Мәдениет

Сөнбейтін қоз

Сөнбейтін қоз

– Бұл жай көкейімнен еш уақыт кетіп көрген емес, көңілдің көмбесінде жатқан сөнбейтін қоз. Соно-о-оу, бала кезде болған еді бұл әңгіме. Мен екінші сыныпты бітіргелі жүрген кезде тау елін ойға – Шу бойына көшірді. Естуімізше, ұжымшарымыз қант қызылшасын өсіретін болыпты. Ауыл-ауыл, абыр-сабыр болып жататын Кербұлақ ел кеткен соң жым-жырт құла түзге айналды. Кербұлақтың басындағы Барлыбай ауылының жұртында әкем су диірмен ұстайтын біздің үй, қатты қайырым жұмысқа жарамайтын Ахметжан атай мен Құтым апайдың үйлері  көшпей қалған. Үйі ауылдың жоғарғы  шетіндегі Ахметжан атай оқшау отырғысы келмеді білем,  біздің үйге іргелес Еркештің бос тұрған тамына кіріп алды. Ахметжан атай –  сыпа, кірпияз кісі. Кесек келбетінен нұр төгіліп тұрады.  Қоңқақ мұрны, оның астындағы қалың бурыл мұрты атайдың әжім онша  көп сызаттандыра қоймаған қызғылт жүзіне жарастықта болып көрінетін. Атайдың әр сөзі мен қимылынан бекзаттық білініп тұрады. Атай түске дейін көзге көп түспейді,  үйінде кемпірінің қасында болады.  Сөйтеді де өне бойы бір уақытта,  көлеңке қисайғанда есік алдына шығады.  Сол сәттен бастап атайдың үйреншікті тірлігі басталады. Ал атайдың ол тірлігі –  өзінің және біздің үйдің алдындағы  бірігіп кеткен айтақырды тазалау. Атай Әмина апай ақ қағаздай етіп әдемілеп жуған жейдесі мен дамбалын, айыр қалпағын киіп, аласа орындығына қаздиып отырып алып,  жалғыз шыбықпен айтақырдың бетіндегі шөп-шаламды түртіп түре қууға кіріседі. Содан,  орындықты ыңғайына қарай жылжытқаны болмаса,  осы отырысынан танбай,  ымырт жабыларда алаңқайды қылпық қалдырмай тазалап шығады.  Күнде осы.  Атайдың қолына жалғыз қу шыбықтан басқа ештеңе алмай,  тұқшиып отырып-ақ алаңқайды мұнтаздай ететініне бәріміз таңданамыз, бірақ ол кісі ештеңені елең қылмайды.  Анда-санда сонау басаттан бері қарай құлап түскен көлеңкенің бергі шеті қай жерге жеткеніне бір қарап қойып,  шыбығын қайта шошаңдатуға кіріседі.  Шыбық шоршытқан шөп-шаламды аласа қалың шөпті кешіп келе жатқаныңда аяғыңның астынан жанұшыра шоршып ұшқан шегіртке дерсің. Атай қалың  шегірткені үркітіп отырған тәрізді мына әрекетінен бір қызық табатын шығар. Мүмкін... қанша  бас қатырсаң да жауабы табылмайтын әрекет еді мұнысы. Бір күні қораның үстіне шығып алып,  етбетімнен түсіп, атайдың бар әрекетін қалт жібермей бақтым да жаттым.  Әлі көлеңке түсе қоймаған, атайды күн аямай-ақ қақтады. Атай маңдайынан шып-шып шыққан,  қалпағының астынан шүмектеп аққан ащы терді жаялықтай орамалымен оқтын-оқтын сүртіп қойып,  жұмысын тоқтатпады.  Біраздан соң үлкен бір сона ызыңдап кеп, атайдың бетіне,  мойнына тиіп-тиіп өтті.  Атай бар болғаны мойнын ішіне алып,  тыржың ете қалып, жұмысын жалғастыра берді.  