Жаңалықтар

Олар награда үшін емес, намыс үшін соғысты

Олар награда үшін емес, намыс үшін соғысты

Осыдан сексен жыл бұрын Ұлы Отан соғысы басталды. Тарихта оның себептері, қалай басталғаны, алғашқы күндері, Қызыл әскердің шегініп, үш айдың ішінде фашистер Кеңес Одағының астанасы Мәскеу түбінен бір-ақ шыққаны туралы мәлімет көп. Сол қырғын ұрысқа қалың қазақтың бірі болып Бауыржан Момышұлы да кірді. Көптеген кітаптардан, газет-журналдардан, радио-телехабарлардан батыр Баукеңнің қайталанбас ерліктері туралы білеміз. Бірақ көпшілік ол соғысты қалай аяқтағаны жөнінде біле бермейді. Сондықтан бүгін батырдың өмірінен бір эпизодты жұрт назарына ұсынуды жөн көріп, төмендегі өз сөзінің стенограммасын жариялап отырмыз. Ұлы Жеңісті гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы Қызыл тулы 9-шы атқыштар дивизиясының командирі ретінде қарсы алды. Ал Ұлы Отан соғысының солдаттарын демобилизациялау туралы КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығы 1945 жылдың қыркүйегінің соңында ғана қабылданды. 28 қыркүйекте Б.Момышұлы 23-ші гвардиялық полк жауынгерлерімен кездесіп, оларға көптен күткен демобилизацияның тәртібін айтып берді. Бүгін біз даңқты қолбасшының сөйлеген сөзінің стенограммасынан үзінділерді сол уақыттың – жеңісті қырық бесінші жылдың рухын жеткізеді деген оймен жариялап отырмыз. Сәлеметсіздер ме, жолдастар! Кеше жоғарғы билік КСРО Жоғарғы Кеңесінің атынан кейбір категориядағы әскери қызметкерлерді армия қатарынан қайтару туралы заң шығарды. Ол категориядағылар негізінен қазіргі армия құрамының көпшілігін құрайтындар, төрт жыл бойы соғыстың негізгі ауыртпашылықтарын өз иығымен көтергендер. Осы заң негізінде миллиондаған айбынды жауынгерлеріміз бен сержанттарымыз соғыс ажыратқан өздерінің туған отбасыларына, өздерінің туған ауылдарына, туған қалаларына, өндірісіне, колхозына, өздерінің туған өлкесіне қайта оралады. Осы заң негізінде көптеген қариялар, әке мен аналар соғыс ажыратып әкеткен туған ұлдарын қайтып көру бақытына ие болады. Осы заң негізінде көптеген әйел араларын соғыс ажыратқан күйеулерін көру бақытына бөленеді. Осы заң негізінде миллиондаған кеңестік бала соғыс өздерінен ажыратып әкеткен әкелерімен кездесе алады. Ал олардың ішіндегі қаншама жыл бойы әкелерін суреттен ғана көріп, «папа» деп, қолдарын созып өскен кейбіреулері әкелерін бірінші рет көреді. Осы заң негізінде миллиондаған жоғары білікті, қатал сынақтардан өтіп, қантөгіс ұрыстардың қиын жағдайларында шыныққан жұмысшы адамдар, жұмыс күші бейбіт еңбекке қайта оралып, біреулері станогін іске қосса, біреулері соқасымен жер жыртып, егін салады. Бұл заң іс жүзінде тек Қызыл Әскерді ғана емес, біздің бүкіл өмірімізді реформалау мен қайта құрудың бастамасы, жарқын болашаққа қадам болып табылады. Аталған заңның саяси, экономикалық және тарихи маңызы осында. Осымен сөзімнің