Жаңалықтар

Жанар-жағармай бағасы неге шарықтап кетті?

Жанар-жағармай бағасы неге шарықтап кетті?

Жанар-жағармайдың жыры қашанда біткен емес. Жылдағы қалыпты жағдай биыл да шілде түспей жатып басталды. Дизель мен газ тапшылығы бұған дейін ара-тұра әр облыста қылаң беріп қалатын. Дегенмен жыл басынан бері бензин бағасы 20 теңгеге жоғарыласа, дизель мен газ бағасы да аздап одан қалыспай ілесіп келеді. Еліміздің оңтүстік өңірінде көкөніс жинау басталды. Көктемде шет мемлекеттерден импортталатын көкөністі оңтүстіктің өнімі алмастырған сәтте нарық бағамы біршама құлап, халық қолжетімді бағада көксөк сатып алатын. Ал биыл отандық өнім еліміздің сауда орталықтарына түспей жатып- ақ жанар-жағармай тапшылығы қайта сезілді. Дизель мен газдың тапшылығы дәл Түркістан облысында көкөніс жинау науқаны басталған тұста басталуы күдік ұялатады. Әсіресе «жинап қойған қырыққабат пен қауын-дарбызымыз құритын болды» деп Сарыағаш пен мақтаралдық диқандар Үкіметтен көмек сұрауда. Оған жаңа басталған орақ науқанын қосыңыз. Жанар-жағармай бағасының өсуі бір бау шөптің өзін «алтынға» айналдырып жібергендей. Ертең малдың жайы не болмақ? «Мүмкін бұл кәсіпкерлердің бағаны көтеру үшін жасап отырған кезекті қитұрқы әрекеті емес пе? Билік бағаны ауыздықтамай қайда қарап отыр?» дейтіндер де жоқ емес. Өйткені бүгінгі таңда айлық бұрынғы мөлшерінде қалғанымен, баға біткен аспандап кетті. Түркістан облысындағы дизель отынына деген тапшылық Шымкент пен Таразда жүк тасымалдайтын жүргізушілердің алыс сапарға шығуына қолбайлау болуда. Енді олар жүгіміз бұзылып кетеді деп алаңдауда. Жүргізушілер Шымкентте 100 литрден ғана босатып жатқан дизельге қол жеткізу үшін сағаттап кезек күтетінін айтуда. Дизельмен жүретін жеңіл автокөліктер қазірден-ақ Таразда да қажетті отынын таба алмай бастары қатып отыр. Ал бұған жауапты Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі жағдайды екі-үш күнде шешуге уәде етуде. Енді осы министрліктің мұнайды тасымалдау және қайта өңдеу департаментінің директоры Талғат Құрманбаевтың бұқаралық ақпарат құралдарына берген жауабына тоқталайық. Ол ағымдағы жылдың 6 мамыры мен 10 маусымы аралығында «ПКОП» ЖШС зауыты профилактикалық жөндеуден өткізгенін айтты. «Бүгінгі таңда онда жөндеу жұмыстары аяқталды. Барлық қондырғылар тұрақты жұмыс істеп тұр. 13 маусымнан бастап бензин өндірісі қалпына келтірілді, соңғы 5 күнде орташа тәуліктік өндіріс 6,5 мың тоннаны құрады. Ал 16 маусымнан бастап дизельдік отын өндірісі қалпына келтірілді, соңғы 4 күнде орташа тәуліктік өндіріс 5,6 мың тоннаға жетті. Республиканың оңтүстік аймақтарындағы мұнай өнімдерінің күнделікті тұтынуы, атап айтсақ, АИ- 92 бензиніне 5,31 мың, дизельдік отынға 5,6 мың тоннаны құрап отыр. Осылайша, мұнай өнімдерін өндіру қазіргі сұранысты толығымен жабады. Жанар-жағармайды темір жол арқылы жөнелтуде аздаған сұрақтар туындаған еді, қазір біз «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, оңтүстік өңірлерге оны жеткізуді жеделдетіп жатырмыз. Жалпы алғанда, 21 маусымдағы жағдай бойынша бензиннің 195 мың (мұнай өңдеу зауытының цистерналарында 32,1 мың тонна), дизель отынының 190 мың тонна (МӨЗ цистерналарында 22,7 мың тонна) қоры бар. Барлық мұнай өңдеу зауыттары күнделікті өндірістік және ішкі нарыққа мұнай өнімдерін жөнелтумен жұмыс істеуде», – дейді Талғат Құрманбаев. Оның айтуынша, жанар-жағармай қоры жеткілікті, бағаның өсуіне еш негіз жоқ.

Марат Құлибаев