан да қолдағы мәліметке қарағанда атқарылып жатқан жұмыс бар. Биылғы бес айда бірлескен рейдтерде 2289 автокөлік тексеріліпті. Оның 514-не әкімшілік хаттама толтырылып, 12,5 миллион теңге айыппұл салынған. Осы уақытқа дейін жергілікті бюджетке 10,4 миллион теңге өндірілген.

Тағы бір мәселе – жол жөндеудің, оның ішінде асфальт жабындысын төсеудің өз ережесі бар. Жол құрылысы немесе жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанда құзырлы органдар тарапынан, болмаса тапсырыс беруші мекеме болсын заң талаптарын басшылыққа ала отырып, тексеру жұмыстарын жүргізіп отырса, былтыр жөнделген жол биыл бүлініп жатпас еді. Бұл жерде аудандық, облыстық мәслихаттардың депутаттары, қоғамдық ұйымдардыңда белсенділігі қажет-ау. Тапсырыс беруші мекеме жол құрылысын қабылдап аларда «бармақ басты, көз қыстыға» жол бермей, жұмыстың сапалы атқарылғанына баса назар аударған болса, жолаушылар жол азабына түсе бермес еді-ау деген де ойға кетесің. Көлік иелері тиісті салығын төлеп отырған соң, тақтайдай тегіс жолмен жүруді талап етуге құқылы.

«Қазавтожол» акционерлік қоғамы облыстық филиалының мәліметіне қарағанда, республикалық маңызы бар автомобиль жолының облыс бойынша жалпы ұзындығы 1199 километрді алып жатыр. Облыста автомобиль жолын күтіп ұстау жұмыстары 723 километр және қайта жаңарту жұмыстары 475 километрді құрайды екен. «Шу- Благовещенка» (Қайнар) 0-56 автомобиль жолына күрделі жөндеу жұмыстары бойынша жобалау- сметалық құжаттама дайындау жұмыстары жүріп жатса керек. Осындай барлығы төрт нысан бар. Осының бәрінің құжаттары енді дайындалуда. Жаздың алғашқы айы ортасынан ауды. Жұмыс қашан басталады? Жалпы осы құжат дайындау деген неге жаз айының ортасына дейін созылады? Басқа-басқа, негізінен жұмысы жаз мезгілінде қарқын алатын құрылыс саласының жобалау- сметалық құжатын қыстан бастап, ерте көктемнен дайындап қойса болмай ма? Әсіресе асфальт төсеп жүргізілетін жол құрылысының жұмысын жандандыру үш айда өте маңызды болмақ. Әйтеуір, «Алматы — Ташкент — Термез» автожолының «Қордай асуын айналып өту» учаскесінің 159- 200 километр аралығындағы 28 километрге 642 миллион теңгеге орташа жөндеу жұмыстары басталыпты. Бұған да шүкір дейік. Республикалық және облыстық мәндегі жолдың жайы осылай болып жатқан соң, аудандық мәндегі жолдың «жырын» айтпай- ақ қойсақ.

Амангелді Әбіл

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support