- Advertisement -

Пандемияға қарамастан, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында серпін бар

87

- Advertisement -

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев белгілеген стратегиялық міндеттер мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауының басым бағыттарын іске асыру аясында облыста іргелі шаруалар қолға алынды. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін берген жобалар мен ілкімді шаруалар да шаш-етектен. Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуының жыл басынан бергі көрсеткіштерінде оң динамика бар.

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аймақта атқарылып жатқан тірліктер туралы кеңінен баяндап өтті.

Экономиканың өсімі 101,6 пайызды құраған

Аймақ басшысы Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауымен өңірдегі негізгі салаларда өсімге қол жеткізіліп отырғанын баса айтты. Ағымдағы жылдың қаңтар- мамыр айларының қорытындысымен, пандемиялық және карантиндік шаралардың кері әсеріне қарамастан Жамбыл облысында экономиканың өсімі 101,6 пайызды құраған.

«Бұл орайда өнеркәсіпті өркендетуге жете мән бердік. Биылға 543 миллиард теңгенің өнімін өндіру, негізгі капиталға 421 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарланған болатын. Жыл басынан бері 436 миллиард теңгеге 11 жоба іске асырыла бастады, бүгінгі таңда жалпы құны 74,1 миллиард теңгені құрайтын 5 жоба толық орындалды. Бұлардың қатарында «ЕвроХим», «Қазфосфат» зауытының екінші кезеңі, каустикалық сода шығару, неміс инвесторларымен бірлесіп алтын өндіру сынды ауқымды жұмыстар бар», – деген аймақ басшысы «ХимПарк» арнаулы экономикалық аймағымен Тараз қаласының аумағынан құрылған индустриялық аймақтың мүмкіндіктерін пайдалану қажеттігін алға тартты.

Қазір арнайы экономикалық аймақта картоп өңдейтін зауыттың құрылысы басталған. Сонымен қатар гербицид өндіретін кәсіпорын табысты жұмыс істеуде. Бүгінде жергілікті әкімдік аталған бағыттарда 6 компаниямен тығыз қарым-қатынаста еңбек етіп жатыр.
Бердібек Машбекұлы брифингте елімізде «Қарапайым заттар экономикасы» жобасы жүзеге асырылып жатқанын еске салып, Жамбылда осы бағытта 224 жоба қолға алынғанын атап өтті. Олардың жалпы құны 75 миллиард теңгені құраса, қазіргі кезде 54 миллиард теңгеге 166-сы қаржыландырылып үлгерген. Осылардың негізінде аймақта кем дегенде 2 835 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Ал мемлекет қазынасына 8 миллиард теңгеге жуық салық түсуі керек.

Қазіргі таңда 150 мыңдай тұрғын екпе салдырып үлгерді

«Қазіргі таңда санитарлық талаптарды қатаң сақтап, науқастардың санын көбейтпеу, оларды реабилитациядан өткізу бағытындағы жұмыстар өте маңызды болып тұр. Бүгінде Жамбылда 9 493 науқас тіркелсе, оның 9 055-і айығып шықты. Өкінішке орай, 85 азаматымыз көз жұмды. Өңірде 2 580 орындық денсаулық сақтау мекемелері қызмет етуде, оның 250-і ауыр халдегі сырқаттарды қабылдауға арналған. Егер індеттің үшінші кезеңі орын ала қалған жағдайда 4300-ге жуық төсек-орындық ауруханалар әзір», – деген Б.Сапарбаев былтыр аймақта ауыр науқастарды сауықтыруға арналған оңалту орталығы ашылғанын жеткізді. Онда кешеге дейін 1 400-дей адам ем алған.
Облыс әкімінің сөзінше, бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен тұрғындарды вакцинациялау мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Жоспарға сәйкес, 582 мың жамбылдық екпе қабылдауы қажет екен. Қазіргі таңда 150 мың шамасындағы азамат екпе салдырып үлгерді, қыркүйек айына дейін вакцинациялаудың межелі көрсеткіштеріне жету керек.
«Жамбыл облысында ірге қалаған жаңа салалардың бірі – фармацевтика. Бұл салада жыл басынан бері 1,5 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Негізгі қажет құрал-жабдықтарды «СуперФарм» зауыты шығарып жатыр», – деген аймақ басшысы сөзінің барысында Тұңғыш Президент – Елбасы қорының бастамасымен облыстағы көпсалалы балалар ауруханасында 120 төсектік «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылғанын айтты. Онда бүгінге дейін 620 бала ем қабылдаған. Жалпы, медициналық мекемелердің материалдық базасын нығайтуға жергілікті бюджеттен 2,6 миллиард теңге қарастырылыпты.

