- Advertisement -

Жамбыл жерінде құрылған «Поляк патриоттар одағы» туралы не білеміз?

189

- Advertisement -

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында отандық және шетелдік архивтерде іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасын қолға алуды тапсыруы барымызды бағамдауға бағдар болып отыр. Осы тұрғыда Тараз қаласының мемлекеттік архивінің қызметкерлері тарапынан архивтік деректер негізінде «Қоныстанушылар» атты ғылыми-танымдық кітабы жарыққа шығарылды.

Бұл еңбекте Жамбыл жеріне Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінде көпшілігі Украина мен Беларустың батыс облыстарынан 1941-1944 жылдары қауіпсіз жерге көшірілген (эвакуацияланған) поляк ұлтының азаматтары туралы архив құжаттары негізіндегі деректер жинақталған. Сол уақыттарда Жамбыл жерінде құрылған «Поляк Патриоттар одағы», балалар үйі мен интернаттардағы поляк балаларының тізімдері, аты-жөні мен ата-анасы туралы мәліметтер топтастырылған. Танымдық кітап қалың оқырманға, тарихшыларға, зерттеушілер мен өлкетанушыларға арналған.

Бүгінгі күнге дейін Польша халқы соғыс жылдары қазақ халқының поляк ұлты өкілдеріне көрсеткен көмегін, мейірімін ұмытпайды. Алғыс ретінде ел астанасының ең көрікті жерлерінің бірі – Вилянув ауданындағы көшелердің біріне «Қазақ көшесі» (полякша ulica Kazachska) атауы берілген. Польшадағы Адам Мицкевич университетінде қазақ тілі оқытылады.

Кеңестік биліктің пәрменімен қазақ жеріне қоныс аударған этнос өкілдерінің барлығы бүгінде біздің бауырларымызға, отандастарымызға айналды. Қазақ халқының қонақжайлылығы мен ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлері біздің жерімізге сан мыңдаған ұлт өкілдерін жатсынбай қабылдады. Қазақстан аумағындағы 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері киелі қара шаңырақта тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатыр.

Мемлекеттік архивтің 50-қорында Польша азаматтары туралы 1942-1946 жылдар аралығындағы құжаттарда кездеседі. 1941 жылдың желтоқсан айында Польша Республикасы мен КСРО арасында келісімшартқа қол қойылғаннан кейін, КСРО Сауда министрлігінің эвакуацияланған поляктарды қамтамасыз етуші өкілі 1946 жылға дейін қызмет жасады. Жамбыл облысында да осындай өкіл жұмыс істеді. Ол туралы құжаттар 378-қорда 24 сақтау бірлігі көлемінде сақталған. Жамбыл облысында бұл қызметті Иван Павлович Сизов атқарғанын растайтын мемлекеттік тіркеу құжаты да бар.

Сонымен қатар Польша әскері қатарындағылардың эвакуацияланған отбасыларының тізімі бар. 1945 жылғы актінің бірінде Үштөбе деген жерде облыстық «Союз Польских патронатов» қоғамдық ұйымы жұмыс жасағанын, оның төрағасы Ирина Рудольфовна Вишневская болғанын, дәл осындай ұйым облыстар мен аудандарда ашылғанын, қоғамдық көмек қоры да қатар істегенін білеміз. Бұл актіде облыстың базасы Үштөбедегі «Поляк патронаттар одағына» көмек ретінде 362 пальто жолданғаны көрсетілген. Облыстық атқару комитетінің құжаттарында (399-қор) интернаттағы поляк балаларының тізімдері бар.

Әулиеата қалалық білім бөлімінің құжаттарында (234-қор) КСРО-дағы поляк балаларының ісі бойынша комитетінің (Комитет по делам польских детей в СССР) 1944 жылдың 9 желтоқсанында жолдаған хаттары да сақталған.

Балалар үйі мен интернаттар туралы мынадай мәліметтер кездеседі: Михайловка селосындағы поляк интернатындағы тәрбиеленушілер туралы ақпараттарда 14 жастан жоғары поляктар туралы жазылған. Барлығы – 4 адам. 2 ер бала, 2 қыз бала. Төртеуі де поляк ұлтынан. Якелло Виктор, Вингер Альреда, Концуб Михайл, Вильк Евгения 1929-1931 жылдары туылғандар. Туған жерлері туралы мәліметтерде Тарнополск, Больинск, Полесск облыстары, Чижов қаласы деп көрсетілген.

Мойынқұмдағы поляк балалар үйінде 14 жасқа дейінгі тәрбиеленушілер болған. Олардың туған жылдары 1933-1938 жылдар аралығы. Бұл тізімде 15 поляк тәрбиеленушілердің тізімі көрсетілген. Олардың туған жері Тарнополск, Львовская, Вольшкая, Полесск т.б. деп жазылған.

Келесі бір кестеде «Отар» стансасындағы 14 жасқа дейінгі поляк интернатының тәрбиеленушілерінің тізімі берілген. Аты-жөні, туған жылы, ұлты, туған жері мен ата-анасы туралы ақпараттар кестеге сәйкес толтырылған.

Жамбыл стансасында оқитын поляктар мен польшалық еврейлердің тізімдерінде аты- жөні мен туған жылы, ұлты, туған жері толық жазылған, олардың барлығы 1928-1930 жылдар аралығында туылған поляктар.