заңдық жағын аяқтаймын. Үш ай бұрын біз әскер қатарынан қарттар мен қыз-келіншектерді демобилизацияладық. Мен оларды құрметтеймін, олардың ерліктерінің алдында басымды иемін. Бірақ әскеріміздің негізін құраған олар емес. Олар ұрыс алаңында, майданда әскердің тірегі болып табылған жоқ. Сіздерден кейін әскер қатарында сіздердің қарулас інілеріңіз қалады. Олар – өздеріңіз үйреніп кеткен әскери тілмен айтқанда «мыс котелоктар». Мен олардың да ерліктерінің алдында басымды иемін. Бірақ олар да соғыстың бар ауыртпалығын басынан аяғына дейін кешкен әскеріміздің негізі болған жоқ. Олардың көбісі соғысқа 1943-44 жылдары кірді, тіпті қатарларында әскерге 45-ші жылы шақырылғандар да бар. Сонда кім әскеріміздің негізін құрады, оның өзегі, соғыстың басынан аяғына дейін барлық ұрыс қимылдарымыздың тірегі болды? Ол – сіздерсіздер. Сіздердің жастарыңыз 25 пен 40-тың аралығында. Сіздердің құрдастарыңыз. Дәл осы буын соғыстың басынан аяғына дейін оның бар ауырпалығын көтерді, ұлы істен, ұлы жеңісімізден – халқымыздың, кеңестік қарудың дүниежүзілік-тарихи жеңісінен қанын да, жанын да аямады. Сіздер майдан даласында аса ұлы тарихи істерді қарапайымдылықпен, адамдарша, жұмысшыларша атқардыңыздар. Сол себептен де мен жеңіс сіздердің басты істеріңіз екенін айтып келемін, сол жеңіс үшін сіздердің буынның көбі өмірін қиды, қанын төкті, денсаулығынан айырылды. Сіздер бізге дейінгі де, бізден кейінгі де адамзат білмеген ұлы тарихи істерді жүзеге асырушыларсыздар. Осымен өз сөзімнің лирикалық бөлігін аяқтаймын. Қысқаша айтқанда, сіздер – тарихи оқиғалардың, ұлы істердің қатысушыларысыздар, сіздер – жеңістің қатардағы жасампаздарысыздар. Кеңес Одағының генералиссимусы Сталин жолдас өзінің бір сөзінде қарапайым кеңес адамдарын бұрамалар (винтиками) деп атады және былай деді: «…осы бұрамалар болмағанда біздер, маршалдар мен генералдар, кім болған болар едік». Ол осылай дегенде, өз өмірлерін қатерге тігіп, соғыстың барлық ауыртпалығын көтерген, қолдарына автомат пен винтовка алып, ұрыс алаңында жеңісті жақындатқан жауынгер мен сержант туралы айтты. Ол осылай дегенде, станоктан кетпей бізге өз өнімін, қару-жарақ, оқ-дәрі берген жартылай жалаңаш, жартылай жалаңаяқ, жартылай аш жұмысшы туралы айтты. Ол осылай дегенде, жер өңдеп, бізге нан берген біздің жартылай жалаңаш, жартылай жалаңаяқ, жартылай аш бауырларымыз, әкелеріміз, аналарымыз, әйелдеріміз бен қарындастарымыз туралы айтты. Кім шын мәнінде жеңіс үшін соғысса, кім халықтық шығармашылыққа – жеңіске шынайы атсалысқан болса, сол өтелген борышын мақтан етеді, сол жеңімпаз-жауынгер деген жоғары атағын мақтан тұтады, сол барлық жерде, жан-жақта әрдайым жеңімпаз-жауынгер деген абыройлы атын көзінің қарашығындай сақтайды. Өйткені ол награда үшін соғысқан жоқ, өйткені ол байлық үшін соғысқан жоқ, өйткені ол қара басының қамы үшін, жеке