Пайдаланылмай жатқан 41 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды

Бердібек Машбекұлы жиында өңірдегі ауыл шаруашылығы саласында атқарылған жұмыстарға тоқталып, тауар өндірушілер алдымен өздерінің, содан соң мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге атсалысуы керектігін айтты. Сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға өңірдің қолайлы климаттық жағдайын тілге тиек етіп, әсіресе егістік алқаптары мен жайылымдық жерлердің бос жатпауына айрықша назар аударылып отырғанын жеткізді. Сондықтан да ағымдағы жылы өңірде егістік алқабы өткен жылмен салыстырғанда 47 мың гектарға ұлғайтылып, 768,5 мың гектарға жеткен. Егіс алқаптарын әртараптандыру мақсатында түрік инвесторының қатысуымен таңқурай мен құлпынай отырғызылып, алғаш рет 868 гектар алқапқа қысқы рапс отырғызылыпты.
«Соңғы үш жылда 59,1 мың гектар суармалы жер қалпына келтіріліп, жалпы көлемі 180 мың гектарды құрады. Негізі біз өңірге қажетті судың 80 пайызға жуығын көрші Қырғыз мемлекетінен аламыз. Әзірге біз оның 40 пайызын ғана алып отырған жайымыз бар. Сол себептен қос тараптың басшылары осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыруы керек. Алайда оған қарайламай, біз мүмкіндіктерімізді барынша пайдалануға тиіспіз. Ол үшін алдымен жаңа технологияға мән берген абзал, яғни тамшылатып суару технологиясын игеруді қолға алған дұрыс. Содан соң жерасты суларын пайдалану қажет. Бізде әзірге 600-ге жуық ұңғыма бар, қазіргі таңда ғылыми-зерттеу институттарымен сол ұңғымаларды зерттеу үстіндеміз. Биыл 20-дан астамын іске қостық. Ендігі мәселе – тоған-көлдерімізді суға толтырып, бұлақ суларын кәдеге жарату», – деген облыс әкімі Экология министрлігімен бірлесіп, аймақта үш су қоймасы салынатынын айтты. Сол кезде өңірдің ауыл шаруашылығы саласын 150-180 миллион текше метр сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. Қазіргі таңда бұл жұмыстардың жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Күзде қаражаты нақтыланып, келесі жылы су қоймаларының құрылысын аяқтау жоспарланып отырған көрінеді.
Б.Сапарбаевтың айтуынша, облыста арнайы әзірленген картаның нәтижесінде пайдаланылмай жатқан 41 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның 2,1 мың гектары егістік жерлер болса, 38,9 мың гектары жайылымдық алқаптар.

Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны азайды

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімі өңірде атаулы әлеуметтік көмек алушылардың азайғанын мәлімдеді. Олардың біразы жұмысқа орналасса, бірқатары өз кәсібін ашуға грантқа қол жеткізген. «Ағымдағы жылдың бес айының қорытындысы бойынша «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасымен 23,2 мың адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Сонымен қатар 16,4 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Оның 7,3 мыңы – тұрақты. 426 адам жалпы сомасы 1,5 млрд. теңге көлеміндегі шағын несиеге қол жеткізсе, өз кәсібін жаңа бастаған 3 мың кәсіпкер қайтарымсыз грантқа ие болды», – деп атап өтті спикер.
Брифингте белгілі болғандай, аймақтағы Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 69 мыңнан 50 мың адамға, яғни 19 мыңға дейін азайған екен. Облыстағы 356 ауылдық елді мекеннің 70-інің тұрғындары, барлығы 140 мың адам мемлекет жәрдемін алмайды. Сондай-ақ облыста жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құраған. Орташа жалақы ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында 23 пайызға өсіп, 144 мыңнан 176,9 мың теңгеге дейін өскен.
«Өңірде әкім болған Асқар Мырзахметовтің бастамасымен ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылған болатын. Оған облыс аумағындағы 10 ауданнан 11 ауылдық округ қатысқан. Осы жобаның бес бағыты аясында мемлекет қазынасынан 9,2 миллиард теңге бөлініп, игерілді. Бұл сома бекерге беріле салған жоқ, 2,5 пайыз несиемен үлестірілді. Үкіметтен арнайы комиссия жасақталып, ол қаражаттың жұмсалу барысымен танысқан болатын. Бүгінгі таңда жалпы қаражаттың 944 миллион теңге қарызы өтелді. Пилоттық жоба қатысушыларымен 21 мың тонна дәнді және мал азығы дақылдары, 11,2 мың тонна көкөністер мен бақша дақылдары, 12,5 мың тонна ет және сүт өнімдері өндірілді», – деді Бердібек Машбекұлы.
Нәтижесінде 589 жаңа жұмыс орны құрылып, жұмыссыздар саны 36 пайызға азайған екен. Сондай-ақ аталған ауылдық округтерде Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 1 058 адамға азайып, 2 282 азамат өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыздар жеке кәсіпкерлер ретінде тіркелген.

