Бүгін – Қазақстан полициясы күні

26

1992 жылы 23 маусымда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары туралы» Заңды қабылдаған болатын.

Бұл Тәуелсіз Қазақстан Республикасы полициясының қызметі мен міндетін анықтайтын алғашқы құқықтық акт болды.

Ал 2007 жылы 5 маусым күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 23 маусым — Полиция күні болып бекітілді.

Қазақстан полициясы – қоғамдағы құқықтық тәртіпті, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін еліміздегі аса маңызды құрылымдардың бірі. Полицейлердің кәсіби біліктілігі мен сертіне беріктігінің арқасында қоғамда тұрақтылық қалыптасып, адамдардың құқық қорғау органдарына сенімі арта береді.

Қазақстан полициясы күні — осы жауапты қызметті жолға қоюдың басы-қасында болған ардагерлерге және бүгінде осы қатарда еңбек етіп жүргендерге ризашылық пен алғыс сезімін білдіру күні.

Сонымен қатар бұл күн бейбіт уақытта қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін өз өмірін құрбан еткендерге құрмет көрсету күні саналады. Елдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бар күшін салған қызметкерлердің еңбегі жоғары бағаланды. Тәуелсіздік алғаннан бастап, 1,5 мың қызметкер мемлекеттік наградамен марапатталды. Өкінішке қарай, Тәуелсіздік жылдары қызметтік борышын орындау кезінде 802 қызметкер қаза тауып, 2650 адам жарақат алды.

Comments are closed.