басының әл-ауқаты үшін соғысқан жоқ – ол өз халқының, өз мемлекетінің абыройы, намысы үшін соғысты. Ондай адам ешқашан байшыкештік дарақылыққа, алыпсатарлық қулыққа, оңбаған зымияндыққа бармайды, жеңімпаз-жауынгерлік намысын майда-шүйдеге, ескі-құсқыға айырбастамайды. Өйткені ол – ер, ол – азамат, ол – жауынгер. Ол үшін намыс кез келген байлықтан да қымбат. Ол осы іс үшін өзінің миллиондаған жолдастары қанын төккенін, миллиондаған достары денсаулығынан айырылғанын жақсы біледі. Олар тірі қалғандарға өздерінің өмірлеріне, есімдеріне, қасиетті қандарына кір жұқтырмауды, адамгершілікке жат құбылыстармен, лайықсыз жүріс-тұрыс, қылықтармен былғамауды өсиет етіп кетті. Ол жеңіс жасампаздарының – өлгендердің, жарымжандардың және саулардың жауынгерлік ұжымын жақсы біледі, ұғынады және сыйлайды. Оның адами намысқойлығы, ақыл-парасаты мен жауынгерлік жүрегі қаза тапқан, жарымжан болып қалған және басқа да аман-сау жүрген жауынгер жолдастарының ар-намыстарын аяқасты етуге жол бермейді. Сіздер, 23-ші гвардиялық полк сіздерден ғана құралған деп ойлайсыздар ма? Жоқ! Полк командирлеріңіз сіздерді сапқа тұрғызып, «тік тұр» деп бұйырып, маған рапорт беруге келе жатқанда мен тек сіздерді ғана емес, үш бірдей Ленин орденді 23-ші гвардиялық полкті көріп тұрамын. Өлгендердің полкі! (Қатарларда сыбыр естіледі) Жарымжандардың полкі! Және сіздердің полк. Міне, сондықтан да мен жиі-жиі сіздермен амандасудың алдында саптарыңыздың ана қанатынан мына қанатына ауыр басып жүремін. Мен оны әдейілеп істемеймін. Үш полк көріп тұратындығымнан сөйтемін. – Өлгендер қанша болды? Сіздерден көп пе, әлде аз ба? (Саптағы жауынгер): – Көп, жолдас полковник. – Ал жарымжандар қанша болды? (Жауынгер тебіреніспен): – Кем емес, жолдас полковник. Ондай болса арамза Силенконың өлгендердің полкінің абыройын, жарымжандардың полкінің абыройын және сіздердің абыройларыңызды литвалық үш шошқаға айырбастауға қандай құқығы бар еді? Ол – біз бәріміз жек көруге тұрарлық сұмпайы, шірік сұмпайы. Осымен үндеуімнің моральдық бөлігін аяқтауға рұқсат етіңіздер. Сіздерді үйге қашан қайтамыз деген сауал мазалауда. Сіздер үйлеріңізге 1 қазаннан 15 қарашаға дейін аттанасыздар. Жөнелту жерлестік қағидасы бойынша жүргізіледі. Эшелондар бағыттар бойынша беріледі: Сібірліктерге – Новосибирск, ортаазиялықтарға – Ташкент эшелоны, ленинградтықтарға – Ленинград эшелоны. Қай эшелон қашан берілетінін мен білмеймін. Сондықтан сіздерге бір жарым ай шыдамдылық танытуға тура келеді. Эшелондар берілгенге дейін сіздер не істейсіздер? Бізге қысқа дайындалуға көмектесесіздер. Казармаларды жайластырып, оқыту алаңдарын жабдықтау қажет. Ол не үшін керек? Ол сіздердің орындарыңызды басатын жаңа толқын қолайлы жағдайда өмір сүріп, жабдықталған оқу алаңында әскери өнерін меңгеру үшін керек. Жақында сіздердің орындарыңызға өздеріңіздің