Баға қымбаттамас үшін делдалдарға тосқауыл қойылуда

Брифингте Бердібек Сапарбаев әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы да тоқталып өтті. Оның сөзіне қарағанда, бүгінде облыста тұрақтандыру қорының өнімдері төмендетілген бағамен сатылатын 29 әлеуметтік дүкен жұмыс істеуде. Осы жылы тағы осындай 12 дүкен ашу жоспарланып отыр.
«Бұл орайда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде жүзеге асып жатқан «Алқаптан сөреге дейін» пилоттық жобасының маңызы зор екенін айта кеткен жөн. Бұл бағыттағы жұмыстарға 1 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінді. Аталған жоба аясында азық-түлік тауарларын сатып алуды тұрақтандыру және қамтамасыз ету мақсатында 4 ірі сауда желілері анықталып, онда делдалдарсыз 2 сүт фермасы, құс фабрикалары және 2 500 жеке қосалқы шаруашылықтардың, 14 жеке кәсіпкерлердің, 17 шаруа қожалықтардың, сондай-ақ 22 кооператив өнімдері жеткізілуде. Негізі бағаның өсуіне делдалдардың әрекеті ықпал ететіні сөзсіз. Осынау іс-шараның аясында делдалдарға тосқауыл жасалып, тікелей тауар өндірушіден тұрғындарға жеткізу процесі жолға қойылды», – деді Б.Сапарбаев.
Облыс әкімі бүгінге дейін сауда желілері арқылы 5,8 мың тонна азық-түлік тауарлары және 4 миллион жұмыртқа сатылғанын да атап өтті. Нәтижесінде қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 20-25 пайызға өсіп, азық-түлік тауарларының бағасы орта есеппен 10-20 пайызға төмендеген екен. Сонымен қоса, бес ай ішінде облыста 42 ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесі ұйымдастырылған. Оларда барлығы 460 млн теңгенің 1 104 тонна ауыл шаруашылық өнімі өткеріліпті. Өнімдер нарықтағыдан 15-20 пайызға төмен бағамен сатылды.
Өңірдегі кәсіпкерлердің үлесі 25 пайыздан асты
«Мемлекет басшысы басымдық берген бағыттардың бірі – шағын және орта бизнесті дамыту. Президент Қазақстан халқының кем дегенде 30 пайызы осы салада еңбек етуі қажеттігін тапсырған. Бұл орайда, мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін пайдалану аса маңызды. Қазіргі таңда өңірде кәсіпкерлердің үлесі 25 пайыздан асты. Оларда қазір 127 мыңға жуық адам жұмыс істеп жатыр», – деген облыс әкімі биыл өңірдегі тұрғын үй салу, жол жөндеу бағытындағы шаруаларды әңгімелеп, 12 ауыл ауызсу, 20 ауыл «көгілдір отын» жүйесімен қамтылғанын айтты.
Оның мәліметінше, аймақта тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған бағдарламаларды жүзеге асыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Айталық, ағымдағы жылы 4 482 пәтерлі 76 тұрғын үй салынуда, жыл аяғына дейін 2 902 пәтерлі 50 тұрғын үйдің құрылысы аяқталмақ. Бүгінге дейін 204,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп үлгерген. Бұл сандарды былтырғы көрсеткіштермен салыстырсақ, 6,8 пайызға артық екен. Жыл қорытындысымен 651 мың шаршы метр тұрғын үй тұрғызу жоспарланып отыр.
«Ал жол саласын дамытуға 12,4 миллиард теңге шамасында қаржы бөлінген болатын. Бұл сомаға 424,8 шақырым жол салу және жөндеу жұмыстарын жүргізуді көздеп отырмыз. Нәтижесінде, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 90 пайыздан 93,3 пайызға, елді мекен көшелерінің сапасы 77,2 пайыздан 79,2 пайызға артады деп күтілуде. Бұдан бөлек, тұрғындарды таза ауызсу және «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету жұмыстары да – басты назарда. Атап айтсақ, жыл соңына дейін 44 мың тұрғыны бар 12 ауылдық елді мекенге су құбыры жүргізіліп, қамтылу деңгейі 88,7 пайызға жетеді», – деді өңір басшысы. Сол секілді 20 елді мекенге газ тартылып, газдандырылу үлесі 83,8 пайызды құрамақ. Осылайша 257 елді мекендегі 953 мың жамбылдықтың «көгілдір отынға» қолы жететін болады.

Биыл асарлату әдісімен тағы 134 үйдің құрылысы басталды

Аймақта кәсіпкерлер мен меценаттардың атсалысуымен түрлі әлеуметтік жобалар да қызу жүзеге асуда. «Игі қазақы дәстүрді жаңғыртқан «Асарлатып үй салу» жобасы жамбылдықтардың айрықша қолдауына ие болды. Аталған жоба аясында өткен жылы көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға арналған 99 тұрғын үй салынған болатын. Биыл тағы 134 үйдің құрылысы басталған, бүгінге дейін 14 отбасы баспаналы болып үлгерді. Жоба аясында облыста жалпы сомасы 2,3 млрд. теңгеге 233 үй бой көтеретін болады», – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ биыл өңірде бастау алған «Таразға тарту» жобасымен облыс орталығындағы 42 нысанда абаттандыру және жөндеу жұмыстары қолға алынған екен. Олардың қатарында тұрғын үйлер мен балаларға арналған ойын және спорт алаңшалары, 21 саябақ пен сквер бар. «Жомарт түлек» жобасы бойынша табысты түлектердің демеушілігімен 3 STEAM зертханасы ашылып, 3 спорт кешені салынған. Тағы осындай 4 кешен мен 6 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жоспарлануда. Түлектермен жалпы сомасы 2,8 миллиард теңгеге 73 елді мекенде жобалар жүзеге асуда.
«Сонымен қатар бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 19 миллиард теңге сомасына 71 жоба іске асырылмақ. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыста қолға алынған «Бейбітшілік пен келісім» атты пилоттық жобасы аясында 347 азамат тұрақты жұмысқа орналасып, 445 азаматқа медициналық көмек көрсетілсе, 180 тұрғын қайтарымсыз грант алды. Жалпы, биыл өңірді дамытуға бюджеттен тыс 26 миллиард теңге қаражат бағытталады деп көзделуде», – деп атап өтті Б.Сапарбаев.

