Жаңалықтар

Жаңатас жел электр стансасы толық қуатында жұмысқа кірісті

Жаңатас жел электр стансасы толық қуатында жұмысқа кірісті

Жаңатас жел электр стансасында соңғы жел қондырғысын (турбина) құрастыру жұмыстары 9 маусымда қолға алынған болатын. Ал 20 маусым күні барлық 40 қондырғы іске қосылып, Орталық Азиядағы осындай жобалардың ішіндегі ең ірісі, қуаты 100 мегаватты құрайтын станса толық қуатында жұмысқа кірісті. Осылайша Қазақстан мен Қытай мемлекеттерінің бірлескен жобасы бүгінде мәресіне жетіп отыр. Қазіргі уақытта қосылған жел қондырғылары сынақ режимінде. Ол Қазақстанның оңтүстік аумағын, 1 миллион үй шаруашылығының ішкі қажеттілігін қанағаттандыра отырып, жылына 350 миллион киловатт/сағат таза электр энергиясымен қамтамасыз етеді деп күтілуде. «Жаңатас жел электр станциясы» ЖШС-ның Бас директоры Гуо Киннің айтуынша, өндірілген энергия жылына шамамен 109500 тонна үйреншікті көмірдің қысқаруына балама болмақ. Ауқымды жоба – Жаңатас жел электр стансасының құрылысы 2019 жылдың шілдесінде басталған болатын. Жобаның басты құрылтайшысы – «China Power International Holding Limited» компаниясы, оның сенімді серіктесі – «Visor Kazakhstan» болды. Жобаның жалпы құны 44,8 миллиард теңгені (130 миллион АҚШ доллары) құрады. Жоба аясында қуаты 2,5 мегаватт болатын 40 жел қондырғысы (турбина) мен электр жабдықтарын, сондай-ақ бір станса торабы мен көпбейінді орталық салу жоспарланған болатын. Айта кеткен жөн, Жаңатас жел электр стансасы әлемді жайлаған эпидемия кезінде кейбір нысандардың жоспарланған берілу мерзімін кейінге шегеруге мәжбүр болды. Инвестициялық жоба шетелдіктердің, яғни қытай мамандары мен жабдықтарының қатысуымен жүзеге асырылғандықтан, пандемия кезінде екі ел арасындағы көлік қатынасының уақытша тоқтап қалуынан қажетті жабдықтарды жеткізу мүмкін болмаған. Осы себепті жел қондырғыларын іске қосу жұмыстары да кешеуілдеген. Әйтсе де, пандемияға қарамастан алғашқы жел қондырғылары 2020 жылдың қыркүйек айында пайдалануға беріліп, өткен жылдың соңына дейін жалпы 20 қондырғының өндірген электр энергиясының қуаты 50 мегаватқа жеткен. Енді жылына 350 миллион киловатт/сағат электр қуатын өндіруге қауқарлы жоба толықтай жүзеге асқанда, облыстың бірнеше ауданын табиғи көздерден өндірілген энергиямен қамтуға мүмкіндік туып отыр. Жалпы жоба оңтүстік Қазақстандағы электр энергиясы тапшылығын жойып қана қоймай, тау-кен өндіруші кәсіпорындардың да жұмысының тиімділігін арттырары сөзсіз. Сондықтан стансаның толық қуатында жұмыс істеуін асыға күткендер аз болмады. Оның үстіне, жел стансасын іске қосу атмосфераға бөлінетін зиянды қалдықтардың мөлшерін азайтады әрі жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Толық іске қосылуы арқылы жергілікті халықтың жағдайын жасаумен қатар, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына да үлкен серпін беретін бұл ірі инвестициялық жоба – Орталық Азиядағы ең ірі жел электр стансасының «жасыл» энергетика қорын толтыруға қосар үлесі де зор болары сөзсіз.

Жүрсінгүл Жақып,

Сарысу ауданы.