Келесі бір тізімде КазССР Жамбыл облысының Свердлов ауданындағы балалар үйіне ілікпей қалған, енбей қалған жетім поляк балалар туралы ақпараттар жазылған. Олар Кеңес-1, Кеңес-2, Кеңес-3, Амангелді колхоздарына орналастырылған. Барлығы 1929- 1930 жылдары дүниеге келген поляктар екен.

«Мицкевич» атындағы мектеп жанынан құрылған интернаттағы балалардың тізіміндегілердің жасы 14 жастан жоғары. Радек Эдвард, Хеба Генрих, Лея Михайл, т.б. 20 баланың тізімі енгізілген. Оның 9-ы қыз, 11-і ер бала. Әрқайсысының туған жерлері әртүрлі. Мысалы: Львовская, Виленск, Луцкая, Ровенская, Красковск, Тарнополск, т.б. Кейбірінің шешелері белгісіз кеткен, кейбірінің ата-анасы соғыста қайтыс болған, әскерге аттанған. Енді бірінің анасы Меркі колхозында деп көрсетілсе, бірі қайтыс болған, біреуі болса интернатта аспаз, біреуі тәрбиеші, ал кейбірінікі Джамбул, Михайловка деп көрсетілген.

Тағы бір тізім кестесінде Свердлов ауданы, Ново-Ивановск (Жалғыз-төбе) балалар үйінде тәрбиеленушілер жайлы жазылған. 14 жастан асқан поляк балаларының аты-жөндері, туған жылы, ата-анасы туралы мәліметтер де баршылық.

Ата-аналары туралы ешқандай мәліметтер жоқ поляк балалар үйінің және орыс балалар үйі мен патронаттағы балалардың тізімі де кездеседі. Ол жерде барлығы 14 адам. Оның ішінде 9 ер бала, 5 қыз бала, олардың 11-і поляк ұлтынан, үшеуі польшалық еврейлер деген мәліметтер жазылған.

Сонымен қатар архивте азық-түлікпен қамту туралы Акт хаттар да кездеседі. Поляк азаматтарына жолданған заттай тауарларды (посылка) алушылардың тізімі мен тауарларды қабылдап алған 1946 жылғы актілер сақталған. Жамбыл облыстық кеңесі КСРО-ға «Поляк Патриоттар Одағы» атынан 1945 жылғы 17 наурыздағы №419/45 шығыс номерімен мынадай мәліметтер жолдаған. «Жамбыл облыстық «Поляк Патриоттар Одағы» Сіздің сұраныс хатыңыз бойынша мына төмендегідей ақпараттарды жолдап отыр. 13 наурыз, 1945 жыл №407/45. Қазіргі таңда Жамбыл облыстық «Поляк Патриоттар Одағының» 6 наурыздағы облыстық кеңесінің шешімімен құрылған жаңа құрам мүшелерінің мәліметі төмендегідей» деген сияқты көптеген парақтан тұратын құжаттар бар.

Келесі бір деректерде поляк оқушыларының сабақ үлгерімі, табельдері, әдебиет сабағынан жазған мазмұндамалары да жинақталған. Мысалы: бастауыш сыныпта міндетті түрде оқытылатын Генрих Сечкевичтің «Смотритель маяка» деген әңгімесі желісінде 7-сынып оқушысы Бранислов Зборчуктің қысқаша жазған мазмұндамасының түпнұсқасы сақталған. Дәптерінің сыртында А.Құнанбаевтың өлең жолдары бар. Сонымен бірге оқушылардың күнделіктері, сынып журналдары, бағасы көрсетілген журналдар аты-жөнімен жазылған.

Тәуелсіздік жылдары екі елдің арасындағы достық қарым-қатынас нығайып, 2002 жылдың маусым айында тұтқында болған поляктарға арнап Жуалы ауданында Польша тарапынан ескерткіш орнатылған болатын. 1940 жылдың желтоқсан айында депортацияланған поляктар өз еліне қайтарылып, жол-жөнекей қайтыс болған поляк азаматтары Жуалы ауданындағы Шақпақ стансасында эшалоннан түсіріліп, алғаш рет осы жерге жерленген. Мұндағы тақта тастарға 212 поляктың есімдері қашап жазылған, биіктігі 3,5 метр тұғыртаста «Бұл жерде поляктар жерленген. Шығыстағы генерал В.Андерс поляк армиясының 212 жауынгерлері және Совет лагерінде тұтқында болған поляк азаматтары 1942 жылы Отанына қайтып бара жатқан жолда қайтыс болғандарын жерлеген» деп жазылған.

Осындай тарихи деректердің келешек үшін маңызы зор болғандықтан, оны сақтау – архившілердің қызметтік міндеті. Сонымен бірге мемлекеттік сақтаудағы құжаттардың жағдайын тексеру, өңі кеткен мәтіндерді қалпына келтіру, аса құнды құжаттарды анықтау сияқты жұмыстар үздіксіз жүргізіліп тұрады. Осылайша қоймадағы құжаттарға жоғары жауапкершілікпен қарау – барлық архившілерге тән қасиет.

Әрбір ел өзінің өткен тарихын білу арқылы, болашағын болжай алады. Сондықтан архив қоймаларында жоғарыда келтірілген мәліметтер іспетті баға жетпес құнды құжаттар сақталып, біздің өміріміздің барлық маңызды оқиғалары жинақталады.

Нұрхат СЕРІКБАЕВ,

Тараз қалалық мемлекеттік архивінің директоры,

тарих ғылымдарының магистрі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support