Отандық зауытты салуда шетелдік өндірушілермен әріптестік орнаттық

Аймақ әкімі брифингтен кейін журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап қатты. Ол осы сәтте Жамбыл облысындағы вакцинациялау шаралары тақырыбына қайта оралып, өңірде құрылысы жүргізіліп жатқан екпе шығаратын зауытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Бұл орайда, еліміздің мұндай зауыт салуда тәжірибесі болмағандықтан, бірқатар шетелдік өндірушімен әріптестік орнатуға тура келген екен. Қытай мен АҚШ-тан бастап бірнеше мемлекетпен байланыс орнатылған, құрылғыларға тапсырыс берілген.
«Пандемия кезінде оларды жеткізу де біршама күш-жігер мен уақытты қажет етті. Мысалы, кейбір құрылғыны Шанхайдан әкелдік, оның қай станциядан қай станцияға жеткенін қадағалап отырдық. Бүгінгі күні зауыттың құрылыс-монтаж жұмыстары мен ішкі әрлеу жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар зауытты газбен, жылумен қамтамасыз ететін қосымша нысандар құрылысы да жүргізілді. Қытай, Италия мен украиндық мамандар құрылғыларды валидациялау ісімен айналысуда.
Күні кеше біз сынақ ретінде алғашқы техникалық іске қосу жұмысын жүргіздік. Барлығы қалыпты режимде істеп тұр. Құрылғыларды валидациялау аяқталған соң, технологияны валидациялау жүргізіледі. Осыдан кейін Денсаулық сақтау және Білім және ғылым министрліктері арқылы GMP талаптарының сертификаты енгізіледі. Оған бір жарым айдай уақыт кетеді. Сертификациядан кейін лицензия алу процесі басталады. Осының барлығын қыркүйек айына дейін аяқтап, вакцинаны өзіміз өндіріп, құюды жоспарлап отырмыз», – деді спикер.
Бердібек Машбекұлы Тараз қаласында С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің филиалы ашылғанын да мәлімдеді. Сондай-ақ «Primary Health Care» Ұлттық қауымдастығымен ынтымақтастық туралы меморандум аясында 4 озық тәжірибе орталығы құрылған. Мұның 2-уі облыс орталығында болса, 2-уі Жамбыл және Меркі аудандарында орын тепкен. Бұлар аймақтағы кадр тапшылығын шешуге, мамандар біліктілігін арттыруға септеседі.
Жиында белгілі болғандай, мейірбике ісіндегі медициналық көмектің сапасын арттыру үшін инновациялық медициналық-әлеуметтік технологиялар енгізілу үстінде. Сонымен қатар облыс аудандары жылжымалы медициналық кешендерімен толық қамтамасыз етілген. Аталған шара тұрғындардың денсаулықтарын тұрақты бақылауға, жедел ем алуға, дертті алдын ала анықтауға ықпал ететін көрінеді.
Ал модератордың жасөспірімдер қылмысы туралы сауалына облыс әкімі былай деп жауап берді: «Жастар – біздің болашағымыз. Кейінгі буынға қойылатын талап – олар білімді, сауатты, мәдениетті, көздері ашық, көкіректері ояу, әрнәрседен хабары бар болуы тиіс. Осы бағытта ілкімді істерді қолға алдық, маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың төмендегенін көріп отырмыз. Біз ең алдымен жастардың бос уақыттарын тиімді пайдалануға күш салдық. Екінші, оларды қоғамдық жұмыстарға белсенді түрде тартудамыз. Әсіресе еріктілердің бастамаларына барынша қолдау білдіріледі. Үшінші, ата-аналар мен мектептің байланысын күшейту аса маңызды. Бұл балалар тәрбиесіне екі жақтап жауапкершілікпен қарауға мүмкіндік береді».

Асхат Райқұл

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support