Көлеңкемен бірге алаңқайға қалың шыбын-шіркей келді,  бәрі атайдың басын айналып ұшады,  өлермендері көзіне кіріп,  мазасын алды.  Күннің қызуынан да,  сонаның ызыңынан да шыбын-шіркейдің жабылғаны жаман еді,  алайда,  атай елең қылар емес,  таласа талай берсін, не қылар дейсің деген сыңайы анық байқалып тұрды. Шыбын-шіркей маған да кіріскен. Бірақ мені қойшы, аяқ-қолым бос, бір секірсем, зып беріп үйге кіремін де кетемін.  Ал атай шыбын-шіркей тұрмақ, олардың көкесі жабылса да жұмысын тоқтатар емес. Мен қорадан секіріп түстім де, қолыма қабырғаға сүйеулі тұрған жалпақ күректі ала салып,  ерсілі-қарсылы сілтеп,  шыбын-шіркейді жасқап қуа бастадым. – Ой, жолың болғыр, мұның нең? Тоқтат! Мен кілт тоқтадым.  Менің көмекке келгеніме қуанудың орнына зекігені несі атайдың?! Атай менің өңім бұзылып кеткенін көрді, ренжіп қалғанымды сезді. – Әй, балам, өйтіп ожырайма.  Бұл Кербұлақтан ел кеткелі жер ғана емес, ұшқан құс, жүгірген аң да жетімсіреп қалды.  Сона соратын, шыбын-шіркей шағатын адам да, мал да жоқ.  Сонда  бұлар мені айналдырмағанда кімді айналдырады? Тиме, сорсын, шақсын мені. Мен түсінбейтін жай енді тіптен көбейді. –Сондай қалай?.. Әрі қарай аузыма сөз түспеді. Жақсы болғанда сөзімді Ахметжан атайдың өзі іліп әкетті: – Біліп қой, бұл Кербұлақ жетімсіремеуі керек. Мен күніге күнге борсып, басы-көзімді маса-сонаға сорғызып бостан-босқа отыр дейсің бе мұнда?  Мына алаңқайға су сеуіп, сыпырғышты сілтеп-сілтеп сыпырып тастауды білмейді дейсің бе мені?  Жо-о-оқ, білемін. Елі кеткен Кербұлақтың мына кішкентай бір қолтығында өмір нышаны ұзағырақ білініп тұрсын деп шөп-шаламды әдейі жалғыз шыбықпен түрткілеймін.  Сендер де қарап жүрмеңдер,  Кербұлаққа бір пайдаларыңды тигізіңдер. – Сонда  не істеуіміз керек? – Ойнаңдар. Ана  кішкентай балаларды тоспаға ертіп барып,  асыр салып шомылыңдар, Қарабетке шығып,  ылдиға қарай тас домалатып жарыстырыңдар, түнде жамырап жұлдыз санаңдар, кешке қол жайып Аймен  амандасыңдар. Айға не деп сәлем беретінін білесің бе өзің? Ай көрдім, Аман көрдім. Ескі айда есіркедің, Жаңа айда жарылқа, –  дейді. – Білемін. – Жөн. Білгенің жақсы. Ал онда бар, ойна. Бала ойнаған жерде бақ болады. Балалы үй ғана емес,  балалы жұрт та базар.  Айналайын Кербұлақ сендер барда жетімсіремейді. Ахметжан атай жалғыз шыбығына ұзындығы бір сүйемдей шөпті іліп алып, атып жіберді. Мен атайдың сөзі көңілімді әлейім-жәлейім етіп тұрып қалдым. Ойлаған болдым, бірақ атайдың сөзінің байыбына жете алмадым. Өсе келе түсіндім: Ахметжан атай біздің туған жеріміз – Кербұлақты шексіз сүйген екен. Атайдың сөзі сол сәтте-ақ көкейіме сөнбейтін қоз болып ұялаған. Содан бері ол атайдың ғана емес,  менің де Кербұлаққа шексіз сүйіспеншілігім болып маздайды да жатады.