інілеріңіз, тіпті ұлдарыңыз келеді. Осы аралықта адал ниетпен жұмыс істеп, барлық әскери тәртіптерді қорыққаннан емес, саналы түрде қатаң сақтағандарыңыз абзал. Өздеріңіздің тәртіпсіздіктеріңізден келеңсіз жағдайларға ұшырап қалмаңыздар. Сіздер басқа күндерге қарағанда дәл осы уақытта анағұрлым адамгершілікке бай болуларыңыз керек. Өйткені төрт жыл бойы күні-түні сіздерді сағат санап күтумен болған, сіздер үшін жүректері сыздап, алаңдап, Құдайдан сіздердің амандықтарыңызды сұрап, дұға оқып, талай түндерді ұйқысыз өткізген отбастарыңмен, әйелдеріңмен, балаларыңмен кездесер сәт келді. Сіздер үлкен жеңімпаз адам ретінде отбастарыңызға тәртіп, әйелдеріңіз бен балаларыңызға мызғымас махаббат пен сенімділік алып келуге міндеттісіздер. Шыда, солдат, кездесер күн жеткенше (күлкі). Өзіңнің зайыбыңның алдында шошқа болып жүрме, ер-азамат бол! Өзіңді таза ұста, жыныстық жұқпалы аурулардың батпағына батып қалма. Бұл менің бірінші кеңесім. Екінші кеңес: елге қайтып бара жатқандарыңызда сіздерді эшелон басшылары қадағалап отырады. Жол-жөнекей бір нәрсені бүлдіріп қойсаң, жағаңнан ұстап алады да тікелей түрмеге жөнелтеді. Бұндай ыңғайсыз жайтты ешкімге де тілемеймін. Үйге жетудің орнына түрмеге түсу. Бұл – жеңімпаз-жауынгерге лайықсыз. Сіз үшін де, сіздің отбасыңыз үшін де келеңсіз жайт. Жолда өзіңді жеңімпаз-жауынгер деген атаққа лайықты ұста. Сенің бекзаттығыңа әр станциядағы саудагер әйелдер қайран қалсын. Үшінші кеңес: Біз сіздерге аздаған сыйлықтар береміз. Қалталарыңызға – бір мың сомнан, қаптарыңызға аздап ұн, қант, ет саламыз. Бұл не үшін істеліп отыр? Олар Сіздерге ме? Жоқ. Олар сіздердің достарыңыз бен отбасыларыңыз үшін беріледі. Үйлеріңізге оралғанда олар сіздермен қуанышты кездесуді қысылып-қымтырылмай әдемі ұйымдастырсын деген ниетпен беріледі. Жолда ішіп-жеп қою үшін емес (күлкі). Ешкімге құпия емес, төртжылдық соғыста әр отбасы материалдық тұрғыда айтарлықтай титықтады. Сіздердің келулеріңіз нені білдіреді? Отбасыңыз үшін өлгендері тірілгенмен бірдей болады! Қаншама толқу, қаншама қуаныштың ыстық жасы! Бір чарка арақ! Қазіргі жағдайда кез келген отбасында сол чарка да, сол чарканы сатып алуға қаражат та жоқ. Кез келген отбасында қаймақ та, құймақ та табылмайды, ал ет дегенің түске кіріп шықпайтын ас. Қант пен тәтті шай да жоқ. Сен үйіңе ораласың, оны естіген достарың келеді, келіншегіңнің қолын қысып, қадірменді күйеуінің аман-есен келуімен құттықтап, әкелеріне балалық жанарымен, балалық қуанышпен үздіге қарап отырған балаларыңның маңдайынан сипайды. Бақыттан жүзі балбұл жанған әйелің осындай айтулы күні қонақтарға кең дастарқан жайғысы келеді. Бірақ оның қолын да, жүрегін де жоқшылық қысып тұрады. Сен қымбаттыңның абыржып, қысылып тұрғанын, «Сүйіктім Ванюша, қонақтарымыз біздің бұл бақытты кездесуімізден көңілді қайтуы үшін мен өзімнен котлет қуырып беруге дайынмын» (күлкі), – дегенді жанарымен жеткізіп тұрғанын байқайсың. Ал сен саспа, аңқаулық танытпа. Әйеліңе қара, оның тұрмыс жағдайын бажайла. Қонақты құрғақ қарсы алуға болмайды. Кенеттен Иван Никанорыч, сенің ақ пейіл көршің кіріп келіп, құшағын жая ұмтылады. Бірақ сен оны тоқтат, оған оң қолыңды берме. «Иван Никанорыч, менің оң қолымды неміс аздап шайнап тастап еді», – деп сол қолыңды соз. Ол сенің сол қолыңды қысып жатқанда, оң қолыңды қалтаңа салып жіберіп өзіңнің Анюткаңа бір мың сомды суырып бер. Арақ алып келу үшін (күлкі). Әйелің ас бөлмеде бәліш пісіріп жатыр. Қуанғаннан есі кетіп, бәліштердің жартысы күйіп, жартысы шала пісуде. Қонақтар стол басында отыр, ортада – арақ. Ыстық тамақ дайын болғанша, біраз күтуге тура келетін сияқты. Қонақтар бөтелкеге өкінішпен тағатсыздана қарауда. Бірақ арақты тезірек құйып тартып жіберейін десе, тіске басар ештеңе жоқ. Міне, дәл осы сәтте сенің ыңғайсыз жағдайда қалмауың үшін саған салқын тіскебасар ретінде екі банка консерві беріп отырмыз. (Күлкі). Бәрі есептелген, жолдастар, ыстық самса, құймақ столдың үстінде, арақ таусылды, шайдың да кезегі келді. Бірақ оны немен тәттілейсің? Қонақтарың қайнаған суға еріндерін күйдіріп алмасын, жолдастарыңмен тәтті шай ішсін деген ниетпен саған екі кило қант беріледі. Мүмкін әр жауынгер осындай қиянкесті соғыстан кейін өзін еркін сезінер, өйткені оның еңбегі сіңді, кеудесінде ордендері бар, ол емін-еркін жүруге, қоғамдық тәртіпті, азаматтық жүріс-тұрыс ережелерін сыйламауға құқығым бар деп есептейді. Егер төрт жыл соғысқан, наградалары бар әр солдат, әр қаһарман ожарлықпен тәртіп бұзатын болса, кеңес адамының жүріс-тұрыс ережелерін сақтамайтын болса, азаматтарымыздың абыройын қорлайтын, намысын таптайтын болса, онда бүкіл кеңес мемлекеті бір айдың ішінде басы бүтін бұзақылардың еліне айналады. Сондықтан халқымыз да, мемлекетіміз де, үкіметіміз де ешкімге қоғамдық тәртіпті бұзуға, заңдарды, азаматтардың абырой-ожданын құрметтемеуге, жүріс-тұрыс ережелерін таптауға ерік бере алмайды. Егер еліңе сіңген еңбегің болса, ол сені барлық жерде, жан-жақта үлгі болуға міндеттейді. Ордендер лайықты мінез-құлықты талап етеді. Қаншама орденің болса да сен отбасыңнан қарапайым Иван болып шыққансың, отбасыңа сол қарапайым Иван болып орал. Сонда ғана сен құрмет пен сүйіспеншілікке бөленесің. Кеудеңді кергеннен түк таппайсың. Соңғысы. Сен ұрыс алаңында лайықты, өте жақсы жауынгер болдың. Соғыста, шайқастарда өз борышыңды абыроймен өтедің. Майданда көзге түстің. Енді еңбек майданында көзге түс, үлгі бола біл, неге десең сенің ендігі парызың – өз халқыңа халық шаруашылығын тез арада қалпына келтіруге бар күш-жігеріңмен көмектесу. Сенің парызың – еңбекте стахановшы болу, өндірісте, колхоз алқабында үздік болу. Менің сіздерге айтпағым осы еді.  

Орысшадан қазақ тіліне аударған

Бекет МОМЫНҚҰЛ.